Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Сенбі, 04 мамыр, 06:53

Бие байлап, саумал сатқан

23.04.2024

304

0

Таңсәріден елді мекендерге жұмыс сапарымыз Мырзабай ахун ауылынан бастау алды. Мұндағы жастар бүгінде мемлекеттік грант арқылы шағын кәсіп бастап, жарқын жобалардың игілігін көруде. Олардың қатарында жылқы шаруашылығын қолға алып, кәсіп етіп отырған Қанат Досым да бар. Ауылға арнайы келгесін, бие байлап, саумал сатқан кәсіпкердің шаңырағына барып, жұмысымен танысуды жөн көрдік.

Сауын уақыты болса керек, саумал ішуге келушілер де осында екен. Біз де ауыл тұрғын­да­рының қатарына жайғасып, жаңа сауылған саумалдың дәмін таттық. Жас кәсіпкер Қанат Досым былтыр аудан орталығындағы әлеуметтік қыз­меткерлерден кеңес алып, «Бастау бизнес» жобасы аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Мал бордақылау мақ­сатында 4 бас жылқы алған кейіп­ке­ріміз биылдан бастап бие байлап, саумал өндіруді бір жолға қойған.
Кейіпкеріміздің айтуынша, сауынға байланған биені шошытып-үркітіп ал­май жуасытқан тиімді. Биені сауған соң 1,5-2 сағат ішінде қайтадан же­лініне сүт толады. Ол қорасындағы 3 биені күніне 4 рет 2 сағат сайын сауып, 4 мезгіл жем, жоңышқа береді. Бір сауымда 1 литр саумал шығады. Түсте қорада тұрған жылқыларды екі са­ғаттай кездіреді. Бір қызығы, биелерді әрі кетсе 1 минутта тез сауып болу керек. Өйткені төрт түлік малдың ішіндегі жылқы – өте кірпияз, таза, кінәмшіл, судың тазасын ғана ішетін мінезді жануар.
Кәсіпкер негізінен өнімін саумал түрінде өткізеді, ал артыл­ғанынан қымыз піседі. Саумал­дың 1 литрін мың теңгеден сатады.
– Саумал – сан ауруға ем. Оны күн­делікті тұтынатын тұтынушылар қа­тары артып келеді. Жылдың қай мезгілі болсын саумалды емге пайдаланатындар бар. Яғни саумал асқазан, өкпе, жүрек ауруларына ем, қанайналым, ішек жұмысына кө­мек­теседі. Жалпы денсаулыққа шипа болсын десеңіз, саумалды кем дегенде 15 күн ішкеніңіз жөн. Ол әр­кімге әрқалай әсер етеді. Кейбір адамда алғашқы 1-2 күнде іш жүргізуі мүмкін. Ал 2-3 күннен кейін тоқтаса, ағза оған бейімделіп, бойға сіңіп жатыр деген сөз. Кері әсер ететін кездері де болады, ол кезде денсаулығыңызды тексертіп алған артық болмайды. Қымызға да сұраныс жоқ емес, – дейді Қанат Досымов.
Иә, ауыл тұрғындары арасынан күн санап қымызға деген сұраныс арта түскен. Кейіпкеріміздің айтуынша, қымыздың да түрі көп екен. Атап айтсақ, балқымыз – бал, қант, өрік-мейіз қосылып ашытылған қымыз. Ол сырқат адамға, балаларға, жас босанған әйелдерге беріледі. Сіргежияр қымыз – күзде бие ағытарда бірнеше күн жиналған қымыз, салт бойынша сіргежияр қымызға ел шақырып, бөліп ішкен. Уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі тарамаған кезде ашытылған қою қымыз. Бұл кей жерлерде майқымыз деп аталады. Сары қымыз – жаздың ортасында, шөп әбден піскен, буыны қатқан кездегі қымыз. Тіпті қысқы қымызды тек хандар, байлар мен ауқатты адамдар, ал жазғы қымызды бүкіл халық ішкен деседі.
Иә, адам кәсіптің қай түрін қолға алса да, оған бар ынта-жігерімен кі­ріс­песе, нәтиженің шығуы екіталай. Ал біз әңгімелеп отырған еңбекқор жас бұл кәсіптің қыр-сырына жастайынан қанық. Биелерді өзі сауады, жайлау жұмыстарына әкесі көмектеседі, қы­мызды анасы дайындайды. Қолында қос бірдей дипломы болса да, кәсіпті дұрыс көрген кейіпкеріміз еңбекқор.
Ауданның тіректі ауылына айнал­ған елдің ауызбіршілігі мығым, ісі тиянақты. Ағайынның тату-тәтті тірлігіне сүйсініп қараған біз еңбекке деген адалдықтан үлкен шаруашылық құрмаса да, қолда барға қанағат қыла білген ауылдың қоңыр тіршілігінің куәсі болдық.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: