Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың иесі Алла. Ол біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін де ескертеді. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар деген. Расымен әр адамның істеген ізгі амалы өзіне пайда береді деген.
Жалпы мұсылманның шынайы болмысы – біреуге қолыңмен де, тіліңмен де зиян келтірмеу. Кісі ақысын жемеу мұсылманның кемелдігінің, көркем мінезділігінің белгісі. Бұл туралы асыл дінімізде де толық айтылған. Адамдардың бас бостандығына, дүние-мүлкіне, ар-намысына қол сұғу дінімізде харам. Бұлар – адамдардың қол сұғуға болмайтын жеке басының құқығы. Мұсылман басқаларының құқығына құрмет көрсетіп, жұртқа зиянды іс-әрекеттерден аулақ болуға міндетті. Нағыз мұсылман болудың шарттарының бірі де осы. Адамзаттың асылы ардақты Пайғамбарымыз былай деген: «Өзге мұсылмандар қолы мен тілінен жәбір көрмеген адам нағыз мұсылман» деген. Тарқатып айтсақ, нағыз мұсылман адам өзгеге зиян тигізуден бойын аулақ ұстайтын, керісінше басқа мұсылман бауырына көмек қолын созуға дайын тұратын, әрқашан мейірім мен кеңпейілділікті, ізеттілік пен бауырмалдылықты қағида етіп ұстанады. Басқаларға жәрдем ету, жылы сөйлеп, жылы шырай таныту, кедейлерге жәрдем ету, ешкімі жоқтарға қамқорлық көрсету, құлағанды сүйеп, адасқандарға жол көрсету – дініміздің әмірі, көркем мінез-құлықтың көрінісі. Үлкендерге құрмет көрсетіп, кішіден ізет күту де асыл дінімізде бар және қазақ менталитетінде де көрініс табатын тектілік қасиет. Ата-анамызға, үлкен-кіші бауырларымызға қамқор болу, адамгершілік қағидасы, парасаттылықтың белгісін үнемі жадымыздан шығармау да нағыз мұсылманға тән қасиет.
Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Бір мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық өкпелеуі халал емес» деген. Ұзақ уақыт өкпе, кек сақтаған адам да үлкен бір күнә жасайтынын ескерткен екен. Бұл турасында да «Бір кісі мұсылман бауырына бір жыл бойы өкпелесе, оның қанын төккендей күнә істеген болып табылады» деп айтылады. Бір мұсылманға ренжіген емес, тіпті ренжіскендердің өзін татуластыруға тырысу керек. Екі мұсылманның бір-біріне ренжіп жүргенін көрген жан олардың арасын жарастыруға, татуластыруға міндетті. «Садақаның ең жақсысы – араздасқандарды татуластыру» деген Алла Елшісі араздасқандардың арасын жарастыруды қайырлы іс дейді. Үйге келген мұсылман кісіні, қонақты жылы шыраймен күтіп алу, қарсы алу, барынша қонақжай болу, жақсылап шығарып салу да кемелділіктің көрінісі. Өзгенің кінәсін іздеп қазбалау, жамандығын іздеп бетіне басу, мұсылманның абыройын түсіру, кемшілігін жасырудың орнына ел-жұртқа жария ету нағыз мұсылманға жат қылық болып саналады. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): – Үш тамаша мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді, – дейді.
– Ол қандай мінез? – деп сұрағанда:
– Өзіңе бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір, – деп жауап береді.
Осы тұста кісі ақысы дегенді де айта кеткен жөн. Кісі ақысына кіру бір мұсылманның артынан ғайбат айту, өтірік, жалған сөздермен оны төмендету, бір адамның орынсыз өлтірілуі, мал-мүлкіне қол сұғу, ар-намысына тиіп, қорлау сынды әрекеттерден тұрады. Сондықтан мұсылман дін бауырластарына жақсы нәрсе ойлап, өзі үшін қалаған жақсылықты оларға да тілеп, өзіне ұнамайтын жамандықты басқаларға да лайық көрмейді.
Мына бір мысалға зер салсақ, жасаған игі амалымыздың бәрі өзімізге қайыр әкелетінін түсінеміз. Сонымен ертеректе бір мұсылмандардан болған Ләйс ибн Сағд деген кісі бал сатумен айналысқан екен. Бір күні оның кемесі жағаға келіп тоқтайды. Кемеде үлкен бөшкелерге құйылған бал болатын. Осы мезгілде кішкентай ыдысын ұстаған күйде бір қарт әжей Ләйс ибн Сағдқа келіп, оған бал құйып беруін өтінді. Алайда Ләйс ибн Сағд бал беруден бас тартады. Әлгі әжей өз жөніне кетісімен Ләйс ибн Сағд өзінің көмекшісіне оның мекен-жайын анықтап, бір бөшке балды үйіне апарып беруді тапсырады. Оның бұл ісіне таңырқаған көмекшісі:
– Ол кейуана сізден кішкентай ыдысына шамалы мөлшерде бал құйып беруін сұрағанда оның бетін қайтарып, енді қазір балды бөшкесімен үйіне апарып бер дейсіз! Бұныңыз қалай?
Көмекшісінің сауалына Ләйс ибн Сағд:
– Әлгі әжей шамасына қарай сұраған болатын, ал мен оған өз шамама қарай бергелі жатырмын. Әрбір садақа жасаушы адам өзінің берген садақасы пақырдың қолына тимей тұрып, Алланың құзырына жететіндігіне сенімі кәміл болған жағдайда садақаны алушыдан қарағанда оны беруші әлдеқайда ләззатын көбірек сезінетін еді, – деп жауап қатқан екен.
Түсінгеніміздей, бұл жерде бал сатушы әрбір игі істі жасарда Алланы еске алып, оның разылығын іздеп, ниеті мен ықыласы түзу болғанда ғана өзі жасаған жақсы амалының қайырын көре алатынын меңзейді. Түптеп келгенде ешкімге зиян тигізбеу, керісінше мұсылманның хақысын естен шығармау керек. Шынайы мұсылманға тән барлық мінез-құлық, жүріс-тұрыс, көркем мінез кісі бойынан көрініс тапқанда ғана кемелділікке жете алады.
Айбек МӘДИЕВ,
«Иманқұл» мешітінің
бас имамы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!