Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 13:04

Елдің талап-тілегі ескерусіз қалмайды

06.11.2023

274

0

Өткен аптаның бейсенбісінде таңғы жұмысымыз Аққыр ауылынан басталды. Әдеттегідей аудан әкімі Ардақ Ибраимов халықпен кездесіп жатыр. Алдымен атқарылған жұмыстар сараланды, мұнан кейін ауыл тұрғындарына кезек беріліп, елдің талап-тілегі тыңдалды. Ауыл шалғайда орналасқан демесеңіз, соңғы жылдары елді мекенде еңселі жобалар жүзеге асқан. Мыңнан астам халқы бар Аққырда біршама мәселе шешімін тапқаны көрініп-ақ тұр. Апатты жағдайдағы білім ошағы, сапасыз ішкі көшелер мен ауылға кіреберіс жолдың жайы, мұның барлығын шалғайдағы жұртымыз мәселе ретінде көтеріп келген. Соңғы жылдары қарапайым халықтың талап-тілегі назарға алынғанын осы мәселелердің шешімінен-ақ аңғаруға болады.

Аққырда жол сапасы жақсарған

Жалпы ауылда 6 ішкі көше бар, оның бүгінде бесеуіне жарық жүр­гі­зілген. Сондай-ақ былтыр ұзындығы 1 шақырымды құрайтын Адис Ахетов кө­шесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріпті. Оған қазынадан 31,5 млн теңге қаралған.
Аққырдағы ағайын мұнан бөлек ауылға кіреберіс «Жаңаталап-Аққыр» бағытындағы үлкен жолдың да сапасы сын көтермейтінін айтқан. Ел ағалары оны да ескеріп, күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге жоба әзірлеген болатын. Сәтін салып жарқын жоба да қолдау тапты. Осылайша биыл ауылға кіреберіс жол 664 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті.
Ауыл әкімі Жаңабек Матаев жалпы құны 489,8 млн теңгені құрайтын 5 ішкі көшенің де жөндеу жұмыстарына қатысты арнайы жоба әзірленгенін айтады. Алдағы уақытта бұл жобалар қолдау тапса, Аққырда жол мәселесі 100 пайыз шешімін табады деген сөз.
– Былтыр да, биыл да ауылда елдің қажетіне жарайтын жарқын жо­ба­лар жүзеге асты, бүгінде оның бар­лығының жерлестеріміз игілігін көріп отыр. Келер жылға да қолға алып жатқан жобаларымыз бар, қолдау тапса, шалғай ауылдың шаруасы ши­райды. Бүгінгі сапарында аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы әрбір жобаның сапасын жіті бақылауды қатаң тап­сырды. Алдағы уақытта жұмыс жа­сай­мыз. Елдің бақша салуына бай­ланысты аяқ су мәселесін де шешу жос­па­рымызда бар, – дейді Жаңабек Матаев.
Жәкеңнің аяқ су мәселесін шешуге басымдық беретіндей реті бар, себебі Аққыр да Жаңадария секілді, басқа ауылдардай күріш алқаптары жоқ, десе де бұл ауылдың кезінде мал ша­руа­шылығымен аты елімізге мәлім бол­ғанын жақсы білеміз. Алайда алып шаруашылықтар құрылмаса да ауыл­дағы ағайынның бақша са­луына бар жағдайды жасау керек. Биыл облыс қазынасынан «Оңтүстік колек­тор» ка­на­лынан ауылға аяқ су тарту үшін 16 млн теңге қаражат қаралыпты. Қазіргі таңда тиісті қаражатқа арнайы жоба әзірленуде.
Аққырда осыған дейін шешімін таппаған бір мәселе бар, ол – ауыл­дық клубтың жоқтығы. Қазіргі таңда ауылдағы мәдениет саласының қыз­мет­керлері көне нысанда күнелтіп отыр. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовпен біз де ол ғимараттың жай-күйімен та­ныстық. Кешегі кездесуде жергілікті халықтың көтерген басты мәселесі де осы болды. Алайда бұған қатысты ар­найы жоба да әзірленген. Алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, Аққырда жалпы құны 325 млн 586 мың теңгені құрайтын 100 орындық ауыл­дық клуб бой көтереді.
Иә, мәдениет саласына жағдай жа­саған дұрыс, кезінде осы аядай ғана ауылдан қаншама өнер адамдары шық­қанын жалағаштықтар жақсы бі­леді. Тіпті бір жылдары өнер адам­дарының республикалық, облыстық сайыстарында осы ауылдың қара­пайым механизаторлары мен сауын­шылары бас бәйгені еншіле­генін үлкендер айтып отыратын. Де­­мек, таланттың бәрі ауылда, тек оны жарыққа шығару тағы да ел аға­ла­рының қолында.
Бұған дейін шалғайдағы халық мектеп мәселесін де көтерген, рас, ауылда зәулім білім ошағы осыған дейін жұмыс жасаған. Алайда көне нысанның сапасы сын көтермейтін. Кейін білім ошағы 197 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда ауылдағы алтын ұяда 160-қа жуық оқушы білім алуда.
Шалғай ауылда кәсіпкерлік саласы да шираған. Мәселен, осыған дейін Аққырда 84 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр. Былтыр 2 ауыл тұрғыны кәсіп бастау үшін пайыз­дық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізсе, 4 азаматтың жобасы қай­тарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. Биыл тағы 2 азамат мем­лекеттік бағдарламалардың көме­гімен кәсіп бастаған. Мұнан бөлек 5 адам шағын кәсіп бастау үшін қайтарымсыз қаржылай қолдау тауыпты. «Ауыл ама­наты» жобасы бойынша кәсіп бас­тау үшін 3 азамат құжат тапсырса, оның біреуі қаржылай қолдау тапқан. Ал­дағы уақытта қалған 2 жоба да мақұл­данса, ауылда салада серпін қа­лып­тасады деген сөз. Бұдан ауыл тұр­ғындарын кәсіппен айналысуға үндеу мақсатында түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргенін байқауға болады.
Кездесуде ауыл ақсақалдары Ардақ Әбдіғаппарұлының алдағы жұ­мы­сына сәттілік тілеп, батасын берді.
– Кеше 5 ауылда болдық, бүгінгі сапарымыз сіздердің ауылдан баста­лып жатыр. Мақсат сол, елдің ішінде қандай мәселелер бар, оның шешімі қалай, осы сауалдардың өздеріңізбен бірге түйінін тарқату. Бірақ барлығын бір уақытта шешіп беремін деп өтірік уәде беруден аулақпын. Алдағы уа­қытта барлығын қаражаттың мүмкін­дігіне қарай шешуге жұмыс жасаймыз. Бірақ елдің мәселесі ескерусіз қал­майды, – деді аудан әкімі.

Жаңаталаптықтардың мәселесі жерде қалмайды

Шалғай ауылдардағы аудан әкімі­нің сапары Жаңаталапта жал­ғас­ты. Алдымен ауылдағы мәде­ниет оша­­ғында болған Ардақ Әбдіғап­парұлы мә­дениет үйіндегі үйірмелер жұ­мы­сымен танысып, алдағы уақытта ғимарат мәселесіне қатысты жұмыс жасалатынын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жаңа­талаптағы ауылдық клубта 10 адам жұмыс жасайды. Мұнда ән, би, қол­өнер сынды басқа 6 үйірме бала­лардың талабын шыңдауда. Үйірме қаты­сушыларының осыған дейінгі жет­­кен жетістігі аз емес. Ардақ Әбді­ғап­парұлы мұндағы «Әжелер» ансам­блі мен үйірме мүшелерінің өнерін та­машалап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Ауылдық клубтың ғимарат мә­се­лесін білемін, алдағы уақытта оның шешіміне жұмыс жасаймыз. Бі­рақ бүгін-ертең шешіп беремін деп те кесіп айта алмаймын. Десе де мәсе­ле­леріңіз назарда. Осындай өнерлі әже­лер, жастар жүйелі жұмыс жасап отыр­ған руханият орталығының мәсе­лесі ескерусіз қалмайды, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін білім ошағында жи­нал­ған жұртқа Ардақ Әбдіғап­пар­ұлы ауданда атқарылған біршама жұ­мыстарды айтып өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта да елді мекендер мә­селесін шешуге тиісті жобалар қолға алынатынын жеткізіп, жаңаталап­тық­тардың да мәселесі жерде қал­майтынын жеткізді.
Айта кетейік, ауылда 800-ден астам халық бар. Биыл ауылға кіреберіс жол бойынан 1 млн 715 мың теңгеге арка орнатылған. Ауылда 3 ішкі көше бар, оның екеуіне асфальт, 1 көшеге қиыршық тас төселген.
Жергілікті халық бүгінде кәсіпкерлік саласына ден қоюда. Ел арасында іс бастауға деген талаптың болғаны қуантады. Себебі ол шалғай ауылдың шаруасының ширауына, келесі ке­зекте жұмыссыздықты тұсауға да ай­тар­лықтай қолғабыс болары анық. Мәселен, осыған дейін елді мекенде 50 кәсіпкерлік субектісі тіркелсе, бүгінде оның 49-ы нақты жұмыс жасап тұр.
Биыл 1 жоба мемлекеттік бағдар­ламалар аясында қолдау тапса, 2 жоба қайтарымсыз қаржылай қол­дауға ие болған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 азаматтың жобасы қаржылау қолдау тауыпты. Алдағы уақытта Жаңаталапта үлкен өндіріс орны жұмысын бастайды. Жас кәсіп­кер Серікбол Әбдікеров құс фермасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан салаға серпін берсе, келесі кезекте қаншама ауыл аза­матының жұмыс табуына сеп болады.
Ауылда биыл аяқ су мәселесінен тұрғындар ауласына бақша еге ал­мапты. Десе де келер жылы бұл мәселе шешімін табады. Себебі Жаңа­талап пен Қаракеткеннен су ұңғы­масын қазуға бюджеттен қаржы қарал­ған. Құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын. «Ер-Әлі» шаруа қожа­лығының төрағасы Әліби Бекжа­новтың демеушілігімен алдағы уақытта құны 10 млн теңгені құрайтын ба­ла­лар ойын алаңы салынады.
Аудан әкімі кездесуде көтерілген ауыз су мәселесіне қатысты нысанның басына барып, жұмысымен танысты. Қазіргі таңда ауылдағы ауыз су жүйе­сі мұнарасының тозығы жеткен. Жаңа­талап насос станциясы негізінен 2013 жылы пайдалануға берілген. Бірақ сол уақыттан бері су тарату насос қон­дырығымен жұмыс жасамаған. Ма­мандар сол тұста мердігер мекеме тара­пынан өрескел қателіктер кеткенін айтады. Сол уақыттан бері халықты ауыз су мұнарасымен қамтамасыз еткен. Бірақ ол белгілі бір қажетті мөлшерге есептелген. Қазір оның өзі тозығы жетіп тұр. Аудан әкімі елдің мәселесіне бейжай қарамай, алдағы уақытта шешіміне жұмыс жасауды жауапты сала басшылары мен ауыл әкіміне қатаң тапсырды.
– Ешқандай жоба тиімсіз болмауы керек, қолға алдық па, оның игілігін халық көруі тиіс. Олай болмаса біз не үшін қолға алып жатырмыз? Алдымен осы сауалға терең бойлап көріңіздер. Тұрғындардың тәулік бойы сапалы ауыз суға қол жеткізуінде ешқандай мәселе болмауы тиіс, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Ынтымағы жарасқан
ауылдың ырысы артқан

Бұл ауылға мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың есімі берілгеніне де он жылға жуық уақыт болды. Қазіргі таңда елді ме­кенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылда тындырымды тірлік жетерлік. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар жүзеге асқан. Қуантарлығы, биыл да Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолға алынды.
Үшінші аялдаған ауылымыз – Мақ­палкөл ауылдық округі. Әдетте­гідей аудан әкімі алдымен халықпен кездесті, талап-тілегін тыңдады, ал­дағы уақытта атқарылатын жұмыс­тарды саралады.
Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі – егін және мал ша­руашылығы. Бұған дейін Сыр са­лысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтырдан бері бақ­ша өнімдеріне басымдық берген. Мұ­нан бөлек бірнеше гектарды құрай­тын ауылдағы алмабақ өнімдері бү­гін­де еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Жалпы қайраткер атындағы ауыл­да халық санына шаққанда жұ­мыс­сыздық деңгейі де төмендеген. Ауыл әкімі кәсіп бастаймын деген жер­лес­терін сүйемелдеуге дайын екен.
– Ауылда кәсіпке бет бұрған аза­маттар жетерлік. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қолғабыс болып отыр. Бұрын іс бас­таған азаматтардың барлығы егін және мал шаруашылығы сала­сын­да жұмысын жүргізсе, бүгінде ауыл­да сала түрленген. Қазірдің өзін­де Мақпалкөл ауылдық округін­де шаш­тараз, компьютерлік орталық­тары халыққа сапалы қызмет етуде. Енді бұл азаматтар кәсібін кеңейтуге ба­сымдық беруде. Егін және мал ша­руа­шылығы саласынан өзге де кәсіп­орындар өніміне ауылда сұраныс бар. Болмаса олар мұндай қадамға бармас еді, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев.
Темірбек Жүргенов ауылында бү­гінде жүзге жуық кәсіпорын бар. Тір­келген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұр­ғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген.
Былтыр екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауға бел буған. Алайда оларға шаруасын ширатуға қолдағы азғантай қаражат қолбайлау болған. Осылайша екеуі де мемлекеттік грантқа өтінім береді. Нәтижесінде комиссия мү­шелері қос жобаны да қаржылай қолдауға лайық деп тауыпты. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлша Мыр­залиеваның шаштаразы болса, ке­лесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.
Жалпы жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құжат тапсырып, шаруасын ширатуда.
Биылдың өзінде ауылдағы бірнеше азамат грантқа құжат тапсырып, қай­­тарымсыз қаржыға ие болған. Олар­дың әрқайсысына 1 млн 380 мың теңгеден қаражат үлестірілген. Жобасы қаржылай қолдауға ие болған Медет Қызбалаев пен Руслан Ермаханов 8 бас жылқы алып, ауылдың мал шаруашылығын дамытуға білек сы­бана кіріскен. Тағы 3 азамат мем­лекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіп бастауға құжаттар тапсырған. Бар­лығы да мал шаруашылығын дамы­туға негізделген. Нәтижесінде оларға жалпы құны 14 млн теңгеге жуық қаражат үлестірілген.
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржылай қолдауға ие бол­ғандар қатарында мақпалкөлдік Қайыр Тоғызбаев та бар. Ол елді ме­кенде жылқы шаруашылығын да­мытуды мақсат еткен. Жобасы қар­жылай қолдауға лайық деп табылған ауыл тұрғыны жалпы құны 7 млн 500 мың теңге пайыздық үстемақысы тө­мен несие алған. Оның да бұл кәсіпті қолға алудағы мақсаты сол, жем-шөп­тен мәселе жоқ және жылқы етіне нарықта сұраныс жоғары. 4 млн теңге қаржылай қолдау тапқан На­зар­­бай Жаметов те ауылда жылқы шаруа­шылығын қолға алған. Ал Жандос Ибраев 1 млн 750 мың теңгеге ірі қара сатып алып, бүгінде оның басын көбейтуге басымдық берген.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған. Аудан әкімі кешегі сапарында саябақтың құрылыс сапасымен де танысты.
Мұнда жаздай тұрғындар талдар мен жеміс ағаштарын отырғызған. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүріпті. Жергілікті тұрғын­дар­дың бұл жерді жасыл желекке айнал­дырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түсіндік. Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе болғаны. Ауылда қо­ғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 ша­қырымды құрайтын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған.
Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму дина-микасы тағы жақсы. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар мол астықтан тау тұр­ғызып, жыл сайын рекордтық өнім­ге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық берген. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастама ақылға қонымды.
Мақпалкөлде 1 серіктестік, 10 ша­руа қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Олар биыл 4021 гектар жерге егін егіпті. Оның 1 896 гектарына Сырдың басты дақылын сепкен. Мұнан бөлек 1 135 гектар ескі жоңышқа кү­­тімге алынып, 492 гектар жаңа жоңыш­қа егілген. Шаруашылықтар биыл 84 гектар алқапқа жаздық бидай және 414 гектарға мақсары дақылын сеуіпті.
Егінді әртараптандыру бағытында былтыр жергілікті «Ер-Әлі» шаруа қожалығы бірнеше гектарға картоп, қы­зылша, сәбіз еккен еді. Төраға Әліби Бекжанов одан алған өнімді апта сайын жәрмеңке ұйымдастырып, ау­дан және аймақ жұртына арзан бағада ұсынған болатын.
Жалпы атпал азаматтың елім деп қолға алған жобаларының игілігін бү­гінде жергілікті халық көріп отыр. Бұған дейін ауылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын балалар ойын алаңын салып берген еді. Қазір ауыл балаларын іздесеңіз, сол жерден та­басыз. Мұнан бөлек бірнеше отбасына үй салып берді. Ауылдағы алтын ұяда білім алып жатқан жастардың ішінде озат оқушыларға шәкіртақы төлейді. Тізе берсек, Әліби Бекжановтың ауыл­ға жасап жатқан жобаларын жа­зуға көп уақыт кетеді. Бастысы, оның бар­лығы бүгінде елдің игілігіне жарап тұр.
Биыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару арқылы 12 гектарға бақша дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 7,5 гектарына картоп егілсе, 2,6 гектар жерге қауын-қарбыз, 1,9 гектар алқапқа сәбіз тұқымын сепкен. Биыл да шаруашылық ұжымы алажаздай баптаған сапалы өнімнің алды нарыққа шығып жатыр.
Ауылда мал шаруашылығы да қар­қынды дамыған. Бүгінде Темір­бек Жүр­генов ауылындағы мал шаруа­шылығымен айналысатын кә­сіп­кер­лер­де 545 бас мүйізді ірі қара, 206 бас жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округтің жеке отба­сы­ла­рында 1 903 бас мүйізді ірі қара, 512 бас жылқы, 4 114 бас уақ мал мен 40 бас түйе бар.
Жалпы ауыл халқы қай істе де ауызбіршілікті, ынтымақты ту етеді. Біз айтып отырған жобалардың сәтті жүзеге асуына да басты себеп осы ма дедік. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі болса да мығым.

Тәуелсіздік жылдары
түлеген Таң

Ақсақалдардың батасын алған аудан әкімі сапарын Таң ауылдық ок­­ру­гінде жалғастырды. Алдымен ауыл­­дағы емхана жұмысымен та­ныс­қан Ардақ Әбдіғаппарұлы сала ма­ман­дарына халыққа сапалы қыз­мет көрсету бәрінен маңызды екенін жеткізді.
Айта кетейік, ауылдық емхана «Ауыл – ел бесігі» жобсы аясында жалпы құны 140 млн теңгеге са­лынған. Былтыр елдің игілігіне бе­рілген медициналық нысан бүгінде қарапайым халықтың қажетіне жарап тұр. Мұнда 1 дәрігер, 10 орта буын және 2 кіші буын қызметкер жұмыс жасайды.
Мәдениет үйіне жиналған ауыл­дағы ағайын ешқандай мәселе кө­терген жоқ. Олай болатындай реті бар, себебі ауылдағы шаруашылық тө­рағасы, Еңбек Ері Имамзада Шағыр­таев ауылдың көптеген мәсе­лесінің шешемін табуына себепкер болды.
«Таң ЛТД» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері ауыл ша­руа­­шылығы өнімдерін өндіру және өң­деумен айналысады. Шаруашы­лық­тың жалпы егістік көлемі – 5 236 гек­тар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Ша­руашылық биыл егісті әртарап­тан­дырып, 74 гектарға жүгері, 82 гектарға мақсары, 20 гектарға бақша салған. Ал қалған 580 гектары – жайылымдық жер. Шаруашылықтағы төрт түлік саны бүгінде 600-ге жуықтаған.
Іскер азамат бүгінде шаруасын ширатып, 400-ден астам адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауылының тұрғыны.

2011 жылдан бастап шаруашы­лықтың техника паркі түгел жаңар­тылған. Серіктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» комбайны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 автогрейдермен қамтылған. 2012 жылы облыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа техно­логияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым шаруашылығы» статусын алып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтарын I репродукциялы «Лидер» сұрпымен қам­тамасыз етуде. Сапалы тұқым дайындау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды.
Кәсіпкер жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақтайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Былтыр іскер азамат Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, биыл 5 мың тонна өнімді шет мемлекеттерге сатуды көздеп отыр.
Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Оны кешегі Жолдауында Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы саласын әртарап­тан­дыру мақсатында қытайлық инвес­торлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын салып, бүгінде жар­тылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.
Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» бала­бақшасын салып берді. Қазіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қамтыл­ған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қолғабыс етті. Ертең аядай ауылдағы шағын кешеннен байрағымызды биіктен желбіретіп, ән­ұранымызды әлемдік додаларда шыр­қататын жастардың шықпасына кім кепіл. Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуетіне ғана емес, жастардың да болашағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес.
Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн тең­геге Таңда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ес­керт­кіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шам­дарын орнатып, көшенің екі бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді.
Шаруашылық еңбеккерлерін ынта­лан­дыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, серіктестік еңбек­керлері темір тұлпар тақымдады. Енді Еңбек Ері келер жылы аудандағы әлеу­меттік аз қамтылған 10 отбасына тұрғын үй салып беруді жоспарлап отыр. Осындай игі істердің нәтижесінде И.Шағыртаев былтыр меценаттық қыз­меті үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номи­нациясын иеленген болатын.
Ауыл тұрғындары кездесуде барлық мәселені Имамзада Шағыртаев шешіп бергенін, әлі де бірнеше жобаны қолға алып жатқанын жасырмады. Мә­де­ниет­те де жергілікті халық ешқан­дай мәселе көтерген жоқ. Атқа­рылған жұмыстардан хабардар бол­ған ауыл­дағы ағайын алдағы уақытта да ауданда ілкімді істер қолға алына­тынына және оның ел игілігін көретініне сенім білдірді.

Кәсіпкерлік
қарқын алған

Келесі аялдамамыз Мәдениет елді мекенінің іргесіндегі Мырзабай ахун ауылы болды. Ауылдық округте 1 250-ге жуық халық бар. Қуан­тар­лығы, бү­­гінде жергілікті халықтың кәсіп ашуға ынтасы артқан. Әсіресе ахун атын­дағы ауыл тұрғындары бұл мақ­сатта мемлекеттік бағдар­лама­лардың қолдауын тиімді пайдаланып отыр. Нақ­тырақ тоқталсақ, шағын ауылда бү­гінде 80-нен аса кәсіпорын бар. Оның қазіргі таңда барлығы жұмыс жасап тұр.
Қуантарлығы, бүгінде ауылда осы­ған дейін тұралаған мәселе­лер­дің алды шешімін тапқан. Мәсе­лен, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­берінде елді мекендегі Колхоз және Мәдениет көшелерінің сапасына мән берілген. Жалпы құны 130 млн теңгеден астам қаражатты құрайтын қос жобаның арқасында ауылда екі кө­шеге асфальт төселген. Алдағы уа­қытта Жаңақоныс пен Кенжебек Ос­панов көшелеріне де асфальт төселеді.
Мырзабай ахунда ауылдық ем­хана мәселесіне де нүкте қойылған. Жазда ауылдық емхананың ірге­тасы қаланып, бүгінде құрылыс жұ­мыстары аяқталуға жақын. Жо­баның жалпы құны 385,9 млн теңгені құрайды. Сон­дай-ақ алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, ауылда мәдениет үйі бой көтереді. Бұған қатысты жа­салған арнайы жоба да дайын.
Міне, Мырзабай ахун ауылында осындай тірлік болып жатыр. Елдің ауызбіршілігі мығым, азаматтардың туған жерге деген құрметі артқан, кәсіп ашуға жергілікті тұрғындардың талабы таудай. Мұндай игі баста­маларды жүзеге асыруды мақсат еткен елдің ертеңі жарық болары сөзсіз.

10-нан аса
көше жаңарады

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың есепті кездесуі Қаракеткен ауыл­дық округінде жалғасты. Ауыл­ға кіреберіс жолға түскеннен көзі­міз жаңа зәулім арка мен ауыл төлқұжа­тына түсті. Мұнан елді мекенде тын­дырымды тірлік барын аңғара қойдық.
Кездесуге ауыл тұр­ғын­дарының барлығыдерлік қызығу­шылық та­ны­тып, таң атысымен ауыл­дық клубқа жиналған. Аудан басшысы ха­­лықпен танысып қана қоймай, ал­дағы уақытта атқарылатын жұмыс­тарды қысқаша атап өтіп, жергілікті халықтың үніне құлақ түрді.
Қаракеткенде біраз мәселенің осы күнге дейін де шешімі табылған. Қос елді мекенді қамтитын ауылдық округте ауыз су жүйесі жаңартылып, бүгінде ел игілігіне берілген. Мектебі де жаңа, 5 орындық аурухана, ауыл­дық клуб халыққа қызмет етуде.
Мыңнан аса халқы бар ауылдық округте Сыр салысын себетін егіс алқабы болмағанымен мұнда халық кәсіп ашуға биім. Мал ша­руашылығын дамытуға ден қойған ауыл тұрғындары кәсіптің бұл түрінен табысын еселеп отыр. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысатын 5 жеке кәсіпкер, ауыл халқын азық-тү­лікпен қамтамасыз етіп отырған «Фариза», «Жанжаз» жеке сауда орын­дары жұмыс жасап тұр.
Қазіргі таңда ауылда ел игілігіне бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, елді мекенде тұрғын үйлер секторының электр же­лілері бойынша «Универсал Строй Сервис» ЖШС құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тарын жүргізген. Тұрғындарды аяқ сумен қамту мақсатында 2 тех­никалық су ұңғымасын бұрғылау аяқ­талып, насос орнату жұмыстары жа­салуда. Сонымен қатар Далдабай елді мекенінің балалар ойын алаңын ағымдағы жөндеуге аудандық бюд­жеттен 5 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталған.
Ауылға кіреберіс авто­мобиль жолын жарықтандыруға және 150 орындық ауылдық клуб құры­лы­сына ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер жол­данған. Келер жылы ауылда қар­қынды құ­ры­лыс жұмыстары бас­талады. Нақ­тырақ айтсақ, бүгінде Далдабай елді мекенін қосқанда 12 көшені күр­делі жөн­деуге және дәрігерлік амбула­то­рия құрылысын салуға жоба сме­талық құжаттар әзірленіп, қолдап тапқан.
Иә, ауыл әлеуетінің ілгерілеуі мен өркендеуі – бүкіл елдің дамуы. Десе де ел болғасын ауыл өмірінде кей­бір мәселелердің туындай­ты­ны рас. Алайда аудан әкімі Ардақ Әбді­ғап­парұлы елдің әлеу­мет­тік әлеуетін жақ­сартатын жар­қын жобалар ал­дағы уақытта жал­ғасын тауып, халық игі­лігін кө­ре­тінін жеткізді. «Көш жүре түзе­леді» демекші, өңірдегі ауыл­дық елді ме­кендердің ахуалы басқа аймақ­тардан қарағанда көшіл­гері. Теп-тегіс көлік жолы, қолжетімді ауыз су, мектеп, ба­лабақша, кәсіппен айналысамын дегендерге қолдау, бәрі-бәрі ауыл хал­қының жақсы өмір сүруіне бағыт­талған игі жұмыстар.

Көгілдір отынның
игілігін көреді

Келер жылы екі ауылдық округті газға қосу жұмыстары жоспарлануда. Бірі кент іргесіндегі Ақсу ауылы болса, екеншісі – Мөрәлі Шәменов ауылы. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың сапары осы қайраткер атындағы ауылда жал­ғасты. Ауылдағы Бұ­қар­бай батыр атындағы орталық көше биыл күрделі жөндеуден өт­кен. Асфальт жабындысының күні кеше төселгені көзге көрініп тұр. Екі жа­ғында ық­шамды жаяу жүргіншілер жолы, оң жағымызда келбеті келіскен мектеп ғимараты, сәулетті мешіт, бір сөзбен айтқанда, ауыл келбетіне көзіміз де, өзіміз де тәнті болдық.
Аталған ауылдың аудан бойынша Сыр салысынан мол өнім алып отыр­ғанын өңір халқы жақсы біледі. Сондай-ақ ауылда мал шаруа­шы­лы­ғы да кең қанат жайып, ауыл ша­руа­шылығымен айналысатын кә­сіп­кер­лер қатары артқан.
Аудан басшысы бастаған топ әдеттегідей ауыл халқының алдында тікесінен тік тұрып, халықпен етене танысып, ұсыныс-пікірлерін тың­дады. Сондай-ақ тұрмыс түйткілдеріне қатысты қойылған сауалдары мен шешімін таппай жүрген мәселелері бойынша жауап берді.
Өңірде ауылдық округтердің ішкі жол мәселесі жыл санап оңтайланып, толықтай жаңартылып келеді. Биыл ауылдағы Бұқарбай батыр көшесі күрделі жөндеуден өтсе, қазіргі таңда елді мекенге кіреберіс аудандық маңыздағы 1,4 шақырым автомобиль жолын және қосымша 3 көшені күрделі жөндеуге жоба сметалық құжаттар дайындалған.
Ең бастысы, ауылда халықтың маңызды өмір сүру қажеттіліктері то­лықтай бір жүйеге келтірілген. Ауыз су 100 пайыз үйді-үйге жүргізілген.
Әрине ауыл халқының ең бас­ты сұрағы елді мекенді газдан­дыру жұ­мысы болды. Бұл жөнінде әкім де қалың жұртқа жақсы жаңа­лығымен келген. Ардақ Әбдіғап­пар­ұлы М.Шәме­нов елді мекенін газдандыруға облыс­тық бюджеттен 20 млн теңге бөлінгенін, яғни жұмыстар басталғанын жеткізді.
Сондай-ақ ауылда елді мекенді дамыту мақсатында демеушілер есе­бінен атқарылып жатқан жаңа жоба­лар да жоқ емес. Мәселен, соның бірі «Mega-Агро» ЖШС-ның қолдауымен 5 млн теңгеге мәдениет үйіне 200 дана орындық орнатылған.

Бірлігі бекем,
тірлігі тындырымды

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың Мөрәлі Шәменов ауылындағы сапары ақсақалдардың батасымен қорытын­дыланды. Келесі кездесу мұнан әрі аудан іргесіндегі Ақсу ауылында жал­ғасын тапты. Бүгінде Ақсу ауылының бірқатар мәселесі бір жолға қойылған. Ауылдың жағдайы жыл сайын жақ­саруда.
Иә, халықтың тұрмыс сапа­сының жақсаруы күнделікті қа­жет­тілікке байланысты екені мәлім. Оның ішінде газдандыру мәселесі де бар. Ауылға газ жүргізу көптен бері ха­лықтың көкейінде жүрген өзекті мәселе еді. Ақсулықтардың көгілдір отынның игілігін көретін күні алыс емес. Нақтырақ айтсақ, Ақсу елді мекеніне газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «AЭS and Limited» ЖШС құрылыс компаниясы бүгінде елді мекенде газдандыру жұмысын бастады.
Сондай-ақ елді мекендегі тұрғын үйлер секторының электр желілері құрылысына да респуб­ли­калық бюджеттен 184,7 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда мердігер ме­кеме «Наз» ЖШС электр желілерін жаңарту жұмыстарын жүргізуде.
Мұнан бөлек ауылдың 4 көшесін, яғни М.Әуезов-1, М.Әуезов-2, Ақбө­гет, Т.Қожағұлов көшелерін күр­делі жөндеуден өткізуге жоба-сме­­талық құжаттары дайын. Сондай-ақ елді мекеннің ішкі з көшесін, яғни М.Дәу­летбеков, Ақарық, Алғабас көшелерін күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюд­жеттен қар­жыландыруға ұсынылған. Жоба құны 109,2 млн теңгені құрайды.
Елді мекендердегі санитарлық тазалық жұмыстарына 827,7 мың теңге қаралған. Оған тиісті жұмыстар атқарылып, күл қоқыс тастайтын 3 контейнер сатып алынған.
Ауылдың әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуына жастардың қосар үле­сі зор. Бүгінде ауыл жастарының ба­сым бөлігі кәсіпке бет бұруда. Қазіргі таңда кез келген ауыл тұр­ғын­дарының кәсіп ашып, тірлігін бастауына мүмкіндік зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа жетелейтіні анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағ­дарламалар кәсібін жаңадан бас­тайтын тұрғындарды жетістікке жеткізетіні көрініп-ақ тұр. Осы тұста бизнес бастаймын деген жастарға мемлекет тарапынан берілер қолдау да, көмек те көп. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру жолында жаңа бас­тамалар қолға алынуда. Ақсу ауылдық округі бойынша жалпы 148 кәсіпкерлік субъектісі болса, соның 94,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Мем­лекеттік және өңірлік бағдар­ламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында қайтарымды несие және қайтарымсыз гранттарға 7 адам құ­жат өткізіп, қаржылай қолдау тапқан. Бұдан бөлек 3 адам «Аграрлық несие корпарациясы» АҚ-ға құжаттарын өткізіп, қазіргі таңда 2 адам қа­ра­жатын алып, кәсібін бастап, 1 адамның жобасы қаралуда.
Биыл ауыл тұрғындары 3 991 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орна­лас­тырды. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 2063 гек­тар болса, ескі жоңышқа 704, жаңа жоңышқа 708, мақсары 181, жаздық бидай 268, картоп 46, көкөніс 74, бақша дақылдары 80 гектарды құрайды. Кірісін күрішпен еселейтін ақсулық дала дарабоздары биыл шілденің ыстығына, тынымсыз соққан жел мен аяқ судың тапшылығына қарамастан, ел қам­басын молайтуда тынымсыз еңбек етіп, толағай та­бысқа қол жеткізді. 120-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған «Сәрке батыр» шаруа қожалығында алқаптың 950 гектарын «Лидер» сұрыпындағы күріш өнімі құрайды. Сонымен қатар 360 гектарынан жоңышқа, 200 гектарынан бидай өнімі алынған.
Бұдан бөлек ауылдағы іргелі ша­руа­шылықтың бірі «AB AGRO ORDA» да биыл 800 гектар алқапқа «Лидер» сұрыпын еккен. Күріштің бұл түрі сал­мақты болғандықтан жергілікті ша­руашылықтардың ба­сым бөлігі осы­ған басымдық берген. Ақсулық қос ша­руашылықтың өнім­­дері қашанда халықтың сұра­ны­сына ие. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары аудан бас­­шысы Ардақ Әбдіғаппарұлына ба­­тасын беріп, қызметіне сәттілік тіледі.

Кентте кешенді
жоба көп

Ауданға қарасты 14 ауылды ара­лап, халықпен кездескен аудан басшысы ел алдындағы есеп бе­ру сапарын аудан орталығындағы «Руханият» орталығында қорытын­ды­лады.
Биыл кентті абаттандыру ба­ғытында бірқатар жұмыс атқа­рылуда. Атап айтқанда, аудандық бюджеттен кентті абаттандыруға 22 млн теңге бөлініп, теміржол жиегіне безендірілген жазулар, автобус аял­дамаларына ұлылардың өнегелі сөздері ілініп, кент орталығындағы Бұқарбай батыр көшесіне көрнекті көше атаулары орнатылды.
Иә, кент, ауыл келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың белең алуы аудан дамуының көрінісі десек те бо­лады. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайдалануға берілсе, бүгінде сол нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине бұл жұмыстардың бар­лығы өңір келбетін арттырып, ел игілігі үшін жасалуда. Қазіргі таңда кентте 1 465 жеке кәсіпкер мен заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде 171 кәсіпкерлік субъектісінің сыртқы келбеті сырланып, аумағында сани­тарлық-тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жаңадан ашыл­ған «Далида», «Ырыс» сауда орталықтары ғимараты, «Өркен әлем» ЖШС, «Агрохолдниг Қызыл­орда» ЖШС, және тағы басқа кәсіп­керлік субъектілері де ауданның кірісін еселеуге айтарлықтай қол­ғабыс болып отыр.
Сонымен қатар қажеттілігіне, мәсе­ленің өзектілігіне қарай бар­лық ауылдық округте көшелер жөн­деліп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқа­рылуда. Мәселен, қазіргі таңда кент бойынша барлығы 92,2 шақы­рым­ды құрайтын 71 көше бар. Оның ішінде асфальтталғаны – 56 көше, ұзындығы – 77,1 шақырым, тас төселгені – 9 көше, ұзындығы – 9,8 ша­қы­рым, жай жолдар – 6 көше, ұзын­дығы 5,3 шақырымды құрайды.
Жалағаш кентіндегі ішкі көшелерді күрделі жөндеуге және тас төсеуге облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, 13 көшеге асфальт және 1 көшеге тас төселді. Қазіргі уақытта барлық көше асфальтталып, жол жиектеріне тас төсеу, жол белгілерін орнату және Т.Қыстаубаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұ­мыстары жүргізілуде.
Бүгінге дейін кенттегі 71 кө­шенің 38-іне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар биыл 10 көшені жарықтандыруға демеушілер есебінен ЖСҚ әзірленуде. Алдағы уақытта ЖСҚ дайын болған соң қаржыландыруға ұсынылады.
Мұнан бөлек «Тағзым», «Еңбек­шілер», «Рәміздер» аллеясына, «Астана», «Мұқашев», «І.Қабылов», «Хал­қымен қайта қауышқандар» сая­бақ­­тарына көркейту-көгалдан­ды­ру, санитарлық-тазалық және кү­тіп ұстау мен сырлау жұмыстары тұ­рақ­ты түрде жүргізіліп келеді. Кент бойынша барлығы 7 балалар ойын алаңы орналасқан. Оның ішінде 4-еуі демеушілік есебінен салынған. Сонымен қатар 6 шағын футбол алаңы бар. Оның ішінде 3 алаң демеушілік есебінен салынған.
Кенттегі 2 547 ау­лаға аяқ су толығымен жеткізіліп, тұр­ғындар бақша салып, тұр­ғын үй ауласында көгалдандыру жұмыс­тарын жүр­гізуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде кент тұрғындары «Үздік аула» бай­қауына белсене қатысады. Кент­тегі көпқабатты тұрғын үй­лер­дің аулаларына және көшелерге 110 қоқыс тастайтын контейнер қойыл­ған. Қоқыс контейнерлерді күн­делікті автокөлік және тиегіш трактор мен тасымалдаушы ав­токөлік тиеп, кент­тің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Ақсу жолы бойындағы арнайы қоқыс тө­гетін орынға тасымалдауда. Қазіргі таңда қоқыс төгетін орын тазаланып, қоршау жұмыстары жүргізілді.
Жиын соңында кент тұрғындары елді мекендерді аралап, халықпен жүздескен аудан әкімі Ардақ Иб­раимовқа алғысын айтып, игі бас­та­маларына тілекші екенін біл­дірді. Жергілікті тұрғындарға ел­дің бірлігін сақтау бәрінен маңыз­ды екенін түсіндірген абыз ақса­қал­дарымыз кездесу соңында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденінің иесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевқа қазақтың игі дәстүрімен шапан жауып, батасын берді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,
Жандос ЖАЗКЕН,
Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: