Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Жұма, 26 сәуiр, 23:28

Ақ халатты абзал жандар

11.12.2022

1039

0

Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. «Әр науқастың өмірі үшін тікелей жауаптымыз» дейтін дәрігерлер қауымының жұмысы расында да үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Соңғы жылдарда апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңадан денсаулық сақтау нысандары салынды. Сонымен бірге облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының бірқатары жаңғыртылған. Облыс экономикасын қарқынды дамытуда біздің аудан да шет қалып отырған жоқ.

Өткенде редакциямызға бір қария келді. Бұйымтайы – ақ халатты абзал жандарға алғыс айту екен. Егде жастағы атамызбен ұзақ әңгімелесіп отырып, расымен адам өміріне әуелгі болып араша түсетін ақ халатты жандардың қалтқысыз қызметіне тағы бір қайран қалдық. «Бәріміздің де басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда пана көрер адамымыз дәрігерлер ғой, мен де жуырда қатты ауырып қалдым. Орталық аурухананың күндізгі стационар бөлімінен бір-ақ шықтым. Алдына сал болып барған адам едім, бір жетіде аяғыма тұрдым. Ондағы дәрігерлердің антына адалдығынан бөлек, науқастарға өзінің ағайын-туысындай, ата-анасындай қызмет көрсеткеніне риза болдым. Әй, сен неге сондай өз ісіне адал жандардың жұмысын еңбегіңе арқау етпейсің? Мен сені сонда алып барайын, олар да басылым бетіне шығып жатса, жұмысына шабыт болады ғой» деді ақсақал сөзін тоқтатып. Ауызынан ақыл аққан қарияның кез келген буынмен қатарындай сөйлесіп, кейде қуақы тілмен бір тықыртып алатынына ризамыз. Қасымқожа қарияны көрсем, қарымды қаламгер Тынымбай көкеміздің әңгімелеріндегі кейіпкерлер көз алдыма келеді. Не керек, көкеміздің көңілін жықпайын деп, қол боста орталық ауруханаға бірге баруды жөн деп таптым.

– Әй, мені баспалдақпен басып озып, діттеген жеріне тез бара қоятын қатарың деп пе едің, жеделсатымен жүрейік. Жеделсаты діттеген жерімізге де алып келді. «Күндізгі стационар бөлімі» деген жазу қарсы алды алдымыздан. Ойлағанмын, «Көбінде күндізгі стационарда жеңіл-желпі дертпен ауырғандар ем алады» деп. Алайда мұнда дерті қатты қарт кісілер де бар болып шықты. Орталық ауруханадағы күндізгі стационар бөлімінде 50 төсекорын бар. Біз барған күні соның біреуі де бос емес екен. Науқастар ем алып жатқан бөлмеден шығып, дәрігердің кабинетіне кірдік.

– Әселжан, айналайын, саған журналистерді алып келе жатырмын. Жаңа осында ем алғанымды, сендердің көрсеткен сапалы медициналық қызметтеріңді бастағаным сол еді, мына жүгірмек «Аға, мені сонда алып барсаңызшы» деп отырып алмасы бар ма? Ал келдік, қалғанын сөйлесіп жазарсың, – деп өзі есікке ентелей берді Қасымқожа қария. «Негізі бұл жаққа не үшін келдік, оған кім себеп болып еді?» деген сауалдардың жауабына іштей бойлап мен отырмын. Бір уақытта «Біздің де еңбек бағаланатын кез болады екен ғой» деген дәрігердің сөзі бұзды ойымды. Өзім де ыңғайсызданып қалдым. Біз негізінен әр саланың өзіне тән қызығы мен шыжығы болатынын білсек те, кей кездері мамандарға орынсыз айып артып жатамыз. Осы ретте мұндағы дәрігерлер қауымының еңбегіне риза болып, олардың антына адалдығын әр ортада тілге тиек еткен Қасымқожа ақсақалға біз де разы болдық. Шынында дәрігердің «Біздің де еңбек бағаланатын кез болады екен ғой» деген сөзінен біраз нәрсені аңғаруға болады. Жергілікті билік тарапынан төл мереке қарсаңында оларға үлкен құрмет көрсетіледі. Бірақ ұсақ-түйек дүниеге бола кейде оларды жерден алып, жерге салып, әлеуметтік желіде әлімжеттік жасайтынымыз тағы бар. Оның үстіне қазір екі сөздің басын құрап, желіні еркін пайдаланғанның бәрі ақылшыға айналды ғой бұл қоғамда. Дәрігердің айтпағы осы ма деп түйдім іштей. Бұл бөлімде 1 дәрігер, 2 медбике және 1 кіші аяжан мұндағы науқастарға ем жүргізіп, медициналық қызмет көрсетеді. Ондағы науқастарды да әңгімеге тарттық. Ешқайсысының мұндағы антына адал абзал жандарға өкпе-назы жоқ, керісінше алғыс жаудырды. Әсел Тоқманованың денсаулық сақтау саласында 10 жылға жуық тәжірибесі бар. Еңбек жолын Дәуімбай елді мекенінде учаскелік дәрігер болып бастаған ол бүгінге дейін қаншама адамды дертінен айықтырып, алғысын алды. Әлі де салада жиған тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, өзі секілді білікті дәрігер қалыптастыруда өлшеусіз еңбек етуде.

– Қазір осы күндізгі стационар бөлімінің дәрігерімін. Әріптестеріммен бірге осындағы науқастарға емдік шаралар жүргіземін. Біз үшін бәрінен елдің алғысы қымбат. Сондықтан мейлінше антымызға адал болуға тырысамыз. Қазірдің өзінде бізде бос төсекорын жоқ. Соның бәріне бас-аяғы 4 сала маманы медициналық қызмет көрсетеміз. Көбіне көктемде халық арасында қаназдық, күн суытса, демікпе өршиді. Ал қан қысымының көтерілуі бүгінде жас талғамай тұр. Мейлінше алдымызға келген адамдардың дертінен құлантаза айығуына жұмыс жасаймыз. Біздің бөлім күндізгі стационар болғандықтан жұмысымыз таңғы сағат 8.00-де басталып, кешкі сағат 18.00-де аяқталады. Тағы да қайталап айтамын, біз үшін ең бастысы – елдің бағасы, халықтың алғысы, – дейді дәрігер Әсел Тоқманова.

– Дәрігер, бір науқас «қысылып жатырмын» дейді. Кіші аяжанның осы бір-ақ ауыз сөзінен кейін екеуара диалог та үзілді, тіпті алдымдағы дәрігерді таппай қалдым. Оның артынан ерген кіші аяжанды бағытқа алып, біз де науқастар жатқан бөлмеге ендік. Дене қызуын және қан қысымын өлшеп алған тәжірибелі дәрігер емдік шараларын жүргізіп, науқасты қалпына келтірді. Біз үшін ауруханадағы жарты сағатымыз уайыммен өтті. Ал әрбір науқасқа ем жүргізіп, олардың дертімен алысу мұндағы тәжірибелі мамандар Әсел Тоқманова, Гүлнұр Нұрмағанбетқызы секілді абзал жандардың күнделікті жұмысына айналған. «Халықтың бағасы бәрінен қымбат» деген мұндағы тәжірибелі мамандардың сөзіне жұмысына қарап күмәндану мүмкін емес.

Дені сау адам қоғамның басты байлығы деп, бұрынғы ғалымдар айтпақшы дәрігерлердің жұмысы қарбалас. Жұмыс кестелері тығыз, шыдамдылықты талап етеді. Біз тек алғыс айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: