Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 08:36

Егін даласындағы қызу еңбек

16.09.2023

428

0

Жуырда Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» шаруа қожалығына жолымыз түсті. Ешқайда бұрылмай, түзу жолмен шаруашылық қырманына кіріп бардық. Қырман басында біршама қызу жұмыс жүріп жатыр. Бізді шаруашылықтың бас агрономы Сұлтанбек Үсейінов күтіп алып, биылғы егін шаруасы жайлы сөз етіп, қырмандағы тірлікпен таныстырды.

Қырман басында жұмысшылар за­ма­науи аппарат арқылы жоңышқадан тұқым дайындап жатыр екен. «Пиктус» деп аталатын германиялық аппарат кү­ніне 1 тоннадан астам тұқым әзірлейтін көрінеді. Қырманда дәл осындай кү­ріш тазалайтын заманауи аппарат та бар. Ол күніне 90-95 тонна тұқым дайындауға қауһарлы. Германиялық алып аппарат 2018 жылы 48 млн тең­геге сатып алынған. Осы аппаратты алғалы мұндағы өнімге сұраныс артып, шаруашылық шаруасының ширауына айтарлықтай қолғабыс болған.


– Былтыр күріштен орташа өнімнің өзі жаман болған жоқ. Нақтырақ айтсам, орташа өнім 60 центнерден болды. Биыл да сол межеге жетеміз деген үміттеміз. Күріштен бөлек мал азығы есебінде 780 гектар жерге жоңышқаны да күтімге алдық. Оның ішінде 580 гектары ескі болса, қалғаны жаңа жоңышқа. Бұл бір жағынан жерді тыңайтуға да оң әсерін тигізеді. Әрине соңғы жылдары су тап­шылығының мәселесі шаруаларды ти­тықтатып тұр, десе де қол қусырып отырмай, бұл мәселемен де күресудеміз. Биыл егістікке 3 насос орнаттық. Шүкір, Сыр салысының шығымы жаман емес, алғашқы орақты 1 қыркүйекте салд­ық, жаппай орақ салу науқаны 7 қыр­күйекте басталды. Енді науқан жұмыстарын абыроймен аяқтап, келер жылдың да жоспарлы жұмысына қадам басамыз. Бастысы, еткен еңбек далаға кеткен жоқ, соған шүкір дейміз. Межелі өнімге қол жеткізбесек, одан төмен астық жинамайтын сияқтымыз, – дейді Сұлтанбек Үсейінов.


Иә, әне-міне дегенше берекелі күз мезгілі де табалдырықтан аттап, алтын дәннің тау-тау болып қамбаға құйылар сәті де келіп қалды. Егін піскен уақыт – диқандардың ала жаздай терлеген еңбегінің өтелер шағы. Күнге күйіп, аңы­зақ желге беті қақталып, алғашқы орақ­тың басталар шағын, еңбегінің өтелер сәтін асыға күтетін шаруалардың ендігі мақсаты – ысырапсыз ырысын жиып алу.

Осылайша Сұлтанбек ағамен бірге біз де егіс даласына жол тарттық. Түскі уақытта барыппыз, егіс даласында Сыр салысын оруға беттелген даланың алып кемесіндей комбайн атызға түсуге сақадай сай тұр. Ал шаруа адамдары түскі демалысқа шығыпты.


Былтыр 1280 гектарға жуық алқап­қа дән сепкен шаруашылық биыл да 1300 гектар жерге «Ли­дер» сұрыпын еккен. Ең бас­тысы, нау­қанды ойдағыдай өткізуге шаруа­шы­лық ұжымында айтарлықтай мәселе жоқ секілді. Себебі шаруашылық ұжы­мы түгелдей техникасын сайлап қой­ған. Алқапта ескі техника атауымен жоқ. Барлығы қазіргі үлгідегі озық тех­но­логиялар. Механизаторлар мен ком­байн­­шылардың жүзінде шаршаңқы ке­йіп болмауының да сыры осыда бо­лар, сірә деп пайымдадым.
Көліктен түсе сала шаруа адамда­рымен аман-саулық сұрасып, сол жер­дегі бригадирді әңгімеге тарттық. Сөй­тіп Сыр салысының бүгінгі тынысы жайлы екеуара диалог өрбіді. Десе де осы салада 20 жылдық тәжірибесі бар бригадирдің әңгімеге шорқақтығы көрінді, яғни сөздің емес, істің адамы екені байқалып тұрды.


– Суды ең көп қажет ететін өнімнің бірі де бірегейі – күріш. Тіпті жерге себілгеннен жинап алғанша суда жатады десем, қателеспеймін. Рас, суды ауыстырып тұратын уа­қыт­тар болады. Бірақ негізгі қорегі де осы екенін ескерсек, жылдан-жылға күр­де­леніп отырған аяқ су мәселесінің бізді алаңдатып отырғанын жасыра ал­маймыз. Дегенмен биыл күріштің шы­ғы­мы жақсы, шүкір дейміз. Жалпы, біздің бригада биыл 500 гектар жерге күріш дақылын септі, былтыр да осы межеде егін ектік. Орташа өнім 72 цент­нерді құрады. Қарамағымда 30 адам жұ­мыс істейді, оның 15-і – сушы. Жаман емес, барлық жағдайымыз жасалған, айлық уақытылы, науқан аяқталғанда ынталандыру сыйлықтары мен ақшалай қолдау да жасалады. Тек қол қусырып жатпай, еңбек етсең болғаны, – дейді бригадир Болат Әлжанов.


Шаруашылық бүгінде 120-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Үш өндіріс бригадасы биыл науқанды оң нәтижемен қорытындылауға еңбек етіп жатыр. Техникадан да мәсе­ле жоқ. Себебі шаруашылық базасы толық заманауи соңғы үлгідегі техника­лар­­мен жарақталған. Ал мұның еңбек өнім­ділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да белгілі. Сондай-ақ ауыл тұрғындары мен шаруашылық қызметкерлеріне арнап, шаруа қожалық бау-бақша дақылдарын егуге арнайы жер де ашыпты. Сол ар­қылы тұрғындар өздерінің қыстық азы­ғын жинап, берекесін келтіріп отыр.
Иә, айта берсең, шаруашылықта тың жаңалықтар жетерлік. Осылайша біз де «Байтабын» шаруа қожалығының бү­гінгі тынысымен танысып, дала дарабоз­дарына сәттілік тілеп, кентке қайттық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: