Көзді ашып-жұмғанша сары сабаз күз де келді. Күз молшылықтың, байлықтың, берекенің айы дейді. Иә, қырман басы тазаланып, бау-бақша жиналып, құс базары тарқайтын кез. Түнерген табиғаттың, қоңыр салқын ауа райының, көтеріңкі көңіл-күйде Сыр елі елорданың 25 жылдығына орай Астанаға тарту ретінде жаз бойы жиып-терген өнімдерімен жәрмеңке ұйымдастырды.
– Жәрмеңкеге аймақ диқандары мен тауар өндірушілері үлкен дайындықпен келді. Жалпы жәрмеңкеде 7 ауданнан 60-қа жуық облыс кәсіпкері 40 жүк көлігімен 160 млн теңгенің 450 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдерін астаналықтарға ұсынуда.Нақтырақ айтсақ, өңіріміздің басты тауары күріштен 130 тоннадан астам, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері, 30 тоннадай көкөніс пен жеміс-жидек, 230 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 10 тоннадай сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық сөк, талқан және кондитер өнімдерін жеткіздік. Ауа райының салқындығына қарамастан жәрмеңке жоғары деңгейде өтіп жатыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Екі күнге жалғасқан жәрмеңкеде Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық танытқан астаналықтардың қарасы қалың болды. Әрине әсіресе қала тұрғындарының өзімізде өсірілген сапасы жоғары, экологиялық жағынан таза, бағасы қолжетімді өнімдерге жиі қолы жете бермейтіні белгілі ғой. Тұрғындардың көпшілігі Сыр салысын қап-қаптап сатып алып жатса, енді бірі жаңадариялық қауын-қарбызға тәнті болуда. Әсіресе Жалағаш ауданының күріші мен қауын-қарбызына сұраныс жоғары болды. Шыны керек, жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы тауарларының бірнеше түрі қойылған, барлығының да бағасы қолжетімді, яғни нарық бағасынан айтарлықтай төмен.
– Біз жыл сайын Қызылорданың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін асыға күтеміз. Сыр өңірінің басты бренді – күріш пен балығын, тұзды мал етін, қауын-қарбызын алуға асығамыз. Биыл да осы жәрмеңкеден қалмауға тырысып, таң атысымен таңғы асымызды ішер-ішпестен отбасымызбен жәрмеңкеге келіп қалдық. Ерте келдік пе десем, халықтың көпшілігі осында екен, тіпті көптеген сауда сөрелері босап та үлгеріпті. Күріш, қауын-қарбыз, балық, ет, тұздан бөлек картоп пен пияз, құрт-май алдық. Бәрі қолжетімді, өте арзан бағада, сапасы да жоғары. Биыл Қызылорда облысына 85 жыл толыпты, Сыр елін мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын. Қызылордалықтар – еңбекке бейім, бау-бақша өнімдерін егуге машықтанған халық. Сондықтан болар, Сыр елінің жәрмеңкесін асыға күтетініміз. Сонау Қызылордадан Астанаға келіп, осындай жәрмеңке ұйымдастырған Сыр еліне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді астаналық Нұрғиса Мырзатай.
Жәрмеңке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, керемет көңіл-күйде өтті. Іс-шарада аймақта өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы көрме де ұйымдастырылса, елордалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама да қойылды.
– Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді деген хабарды әлеуметтік желіден көргеннен бастап бұл сәтті күн санап күттім. Жәрмеңке кеше басталыпты, бірақ бірінші күні жолым түспей, жәрмеңкенің екінші күніне үлгеріп, келіп тұрған жайым бар. Біраз өнімдер сатылып кеткен секілді, десе де күріш, мал етінен молынан әкелген-ау, таңдау мүмкіндігі көп. Жасыратыны жоқ, бізде жоқ тауарлар осы кісілерден табылады. Бағасы да қолжетімді. Сырдың дәмін алыста жүріп, аңсайтынымыз да рас. Өйткені өзімнің балалық шағым Жалағашта өткен. Ерте келіп күріш пен қауын-қарбыздан, ет пен құрт-ірімшікті барынша көп мөлшерде алдым. Жалағаштың қауын-қарбызын айтсаңызшы, бал татып тұрады ғой. Жалағаштағы Жаңадария деген ауылда өсетін бұл қауындар бізде танымал. Жаңадарияның қауын-қарбызы десең, дәм татқысы келетіндер көбейеді. Бүгін күн түнеріп, суық болғанымен, жәрмеңкедегі көңіліміз көтеріңкі, Сыр еліне алғыс айтамын, – дейді қала тұрғыны Гауһар Сейтжанова.
Иә, ауданымыз үшін маңызды науқан күзгі жиын-терім жұмыстары қыркүйекте басталды. Бүгінде еңбек адамдары жаз бойы күтіп-баптаған өнімдерін ысырапсыз жинап алу үшін тер төгуде.
Айта кетейік, биыл ауданда 37079 гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек бидай 750 гектарға, қант құмайы 70 гектарға, арпа 70 гектарға, соя 64 гектарға, мақсары 520 гектарға, сүрлемдік жүгері 700 гектарға, сұлы 5 гектарға, жаңа жоңышқа 4 850 гектарға егіліп, 7 200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Сондай-ақ картоп 646 гектарға, көкөніс 1 108 гектарға және басқа да бақша өнімдері 1 296 гектарға егілді.
Қуантарлығы, биыл ауданда тұрғындардың бақша салуына 500 гектар жер дайындалып, үлестірілген. Дайындалған 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған болатын. Бүгінде олар қауын-қарбызын сабағынан үзіп, бірнеше бақша өнімдерін саудаға да шығаруда. Бұл жұмыстарды келер жылы да жалғастыру жоспарда бар. Әрине бұл бір жағынан қарапайым халықтың қыстық азығын қамдап алуына үлкен мүмкіндік болып отыр.
Міне, тынымсыз тірлік пен еселі еңбектің арқасында қызылордалық шаруалар береке мен бірліктің туын тігіп, ерке Есілге Сырдың сәлемін жолдап қайтты.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!