Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 10:11

Күріштің бабын білген Бердібек

24.10.2023

320

0

Қазіргі таңда қоғам арасында шынайы еңбектің мәні мен маңызы арта түсуде. Еңбексіз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екенін халық түсінді. Өйткені қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді. Сондықтан елімізде қарапайым еңбек адамының абыройы асқақтап, құрметке ие болуда. Біз де журналистік сапарымызда егін басында тынымсыз, аянбай еңбек етіп жүрген күрішшілер туралы қалам тербеуді жөн көріп, Аламесек ауылына атбасын бұрдық.

Иә, егін алқабы десе кімге болсын көз алдына ауыл сыртындағы ас­фальтсыз жолдары бар кең дала, қамыс басқан каналдар, сары кілем­дей жайқалған егістік, түтіндеткен трак­тор мен комбайндар елестейді. Шыны керек, біз осы керемет көріністің ішін­дегі ең ілкімдісі адал еңбегімен береке тауып, аптап ыстыққа мойымай, егін бітік шықсын деп уайымдаған жандарды кейде ұмытып жатамыз.
Көктeм мeзгiлi кіргеннен бacтaп күзгi орымға дeйiн дaлa төciнe ce­бiл­гeн Cыp салысын күтiп-бaптaу әp кү­рiшшiнiң мoйнындaғы мiндeті екені бел­­гілі. Ана баласын қалай әл­пеш­те­се, күрішші де алқаптағы ақ мар­жанын солай баптап өсіреді. Жас­тайы­нан егінді бес саусағындай бі­­ле­тін Аламесек ауылының азаматы – Бердібек Бейсенбаев.
Ол Есет батыр ауылындағы «Қара­бура Ата-1» шаруа қожалығында 4 жыл­дан бері еңбек етіп келеді. Еңбек адамы – күріш баптаудың хас шебері. Егін шаруашылығына қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше мәрте аудан әкімдігі тарапынан марапатқа ие болса, шаруа қожалық тарапынан берілетін ауқымды сыйақыларды ерен еңбегімен қанжығасына басып жүр. Мәселен, былтыр өнім шығымын 75-77 центнерден қайырып, мықты нә­тиже көрсеткен. Биыл да осы мәжеден ас­паса, төмендемейтініне сенімді. Чем­­­пион атанып, сужаңа көлік тізгіндеуден де үмітті. Иә, тәжірибелі маман әркез жастарға үлгі, білгенін үйре­тіп, кеңес беруге дайын тұрады. Әріп­тес­тері «Бәкеңнен сұра» деп жастарды сол кісіге ба­ғыттайды. Саналы өмірінің 20 жыл­дан астамын егін шаруа­шылы­ғына арнап келе жатқан дала қы­раны бүгінде ең­бек адамының үлгісін көрсетіп келеді.
– Күріш егуді көктемнен бастаймыз. Тұқымды сеуіп болған соң суға бас­ты­рамыз. Оны егінжайда орақ түскенше күтіп баптаймыз. Суын қоямын. Оның өз әдіс-тәсілі бар. Күріш бітік шығуы үшін суын дұрыс қоя білу керек. Себебі мол өнімге қол жеткізуде су­дың маңызы зор. Яғни күріштің шы­ғымы берілген суына байланысты бо­лады. Шыны керек, биыл жауын-шашын шаруаларды қуанта қоймады. Есе­сіне орақ саларда жаңбыр түсіп, сәл-пәл қиындық тудырды. Дегенмен биыл шүкір, ең бастысы, аяқ судан мәселе болмады. Сол себепті бо­лар, егін шығымы жақсы. Бүгінде өні­мі­мізді орып жатырмыз, 2-3 күнде тәмам­дай­мыз. Қазіргі көңіл-күй керемет. Техникадан, жанармайдан, басқа да керек-жарақтардан мәселе жоқ, – дейді еңбек адамы.
Күрішші биыл 25 гектар жерге «Лидер» тұқымын сеуіпті. Былтыр да осы шамада «Янтарь» сұрпын бап­таған. Бердібек ағаның айтуынша, күріштің «Лидер» және «Янтарь» сұрыпт­ары біздің өңірде кеңінен таралған. Қазіргі таңда күрішшілердің көбі осы «Лидер» сұрпын баптайтын көрінеді. Әрине оның да біз білмейтін қыр-сыры бар шығар. Сондықтан болар, біз шаруа адамының жан-жағынан сұрақ жаудырып, күріш сұрыптары жайлы сұрай кеттік.
«Лидер» суға тұрақты бас­тыру арқылы өскін алатын, герби­цидсіз технологияға арнап шығарылған сұрып болып табылады. Ол су қабаты астында өте қарқынды өсіп, жылдам су бетіне шығып, тығыз өнімді, егісті қамтамасыз етеді. «Лидер» сұр­пы басқаларға қа­рағанда тыңайт­қыш­ты аз қажет етеді. Қо­рыта айт­қанда, бұл сұрыптың өнім­ді­лігі мен өнім сапасы едәуір жоғары екен.

Кенжетай Балғабайұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: