Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 26 сәуiр, 13:30

Бөрінің тәңірі бар, иттің иесі жоқ…

16.10.2022

980

0

Әлі күнге дейін «ит – адамның досы», «ит – жеті қазынаның бірі» деп дәріптеп келеміз. Бірақ, сол «досымызға», жеті қазынаның біріне балаған ұлттық құндылығымызға көңіл бөлмейтін болдық. Ит асыраймыз, бірақ, ие болмаймыз. «Иттің – иесі, бөрінің – Тәңірісі бар» дегенді бабаларымыз бекер айтқан жоқ. Күшік кезінен анасының бауырынан бөліп алып кеткеннен кейінгі иттің амандығына, қауіпсіздігіне һәм адамға шаппауына иесі жауапты.

Айта кетейік, бұрынғы қазақтар төріне шығарған құмай тазысына да, босағасында ұстаған төбетіне де арамнан ас бермепті. Итаяғына өзі ішкен адал тамағынан құйған. Тіпті көрші ауылдардан қаңғып келген, жұртта қалып қойған, керуеннен адасып қалып, күл-қоқысты, қора-қопсыны тіміскілеп жүретін иесіз бұралқы, барақ иттердің өзін асырап алыпты. Ал, күшік кезінен адамға жуымай далада жүріп тағыланып кеткен жабайы иттерді ауылға кіргізбей, оққа байлапты. Әрине, жабайы ит адам үшін өте қауіпті. Одан бұрын адам көзінен тасада жүріп түз тағысына айналған жабайы итті ауыл иттерімен шағылысып, төбет тұқымын бұзудан сақтаныпты.
Ал, қазіргі қазақтың итке деген құрметі төмендеген. Көбі итті үйін күзетіп, қора қору үшін асырамайды. Мақсаты мүлдем басқа. Қалалық жерлердің еріккен қалталылары тайыншыдай кавказ төбеттерінің күшіктерін су жаңа бір автокөлік сатып алатын ақшаға сонау Қап тауларынан арнайы тапсырыспен алдырып, темір торлы қораларда әбден ызақор қылып өсіреді және оны ит төбелесіне салады. Әрине, екі иттің жекпе-жегін қызықтаушылар тегін тамашаламайды, ұйымдастырушылар тарапынан қомақты қаржы тігіледі. Төбелес аяқталған соң иелері бір-бірінің тісі тигенде құлақтары жыртылып, терісі жалбырап тұла бойы қан жоса болған төбеттерін көлігіне тиеп алып тарасады. Жекпе-жекте жеңген иттің иесі аузы көпіргенше мақтанады, жеңілген иттің иесінде «қап, бәлем» деген ызалы кек кетеді…
Әңгімеміз иесіз иттер жайында еді. Қазірде кент көшелерінде қаңғыбас иттер көбейген. Мүмкін, көбінің иесі де бар шығар. Бірақ, тамағын күл-қоқыстан асырайды. Ашыққан иттер ызақор, қабаған болып келеді. Оның үстіне адамға қанша «дос» санағанымызбен олардың бойында жыртқыштық түйсік бар және ол ашыққанда оянады. Сондай кездерде көшедегі тұрғындарға кез-келген уақытта және тұтқиылдан шабуы әбден мүмкін. Әсіресе, түнгі мезгілде жалғыз-жарым жүрген жандарға өте қауіпті. Қазір күн қысқарып келеді. Алдымыз – қыс. Қысқы мезгілде түстен кейінгі ауысымда оқитын мектеп оқушыларының қауіпсіздігін де қаперден шығармағанымыз жөн. Ересек адамның өзін бір бүктеп тіске басатын қаны шатыс тайыншыдай «алабайдың» шабуылынан құртақандай бала қалай қорғанып, қалай қарсылық көрсетпек?!
«Алабайдан» басқа да көше кезіп жүретін иесіз аш иттер көп және олар жалғыз емес, топтанып жүреді.
Тағы да айтайық, қазіргі иттер бабаларымыз кие тұтқан, қора қорудан өзгені білмейтін, кісі баласын қаппақ тұрмақ, оған қарап үрмейтін, бірақ, алты қарыс азуының қайраты қасқырдың қабырғасын қақыратып жіберетін бұрынғы таза қанды маң төбеттер емес, қаны шатысып, тегі өзгерген ызақор, қабаған аш иттер. Тіпті солардың тал түсте адамға шабуылдағанына бірнеше мәрте куә да болдық. Сондықтан кент тұрғындары асыраған иттеріне жауапкершілікпен қарап, ауласында ұстауы тиіс. Тиісті орындар осы мәселені назарда ұстағаны жөн.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: