Ғалымдар он екі мүшесі сау адамға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың бойында қандай да бір кәсіпті бастауға қабілет пен құштарлық басым болатынын жиі айтады. Ол рас, қазіргі таңда ортамызда бастаған ісін одан әрі дөңгелентіп, заман талабына сай тұрғындарға сапалы қызмет етіп жүрген жандар да жоқ емес. Сондай еңбекқор жандардың бірі – Боранбай Ұзақбайұлы.
Кейіпкеріміз мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамнан қалыс қалмай, шама-шарқынша еңбектен қол үзбей, маңдай терімен адал асын табуда. Біз бен тебенін жанына серік еткен кейіпкеріміз 2015 жылы бір туысының шақыртуымен осы салаға келіп, аяқ киім жөндеудің қыр-сырын үйренген. Сол жылдан бастап өз қаржысына шағын дүңгіршек жалға алып, аяқ киім жөндейтін шеберхана ашқан, шебердің берекелі кәсібі, өмірге құштарлығы өзгелерге үлгі.
– Үйде бос қарап жатқанды ұнатпаймын. Бала күннен ата-анамыз еңбекқорлыққа үйреткендіктен болар, қандай да бір іспен шұғылданып, әр күнімді пайдалы өткізгенді жақсы көремін. Кез келген кәсіптің қиындығы бар. Десек те қазіргі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Жаз мезгіліне қарағанда қыс айларында келетін тұрақты келушілерімнің қатары көп. Себебі бірі тағасын, екіншісі сырмасын жаңартып беруімді сұраса, енді бірі етіктің жыртығын жамату үшін келеді, – дейді ол.
Кейіпкеріміз бала күнінен пысық, еңбекқор. Бірде анасымен 3 сыныпта оқып жүріп, нағашыларының ауылына қыдырып барады. Сол ауылда жүргенде анасы көрші үйге нанға жұмсаған кейіпкерімізді дәу қара ит тап беріп талаған. Сол күннен бері түсі суық, азулы иттен қатты қорыққан кейіпкеріміз есту және сөйлеу қабілетінен айырылған. Ем іздеп бірнеше білікті дәрігерге қаралса да өкінішке орай еш нәтиже шықпаған. Уақыт өте келе кейіпкеріміз 15 жастан зейнет жасына дейін ауылдағы «Сәрке батыр» совхозында күрішші болып еңбек етіп, дала дарабозы атанған. Ол жыл сайын «Озат күрішші» атанып, бағалы сыйлықтар мен қаржылай сыйақыларға ие болған.
Оқырмандар тарапынан «Кейіпкерімізбен қалай тілдесті?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл тұста бізге келіні Жанардың үлкен көмегі тиді.
– Атам таңсәріден ерте тұрып, жұмысына асығып, үйге кеш батқанда келеді. Қол қусырып үйде отырғанды мүлде ұнатпайды. Кейде демалыста үйде болғанда демалмай, үй шаруасымен айналысып, бәріне көмектесіп жүреді. «Үйде отырсам ауыра беремін, одан әлім барда еңбек етейін» дейді. Кешкісін жұмыстан келерде күні бойы тапқан табысына немерелеріне тәтті әкеліп, оларды қуантқанды жақсы көреді. Бірді екі етіп, екінің бірінің қолынан келмейтін кәсіпті дөңгелентіп отырған атамның еңбекқорлығы, ұқыптылығы «жасайтын жұмыс жоқ» деп жүрген жастарға үлгі деп ойлаймын, – дейді келіні Жанар Құрманғазықызы.
Кейіпкеріміздің жары Маржан да туабітті сөйлеу қабілетінен айырылған. Ол Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар мектебінде тоқыма тоқу мен көрпеше көктеу кәсібі бойынша білім алған. Жүрекпен тілдескен жандар бүгінде киелі қара шаңырақтың тұтқасын 45 жыл бойы бірге ұстап, ұл-қызынан тараған 8 немере, 3 шөберенің ардақты ата-әжесі, арқа сүйер алып бәйтерегі болып отыр.
– Боранбай ағайға бұрыннан жиі келушілердің қатарынанмын. Қазіргі аяқ киімдердің көбі сапасыз. Бір жыл киген соң етіктің сырмасы немесе табаны түсіп, жаңбырлы күндері аяқ киімдеріміздің жаны ашылып жатады. Сондай сәттерде ағайдың дүңгіршегіне барып, етігіміздің жанын тіктіріп аламыз. Боранбай аға өз жұмысын бар ынта-жігерімен, ыждағаттылықпен жасайды. Бір рет тіктірген аяқ киімді қайта тіктіруге әкелген емеспін. Бұл әрине сапалы жұмыстың нәтижесі деп білемін, – дейді кент тұрғыны Әйгерім Жаппарқызы.
Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында еш мойымаған кейіпкеріміз бейнетінің зейнетін көретін шақта да демалыссыз аяқ киім жөндеу мен тігу шеберханасында тұрғындардың сұранысына сай сапалы қызмет етіп, халықтың алғысын алуда. Тағдырдың тауқыметіне ұшыраса да меселі қайтпаған кейіпкеріміздің жары Маржанмен бірге кездескен қиыншылықтарға мойымағаны, алға нық сеніммен қарап, өлшеусіз еткен еңбегі жастарға өнеге.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!