Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сәрсенбі, 06 қараша, 13:29

Қаржы пирамидасы –
алаяқтардың қақпаны

23.03.2024

498

0

Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген пәлсапамен алаяқтар елімізде біраз азаматтарды алдап, қаржысын жымқырып, көз жасына қалуда. Иә, әлемді қаржылық дағдарыс қыспаққа алғанда арамзалар оңай ақша табуға ниеттенгендерді қақпанына түсіріп, аңқау халықты алдап-арбау арқылы толағай табысқа кенеліп жатыр. Сорақысы, қалта қағудың түрлі тәсілі пайда болды. Жасыратын несі бар, соның бірі «қаржы пирамидалары», қараша халықтың қалтасын әлі қағып жүр екен.

4,6 млрд теңге қайтарылған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырамысымен аталған мә­селе бо­йынша бүгінде қызу жұмыс жүріп жат­қан көрінеді. Қаржылық мониторинг агент­тігінің төрағасы Дмитрий Мала­хов­тың мәліметіне сүйенсек, қылмыстық жол­мен түскен кірістерді жылыстатуға қарсы күрес саласында 5,7 мыңнан ас­там тұтынушымен іскерлік қарым-қа­тынас тоқтатылған. Криптовалюта айыр­бастайтын 1,5 мыңнан аса заңсыз онлайн-сервис анықталып, бұғатталған. 49 заңсыз майнер әшкереленген. Қазір оларға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаржы аударуға қатысты 1,2 мың әрекет анықталып, оларға шектеу қойылған.
Соңғы уақытта 41 қаржы пирами­дасы жойылып, зардап шеккендерге 4,6 млрд теңге қайтарылған. Алаяқ­тық белгілері бар 8 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталып, 4,8 мың онлайн-казино сайтының қызметі тоқтатылған. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен және қаржы реттеушілермен бірлесіп, 21 жасқа толмаған азаматтардың бук­ме­керлік кеңселерге төлем жасау мүм­кіндігін автоматты түрде шектеу тетігі енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек 74 млрд теңге көлемінде негізсіз бюджет шығындардың жолы кесілген, заңсыз қолма-қол ақшамен айна­лысатын 59 «көлеңкелі» алаң қыз­меті тоқтатылған, 7 ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ жойылған, сотқа дейінгі тер­геу амалдары аясында 141 млрд теңге көлемінде келтірілген залал өтел­ген. Сондай-ақ капиталды заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл саласында жалпы құны 276 млрд теңгені құ­райтын активтер қайтарылған.
Қаржы пирамидасына нақтырақ тоқ­талсақ, қаржы пирамидаларының құ­рылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін IT құралдарын пайдалана отырып, әлеу­меттік желілерге талдау жүргізіліп жатыр. Биыл бұғаттауға 600 мың аудиториясы бар, мыңға жуық қаржы пирамидасының белгілері бар сайт­тар мен шоттардың сілтемесі жібе­рілген.
Тек соңғы алты айда интернет же­лісінде 36 қаржы пирамидасы анық­тал­ған. Олар бойынша WhatsApp, Telegram және Instagram әлеуметтік желілерінде 200 чат тексерілген. Бүгінде олардың 182-сі бұғатталған. Осылайша 126 мың аза­маттың қаржылық шығындарына жол берілмеді. 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Car­homi, Beefre) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қаржы пирамидасы
қайдан келді?

Ең алғаш қаржы пирамидасы 1 ғасыр бұрын, яғни 1920 жылы АҚШ-та құ­рыл­ған деседі. Оған дейін де алаяқ­тық айла-тәсілдер болғаны анық, бірақ алаяқ­тық әрекетті білдіретін ұғым ре­тін­де тарихта қалғаны осы – «Понци схемасы».
Қысқаша баяндасақ, Бос­тон­да тұратын Чарльз Понци есімді азамат БАҚ арқылы өзінің фирмасына жар­нама жасап, инвесторларға салған әрбір 1000 долларын 3 айдан кейін 1500 доллар етіп қайтарып отырған. Әрине қайтаратын қаржы да инвесторлардан жиналғаны түсінікті. Бірнеше айдан соң алаяқтың өзі тұтқындалып, фирмасы банкрот деп танылды. Тұтқындалған кезде Понцидің фирмасының банктегі шотындағы қаржы көлемі 4 млн дол­лар болса, берешегі 7 млн-дан асып түсіпті.
Содан бергі аралықта «Понци схе­масы» әбден жетілді деуге болады. Оның алуан түрі Қазақстанда да аз емес. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, 2019 жылдың 8 айын­да «Қаржы пирамидасын құру мен бас­қару» бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған. 2017 жылы Қылмыстық ко­декстің 217-бабымен 63 іс қоз­­ғалып, жұрт 6,341 млрд теңгеден ас­там шығынға батқан. 2018 жылы қозғалған қылмыстық істер қатары 103-ке жетіп, шығын көлемі 1,863 млрд теңгені құрады. Жалпы 2017-2019 жылдары қылмыстық істерден халық 8,3 млрд теңгеден астам ақш­асынан айырылған. Алайда тергеу амал­дарының нәтижесінде бұл соманың 400 млн-сы, яғни 5 пайызы ғана ие­ле­ріне қайтарылған.
Ақпан айының соңғы аптасында қаржы пирамидаларының әрекеті елі­мізді дүр сілкіндіргені белгілі. Алдын ала деректер бойынша «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард» және «Вы­годный займ» компанияларына ақша салған 2 мыңнан астам адам 5 млрд 411 млн теңгеден айырылған.

Аймақтағы
ахуал қалай?

Иә, бұл мәселе 2022 жылғы қай­ғылы оқиғадан кейін ерекше өзектілікке ие болды, бұл қаржы пирамидасының (MudarabahCapital) салымшыларының бірі өз арызы бойынша әділ тергеуден үмітін үзіп, министрлік ғимаратының ал­дында өзін-өзі өртеу әрекетін жасаған.
Қызылорда облысы бойынша эко­но­микалық тергеп-тексеру департа­менті мамандарының айтуынша, кү­мәнді қаржылық жобаларға адам тар­ту мақсатында бұқаралық ақ­па­­рат құралдары өкілдері, таны­мал блогерлер мен вайнерлердің көме­гімен жаппай жарнама жүргізілген. Бұл мәселені шешу үшін жауапты ма­мандар талдау жүргізіп, қаржылық пи­рамидалардағы инвесторлардың пси­хо­логиялық портретін құрған.
Қаржылық пирамидаларға ор­та­ша инвестор ретінде кәмелетке тол­ған, жоғары білімі және қаржылық са­уаттылық саласында білімі жоқ, жа­­лақысы төмен лауазымдарда жұ­мыс істейтін адам немесе зейнет­кер және жұмыссыз адам екені анық­талған. Сонымен қатар қаржылық пи­ра­ми­да­ларға жұмысқа қабылдау көбіне­се туыстары немесе жақын достары арқылы жүзеге асырылады екен.
Статистикаға сүйенсек, былтыр об­лыста қаржы пирамидасы фак­ті­ле­ріне қатысты агенттіктің аумақтық департаменттерімен 157 сотқа дейінгі тергеу басталып, 114-і аяқталған. Алаяқ­тардың заңсыз әрекетінен ай­маққа 8 млрд теңгеден астам шығын келтірілген, алайда сотқа дейінгі тергеу барысында 4,8 миллиард теңгенің мүлкі өтеліп, тәркіленген. Бұл ретте қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 4 млрд теңгені құрайды.
Бұдан бөлек департамент Q-Net және ChiaThai пирамидасын ұйым­дас­тырушыларға қатысты қылмыстық істі аяқтаған, сотқа дейінгі тергеу ба­рысында инвесторларға келтірілген 53 миллион теңге залал толық өтелген. Ұйымдастырушылар сот­тың рұқсатымен қамауға алынып, қыл­мыстық істер сотқа жіберілген.
Иә, алданып ақшаңнан айырыл­ған­ша, алдын алған абзал. Мә­се­лен, облыста профилактикалық жұ­мыстар аясында Cybernadzor жүйесі арқылы 460 сілтеме бұғатталып, 3 аккаунт жойылған. Ыңғайлы болу үшін агенттік мамандары «Baiqapiramida» телеграммалық ботын әзірлеген. Был­тыр аталған ботқа 3500-ден астам шағым түскен. «AFM-Insider» теле­граммалық боты арқылы ҚР-ның кез келген азаматы экономикалық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлай алады, бұл ретте анонимділік пен құпиялылыққа кепілдік беріледі.
Сонымен қатар департамент ма­ман­дарымен халық көп жиналатын орындарда, сауда орталықтарында, әуежайларда, вокзалдарда, базар­ларда, қоғамдық көліктерде тақы­рып­тық бейнероликтер таратылған, мек­тептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, ірі кәсіпорындарда, облыстың барлық аудандарында кез­десулер ұйымдастырылып, тұр­ғын­дардың жағдайын жақсартуға бағыт­талған іс-шаралар өткізілген.
Түйін: Иә, ең бірінші кезекте аза­маттарға қаржылық сауаттылық же­тіспейді. Адам сенгісіз оңай жол­мен қаржылық табыс әкелетін ұсы­ныстардан бірден бас тарту қажет. Десе де жауап­кершілікті азаматтардың өзіне артып қана қоймай, мемлекет те тиісті іс-шараларды жүзеге асыруы қажет. Іс жүзінде, заң жүзінде болсын ел бірігіп, бұл алаяқтарға тұсау болуы керек.
Мәселен, қаржылық алаяқтарға қыл­­­мыстық кодекстің 217-бабында 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру қарастырылған. Оған алаяқтық ту­ралы 190-баптың 5-10 жылын қо­сыңыз. Бірақ заң бұл дертке тұсау бола алмай тұр. Сондықтан «Тегін ірім­шік қақпанда ғана болады» деген тәмсілді әрқайсысымызға естен шы­ғар­­маған абзал.
Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: