Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 16:43

ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

29.04.2023

258

0

Тура бір жыл, былтыр 28 сәуірде Асқарбек Есжанов аудан әкімі қызметіне тағайындалған. Алдымен аудандағы түйткілді мәселелерді шешуде қандай кедергі бар, әріптестерін жиып, осы сауалдың түйінін тарқатты. Мұнан кейін елді мекендерді аралап, ауыл тынысымен танысты, тұрғындардың талап-тілегінен туындаған мәселелерді шешу үшін ауданның даму жоспарын әзірледі. Өңір экономикасын дамытуда, кәсіпкерлік саласына серпін беруде, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуде қандай жобалар қолға алынды және оның жемісі бар ма? Аграрлық аудандағы жергілікті шаруашылықтардың көктемгі науқанға дайындығы қалай? Халықтың талап-тілегінен туындаған мәселелер шешіліп жатыр ма? Осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудан әкімі Асқарбек Есжановпен сұхбаттасқан болатынбыз…

– Асқарбек Темірбекұлы, ауданда соң­ғы 1 жылда жүзеге асқан ауқымды жұ­мыс жетерлік, оны жоққа шығара алмаймыз, десе де былтыр жергілікті халықпен кез­десулерде барлық елді мекенде мә­селе барын біз де аңғардық. Оның шеші­мін табуда қандай жобаларды қолға ал­дыңыздар? Алдымен әңгімемізді осы сауал­дың жауабымен бастасақ…
– Мен аудан әкімі қызметіне кіріскенде ең бірінші барлық ауылда болдым. Халықпен кездесіп, ел ішінде қандай мәселелер бар, осыған қанықтым. Расында тұралаған мәсе­лелер болды, оны жоққа шығара алмаймыз. Десе де оның шешіміне барлық әріптестерімді жұмылдырдым. Осылайша ауданның даму жоспарында қамтылған жобаларға тұрғындар көтерген мәселелер арқау болды. Былтыр біршамасы шешімін тапты. Биыл да бұл ба­ғыттағы жұмыстар жалғасын табады.
– Ұмытпасам, сол кездесулерде Ала­ме­сек пен Мырзабай ахун ауылында ме­дициналық нысандарға, Қаракеткен мен Жаңаталапта аяқ су тапшылығына, Аққұмда ауыз су мәселесі, шалғайдағы Жаңа­дария мен Аққырда жол сапасының төмендігі тұрғындардың талап-тілегіне арқау болған. Бұл бағытта нендей жоба­ларды қолға алдыңыздар?
– Аламесек пен Мырзабай ахунда халықпен кездескеннен кейін өзім барып, әлеуметтік нысандардың жай-күйін көрдім. Расында онда науқастардың ем алуына, дәрігерлердің жұмыс жасауына айтарлықтай қолайсыз. Былтыр ел көтерген бұл мәселе де ауданның даму жоспарына енді. Биыл қос елді мекеннің халқы үшін қуанышты жаңалық болғалы тұр. 2023 жылы Мырзабай ахун ауылында жалпы құны 431 млн теңгеге, Есет батыр елді мекенінде 410,1 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория құрылысы басталады.
Жаңа сіз айтып өткен Аққыр мен Жаңадария ауылына кіреберіс жолдың мәселесіне келсек, былтыр Жаңадария бағытындағы жолдың құрылысы басталып кетті. 2022 жылы 17 шақырым жолдың 4,1 шақырымына асфальт төселген. Биыл сол жолдың құрылысы аяқ­талады. Оған қазынадан 392,1 млн теңге қаралды. Ал Жаңаталап пен Аққыр ауылы аралығындағы жолды бүгінде күрделі жөн­деуден өткізу жұмыстары басталды. Оған 664,8 млн теңге бөлініп отыр.
Жалпы, соңғы бір жылда ауданда жол құрылысы қарқын алды. Олай болатындай реті бар, себебі бұған дейін халықпен кез­дес­кенімде әсіресе осы жол сапасына қа­тысты мәселе жиі көтерілген. Былтыр жалпы құны 760,9 млн теңгеге аудандағы 4 елді мекеннің 7 көшесіне күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Еңбектегі 3 кө­шеге, Мырзабай ахун ауылының 2 ішкі көшесі, шалғайдағы Жаңадариядан 1 көше, Аққыр ауылындағы 1 көшеге және Мөрәлі Шәменов ауылындағы 9 көшенің сапасына мән берілді. Сондай-ақ Жалағаш кентіндегі Конституция мен Еңбек Ері Несіпбай Әпрезов атындағы көшелер де орташа жөндеуден өтті. Сапасына мән берілген аудан орталығындағы 2 көшеден басқасының барлығы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Біз енді алдымызға меже қойып отырмыз, бүгінгі таңда Мөрәлі Шәменов пен Таң ауылында жол сапасына қатысты мәселе жоқ. Енді 2025 жылы Еңбек ауылына да бұл мәселе бойынша қайта оралмаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осылайша барлық ауыл­дағы жол мәселесін шешуді мақсат еттік. Кө­пірлерді жөндеу жұмыстарына келсек, Есет батыр ауылы бағытындағы оңтүстік коллектор көпірін қайта жаңғырту жұмыстары 149,5 млн теңгеге жүргізіліп, былтыр пайдалануға берілді. Аққұм елді мекеніндегі су тарату жүйесін кеңейтуге қатысты мәселе де өткен жылы шешімін тапты.
– Асқарбек Темірбекұлы, әр ауылға жеке-жеке тоқталды демеңіз, біз сол тұста халық көтерген мәселелердің ең өзек­тілерін түртіп алғанбыз. Сондық­тан келесі сауалдарымыз да осы ба­ғыт­та болмақ. Сол тұста «Кент ірге­сінде тұрып, біз қашан көгілдір отын тұтынамыз?» деп Ақсудағы ағайын сізге сауал тастаған. Мұнан бөлек ауылға кіреберіс жолдың мәселесін біз сізге дейін бірнеше әкімнің тұсында көтерілгенін жақсы білеміз. Ауыл тұрғындарының қос мәселесі қашан шешімін табады?
– Ақсу мен кентті жалғап жатқан жолдың мәселесіне биыл нүктке қойылады. Иә, халық та айтып жатыр, маған дейін де бұл мәсе­лені көтеріпті. Тіпті жол апаты да орын алған көрінеді. Оны тұрғындар жол сапа­сының төмендігімен байланыстырады. Сон­дықтан былтыр әзірленген ауданның даму жоспарында мұны да қамтыдық. 2023 жылы Ақсуға кіреберіс жолға орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Оған қазынадан 76,6 млн теңге қаралды. Ал елді мекенге көгілдір отын жеткізуге келсек, бұл жұмыстар да биыл басталады. Бұйыртса, ақсулықтар көгілдір отын тұтынатын күннің ауылы алыс емес.
Ауданға көгілдір отын келгелі тұрмыста газ тұтынатын жергілікті тұрғындар қатары артты. Мұнан бөлек әлеуметтік нысандарды да кө­гілдір отынға қосу жұмыстары күн тәртібінен түс­пейді. Мәселен, былтыр 6 бюджеттік және әлеу­меттік нысанның жылу жүйелері көгілдір отынға ауысқан. Бұл мақсатқа 135,7 млн теңге қаралды. Мұнан бөлек біз Мөрәлі Шәменов ауылына да газ кіргізу жұмыстарын бастамақпыз. Жаңа жоғарыда айтып өткен жобалардан бө­лек Ақсуда биыл электр желісі толықтай жаңғыртылады.
– Бұқарбайда интернет жылдам­ды­ғына қатысты мәселе көтерді. Бірақ сол кездесуде жауапты азаматтарға тап­­сырма бергеніңізден кейін сол күні бұл мәселе шешімін тапты. Оған тоқта­лу­дың қа­жеті жоқ. Ал Жаңаталап пен Қа­ра­кеткен тұрғындары бақша салуға аяқ судың мәселесі қолбайлау болғанын айтады, бұл мәселе қашан шешімін та­бады? Жалпы, ауданда бақша егемін деген азаматтарға басқа қандай қолдау бар?
– Сіздер менен сұхбат емес, бір жылдың есебін алып отырған сияқтысыздар. Әр ауылға осылай тоқталатын болсақ, сұхбатымыз ұзаққа созылатын сияқты. Жасалып жатқан жұмыстар бар, сондықтан жауап беруден жалтармаймын. Мен келгенде айттым, елдің мәселесін тыңдаймын, оның шешіміне шама-шарқымша жұмыс жасаймын дедім. Сол уәдемде тұруға тырысамын. Себебі ауданға келгендегі бар мақсатым да осы.
Біріншіден, аяқ су – тек біздің ауданға ғана емес, аймаққа ортақ мәселе. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, су тапшылығы қазір облыстың барлық ауданында бар. Бірақ солай екен деп тағы да қарап отыра алмаймын. Жұмыс жасаймын деген адамға біз қай жағынан да қарасуымыз керек. Былтыр Қаракеткен мен Жаңаталапта аяқ су мәселесі айтылды. Сөз басында «барлық мәселені түртіп алдық» дегеніңізге қарағанда оны өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын. Биыл бұл мәселе шешімін табады. Бұл мақсатқа 82,6 млн теңге қаржы қаралған. Тиісті қаражатқа алдағы уақытта 5 техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер мекеме анықталды.
Ал бақша дақылдарын егемін, осы ба­ғытта еңбек етіп, табысымды еселеймін, өз-өзімді бақша өнімдерімен қамтамасыз ете­мін дегендерге де қолдау болады. Биыл ау­данда 500 гектар бақшалық жер аштық. Айт­қанымдай, бақша саламын деген 600 адамға үлестіріледі. Мұнан бөлек жергілікті ша­руашылықтар тарапынан да арнайы жер ашылады. Бұл жерлер де халыққа беріледі. Біз жерін сүдігерлеп, қарықтап, қоршап, оған аяқ су келетіндей жағдай жасаймыз. Тұрғындар тек бақша салып, оның күтіміне ғана жұмыс жасайды.
Айтпақшы, кешегі кездесулерде Жаңа­дария жұрты үлкен жолдың бойында күтіп-баптаған өнімдерін сатуға жағдай жа­салса деген ұсыныс тастады. Мәселен, көр­шілес Іңкәрдария ауылының халқы осы әдіспен өнімін өткізеді екен. Мен тиісті сала бас­шы­ла­рына тапсырма бердім, бұйыртса, үлкен жол­дың бойында Еңбектің тұсынан біз де олардың өнімін сатуына жағдай жасаймыз. Жаңадарияда техника мәселесі биыл жұмыс­тарына қолбайлау болыпты. Оны да шешіп бердік. Тағы да қайталап айтамын, еңбек етемін деген адамды біз қашанда қолдауға дайынбыз.
– Қазір ауылдық елді мекендерге қа­тысты мәселелерге қайта ораламыз, ен­дігі тақырыпты негізгі салаларға ар­насақ. Осыдан бір жыл бұрын ауданда кәсіпкерлік саласының дамуы көңіл көн­шітпейтін, оның үстіне жұмыссыздық деңгейі сізге дейін бір көрсеткіште сіре­сіп тұрғанына да қаншама жыл болды. Жалпы, кәсіпкерлік саласына сер­пін бе­руде нен­дей жобалар қолға алынды және оның жемісі бар ма? Ал жұмыссыздық деңгейін төмендетуде қандай жобаларды қолға алдыңыздар?
– Мен кәсіпкерлік саласының серпін ал­мауына негізгі себеп түсіндірме жұмыстарының төмендігі деп есептеймін. Неге? Себебі қазір бұл саладан мемлекет қолдауын аяп жатқан жоқ. Тіпті пайыздық үстемақысы төмен несие мен қайтарымсыз грант үлестіретін бағ­дарламалардың түр-түрі бар. Халықта іс бас­тауға ынта да жоқ емес. Бірақ олардың көбісі бұл қолдаулардан бейхабар. Келгеннен осы бағытта жұмыс жасауды сала басшысына тапсырдым. Өздеріңіз де басылым арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келесіздер. Иә, мойындаймын, бұған дейін саланың дамуы төмен болған, бірақ бір жылда ілгерілеу бар.
Кәсіпкерлік саласын дамыту елдегі тұра­лаған мәселелердің шешімін табуына қол­ғабыс болады. Салаға жауапты әріптестерімнен оны ширатуға жұмыс жасауды талап ететінім де сондықтан. Сондай-ақ іс бастаймын деген азаматтарды қолдау шаралары Жалағашта күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Соның нәтижесі болар, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда атқарылған жұмыстар жемісін беруде.
Былтыр ауданда шағын және орта кә­сіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ке жет­кен. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұр­ғаны 23,8 пайызға артқан. Биыл 3 айда кәсіп­керлік субъектілерінің саны 3189 бірлікті құрады. Бүгінде оның 96 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28,4 пайызға артқан.
Жалағаш ауданында бұл саланың тың серпін алуы өңірдегі жұмыссыздық мәсе­лесін тұсауға да қолғабыс болып отыр. Мәсе­лен, ауданда бүгінде жұмыс жасап тұрған кәсіп­орындарда 4 643 адам жұмыспен қамтылған.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастағандар, жұмыс жасап тұрған кәсібін әрі қарай дамытуға талаптанған азаматтардың өткен жылы 446 жобасы жалпы құны 3 млрд 212,9 млн теңге қар­жылай қолдау тапты. Нәтижесінде 462 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 3 айда 54 жоба 840 млн теңгеге қаржыландырылды.
– Біз білетін Жалағаштағы жобалар­дың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған. Саланы түрлендіруде қан­дай жұмыстар қолға алынды?
– Турасын айтайын, бұл сөзіңізбен келіс­пеймін. Біріншіден, аудан аграрлық өңір бол­ғандықтан мал шаруашылығы бағытында іс бастауға қолайлы. Себебі мұндай аймақта мал азығы да қалтаға ауыр болмайды, тіпті тұр­ғындардың оны өздері дайындап алуына да жағдай жоқ емес. Сондықтан бұл бағытта кә­сіп бастаған азаматтарға бұлай қарауға болмайды.
Оның үстіне ауданда керісінше сала түрленуде. Халық басқа да кәсіп көздерін тауып, табысын еселеуде. Мәселен, былтыр ауданда «СТ-KZ» сертификатына сәйкес антифриз өндірісі қолға алынды. Жоба құны – 15 млн теңге. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 5 млн теңге қайтарымсыз грант және 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, тәулігіне 1000 литр антифриз өндіруді бастап кетті. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Жалпы құны 102 млн теңгені құрайтын «ID Senim» ЖШС-ның гемодиализ орталығы да бүгінде аудан халқының қажетіне жарап тұр. 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған орталықтың негізгі қызметі диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қам­тиды және бүйрек ауруын емдеуге негіз­дел­ген. Бұдан бөлек «Адима» кәсіпорны «Биз­нестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында картон қалдықтары мен макулатурадан эковата шығаруды қолға алған. Кәсіпкер полигон құрылысы үшін бе­рілген уақытша жер учаскесінде жұмыс жа­сауда. Қазіргі уақытта цехта 2 адам жұ­мыспен қамтылған.
Биыл «Серпін» аграрлы-индустриялды ай­мағында «Сыздық» шаруа қожалығының тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыты жұмысын бастады. Зауыт құрылысына мем­лекеттік қолдау шарасы ретінде 2,5 гектар жер телімі табысталды. Қазірті таңда цехта 8 адам тұрақты жұмыс жасайды. Міне, бізде мал шаруашылығынан бөлек мұнан өзге де кәсіп түрін қолға алып, табысын еселеп отырған жерлестеріміз жоқ емес, сондықтан «Біз білетін Жалағаштағы жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған» дегеніңізге келісе алмаймын.
– Бір жыл көп уақыт емес, бірақ аз уақыт та емес. Былтыр аудан бюджетінің көлемі қанша болды? Жалпы, сіз келгелі өсім не болмаса өңір бюджетінде төмен көрсеткіш болды ма?
– Соңғы жылдары ауданда ілкімді істер қолға алынды, жарқын жобалар жүзеге асты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Иә, елдегі тұралаған мәселелердің ше­шіміне жұмыс жасау үшін 1 жыл көп уақыт емес. Десе де нәтижелі еңбек етіп, елдің талап-тілегіне бар мақсатымызды арнасақ, аз уақыт та емес.
Атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға ба­ғыт­­талған. Бастысы, нәтиже бар. Былтыр ауданның 2022 жылғы бюджеті 11 млрд 662 млн теңге болып бекітілсе, қосымша бөлінген нысаналы трансферттер арқылы оның көлемі 14 млрд 291 млн теңгеге жетті. Ал ауданның жалпы түсімдері 14,1 млрд теңгені құрады. Осылайша жоспар 100,3 пайызға орындалды.
Оның ішінде ауданның өз кірістері 1 млрд 979 млн теңгені құрап, жылдық жоспар 100,8 пайызға артық орындалған. Шығыстар жос­пары 14 млрд 275 млн теңгеге орындалып, үнем­делген қаржыларды қосқанда 99,9 пайыз­ды құрады.
Былтыр ауданда ауыз су желілерін жүргізу мен жабдықтау, көпірлер мен жол жөндеу, әлеуметтік нысандар құрылысы, газдандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, абаттандыру жұмыстарын атқаруға бюджеттен 2 млрд 659 млн теңге қаржы бөлініп 30 жоба жүзеге асты. Оның ішінде ауыз су желілерін кеңейтуге, құрылысын бастауға 1 млрд 23 млн теңге бөлінді. Тиісті қаражатқа Мәдениет ауылы мен «Ақтерек» жер учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің және сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде бағанағы Аққұмдағы ауыз су жүйесін кеңейту жұ­мыстары да бар. Биыл қосымша қаржы бө­лініп, құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Жалағашта электр желілерін дамыту және жарықтандыру бойынша да қыруар жо­баны қолға алдық. Жалпы құны 286,2 млн теңгеге Мөрәлі Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолы, Жалағаш кенті, Қаракеткен, Аламесек, Аққұм елді мекендерінің ішкі көшелерін жа­рық­тандыру, «Ақтерек» учаскесін электр желі­лерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Абаттандыру жұмыстарына келсек, 42,7 млн теңгеге Жалағаш кентінде балалар ойын алаңын қайта жаңғырту, орталық алаңды абат­тандыру, Бұқарбай батыр, Аққыр, Ала­месек, Мырзабай ахун елді мекендерінде спорт алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Сондай-ақ былтыр 3 әлеу­меттік нысанның құрылысын жүргізуге қыруар қаржы бөлінді. Бүгінде оның екеуі ел игілігіне берілсе, 1 нысанның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.
Мұнан бөлек былтыр демеушілер есебінен жалпы құны 42 млн теңгені құрайтын 6 ойын алаңы пайдалануға берілді. Жалпы, ауданда демеушілер тарту арқылы жүзеге асқан жо­балар да жоқ емес. Мәселен, «Сәт Сервис» ЖШС-ның демеушілігімен 12 млн теңгеге кент орталығындағы Қазыбек би көшесіндегі көп­пәтерлі тұрғын үйдің шатырын жаңалау жұмыстары жүргізілсе, тұрмысы төмен отба­сылардың үйін көгілдір отынға қосу да қарқын алды.
Былтыр 8 млн теңгеге Ақсу, Қаракеткен, Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов, Есет батыр елді мекендеріндегі тұрғын үй сек­торларының электр желілерін жүргізуге, Кент орталығындағы 2 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленді, бұл бағыттағы жұмыстар демеушілер есе­бінен жүргізіліп, қаржыландыруға ұсы­нылған. Мұның бәрі Жалағаш ауданында өткен жылы жүзеге асқан жобалар. Тұралаған осынша шаруаны ширатуға 12 ай аздық етеді. Десе де сөз басында айтқанымдай, уақытты ұтымды пайдалануға нақты мақсат, нәтижелі жұмыс сеп болды.
– Биыл аудан экономикасын әртарап­тандыруда, елдің талап-тілегінен туын­даған мәселелердің шешіміне жұмыс жа­сауда, салықтық түсімдерді орын­дау­да, кәсіпкерлік саласын дамытуда қан­дай жобалар қолға алынады?
– 2023 жылы ауданның бекітілген бюджет көлемі 8 млрд 755 млн теңгені құрады. Жыл басынан түзету енгізудің нәтижесінде оның көлемі 9 млрд 402 млн теңгеге жетті. Оның ішінде субвенция көлемі 3 млрд 777 млн теңгені құраса, ауданның жергілікті кірістер көлемі 1 млрд 907 млн, ағымдағы нысаналы трансферт 2 млрд 367 млн, даму трансферттері 1 млрд 215 млн теңгені құрап отыр.
Биыл әлеуметтік сала мамандарына тұр­ғын үй сатып алуға ел тайқазанынан 139,7 млн теңге бюджеттік несие бөлінген. Ал аудан бюджетінің шығысында бюджеттің әлеу­мет­тік бағыты сақталып отыр. Халықты жұ­мыс­­пен қамту шараларына және әлеуметтік төлемдеріне аудан бюджетінің 33,2 пайызы бағытталған.
Былтыр шілде айында Жалағаш ауда­нын дамытудың 2023-2025 жылдарға перспективалық іс-шара жоспары әзірленген бо­латын. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды да­мы­ту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағыт­талған жалпы құны 9,3 млрд теңге құрайтын 137 жоба енгізілген. Оның ішінде биылғы жылдың еншісінде 49 жоба бар. Ауданның перспективалық іс-шара жоспары елдің талап-тілегі негізінде жасалды.
– Ауданда биыл қанша жоба жүзеге асқалы тұр?
– Биыл жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асады. Қазіргі таңда бұл жобаларды іске асыруға ел қазынасынан 1 млрд 725,8 млн теңге, облыстық бюджеттен 2 млрд 655,3 млн теңге және аудандық бюджеттен 111,8 млн теңге бөлінді. Тарқатып айтсақ, «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында аудандық маңызы бар Жаңадария бағытындағы жолды орташа жөндеуге 196 млн теңге, Аққыр бағытындағы жолды күрделі жөндеуге 664 млн теңге, Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге 76,6 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекемелер анықталып, жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Мұнан бөлек «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кентінде 1 көшенің, Еңбек ауылында 3 көшенің, Бұқарбай батыр елді мекенінде 3 көшенің, М.Шәменов елді ме­ке­нінде 1 көшенің жөндеу жұмыстарына 558,9 млн теңге бөлінді.
Биыл облыс қазынасынан қаралған жалпы құны 285,3 млн теңгеге Дәуімбай елді мекеніндегі 4 көшеге күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта облыстық бюджеттің нақтылауы барысында қосымша аудандағы 7 көшені жөндеуге 508 млн теңге қаралады деген жоспар бар.
Ауданда әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру биыл да жалғасады. Яғни жалпы құны 35,4 млн теңгеге 2 жоба жүзеге асқалы тұр. Олардың қатарында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана бар. Бұдан бөлек об­лыс­тық бюджеттің нақтылау нәтижесімен Ақсу, Мөрәлі Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40 млн теңге бөлінеді деп күтілуде.
– Дәуімбай елді мекенінің халқы екі ортаны бөліп тұрған теміржолды кесіп өтуде айтарлықтай мәселе барын сізге дейін бірнеше әкімнің тұсында көтерген. Расында тұрғындар үшін қауіпті, оның үстіне әлеуметтік нысандардың басым бөлігі кент орталығында орналасқанын ескерсек, тұрғындардың талап-тілегі орын­ды. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
– Иә, Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өте­тін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің жоқтығы. Олай дейтініміз, расында Дәуім­байдағы тұрғындардың кент орталығына қаты­науында айтарлықтай кедергі бар. Кенттің қос бетін бөліп тұрған теміржолды кесіп өту тұрғындар үшін аса қауіпті. Мен кел­гелі де бұл мәселені халық айтты. Шама-шарқымша елдің мәселесін ертеңге қалдырмауға тырысамын. Биыл бұған нүкте қойылады. Облыс қазы­насынан қаралған 184,8 млн теңгеге елдің мәселесі шешілгелі тұр. Бірақ қазіргі уақытта нарықтағы темір металл бағасының 4-5 есеге қымбаттауына байланысты жобаға түзе­ту жұмыстары жүргізілуде. Сараптама қорытын­дысымен құрылыс жұмыстары басталады.
– Сіз келгеннен елді мекен әкімдері, мектеп директорлары, учаскелік полиция инспекторлары өздеріне тиесілі аумақта тұрғылықты тұруы керек деп талап қойдыңыз, аймақ басшысының да талабы сол, әрине бұл – дұрыс шешім. Әсіресе қылмыстың алдын алу үшін тәртіп сақшыларының сол жерден табылуы маңызды рөл атқарады. Алайда барлық учаскелік полиция инспекторының ауыл­дарда тұрғылықты үйі жоқ. Олардың алдымен үй мәселесін шешіп барып талап қойған дұрыс сияқты…
– Қазіргі таңда аудан бюджеті есебінен 10 елді мекеннің учаскелік полиция ин­спекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 40 млн теңге бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Біз оларды алдымен үймен қамтамасыз ете­міз, содан кейін барып осы талапты қоямыз. Ал негізгі мақсатын жаңа өзіңіз де айтып отыр­­сыз. Бірақ бұл үйлер елді мекендердегі әкім­діктердің меншігінде болады. Себебі қазір учаскелік полиция инспекторлары бір жерде тұ­рақты жұмыс жасамайды, ертең оның ор­нына келген азамат сол дайын үйде тұратын болады.
– Былтыр жүзеге асқан жұмыстар айтылды, биылғы жылдың еншісіндегі жобалар да тыс қалған жоқ. Енді елді мекендерде тұрғындармен кездесу бары­сында халық тарапынан көтерілген ұсыныстарды шешу мақсатында басқа да қандай жобалар қолға алынады?
– Қазіргі таңда жалпы құны 13,9 млрд теңгені құрайтын 36 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық салалық бас­қармаларға бюджеттік өтінім ұсынылды. Оның ішінде республикалық бюджеттің нақты­лауын­да құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 9 жоба бар.
Бұдан бөлек облыстық және аудандық бюджет есебінен 110,9 млн теңге қаржы бөлініп, 19 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл жобалар жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуге, көпір құрылысына, ауыз су желілерін кеңейтуге, елді мекендердің кө­шелерін жарықтандыруға, инженерлік-ком­му­никациялық инфрақұрылымды да­мы­туға және мәдениет нысандарының құры­лыс­тары мен күрделі жөндеу жүргізуге бағытталған.
– Бүгінде ауданның әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсеткішінде өсім бар ма?
– Ауданның негізгі әлеуметтік-экономи­калық даму көрсеткішінде өсім бар. Бір жылда облыс бойынша Жалағаштың барлық салада алдыңғы қатардан көрінгені осы сөзіме дәлел десем де болады. Мәселен, өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың қорытындысымен 66,7 пайызға өсіп, 24,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл І тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 8 есеге артып, 9,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен былтыр 100,1 пайызға артып, 9,1 млрд тең­генің өнімі өндірілді. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 3,6 есеге артып, 3,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Жалағашта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі былтыр 15 пайызға артып, 11 млрд 839 млн теңгені құраса, биыл алғашқы тоқсанда 6,2 есеге артып, 4,7 млрд теңге инвестиция тартылған.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемінде де өсім жоқ емес. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың қорытындысымен 26,3 млрд теңгеге орындалды. Ал 2023 жылдың 3 айында 1,6 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан.
– Диқандардың биылғы егін науқанына дайындық қарқыны қалай?
– Қазіргі таңда шаруашылықтар көктемгі науқан жұмыстарына кірісіп кетті. Дән себетін уақыттың да ауылы алыс емес. Былтыр ауданда Сырдың басты дақылы күріш алқабы айтарлықтай қысқарған. Оған аяқ су мәселесінің сеп болғанын жақсы біле­сіздар. Биыл мамандар былтырғыдай қауіп болмайды деп болжап отыр. Сондықтан ауданда күріш алқаптары ұлғайтылды. Егіс­ті әртараптандыру бойынша да бірқатар жоба­лар бар. Бұған дейін астықтан тау тұрғызған аудан диқандары биыл да межелі өнімді жауын-шашынға қалдырмай қамбаға құйып алады деген жоспарымыз бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: