Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:00

Сайлау – оң өзгерістерге нық қадам

30.01.2024

695

0

Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының 2005 жылғы қыркүйек айында Будапешт қаласында өткен Бас конференциясында жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісі кәсіби мереке ретінде Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленген. Бұл шешім БҰҰ-мен қолдау тапқан. Дүниежүзілік сайлау күнінің белгіленуінің басты мақсаты – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемасына көпшіліктің назарын аудару. Биыл Дүниежүзілік сайлау күні 1 ақпанға сәйкес келіп отыр.

Қазір кез келген елдің саяси өмірінде сайлау маңызды рөл атқарады. Тіпті тұтас мемлекеттің болашағы саяси науқанға байланысты екені жасырын емес. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің Ата заңында оны жүзеге асырудың ережелері мен нормаларына ерекше басымдық береді. Ал, сайлау ең әуелі қайда және қандай мақсатпен қолға алынды? Бұл сауалдардың түйінін тарқату үшін тарихқа сәл шегініс жасайық…
Жалпы сайлау жүйесінің тарихына көз жүгіртсек, ежелгі Грекияда елдің негізгі мәселелерін «халық жиналысында» дауыс беру арқылы шешу тәжірибесі болған. Оған қатысатындар күні бұрын ақ жамылғы киіп жүрген. Ақ түс дауыс беруге қатысатын адамның ниетінің түзулігін білдірсе керек.
Еуропа елдеріне де сайлау жүйесі ықылым замандарда енген деген дерек бар. Мәселен, Францияда 1302 жылы, Англияда 1265 жылы халық жиындарында сайлаудың алғашқы нышандары байқалған.
Ал бізде ше? Біздің елімізде де сайлау жүйесі көне замандарда халық жиындары түрінде қолданылған. Мә­селен, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» сондай жиындарда халықтың талқылауынан өтіп барып қабылданған. Сондай-ақ билердің, жүздердің, ру-тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар бізде өз таңдауыңды жасауға мүмкіндік берілгенін аңғартады.
Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ даласындағы хан сайлауы тари­хи маңызға ие сайлау жүйесінің алғы­шарттары болған. Қазақ ақ киізге хан көтерген адамын сайлау мақсатында әр рудың игі жақсыларының басын қосып, дауыс жинау үшін бірнеше күн пікірталасқа құрылған халық жиындарын ұйымдастырған.
Ресей патшалығына өткеннен кейін бірінші рет 1822 жылы қазақ даласындағы хандық жүйені жоюға негізделген Сібір қазақтары туралы жарғы қабылданды. Ол құжатта аға сұлтандарды, болыстарды сайлау ережелері бекітілген. Аға сұлтандарды болыстар сайлаған, ал болыстар елубасылардың дауыс басымдығымен тағайындалған. Елубасы 50 үйдің атынан сөйлейтін ықпалы беделді адам болған.
Қарап отырсақ, қазақ даласында сайлау жүйесінің тәжірибесі жақсы қалыптасқан. Мәселен, «Алаш» партиясы кезінде Ресей империясында сайлауға қатысқан 60 партияның қатарында сайлаушылардың көпшілік даусын жинау арқылы сегізінші орын алған. «Алаш» партиясының 43 өкілі Думаға алынғаны туралы тарихи деректер қазақ даласында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар саясатқа белсене қатысқанын көрсетеді.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің сайлау жүйесінің нормативтік базасы елдің демократиялық ұстанымдары, ұлттың тарихи құндылықтары жә­не әлемдік тәжірибелерді негізге ала­ды. Әлемде сайлау жүйесі бір-бі­рі­нен айнымай ұқсайтын екі елді ке­зік­тіре алмайсыз. Себебі сайлау жүйесі сол елдің жергілікті ұлтының менталитетіне негізделіп жасалатын саяси-қоғамдық, тарихи-мәдени астары нәзік мәселе. Сарапшылардың бұл сөзі орынды. Қазақстандағы сайлау жүйесін қалыптастыруға ықпал етуші екі құжат бар. Біріншісі 1975 жылы Хельсинки қаласында қабылданған Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытынды актісі, ал екіншісі Еуропа елдеріне арналып қабылданған Париж хартиясы екен.
Елімізде 1995 жылы қабылданған сайлау туралы заңнамаға осы жыл­дар ішінде 780 рет өзгертулер мен толық­тырулар енгізілген. Елімізде Ор­талық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары, округтік сайлау комиссиялары мен учаскелік сайлау комиссиясы маңызды науқандарды жоғары деңгейде өткізіп келеді.
Шын мәнінде, отандық сайлау жүйесі демократиялық принципке сай ашық әрі заң шеңберінде өткізіліп еледі. Бұл ретте саяси өзгерістер сайлаудан бастау алуда.
Бұрын елімізде халық тек Президент және Парламент депутаттарының сайлауына қатысса, ауыл, қала берді аудан әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік алды.
Жалпы әрбір сайлаушы саяси нау­қандарға бейжай қарамау ке­рек. Себебі бұл мемлекеттің, өңір­­­лердің, ауылдардың жарқын бола­ша­ғында сайлау маңызды рөл атқа­рады. Сондықтан сайлаудың ел бола­ша­ғындағы рөлін толық түсінгенде ғана оң өзгерістер орын алады.
Соңғы 3 жылда біздің сайлау жүйемізге әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып, оң өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, 2021 жылдан бастап ауылдық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, сол уақыттан бері ауданда 15 ауыл және кент әкімдерін халық тікелей сайлады.
Тағы бір өзгеріс – комиссия мүшелерін кәсібилендіру. Аудандық сайлау комис­сия­сының 3 мүшесі өз міндеттерін тұрақты кәсіби негізде атақара бастады. Бұл өзгерістердің негізгі себебі – еліміздегі сайлау процестерінің тұрақты әрі үзіліссіз жүргізілуі және қос тараптың жауапкершілігін едәуір күшейтті.
Межеленген міндеттер мерзімінде, өзекті мәселелер өз уақытында орын­далады. Әрбір сайлау комиссиясы сай­лау процестерін заң аясында және ашықтық қағидатына сай өткізуге әрдайым мүдделі.

Шарабан ҚАЛЫБАЕВ,
Жалағаш ауданы
аумақтық сайлау
комиссиясының төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: