Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 10:45

Аппарат мәжілісінде ауқымды мәселелер қаралды

06.12.2022

1517

0

Аудан бюджетінің түсімдері есепті кезеңде толығымен орындалған. Десе де биыл 1 желтоқсанға дейін «Саутс ойл» мұнай компаниясынан 4-кезең үшін есептелінген 80 млн 463 мың теңге мүлік салығы және 303 103 «Азаматтарға пәтерлер сатудан түсетін түсімдер» коды бойынша 5 пәтер сатылмауына байланысты 32 млн 500 мың теңге жергілікті бюджетке түспепті. Кент, ауыл әкімі аппараттары бойынша кірістерінің жылдық жоспары 86,7 пайызға ғана орындалған. Жыл соңына дейін 22 млн 316,2 мың теңге дербес бюджетке түсуі тиіс. Дербес бюджеттің түсімін өз деңгейінде орындамағандар қатарында Жалағаш кенті әкімі мен 4 ауылдық округ әкімі бар. Бұл туралы аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралған басқосуда баяндамашылар сыннан арыл­­ған жоқ. Тіпті әрбір салада қалып­тасқан мәселелермен елді мекендер әкімдері де жиі төбе көрсетті. Бірінші мәселеге бір емес, екі мекеменің бас­шысы тоқталды. Алдымен аудандық қар­­жы бөлімі басшысының міндетін ат­қа­­­рушы Анар Құрманәлиева аудан бюд­жетінің 11 айда атқарылу қоры­тын­­дысын сараптаса, аудандық кіріс­тер бас­қармасы басшысы Руслан Байға­зиев бюд­жетке түсетін түсімдердің орын­да­луын саралады.
Анар Медерханқызы биыл желтоқ­санға дейін аудан бюджетінің жалпы түсімдерінің жоспары 12 млрд 784 млн 795,6 мың теңгені құрағанын айтады. Ал тиісті мерзімде жоспар 100,6 пайызға орындалған. Хабарламашы кент, ауыл әкімі аппараттары өз кірістерінің жыл­дық жоспарын 86,7 пайызға орын­даға­­нын жеткізіп, жыл соңына дейін 22 316,2 мың теңге түсім дербес бюд­жет­ке түсуі тиіс екенін тілге тиек етті. Жоспарды орындауда кемшілікке бой алдырғандар арасында Жалағаш кенті көш бастап тұр. Мұнан бөлек Ақсу, Жаңадария, Еңбек, Жаңаталап ауылдық округтері де бар. Қаржы бөлімінің өкілі кірістер болжамының орындалмауы шы­ғыстар бө­лігінің шығыны жабыл­май, кре­ди­тор­лық берешектерді қалыптас­ты­ра­­тынын айтады. Желтоқ­санға дейін шы­­ғыстар жоспары 13 003 189,2 мың тең­ге болып бекітілсе, меже 99,6 пайыз­ға орындалыпты. Ал 58 460,6 мың теңге иге­­рілмеген.


Бұған қатысты аталған бөлім талдау жасаған. Қорытындысында жоғарыда атал­­­ған жергілікті әкімдіктерден басқа да елді мекендерде кемшіліктердің ба­ры анықталған. Мәжілісте аудан әкімі Ас­қар­бек Есжанов тиісті сала бас­шы­лары мен кент және ауылдық округ әкім­­деріне нақты тапсырмалар беріп, атал­­ған мә­се­лемен жұмыс жасауды мін­дет­теді.
Басқарма басшысы мен бөлімнің мін­детін атқарушы да Асқарбек Темір­бек­ұлының сынынан тыс қалмады. Жиында өңір әкімі баяндамада нақты талдаудың жоқ екенін дәлелмен көрсетті. Мәселен, қос бірдей хабарламашы бірінен кейін бірі қайталаған кейбір мәселелер осыған дейін шешімін тапқан.
Биыл 10 айда ауданда 3023 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның 94,1 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Ал тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 178-ге жеткен. Аудан бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағы­тында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бө­лі­мінің басшысы Ғабит Ерболұлы осы­лай деді.
Жалпы жыл басынан бері тіркелген кә­сіпкерлік субъектілерінің саны 469, ал жұ­мыс жасап тұрғандары 489-ға ар­тып­ты.
Облыс әкімінің шағын және орта кә­сіп­керлік субъектілерінің халық санына шаққандағы үлесін 9 пайызға жеткізу туралы хаттамалық тапсырмасын орын­­дауда кемшіліктен көз сүрінеді. Мәсе­лен, осыған дейін бұл меже Жалағаш кенті, Жаңадария және Таң ауылдық округ­терінде ғана орындалып отыр. Ал қалған елді мекендер бұл межеге жетпеген. Тіпті 5 пайызға орындалмаған елді ме­кендер де бар екен.

Жұмыс жасап тұрған кәсіп­керлік субъектілерінің үле­сін 95 пайызға жеткізу де жос­пар­ланған болатын. Қара­ша айына дейін аталған көрсеткіш Аққұм, Аққыр, Аламесек, Бұқарбай батыр, Жаңа­талап, Қаракеткен, Мақ­пал­көл, Мыр­забай ахун, Таң және М.Шәменов ауылдық округтерінде 95 пайыздан жоғары орын­далса, Жалағаш кенті мен басқа да ауылдық округтерде меже орын­далмаған. Мәселен, Жалағаш кентінде 127 кәсіпкер, Мәдениетте 11, Ақсуда 9, Еңбекте 4, Жаңадарияда 4 кәсіпкер жұмысын тоқтатқан. Ғабит Ербол­ұлы меженің жыл аяғына дейін орындалмай қалу қаупі барын жасыр­майды.
Жыл аяғына дейін кент және ауыл­дық округтерге халық санына бай­ланысты, жаңадан 450 кәсіпкерлік субъек­тісінің тіркелуін қамтамасыз ету тапсырылыпты. 10 айдағы мем­ле­кет­­тік кірістер басқамасының мәлі­метіне сәйкес, аудан бойынша 730 кәсіп­керлік субъектісі тіркелсе, 535 кәсіп­кер жұмысын тоқтатқан. Ал Аққыр, Аламесек, Еңбек, Жаңадария, Жаңаталап және М.Шәменов ауылдық округтерінде көрсеткіш керісінше, яғни бұл елді мекендерде жұмысын бастаған кәсіпорындардан жабылғандар саны көп. Оның өз кезегінде ауданның кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштеріне кері әсе­рін тигізетіні сөзсіз.
Мәжілісте бөлім басшысы бірқатар кемшілікті жою үшін аудан басшысына ұсыныстар айтты. Оның барлығы да «Кент және ауылдық округ әкімдерінен қамтамасыз етуін талап етуіңізді сұрай­мын» деумен аяқталды. Асқарбек Темір­бекұлының да бұл ұсынысқа қатыс­ты сынында мін жоқ. Тапсырманы мен берсем, оны жергілікті әкімдіктер қамтамасыз етсе, сонда бізге бөлімнің не керегі бар? Бұл сауалға жауап болмады.
Асқарбек Есжанов бөлім басшысына 10 желтоқсанға дейін уақыт берді. Яғни апта соңына дейін кемшіліктер қалыпқа келуі тиіс.
2017 жылдан бері ауданда жұмыс­сыздық деңгейі 5 пайыздан сәл асып тұр. Әлеуметтің әлеуетіне қатысты жұмыссыздық деңгейінің 5 пайыздан түспейтініне тұрғындар қапалы еді. Ал кешегі жиында айтылған көрсеткішке қарап, «баяғымыз дұрыс екен» деген ой түйдік. Неге десеңіз, салаға жауапты басқарманың мәліметінде Жалағашта жұмыссыздық деңгейі 8 пайызға жеткені көрсетілген. Тіпті облыста біздің аудан көш бастап тұр екен. Ал аудан бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның орындалуына тоқталған Қанат Шамшатұлының баяндамасындағы сандар басқаша сөйлейді. Тарқатайық…
Биыл ауданда 2 420 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 1 342-сі тұрақты болуы шарт. Ал желтоқсанға дейін 1 982 жаңа жұмыс орны ашылса, оның небары 724-і тұрақты екен. Бұл ретте алдағы 20-25 күнде меженің қалған 50 пайыздан астамы орындалмасы тағы ақиқат.
Аудандағы салаға тікелей жауапты бөлім басшысы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыз дейді. Ал басқарма берген мәліметте сандар басқаша сайрайды. Осы ретте Асқарбек Темірбекұлы Қанат Шамшатұлына да мәселені реттеуге сәрсенбіге дейін уақыт берді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Дұрыс болса, оны басқармаға шығып дәлелдеуі тиіс, шынында жұмыссыздық деңгейі жоға­рыласа, оған жұмыс жасауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, бірде-бір хабар­ламашының баяндамасында сараптау жоқтың қасы.
Жалағашта соңғы жылдары жетістігі мол сала болса, ол – спорт. Бұған басқаны қайдам, біздің таласымыз жоқ. Жиында осы салаға қатысты мәселелер мен атқарылған жұмыстар, жетістіктер сараланды. Алдымен бөлім басшысы Еркебұлан Жамалатов баяндама жа­сады. Артынан бірқатар сауалдың түйіні тарқатылды.
Саладағы жетістіктерге аудан әкімі де жоғары баға берді. Десе де әрбір қызметкердің жұмыс уақытында өз қызметіне адал болуын қадағалауды тапсырды. Әкімнің бұлай дейтін реті де. Себебі жуырда аудандағы бір­қатар спорт нысандарында болып, бас­шыларын жұмыс орнынан таппаған кездер де орын алған көрінеді.
Басқосуда Дәуімбай елді мекеніндегі жабық бассейн жұмысына қатысты да орынды сын айтылды. Яғни аталған нысанның жұмыс жасауына жыл сайын бюджеттен 42 млн теңге қаражат бөлінеді екен. Ал жабық бассейн бар-жоғы осыған дейін 2,4 млн теңге қаражат тапқан. Осы ретте мейлінше жұмыс жасау талап етілді.
Жиында Еркебұлан Жамалатов аудандағы барлық спорттық нысандар бөлімнің меншігінде болса деген ұсынысын ортаға салды. Бұл оларды күтіп ұстауда таптырмас мүмкіндік екен. Ұсыныс орынсыз, әрине. Себебі олардың күтіміне ертең ауданнан тағы қаражат сұралатыны анық.
Аппарат мәжілісінде мұнан өзге де қосымша мәселелер көтерілді. Аудан басшысы оларға қатысты да тиісті тапсырмалар беріп, қай істе де жауап­кершілікті бірінші кезекке қоюды міндеттеді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: