Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 00:19

Мал терісі кәдеге аспай тұр

16.01.2024

1002

0

Мал терісі мен жүні қыруар ақша болған кездер келмеске кетті. Иә, есімізде, үйде мал сойылса, сол малдың терісін аңдып жүретінбіз. Сондағы ойымыз, теріні өткізіп, ақша алу. Тарихқа көз жүгіртсек, тіпті баяғыда татар көпестері қазақ даласына қант, шай, майда ұсақ-түйектерімен келіп, сойылған мал терісі мен қырқылған жүнін жинап әкетіп, дәулеті шалқыған бай болған екен. Мал баққан ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде әсіресе төрт түліктің терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білген.

Қаракеткендік шаруа Қорғанбек Ера­­лиев те бүгінде баққан қойы­ның тек етін ғана кәдеге жаратып отқанын жет­кізген болатын. Яғни жүн мен тері қа­дірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде құрттап, шіріп, керексіз үйінді болып жатыр. Тек Қорғанбек аға ғана емес, басқа мал баққан еңбек адам­дары да бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар жоқтың қасы, тіпті айма­ғы­мызда қой жүнін іске жарататын өндіріс ошағы жоқ екенін де айтып жүр. Мәселен, жылына 2 рет мал қырқатын шопандар төрт түліктің жүні мен терісін өртейді, басқа амалы да жоқ.
Елімізде тері мен жүн көбінде бас­тапқы өңдеуден ғана өтеді. Ал терең өңделген тері, мата, киім, аяқ-киім өн­дірісі мүлде жоқ деуге болады. Бірен-саран жеке кәсіпкерлер болмаса, отан­дық өнім шығаратын қуаты жоғары зауыт немес фабрика ашатын деңгейге еш көтеріле алмағанымыз анық. Ішкі на­ры­ғымыз бұл салада толықтай им­портқа тәуелді.
Жасыратыны жоқ, бұл бағытта көр­ші елдер көш ілгері екен. Қытай мен Ресей, Қырғызстан, Өз­бекстан, Түрк­менс­тан елдері бұл салада бізден әлдеқайда алға шыққан.
Еліміздің дүкен сөрелерінде тұрған қолжетімді бағадағы киім, төсек орын жабдықтары бұл сөзімізге дәлел болса керек. Мәселен, Өзбекстанның сала­лық кәсіпорындары соңғы бірнеше жыл­да 600 миллион доллардан астам мем­лекеттік қолдауға ие болған. Бұл өз ке­зегінде 600-ден астам жобаның ино­ва­циялық бағдарламасын әзірлеуге және іске қосуға мүмкіндік берген. Ал 2021 жылы көршіміз 10 миллион долларға 115 миллион жұп былғары аяқ киім шығарған.
Елімізде тоқыма бұйымдарын шы­ға­ратын кластер құру немесе толық циклді аяқ киім фабрикасын ашу мүм­кін емес көрінеді. Оның себебі көп. Бірін­шіден, тері мен жүнді фермадан зауыт­қа жеткізу тізбегі бұзылған. Әсіресе ша­руалар жүн өткізуге қызығушылық танытпайды. Себебі құны арзан әрі тері қабылдайтын пункттер жұмыс істемейді. Қазақстан бойынша бұл салада сол жылы 1000-нан аса компания бар, оның 980-і – шағын бизнес өкілдері. Бұл компаниялар елде өндірілетін шикізат өнімінің небәрі 1 пайызын ғана өндіреді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 был­ғары кәсіпорны жұмыс істейді екен. Олар жылына 4 миллион тері өңдей алады. Былтыр қаңтар және қазан ай­ларында республикамызда 2,6 млн тері, оның ішінде 1,8 миллион ірі қара малдың терісі, 5,8 миллион ұсақ мал­­­дың терісі өндірілген. Бұл ретте қазақ­стандық кәсіпорындар 465 мың ірі қара мал терісін өңдеген. Солай ірі қара мал терісінен былғары өндіру 24 пайызға өсіп, 130,1 млн шаршы де­ци­метрді құрапты.
Бір қуантарлығы, қазіргі таңда бұл мәселе ел көлемінде көтеріле бас­тады. Мәселен, өткен аптада ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің отырысында де­пу­тат Қарақат Әбден елде жүн мен теріні қайта өңдеу қажеттілігі туралы мә­селе көтерді. Оның айтуынша, рес­публикадағы өңдеу зауыттарының жағ­да­йы нашар, сондай-ақ шикізатты елден тыс жерлерге әкетуде пробле­малар бар. Ауылдық жерлерде тері, жүн сататын орындардың болмауына байланысты фермерлер оларды тас­тауға немесе өртеуге мәжбүр. Ал өң­делген терілер мен жүн Қазақстанға ше­телден бірнеше есе қымбат әкелінеді. Нақтырақ айтсақ, фермерлер теріні сата алмайтындығын ескере отырып, олар жылына 30 млрд теңгеге дейін жоғалтатын көрінеді.
Осы орайда ҚР өнеркәсіп және құ­рылыс министрі Қанат Шарлапаев са­ланы дамыту үшін қазіргі уақытта бір­неше ірі жобаларды іске асыру бойынша дайындық жүргізіліп жатқа­нын, оның екеуін биыл іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Статистикаға сүйен­сек, еліміз жылына 40 мың тонна жүн өндіреді, бірақ оның тек 20 пайызы ғана қайта өңделеді.
2022 жылы 3,4 млн терінің тек 22 пайызы қайта өңделген. Осыдан-ақ бұл бағыттың қаншалықты ақсап тұрғанын аңғару қиын емес.
Министрдің сүйін­шілегені, биыл Ақ­төбе облысында жүн өңдеу зауыты са­лынбақ. Жоба келер жылы іске қо­сы­лады екен. Бұл жоба жүнді қайта өңдеуді 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Алматыда шетелдік инвесторлардың қатысуымен екінші жоба, яғни теріні қайта өңдеу кәсіпорны бой көтереді.
Ауданға келсек, мал терісі мен жү­нін қабылдайтын немесе қайта өң­дейтін өндіріс бізде мүлдем жоқ. Жал­пы ауылдардан бұл бағытта кәсіп аш­­қысы келетіндер бар көрінеді. Жер­­гілікті биліктегілердің айтуынша, биыл бұл бағытта кәсіп ашамын деген аза­мат­тарға сүйемелдеу болады. Бас­тысы, ойда бар, тек соны жү­зеге асыру керек.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: