«Ақ Бостай» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден ауданымызда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Аталған шаруашылық биыл Ақсу ауылдық округі бойынша 250 гектар жерге күріш дақылын орналастырған.
Аграрлы мемлекеттерде жердің құнарын сақтап, аяқ суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың тәсілі ретінде егістікті әртараптандыру тәжірибесі бұрыннан бар. Бұл тұста өз ойын білдірген «Бұл дәл қазіргі су тапшылығы туындап отырған жағдайда бізге де қажет және оны жүзеге асыруға тиіспіз. Тіпті соған мәжбүрлік туындап отыр. Сондықтан биыл жаңадан жер ашып, егін егіп, бақша салуға ынталы тұрғындарға тіршілік істеуге мүмкіндік жасадық. Аяқ су да жарады. Жалпы егін шаруашылығына білек сыбана кіріскен кез келген адам ең алдымен сол шаруаның қыр-сырын жетік білуі тиіс екен. Яғни мол өнімнен үмітті адам агрономия саласынан хабары бар диқан әрі мұрап болуы керек. Сонда аяқ су да үнемделеді, жеріміз де тозып кетпейді. Бастысы, жер иесінде өзі өнім алып отырған алқапқа деген жанашырлық сипаттағы жауапкершілік болады. Өйткені ол жерлерді елу жылдан кейін біздің ұрпағымыз пайдаланады. Сол кезде жарамсыз болып қалмауы керек» дейді «Ақ Бостай» фермер қожалығының төрағасы Абай Боранқұлов. Аталған шаруашылық жылдан-жылға кеңейіп келеді. Техникалық базасы жаңаланып, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алып, жұмыс сапасын жақсартып, өнімділігін арттырып отыр. Абайдың айтуынша, биыл «Ақ Бостай» мен «Бостай» учаскелеріне 1000 гектарға жуық күріш, жоңышқа егілген. Қажетті тыңайтқыштары жеткілікті мөлшерде беріліп, екінші мәрте суға бастырылған Сыр салысының шығымы биыл да жақсы болып, өнім көңіл көншітерліктей болған екен.
Қазірде ауданымызда егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығы да кең қанат жайып келеді. Халқымыздың ата кәсібін қолға алып, төрт түлік өсіріп, одан көл-көсір өнім алудан ынталы топтың қатары жыл сайын артуда. Оған мемлекет тарапынан да арнайы бағдарламалар әзірленіп, жан-жақты мүмкіндіктер жасалып отыр. Алайда Абай Боранқұлов айтпақшы, мал өсіруге де қолайлы жағдай керек. Алдымен шұрайлы жайылымдық, шабындық жерін, кең өрісін, жайлы қорасын сайлап алмаса, еткен еңбек зая кетеді. Жоғарыда айтқандардың барлығы талапқа сай болғанда ғана мал басын көбейту, мақсатына қарай тұқымын асылдандыру жұмыстары басталады. Бұл жерде мал шаруашылығын бекерге қыстырып отырғанымыз жоқ. Сол өсіріп отырған төрт түліктің қолға ұстайтын түрлеріне қысы-жазы жем-шөп керек. Ал мал азығының ішіндегі ең нәрлісі де, құнарлысы да – жоңышқа. Қай жылдары еліміздің батыс облыстарын қуаңшылық жайлап, жұт болғанда жоңышқаның бір бауы 2000 теңгеге дейін көтерілді. Тіпті өзіміздің ауданның халқы сатып алатын жоңышқа таппай қиналып қалды. Сондықтан «Ақ Бостай» шаруашылығының егістікті әртараптандыруға мән беруі және жоңышқалық алқаптардың көлемін арттыруды мақсат етіп отырғаны да қуана құптарлық жайт. Егін шаруашылығынан бөлек “Ақ Бостайда” мал шаруашылығы да дамып келеді.
Қазіргі уақытта шаруашылықтың 1000 гектар жайылымдық жерінде 50 бас аналық сиырдың жыл сайын басы көбеюде. Шаруашылық құрылғалы Абай Боранқұлов еңбек озаттарына жалпы саны 7 жеңіл автокөлік кілтін сыйға тартқан. Сонымен бірге ауылдың, ауданның абыройын асқақтатып жүрген ауыл жастарын спорттық киімдермен қамтамасыз етіп келеді. Ақсу ауылдық «Асыл әжелер» ансамблін және ауыл ардагерлерін киелі Түркістан жеріне саяхаттауға және Жаңақорған, Көкшетау курорттық аймақтарына демалысқа жіберуге қаржылай демеушілік жасап отыр. 2021 жылы Абай Боранқұловтың басшылығымен «AB-AGRO ORDA» ЖШС құрылып, Ақсу ауылдық округі бойынша жалпы көлемі 800 гектар жерге күріш, жоңышқа, мақсары дақылдары егілді. Осы аталған 2 шаруашылықта жетпіске жуық ауыл азаматы тұрақты жұмыс істейді. Абай Боранқұлов биыл жеке қаражаты есебінен Ақсу ауылынан жоба құны 200 миллион теңгені құрайтын күріш ақтау зауыты мен жем өңдеу цехын іске қосуды жоспарлап отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!