Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 13:04

Қазақ даласының тұлпарлары

30.01.2024

558

0

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, қазақ тарихында ел қорғаған атақты батырлармен бірге олардың тұлпарлары қатар айтылады. Әсіресе осындай сәйгүліктердің есімі эпостарда, тарихи жырларда, ел аузында және жер атауларында жиі кездеседі. Атап айтар болсақ, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Құбасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Ақанның Құлагері, Тілеулі батырдың Кезқұлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұбары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз серінің Бозжорғасы. Бұл тізімді әрмен қарай жалғастыра берсең, ерекше қасиетке ие сәйгүліктер қатары жетерлік. Алайда біздің мақсатымыз – қазақ ұмытпайтын сәйгүліктерді атап өту емес, оларға жеке тоқталып, оқырманға таныстырып өту…

Дубайды дүбірлеткен
Қабірхан

Сәйгүліктер жайлы сөз қозға­ған­дықтан, бүгінде әлеуметтік желіде әлем ат спорты жанкүйерлерін таң­дай қақтырған тұлпар Қабірхан ту­ралы бастайын. Тұлпарымыз Ду­бай­дағы Мейдан ипподромында 11 қар­сыласын шаң қаптырып, Аль Мактум челленджінің алғашқы топтық жарысында мәреге жеке дара жетті. Сондай-ақ қазақстандық тұлпар жыл басында Араб Әмірліктерінде өткен гандикап жарысында да бас жүлдені иеленген болатын.
Атышулы жарысқа әлемнің үздік арғымақтары қатысқан. Қабірханның иесі Тілек Мұқанбетқалиев аттың жайы­мен бала күнінен жақсы таныс. Әсі­ресе соңғы 5 жылға жуық уақыт арғымақ баптаудың қыр-сырын те­рең меңгеріп алған. Сәйгүлік 9 рет үлкен жарысқа қатысып, соның сегі­зінде мәреге бірінші келген.
– Қабірханның олжасы – Қазақ елінің жеңісі. Алла жазса, «Дубай кубогы» ойындарының финалына қа­тысамыз. Қабірханның әкесі 2016 жылы Дубай кубогін ұтқан болатын. Сол жеңісті жалғастырады деп се­немін. Қазақ елі, алға, – дейді атбегі Тілек Мұқанбетқалиев.
Жүйрік бұған дейін екі жыл қа­тарынан Қазақстан мен Ресейде өткен беделді ат бәйгелеріне қа­тыс­­қан. Таза ағылшын тұқымды, төрт жастағы жануардың қазіргі бапкері – Дуг Ватсон. 30 жылдан бері сәйгүліктерді баптайтын кәсіби маман Қабірханның әлі талай жеңіс әкелеріне сенімді.
– 30 наурыз күні болатын басты ат шабысына Қабірханды жақсылап дайындаудамыз. Одан бұрын да өте­тін жарыстарға қатыса алады. Бі­рақ біз бірінші кезекте жа­рысты емес, жыл­қының күйіне, дайын­дығы­на мән береміз, – дейді атбегі Дуг Ватсон.
Айта кетейік, «Dubai World Cup» – 27 жыл қатарынан өткізіліп келе жат­қан беделді, дәстүрлі жарыс. Ұш­қыр аттарға қойылатын талап өте жоғары, жүлде де қомақты. Бас бәй­геге 12 млн АҚШ доллары тігіл­ген. Оған таңдаулы 16 арғымақ қатыспақ.

Қобыландының Тайбурылы

Қарақыпшақ Қобыландының Тай­бу­рылы талай аңыз әңгілемелерге арқау болып, біздің заманымызға дейін жетті. Қобыланды батыр XIV-XV ғасырларда өмір сүрген.
Тайбурыл көк ала биенің жаты­рын­да жатқан уақытында ат сын­шы­лары оның ер қанаты – арғымақ боларын болжаған-мыс. Әкесі Қобы­ландыға: «Жылқы ішінде көк ала бие бар. Сол бие көк бурыл құлын туады, жансерік атың сол болады» деген екен.
Тайбурылды тумай тұрып таны­ған ат сыншыларының қасиеті де ерекше болатын. Қобыландының жары Құртқа Тайбурылды құлын ке­­зінен баққан деседі. Ол құлынды ене­сінен ажырата салысымен, оған қырық күн бір рет қана құлындаған бие – қулықтың, қырық күн тумай қалған қысырдың сүтін берген. Екі енені тел емгеннен болар, Тайбу­рыл­дың күші мығым, бұлшық еті сом болып қалыптасады. Тоқсан күнге толғаннан кейін оған жемге қосып түрлі аурулардың алдын алатын дәрілік шөптер де берілген.
Тайбурылды құлын кезінен бастап арнайы тігілген киіз үйде баққан. Оған таңертең және кешқұрым екі рет түн­дікті ашып, атқан күннің арайлы сәу­лесі мен батқан күннің қы­зыл ша­пағын әдейі түсіріп отырған екен. Судың өзін әбден қақталып кепті­лір­ген қурайдан жасалған түтікпен беріпті. Тайбурылды осылай баптап, тек қараңғы үйде ұстайды. Тайбурыл алты айға толғаннан кейін далаға алғаш рет шығарылғанда жарыққа көздері жанып, аспанға шапшыған делінеді аңыздарда.
Оның жүйріктігі туралы «Қобы­ланды батыр» жырында: «Көл жа­ға­лай отырған көкқұтан мен қарабай қөтеріліп ұшқанша, белінен кесе ба­сады» делінеді. Батырдың жаны қы­сылған сәттерде оның қанаты бол­ған Тайбурылға тіл бітіп, адамша сөй­­леп, иесіне ақыл-кеңес береді, сыр­­ласына айналады-мыс. Талай кес­­кілескен соғыстардан батырды аман алып шығады.
Батырдың ақылды жары Құртқа Тайбурылды өзі баптап-күтіп, Қо­бы­­ланды Қазан сапарына атта­нарда ғана оған әкеліп береді. Тайбу­рыл­ды суреттегенде халықтың қиялға ерік беруіне оның біріншіден Қобылан­ды­дай ірі батырыдың аты болуы болса, екіншіден оны Құртқадай дана ару­дың баптап өсіруінен. Сондықтан бо­лар, қазақта Тайбурылдың ша­бы­сы деген жырдан үзіп алынған мадақ жыр ерекше сипат пен әсірелеуге ие.

Қанатты тұлпар
Ардакүрең

Қазіргі Ақтөбе аумағында Құла­ман атты батыр өткен өмірден. Ба­тырдың алдынан ешкімнің де кесе көлденең өтуге батылы бармайды екен. Бірде Құламан батыр аңшылық құрып кеткен уақытта оның ауы­лына іргедегі Қызылқала бе­кі­­ні­­сінен бес жауынгер келіп, ауыл адам­дарын соқ­қыға жығып, ойла­рына кел­ген­ін жасайды. Ол аздай, мал­­­­да­рын тартып әкетеді. Онсыз да ауыл сыр­тындағы бекініске сырты­нан кіжі­ніп, ұрынарға себеп таппай жүр­ген Құламан батыр аңнан келе са­лы­сымен суыт хабарды естіп, се­німді серігі Ардакүреңге секіріп мінеді. Сөйтеді де жалғыз өзі жау бекінісіне шауып кетеді. Осылайша әскерилерді жолда қуып жетіп, екеуін қылыштап өлтіреді. Ал қалғандары бас сауғалап қашып, бекініске кіріп үлгереді. Әбден қаны қарайып, ашуы басына шапқан Құламан батыр Ардакүреңге қамшыны басып-басып жібергенде, жалы алтын, тұяғы болат сәйгүлік жарықтық аспанға шапшып секіріп, қамалдың ішкі бетіне төрт тағандап дік ете қалады. Батырдан мұндай жүректілік пен батылдықты күтпеген бекініс ішіндегілер әп-сәтте абдырап, қаруларын да алып үл­гер­мейді. Бекініс ішінде Ардакү­рең­мен оңды-солды шауып, қарсы кел­ген­дерді қылыштап өте шығады. Сөй­теді де бекіністің әбден ойранын шы­­ғарғаннан кейін қақпадан сол күйі қайта қарғып шығып, ауылына қарай ағыза жөнеледі. Жауының ауылының бе­ре­кесін қашыратынын білген ба­тыр кейін елін соңынан ертіп, Сары­ар­қа жаққа қоныс аударып кеткен екен.
Ал Ардакүрең қақпадан қайта қарғыған уақытта оның болат тұяғы қамалдың шетіне тиіп, бір кірпішін құлатып түсірген дейді. Ол жерді қамал бастығы кейін Ресейден келген әскерилерге көрсетіп, «мынау қазақ батырының атының тұяғы тиген жер» деп аңыз қылып айтады екен. Ал олар болса, бұл аттың қанаты болмаса, ол мынадай биік қамалдан қалай секіріп кетті деп таң-тамаша қалады. Ардакүреңнің артында осын­дай аңыз қалды.

Ақылды Керкекіл

Туған жерін адам ғана емес, ат та қимайды. Аттың жазығы мал бол­ғандығында демесең, оның ақылы адамнан артық. Бұған алыстағы Таш­­кент қаласынан туған өлкесі Қар­қараға екі қайтара қайтып келген ақыл­ды ат Керкекіл дәлел бола алады.
Керкекіл – 1916 жылғы ұлт-азатттық қозғалыста ерлігімен көзге түскен қазақ батырларының бірі, Алатаудың баурайын жайлаған Жәмеңке есімді ердің сенімді серігі болған. Жәмеңке батырдың Қыдыреке есімді қырғыз досы болыпты. Ол бір күні досына қонақ болып келіп, оның жайлауында бір айға жуық уақыт болады. Ке­терінде бұйымтайға жүйрік аты Кер­кекілді сұрап қолқа салады. До­сы­ның көңілін қимаған Жәмеңке атты досына жетектетеді. Алайда бір апта уақыт өтпей жатып Керкекіл бас жібін үзіп, елге қайтып оралады. Оны көрген Жәмеңке атына қарап көңілі босаса да, достықты жоғары баға­лап, хабар беріп Қыдырекенің ша­бар­мандарына атты қайта беріп жібе­реді. Бірақ бір ай өтісімен, Кер­кекіл елге қайта қашып келеді. Таш­кент пен Қарқараның арасы мың шақы­рымнан асады екен. Ақылды жануар адам көзіне түспей әрі ит-құсқа жем болмау үшін күндіз тығылып, түнде жортып отырған екен.
Аттың ақылдылығына таң қалған Қыдыреке Керкекіл екінші мәрте қашып кеткеннен кейін оның иесіне сә­лемдеме жолдайды: «Жәмеке, атың­­ды екі қайтара бердің, жануар­дың тілі жоқ демесең, ақылы адам­нан артық екен. Туған жерінде қалсын» дейді ол досына жеткізген хаба­рында.
Ескі нанымдарға сенсек, жат жерге барғаннан кейін де аттың көз алдынан туған жердің бейнесі кет­пейді екен. Оны ұмыттыру үшін атты айнаға қаратып, кірпігін жұлады-мыс.

Абылайдың Нарқызылы, Алшаңбозы және Құлаша аты

Нарқызыл – Бөгенбай батырдың Абы­лайға сыйға тартқан сәйгүлігі. Жыл­қының тұлпары Нарқызылға ие болғанда Абылай он бес жаста екен.
«Жазғытұрым үш жүз болып жина­ламыз, сол жиынға керекті жан екен­сің. Шырағым, таза сақта Нарқы­зылды, Есіңе ал, кек алатын келер жылды» дейді қарт Бөгенбай көздері от шашқан текті ұлға Нарқызылды кесекөлденең тартып тұрып.
Тарихшылар Бөгенбайдың Нар­қы­зылды Абылайға мінгізген кезін шамамен 1722 жыл деседі. Се­бебі қазақтың үш жүзінің игі жақсыла­ры­ның Қарақұмда бас қосып, жоң­ғарға қарсы әскер жасақтауы 1723 жыл делінеді. Нарқызыл жәй ат емес, тұлпар болған. Абылайдың «Абылай­лап» аттандауы кезінде оның ас­тын­да осы сенімді серігі Нарқызыл болған.
Сaбaлaқ aтaқ aлып «Абылайлап»,
Бaрша қол «Абылaйлaп» aйғaй сaлды.
Көк те «Абылaй», жер де «Абылaй»
Бәрі «Абылaй»,
«Абылaйлaп» aйғaй сaлды бір жaн қaлмaй,
Нaрқызылмен жөнелді қaрсы aлдынa,
Ақ туды желбіретіп сaлып aйғaй, – деп келеді жыр жолдарында бұл туралы.
Нарқызыл – Абылайдың ең ал­ғашқы жорыққа мінген аты. Оның сондай-ақ, аңызға айналған, ұрысқа мінетін Құлаша және әскердің ал­дына салтанатты түрде шыққанда мінетін Алшаңбоз аттары болған.

Қабанбайдың серігі
Қубас ат

Қаракерей Қабанбайдың сенімді серігі болған Қубас аруақты тұлпар болған. Бүгінде оның атымен бай­ланысты жер-су атаулары да көп ел ішінде. Қабанбай батырдың сал­мағына барлық мініс аттары шы­дай алмайды екен. Сондықтан май­дан даласында қол бастаған, жау шебін бұзып-жарып жүретін Қа­банбай батырға лайықты ат іздеп, шабармандары күлі қазақ даласына сауға айтыпты. Мұны естіген Қабан­байдың нағашысы атақты би Бо­ран­бай оны өз еліне шақыртады. Сөйтіп, өзі ертіп барып Ұланбай мен Бұ­ланбайдың мыңғырған жыл­қы­сы­ның ішінен арда емген Қубасты таңдап береді. Биіктігі нардай, кеуделі, кесек жылқы Қабанбайға бірден ұнайды. Оны көрген жұрт та таң қалысады. Оның Қубас атануының сыры, жүй­ріктігінің белгісі – басында бір қырым ет жоқ екен.
Қабанбай батыр Қубасты жо­рық­қа ғана мінбеген, оны бәйгеге де қосқан екен. Бірде қазіргі Семейдің аумағында үш жүздің игі жақсылары жиналып, тұлпарларын сынға түсі­реді. Батырдың Қубасы екі жүз ша­қырым қашықтықтан жалғыз өзі дара келеді. Тұлпарының шабысына көңілі толған батырдың сол уақытта айтқан «Мiнгенiм менiң Қубасты, Қу­бастай жылқы тумасты» деген сөзі ел арасына тарап, аңызға айналып кеткен.
Қубас Қабанбайға қырық жылға жуық уақыт серік болады. Оның кие­лілігі сондай, жар астындағы жауды күншілік жерден сезетін қасиеті бол­ған. Қубас жаудың келе жатқанын «кісінеп», «елеңдеп» білдіріп отырған.
Қубас әбден қартайған шағың­да оны батыр аманат етіп би Бо­ран­байға әкеледі. Содан бір күні Қубас орнынан көтеріле алмай қалыпты. Мұны естіген би: «Ел үшін туған ерен ердің aстындa ұзaқ жыл серік болғaн aруақты тұлпaр ғой, қaлың жылқыны «Қaбaнбaйлaп!» ұрaн сaлып, қи­қу­лaп қaсынан aйдaп өтіңдер. Ай­ғaйғa елігіп, тұрып кетер», – депті. Жылқышылар оның айтқанын екі етпей, Қубастың жанынан үйірді дүр­кіретіп, өздері «Қабанбайлап» шауып өтеді. Қанша дегенмен, тек­тілігі бір бөлек, кәрі тұлпар дүбірге елітіп, орынан ұшып түрегеліп, топқа ілесіп шаба жөнеледі. Алайда, Жа­ғалбайлы тауының биік асуына шыға бергенде, сол жерге жата кетіп, жан­тәсілім етеді. Қубастың сүйегін қадірлеп Жағалбайлы асуының ең биік нүктесіне қойғызады. Кейін бұл жерді жергілікті жұрт Қубас ат кезеңі деп атап кетеді. Бұл жерге Қабанбай батырдың серігінің құрметіне ес­керт­кіш те қойылған.

Сағатына елу шақырымға шапқан Ақбозат

Тарихи әңгімелердің бірінде хан тұқымынан шыққан Әбілқайырдың үй­ленер кезінде қалыңмалға дәуле­тінің жетпегендігі айтылады. Бопайды аларда оның әкесі Әбілқайырға шарт қояды.
«90 aлaяқ торы құр aт, 60 қaрaяқ көк ат әкелсең қызымды беремін» дейді ол. Ежелгі кезеңдегі тарихи әңгі­меледің желісіне мән беріп қарар болсаңыз, қазақтың құдалық жорал­ғыларында төрт түліктің түсіне аса мән берілгендігі аңғарылады. Мұнша малды бір ай ішінде қайдан табамын деген Әбілқайырдың салы суға ке­теді. Ол мұнысымен ежелгі досы Жә­нібекпен бөліседі. Жәнібек сөзге кел­местен, Әбілқайырдың алдына өзі айтқан малды тосады. Сөйтіп құ­да­лыққа Бопайдың ауылына өзі де барады.
Ақбоз ат Әбілқайыр ханның жо­рыққа мінетін аты болған. Аттың жүйріктігі мен мықтылығына ресей­ліктер мен шетелдік саяхатшылар да таң қалып, таңдай қаққан. 1736 жылы Әбілқайыр ордасында қо­нақ­та болған ағылшындық Джон Кэстл Әбілқайырдың Ақбоз атының сағатына 50 шақырым жүретінін аңыз қылып жазып кеткен. Және Әбіл­қайырдың сәйгүліктерінің жүйріктігін тау ешкілерінің жүйріктігімен ғана салыстыруға болады деп жазады. Ағылшындық саяхатшының өзіне адал­дығына тәнті болған және өзі­нің сәйгүліктеріне қызыққанын аң­ғар­ған қазақ ханы оған сәйгүлікті сыйға тартады. Бірақ жол үстінде қа­рақ­шының қолына түскен сәйгүлік хан ордасын жазбай тауып қайтып ора­лады. Ханның қанатты пырағы бол­ған Ақбоз ат туралы да халық жырларында айтылады.

Райымбек батырдың Көкойнағы

Райымбек батырдың жорық аты Көкойнақ туралы да ел ішінде де­рек көп. Оның Райымбек батыр­дың қолына қалай түскендігі ту­ралы та­рихи әңгімелерде былай деп баян­далады. Райымбектің на­ғашы жұрты атақты Қаракерей Қабан­байдың жұр­ты екен. Нағашыларына қонаққа бар­ған бала Райымбек нағашысының мың­ғырған үйір жылқысын қарап тұрып, ішінен арық көк құлынға көзі түседі. Нағашысы болса, «Ойпыр­май, бес мың жылқының ішінен таң­да­ғанын осы ма? Бұған несіңе қы­зықтың, жүз жылқы айдап кетсең де болар еді ғой» дейді. Сонда бала болса да, дана Райымбек: «Көк құлын жатқан енесінің үстінен ер­сілі-қaрсылы қaрғып жүрді, желіде тұрғaндa шіліңгір ыстықтa бaсқа құлындaрдaй жерде иленіп жaтқaн жоқ, үнемі тікесінен тік тұрaды, үйірде жүргенде бір жерде тұрмaйды, ойын­­пaз екен, атын Көкойнaқ десе де болғaндaй» дейді. Жиенінің аң­ға­рым­паздығына риза болған нағашысы оған батасын беріп, Көкойнақты же­тектетіп жіберген екен.

Ат сұлуы Ақтабан

Исатайдың Ақтабанын сірә, біл­мей­тін қазақ жоқ шығар. Исатай­дың жорықтарында жанында адал серігі болған Ақтабан иесін қарша бораған оқтың арасынан талай мәрте алып шыққан. Әсіресе, Махамбеттің жыр­ла­рында Исатайдың ерлігі дәріптел­генде Ақтабанның да аты аталады.
Ақтабан өте сұлу ат болған деседі. Оның аяқтары тобығынан төмен қарай тұяғы мен табанына дейін ақ түсті болыпты. Ақтабанның негізгі тегі қалмақ жылқысынан таралады екен. Исатайдың Ақтабаннан да өзге аттары болған. Оны Таңбай атбегінің Иса­тайға айтқанынан да білуге бо­лады: «Ақтабанды жауға мін, Күреңді серуенге мін, ал Торытөбелді аңға мін» дейді оған кеңес берген атбегі. Исатай өз аттарын күтіп-баптауды осы атбегі Таңбайға ғана сеніп тап­сы­рады екен. Исатайдың Ақтабан, Күрең, Торытөбел деген аттарын Таңбайдың үш баласы бөлек күткен екен. Ақтабанды үлкен ұлы Мұсағали баптайды.

Кенесарының аты
Ақтаңгер

Кенесары ханның әскерін жорық аттарымен жабдықтау Шұбыртпалы Ағыбай батырға тапсырылған екен. Ағыбай батыр асылтұқымды ат іздеп, бірнеше мәрте Бұқарға, Хиуаға, Кіші жүз еліне барады. Ол жорық аттарын кейде сатып, кейде ба­рым­талап әкетіп тұрған. Сондай-ақ, Кенесары батырға Сарыарқаның атақты бай­лары да мініс аттарын жіберіп отырған. Алайда, олардың саны көп болғанымен, ішінде ереуіл аттар аз болатын. Батырдың денесінің зор болғандығы соншалық, ол атқа мінгенде, астындағы аты кішігірім есектей болып қана көрінеді екен. Батырға лайықты ат болған Ақтаңкер ат болыпты. Ол туралы батырды суреттеуде «Екпіні тау селіндей сар­қыраған, қас дұшпан үрейі ұшып қалтыраған. Қолында шолақ найза қол бастайды, астында Ақтаңкер ат арқыраған» деп келеді.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: