Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сейсенбі, 07 мамыр, 04:10

Тазалық бәрінен маңызды

16.08.2023

130

0

Алдағы мақсат – өркениетті елдердің қатарына қосылу. Ал тау тастан құралатыны секілді өркениетті елге айналу үшін экономиканың дамуына бас қатырғаннан бұрын, қоршаған ортаның тазалығына мән берген жөн. Тазалықтың артында мәдениет жатқанын ескерсек, келген мейман біз өмір сүретін өңірдің көркіне қарап, сынап не сүйсініп кетерін де санаға түйген абзал. Қысқасы, көшелері күл-қоқыстан көз ашпаған елдің өркениетке қадам баспайтыны анық. Бұл тұста нардың жүгі тек мамандарға ғана емес, барлығымызға түседі.

«Тазалық иманнан» деп білетін қазақ ежелден Жер ананы қадірлеп, қастерлей білген. Қоқысты адам аяғы баспайтын алысқа тастап, «бір тал кессең, он тал ек» деп ұрандатқан да біздің ата-бабаларымыз. Тазалыққа тек мемлекет тарапынан ғана көңіл бөлінеді дей алмаймыз, жергілікті тұр­­ғындар да тазалыққа тастай талап керек екенін түсініп, қоршаған ор­та­ның көгалдануына, көркеюіне атсалысып, дағдыланып келеді.

Өткен сенбіде аудан орталығында және ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде жаппай санитарлық та­зарту іс-шарасы өтті. Сенбілікке ме­кеме қызметкерлері мен аудан тұр­ғын­дары бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін аудандағы барлық мекеме ұжымы жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қар­қын алуына өз үлестерін қосты.

Көктемде қарқын алған сенбілік жұмыстары шіліңгір шілденің ыстығына байланысты бір ай толастаған болатын. Енді өткен сенбіден бастап ауданда тазалық айлығы басталды. Тазалыққа тастай талап керек екені айтпаса белгілі. Сондықтан бұл тұр­ғыдағы жұмыстарды кезек күт­тір­мей істеу кенттегі әрбір тұрғынның мін­деті деп есептейміз. Өйткені өңірдің өркендеуіне, мұнтаздай таза болуына атсалысу – әрбірімізге азаматтық па­рыз. Кенттің көркейіп-көгалдануы тек қаражатқа келіп тірелмейтінін тү­сі­нуіміз керек. Яғни өңірдің әрбір күл-қоқысын тазарту екі қолдың көме­гімен жасалатын іс. Біле білсек, сол күл-қоқысты тастайтын өзіміз, әр ауланың айналасына тұрмыстық қалдықтарды жинап қоятын да өзіміз, қалаберді адам аяғы басуға болмайтын кір суын да төге салатын сол тұрғындардың өз­­і. Адам баласы ақыл айтуға ше­бер ғой, бірақ сол өзгеге айтқанын өзі де істесе құба-құп. Елмен бірге та­за­лық айлығында сол өзіміз тас­таған күл-қоқыстан көшелерді тазар­туға, арықтарды қалдықтардан арыл­туға ат­­салыссақ, бірлігіміздің артқаны, бе­ре­кеміздің тасығаны.

Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжы­мы тазалық мау­сымында табандылық танытып жатқанын көріп отыр­мыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қосуда аянып қалмауы керек. Әрбір адам өзі тұ­ратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және тазалығына мән берсе, күл-қоқыстармен келетін түрлі инфек­циялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді.

Жеке тұрғынның меншігіне қарасты аула әркез таза болса, сенбілік жұ­мыс­тарына білек сыбана кіріскен ме­кеме қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдер еді. Олар да әр сенбі сайын сенбілікке шығып, демалысын өзгеге тиесілі ауланы тазалаумен өткізгеннің орнына өз ауласын тазалауға уақыты болар еді. Үйден шыққан қалдық, кір, кәріз сулары көше бойында ор­наласқан ағаштардың түбіне төгіле берсе, жайқалған ағаштан таза оттегі емес, лас ауа бөлінуі мүмкін. Тіпті қанша жылдардан бері келе жатқан жасыл желек еңсесін тіктеудің орнына, қурауы ғажап емес.
Ойлап қарасақ, әкім бір өңірді басқарып отыр, сондықтан сол елдің қауіпсіздігіне, әлеуметтік жағдайына жауапты дегенмен, тұрғындар да осы жауаптылықтан жалтармау қажет қой. Тазалық айлығында кентті тазаласақ, кім үшін? Халық үшін емес пе?

Ендеше жұрт үшін көтерілген бас­тамаларды жүзеге асы­руда жа­лағаштықтар бүгінгідей жұмыла іс қы­лудан тан­баса, ауданның көркейіп-көгалдануына әрбіріміздің қосқан үлесіміз болар еді. Сонда күн санап көркейіп келе жатқан кентіміз де аз ғана уақыттың ішінде шырайланып шығар еді.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: