Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 20:32

Атқарылған жұмыстың ел игілігін көруі тиіс

19.07.2022

605

0

Осыған дейінгі Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалуына жүйелі жұмыс жасау қажеттігін қаперге салған болатын. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалардың өңірде орындалуы пысықталды.

1,5 сағатқа жалғасқан мәжілісте күн тәр­­тібіндегі 5 мәселе қаралды. Өңір бас­шысы осыған дейінгі кей салаларда атқа­рылған жұмыстарға көңілі толмайтынын да жасырмады. Сондықтан бұған дейінгі жү­зеге асқан жұмыстарға тоқмейілсуге әлі ерте. Керісінше бөлім басшылары мен елді ме­кен әкімдері әлі де жұмысты ширату керек секілді. Жиында түйген ой осы.


Алдымен ауданда жаңа жұмыс орындарын ашу мен халықтың табысын арттыру бағы­тында атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді. Бұл тұста Асқарбек Темірбекұлы маусымдық жұмыспен қамтылған тұрғындар санымен сөз қумай, мейлінше ауданда тұрақты жұмыс орындарын ашуға күш салу қажеттігін қаперге салды. Ал баяндамашы Қанат Бөленбаев не дейді? Тарқатып көрейік…

Тұрақты жұмыс орындарынан
маусымдық жұмыстардың үлесі басым

Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуды, жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететінін және экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты екенін қаперге салған. Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындарын ашумен шектелмей, жастарды да жұмыспен қамтуға басымдық беру қажеттігін айтқан еді. Бұл тапсырмалардың Жалағашта орындалуы төңірегінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және аза­маттық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас­шысы Қанат Шамшатұлы кеңінен тарқатты.


Бөлім басшысы 35 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда экономикалық белсенді халық саны 14 947-ге жеткенін айтады. Ал жұмыспен қамтылған халық – 14 192. Десе де оның 9372-сін жалдамалы қызметкерлер құрайды екен. Ал жалағаштық 755 азамат бүгінде 2 қолға 1 күрек таппай жүр. Жұмыссыздық дең­гейі – 5,1 пайыз, бұл көрсеткіш жастар ара­сында 4,5 пайызды құрап отыр.
Жыл басынан бері Жалағашта 2 420 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 1342-сі тұрақты болса, 1078-і уақытша жұмыс екен. Алғашқы 6 айда 1383 жаңа жұмыс ор­ны ашылған. Оның 637-сі тұрақты, 746-сы уақытша екен. Яғни ашылған бос жұмыс орындарының ішінде маусымдық жұмыс­тар­дың үлесі басым. Осы ретте Асқарбек Темірбекұлы мейлінше тұрақты жұмыс орын­дарын ашуға басымдық беру қажеттігін ескертті. Қанат Шамшатұлы мәжілісте кә­сіп­­керлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жобаның орын­далуын да назардан тыс қалдырмады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, І жарты жылдықта 1409 адам халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласқан. Оның 89,3 пайызы бағдарламаға қатысушылар құра­мына енсе, әлеуметтік жұмысқа 30, жастар практикасымен 144, қоғамдық жұмысқа 652, ұр­пақтар келісімімен 3, алғашқы жұмыс ор­ны­мен 6, күміс жас жобасымен 9, тұрақты жұмысқа 414 адам ораналасқан. Халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары да көрсетіліпті. Бұл ба­ғытта 1023,8 млн теңге қаржы қаралып, 1376 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қа­зіргі таңда 845 адам жолданған.


Мемлекеттік қолдау шараларынсыз 800 адамды жұмыспен қамту қажет болса, бүгінде оның 51,7 пайызы жұмысқа орналасыпты. Қанат Шамшатұлы кент және ауылдық ок­руг әкімдерімен бірлесе жұмыс атқару ба­ры­сында шаруашылықтармен және жеке кәсіпкерлерде тіркелмей жұмыс жасап жатқан жұмыскерлерді «Еңбек КZ» порталы арқылы жариялатып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмыстарға орналастыруда қарқын барын айтады. Жұмысқа орналасу бойынша төменгі көрсеткіш Мәдениет, Жаңа­талап ауылдық округтері мен Жалағаш кен­тінде қалыптасқан. Ал Таң, Бұқарбай батыр, Мырзабай ахун ауылдық округтерінде бұл бағытта жүйелі жұмыстардың нәтижесі бай­қалады.


Аудан әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге нақты талдау жасалу қажеттігін қаперге салып, бөлім басшысына тиісті тапсырмалар берді.


– Халықтың әлеуметтік жағдайына жұ­мыс жасау – сіздің бөлімнің тікелей жұмысы. Сондықтан нақты жағдайды талдап ай­туымыз керек. Шын мәнінде жағдай қалай? Шын мәнінде біздегі жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыз емес. Қазір мен көшедегі үш адамның екеуі жұмыссыз екенін сізге дәлелдеп бере аламын. Ал сіздің бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарға, алдағы міндеттерге нақты талдаудың жоқтығына тағы да дәлел келтіре аламын. Егер сіз атқаратын жұмыстардың түсіндірмесі жақсы жүргізілсе, әкімдікке, мәслихатқа жұрт жұмыс іздеп бармайды. Сондықтан әлі де атқарылатын жұмыстарды күшейту керек. Мемлекет басшысы әкімдердің қызметін тиісті елді мекендерде ашылатын бос жұмыс орындарымен бағаланатынын атап көрсетті. Себебі бізде тұрақтылық жоқтың қасы. Сіз айтып отырған жұмыстардың көбісі маусымдық. Ертең ол адам жұмыс істеп жатқан ғимараттың да, жолдың да құрылысы бітеді. Ол – ертең әлгі адам тағы да жұмыссыз қалады деген сөз. Ал ауылдардағы халықтың жұмыспен қамтылуы сондағы шаруашылықтардың еңбегі екені тағы да шындық. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан кент ауылдық округ әкімдері, қолдарыңызда бұл бағытта атқарылатын жұмысқа қатысты меже бар, соны орындауды қатаң тапсырамын. Тұрақтылыққа қатысты болсын, ахуалға қатысты болсын негізгі салмақ кент және ауылдық округ әкімдерінде. Бүкіл ауданның қоғамдық саяси ахуалы мен тұрақтылығын сіздер қамтамасыз етесіздер. Ал мен кейде кенттің, кейде ауыл әкімінің рөлін атқарып келемін. Олай болмайды. Жауапкершілікпен бір елді мекенге жұмыс жасаймын деп талап қылдық па, сол өңірдің сенім үдесінен шығу керек. Елмен, халықпен, тиісті шаруашылықтармен жұмыс жасауларыңыз керек, – деді аудан басшысы.


Президент Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселеге айналғанын жасырмады. Расында бағаның өсуіне азық-түлік инф­ляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жеткен. Салдарынан елімізде азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шараларын тиімсіз деп бағалады.

Ауданда 6 айда пияз бағасы 2 есеге қымбаттаған

Президенттің сөзінше, Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеді. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз. Кешегі аппарат мәжілісінде бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Ауданда өндірілетін өнімдердің көлемін арттыру арқылы азық-түлік бағаларын тұрақтандыру күн тәртібіндегі екінші мәселеге арқау болды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап жатқанын жасырмады. Ол жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің 15-і қымбаттағанын айтады. Атап айтқанда, ақ күріш 35 теңгеге, ұн 34 теңгеге, қарақұмық жармасы 5 теңгеге, рожки 115 теңгеге, сиыр еті 100 теңгеге, тауық еті 350 теңгеге, сүт 125 теңгеге, айран 100 теңгеге, ірімшік 400 теңгеге, сары май 40 теңгеге, күнбағыс майы 65 теңгеге, жуа 190 теңгеге, яғни 2 есе, сәбіз 25 теңгеге, қант 325 теңгеге, тұз 5 теңгеге қымбаттаған. Ал 3 өнімнің бағасы арзандапты, олардың қатарында жұмыртқа, қырыққабат, картоп бар. Ал нан бағасы тұрақты дейді Марат Мәнерұлы.


Өңір басшысы бұл бөлімнің жұмысын да қатаң сынның астына алды. Себебін зерттесек, бұл өнімдердің бағасы нарықта мұнан да жоғары екенін біз де жақсы білеміз. Сондықтан сыннан сабақ алып, аудан бас­шысы айтқандай, нақты жұмыс жасау қажет секілді.


Жыл басынан бері азық-түлік тауар­ларының ішінде бағасы 1,5-2 есеге дейін өскен өнімдер де бар. Мәселен, пияздың құны 6 айда 2 есеге өссе, қант 92,9, ірімшік 57,1, рожки 54,8 пайызға қымбаттаған. Осы ретте Марат Мәнерұлы ауданда өндірілетін өнімдер көлемін арттыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік барын жасырмайды. Оның ішінде күріш, картоп, пияз, сәбіз дақылдарының кө­лемін арттыруымыз қажет деп есептейді. Бөлім басшысы мал шаруашылығын дамыту арқылы ет, сүт, айран, сары май, ірімшік өнім­дерінің көлемін де арттыруға болады деп отыр.


Айта кетейік, биыл Жалағашта 35 486,5 гектарға егiс орналастырылған. Оның 18 501 гектарын Сырдың басты дақылы құрайды. 720 гектарға бидай, 73 гектарға қант құмайы, 42 гектарға арпа, 39 гектарға соя, 520 гектарға мақсары, 445 гектарға сүрлемдік жүгері, 5 гектарға сұлы, 2,5 гектарға қант қызылшасы, 4903 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Мұнан бөлек 646 гектар картоп, 1108 гектар көкөніс пен 1296 гектар басқа да бақша дақылдары егілген.
Марат Мәнерұлы жылына 120-130 мың тонна қара күріш қамбаға құйылатынын айтады. Жергілікті шаруашылықтар жер­гілікті өнімді көршілес мемлекеттерге экспорттауда, биыл 1550 тонна ақталған күріш экспортталса, былтыр 2320 тонна Сыр салысы экспортқа шығарылған. Бүгінде ауданда 7 күріш ақтайтын зауыт жұмыс жасайды. Шаруашылық басшыларымен жи­налған күріш өнімінің 30-40 мың тоннасы ақтап, арнайы қоймаларда сақтау арқылы жергілікті тұрғындарды күрішпен толық қам­тамасыз ету жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екен. Яғни аудан халқын күрішпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.


Баяндамашы әдеттегідей егінді әртарап­тандыру бойынша атқарылған шаруаның да жайын ортаға салды. Мұның ішінде бақша өнімдерінің көлемінде өсім бары бізді қуантып отыр. Болмаса жыл сайын егер нәтиже болса, бұл өнімнің көлемін ұлғайтамыз деген мақсарының да, жүгерінің де, басқа да суды аз қажет ететін өнімнің егіс көлемінен өсім байқағанымыз жоқ.


«Ер-Әлі» ШҚ тамшылатып суару әдісімен 24 гектар картоп, 5 гектар сәбіз және 2,5 гектар қант қызылшасын орналастырды. Қа­жетті тыңайтқыштарды уақытылы беру арқылы 24 га картоптың 1 гектарынан 40-50 тонна өнім алу жоспарлануда. Егіс ба­сына өзіміз де барып көрдік. Осыдан екі апта бұрын картоп гүлдеп тұрған. Ал сәбізді ша­руашылық кеш еккен. Оның да өзіндік себебі бар. Қызылшаның да шығымы жаман емес.


Шаруашылық төрағасының бұл жобасы ауданда бақша дақылдары мен көкөніс құнын қымбаттатпауға айтарлықтай оң әсер етері анық. Бірақ мұны жергілікті басқа да шаруашылықтар қолға алуы қажет. Оның үстіне биыл Жалағашта 500 гектар картоп, 1100 гектар көкөніс, 1200 гектар бақша дақылдары егіліпті. Ал облыс әкімінің суар­малы жерлерден картоп, көкөніс, бақ­ша дақылдарын орналастыратын жер дайын­дау жұмыстарын ұйымдастыру туралы тап­сырмасына келсек, қосымша 250 гектар жер дайындалып, 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс, 96 гектар бақша дақылдары орналастырылып, күтімге алынған. Бұл жер­лер бүгінде аудандағы 802 отбасына үлестіріліпті.


Азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбат­татпауға қатысты баяндамашы айтқан мүмкіндіктің барын Асқарбек Темірбекұлы да жақсы біледі. Бірақ бір өкініштісі – соған сай жұмыстың өткен жылдары да жасалмағаны.


– Марат Мәнерұлы, сізге жұмыс жасау керек. Соңғы рет ескертемін. Сіздің жұмысыңыздың 65-70 пайызын аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев атқарып жүр. Мен де Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған кезімде бұл салаға жетекшілік еттім. Бұл саланың жұмысын жақсы білемін. Кейбір саладағы олқылықтар мен атқарылған істің нәтижесін орынбасарымнан сұраймын. Жалпы өтірік цифрлар ұзаққа алып бармайды. Ол халықтың ызасын туғызады. Кеше біздің әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасына азық-түлік өнімдерінің бағасын жазыпты. Соның астындағы пікірлерді қараған шығарсыздар. Сіздер шынайы өмір мен ертегінің арақашықтығын білмейсіздер-ау. Онда көрсетілген бағалар шын мәнінде ауданда жоқ. Сиыр еті 1900 теңге дейді. Қазіргі таңда 1900 теңгеден Жалағашта ет жоқ. Тағы да айтамын, нақты нәтижеге жұмыс жасаңыздар, өтірік цифрға сүйенуді қою керек. Барды бар, жоқты жоқ деп айтыңыздар. Сонда біз олқы тұсымызды көріп, соған жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Бұған қатысты не дейміз, қазір біржақ­ты пікір айтсақ, әкімді мақтағандай боламыз. Бірақ Асқарбек Есжанов аудан активінің алғашқы аппарат мәжілісінде-ақ айтқан. «Баяндамашыларға ұзынсонар хабарлама жасаудың қажеті жоқ. Лажы болса, атқарылған жұмыстардан әр са­лада тұралаған мәселелерге басымдық беріңіздер. Атқарылған жұмыстарды өткен кезеңмен салыстыру тоқмейілсуге алып келеді. Керісінше біз әлі де әр салада қандай мәселе бар, соның шешіміне жұмыс жасайық» деп. Бірақ бүгінгі жиын да дәл осылай өтіп жатқан. Әдеттегідей күн тәртібіндегі бірінші һәм екінші мәселелер дәл бұрынғы сүрлеумен айтылды, аудан басшысының ескертуінен кейін барып, қалған баяндамашылар мәселеге басымдық берді. Ауданда азық-түлік өнімдерінің алды 2 есеге қымбаттаған. Кейбірінің құны 50 пайыздан астам көтерілген. Ал біз мүмкіндік бар деп әлі жүрміз.
Кешегі Үкімет отырысында Президент білім сапасын дамытуға қатысты нақты атқаратын шараларды да атап өтті. жалпы саланы дамытуға қатысты өңірде атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар. Осы төңіректе атқарылған шараларды кеңінен тарқатқан аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы алдағы мақсат-міндеттерімен де бөлісті.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ау­данда 20 мектеп, 37 мектепке дейінгі ұйым, 3 қосымша, 2 арнаулы білім беру ұйымы мен кешкі мектеп жұмыс жасайды. Салада инфрақұрылымды дамыту басты назарда. Оған дәлел Жалағашта апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешілген.

Биыл балаларға қандай базарлық жасадық?

Балалар жылы аясында мемлекеттік бағдарлама қолдауымен Жалағаш кентінен құны 420 млн теңгені құрайтын 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі пайдалануға беріледі. 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту бағытында Мырзабай ахун елді мекенінен 65 орындық «Кәусар» жеке балабақшасы, Аққыр елді мекенінен 70 орындық «Мейіржан», 50 орындық «Алтын ұя» жеке балабақшасы жұмыс жасауда. Биыл Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектеп ғимаратының күрделі жөн­деу жұмыстарының жоба-сметалық құ­жат­тарын жасату үшін бюджеттен 8 млн 031 мың теңге қаралған. Қазіргі уақытта Жа­лағаш кентіндегі №31 мектеп-гимназия ғи­маратының күрделі жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжат жасалуда, тіпті бұған қатысты тиісті басқармаға бюджеттік өтінім де берілген.


Ауданда 332 бала білім және әлеуметтік қорғау саласында есепте тұрады. Олардың 121-інің мүмкіндігі шектеулі болса, 211-і – ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Талғат Құрақбайұлы ерекше оқуды қа­жет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру бүгінгі күннің басты мәселесі еке­нін жасырмайды. Десе де ауданда ин­клюзивті білім беруді дамытудың Жол картасы аясында балалардың түзету са­бақтары және денсаулық саласымен бір­­лескен реабилитациялық жұмыстар ұйым­­дастырылып жатыр екен. Бүгінде ар­­найы инклюзивті кабинеттер құрал-жаб­­дықтарымен 8 мектеп, 7 балабақша ло­го­педиялық кабинетпен қамтылған. Биыл тағы 3 мектепке инклюзивті кабинет, 3 балабақша арнайы логопедиялық кабинетпен жаб­дықталған. Ал ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасайтын ма­мандардың біліктілігін арттыру бағытында аудан мектептеріндегі 1275 педагогтың 410-ы арнайы инклюзивті курстан өткен.
Мемлекет басшысының баяндамасында айтылған маңызды мәселелердің бірі – балалар қауіпсіздігі, зорлық-зомбылық, әлеу­­меттік қолдау мәселесі. Бұл ретте бөлім басшысы мектептердің барлығы бейне­бақылау камерасымен қамтылғанын айтады. Қазіргі таңда аудандағы 20 мектеп 223 бейнебақылау камерасымен қамтылған.


Бұл бөлім де аудан басшысының сынынан тыс қалмады. Салада атқарылған жұмыстар аз емес, сондай-ақ оның нәтижесі де жоқ емес. Десе де өңір басшысы Балалар жылы құр сөзбен, жай ұранмен өтпеуі қажеттігін Талғат Құрақбайұлының назарына салды.


– Қазір бізде қоғамның көңілі толмайтын екі сала бар. Оның бірі – білім, келесісі – денсаулық сақтау саласы. Қазақ «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Алақандай ауданда тәртіп болуы керек. Сосын ең бірінші керегі бізге бала ғой. Олардың тәртібіне, біліміне ба­сымдық беріңіздер. Себебі олар – біздің болашағымыз. Балалар жылы дейміз, қазір жетінші айдың ортасынан асып барамыз. Ауданда Балалар жылы құр ұранмен өтіп жатыр. Әлі оларды қуантатындай ештеңе жасаған жоқпыз. Ертең ойын алаңдарын саламыз деп отырмыз. Бар сүйенеріміз сол ғана. Сондықтан бұған да басымдық беріңіздер. Сіздердің тараптарыңыздан ұсыныс немесе қозғалыс жоқ. Бастама көтеріңіздер. Құрығанда қайырымдылық шарасын өткізіңіздер. Бәріміз қолдауға дайынбыз, – деді өңір әкімі.


Мәжілістің күн тәртібіндегі төртінші мәселесі бойынша аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов баяндама жасады. Салада атқарылған жұмыстарды тарқатқан баяндамашыға да сын айтылды. Асқарбек Темірбекұлы сыннан сабақ алып, мейлінше нәтижеге басымдық беру қажеттігін қаперге салды.

Қаражат қаралса да жол құрылысы әлі басталмаған

Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге ауданда жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар арқау болды. Бұл жөнінде баяндаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов алдағы мақсат-міндеттерді де тілге тиек етті.


Расында ауданда соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алды. Тіпті биыл да, келер жылы да жол құрылысы бәсеңдемейді. Бізді әсіресе ауылдық елді мекендерде жол сапасына басымдық берілетіні қуантып отыр. Бірақ бұл жаңалық ауыл тұрғындарын емес, кейбір ауылдық округ әкімдерін қызықтырмайтын секілді.


Мәселен, биыл 5 ауылдық округте ішкі көшелердің құрылысы жүргізілуі тиіс. М.Шәменов ауылында бірнеше көшеге орташа жөндеу жұмыстары маусым айында басталуы тиіс болса, қазір шілденің 18-і, әлі бір көшенің де жол құрылысы басталмаған. Дәл осындай жағдай Аққыр, Мырзабай ахун, Еңбек ауылдық округтерінде де орын алып отыр. Тіпті бұл ауылдарда жол құрылысын жүзеге асыратын мердігер мекемелер сәуір айында анықталып қойыпты. Аудан басшысы бұл кемшіліктердің алдын алу қажеттігін елді мекен әкімдерінің қаперіне салды.


– Берілген қаражатты игере алма­саңыздар, анықталып тұрған мердігер мекемемен жұмыс жасай алмасаңыздар біз ол қаражатты алдағы жылы басқа ауылдарға береміз. Кенттің ішінде құрылыс жұмыстарын қажет етіп тұрған қанша көше барын білесіздер ме? Кенттің ішін айнадай қылып қоюға болады. Ауылдық елді мекеннің халқы да сапалы жолдың игілігін көрсін деп ауылдарға бөліп жатырмыз. Ал сіздер оны түсінбейсіздер. Келер жылы да 500 млн теңге жол құрылысына қаржы қаралады. Оның да басым бөлігін ауылдық елді мекендерге бағыттауға тырысып жатырмыз. Бөлініп тұрған қаражатты игеруге жұмыс жасамасаңыздар басқа да ауылдар кезекте тұр, соларға басымдық беретін боламыз, – деді Асқарбек Есжанов.


Өңір басшысының сөзіне алып қоса­рымыз жоқ. Өткен айдың басында шал­ғайдағы Жаңадария ауылында болдық. Елді мекен 1964 жылы құрылған. Сол уа­қыттан бері ешқандай көшесіне асфальт төселмепті. Биыл бірінші рет орталық көшесі орташа жөндеуден өтіп жатыр. Ауыл халқының қуанышында шек жоқ. Ауылдағы ағайын үшін жол сапасы арманға ай­налғанын жақсы білеміз. Ал мәселені шешуге қаражаты бөлініп қойса да, әлі күнге дейін бірқатар елді мекенде жол құрылысының бас­талмауы қисынға келмейді. Сондықтан өңір басшысының ауыл әкімдеріне реніші орынды. Аудан әкімі айтқандай, атқарылған жұмыстың, оған бөлінген қаражаттың халық игілігін көруі керек.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: