Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 12:07

Георгий Цой:
Қазақтың достыққа адалдығын үлгі тұтамын

29.04.2023

169

0

Кең байтақ жеріндей көңілі кең қазақ елі сантүрлі этнос өкілдерін қиын-қыстау кезеңдерде бауырына басты. Келбеті басқа болса да, тілегі бір отандастарымыз бүгінде ұлтқа бөлінбей, береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Иә, бір шаңырақ астында татулықты ту еткен ұлттар ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлықтай. Өйткені өзге ұлт өкілдері тек қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қазақ жерінде қалыптасқан әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді меңгеріп, күнделікті өміріне енгізген. Тіпті олардың арасында қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласып, қыз алысып, қыз берісіп құда болып отырғандары да бар.

Жалпы, қазіргі таңда өңірде 13 ұлт өкілі, яғни 230 жалағаштық тату-тәтті өмір сүріп, тір­шілік етіп жатыр.Кейде біз қонақжай әрі көпұлтты елміз деп мақтанғанымызбен, бізбен біте қайнасып өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің өмірі жайлы аса көп біле бермейміз. Осы орайда сөз еткелі отырған кейіпкеріміз кәріс ұлты болға­нымен жүрегі де, тілегі де, тілі де қазақ деп сайрап тұр.
Күнде таңғы сағат 8.00-де көше бойы­нан қол ұстасқан қос егде жаяу жүр­гіншіні кездестіремін. «Ассалау­маға­лей­кум» деп дауыстап амандасып, сәл кідіріп хал-жағдай сұрасамыз. Қарт кісінің «Рахмет балам, өркенің өссін» деген жылы сөзі сол күнгі көңіл-күйіңнің көтеріңкі болуына сеп болады десем, артық айтқаным емес. Иә, бұл кісілердің көршілерімен жылы қарым-қатынасы көпшілікке үлгі.
Әңгімеге арқау болған кісілер – кент тұрғындары Георгий Цой мен жұбайы Тамара Лим. Есімдері Жалағаш жұртына жақсы таныс. Георгий ақ­са­қалдың айтуынша, жолдасы екеуі таңертең ерте тұрып, таза ауамен се­руен­дегенді әдетке айналдырған. «Апаң­ның көңіл-күйі көтеріңкі болса, кеш­құрым серуендеуге шығамыз» деп әзілдейді ақсақал.
Өткен ғасырдың 50-шы жылдары өмірге келген Георгий Цойдың са­налы өмірі осы туған жерінде өтуде. Кенттегі қазіргі №31 мектепте орта білім алып, кейін Қызылорда қала­сындағы инже­нерлік училищені тә­мамдайды. Бір қы­зығы, өзінің аяулы жарымен осы оқу ор­нының табал­дырығында танысады. Тамара апай – Ташкент қала­сының ту­масы. Отау құрғанына 53 жыл болған өне­гелі отбасы 5 ба­ла­сынан бүгінде 10 немере сүйіп отыр. Балаларының барлығы жақсы білім алып, абыройлы қызмет етуде.
Екеуі де – ауданның дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамы. Геор­гий Цой аудан орталығындағы “ПМК-17” мекемесінде механик болып ең­­бек етіп, сол жақтан зейнет­кер­лікке шы­ғады. Жұбайы Тамара авто­вок­залда кадр жөніндегі инспек­тор ретінде абыройлы қызмет атқарды.
– Ата-анам да, мен де осы киелі Жалағаш ауданында туып-өстік. Ара­ла­сатын дос-жарандардың, көршіле­ріміздің бәрі – қазақ отбасылары, шүкір, әлі күнге тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Өзге ұлт деп жат­сын­бай, қандай мереке немесе той болсын бір-бі­рі­мізді құт­тықтау, бірге атап өту әуел­ден қа­лып­тасқан. Өзіңіз байқап тұр­ған­дай, қазақ тіліне судаймын. Қазақ тілінде еркін сөйлесуіме ара­лас­қан ортам көмектесті. Біз – қазақ еліне жер аударылып келген кәріс­тер­дің ұрпағымыз. Біздің ата-бабамыз осы Қазақстанды паналады. Өз бауы­рын­дай қарсы алған қазақ халқына ата-бабаларымыздың алғысы шексіз еді, – дейді Георгий Цой.
Қазақтың тілін ғана емес, салт-дәс­түрлерін де жақсы білетін Та­ма­ра апайымыз қазақ елінде тұрып, қа­зақтың әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды. Сондай-ақ ол қазақ­тың ұлт­тық тағам­дарын да дәмді әзір­лей­тінін айтады. Ерекше ұнататыны бауырсақ пен беш­бармақты сүйсініп жейді екен.
Иә, өткен ғасырдың 30-жылда­рында корей халқының басына қандай ауыр тауқымет түскенін кейінгі ұрпақ та­рихтан білеміз. Корей ұлтының 100 мыңға жуық өкілі қақаған қыста жүк вагондарымен айдалаға жер ауда­ры­лып келгенде, қазақ халқы оларды бө­лексінбей бауырына басып, қиын-қыстау заманда көмек қолын созды. Осындай қиын-қыстау заманды бір­ге өткерген қазақ елінің ұлтқа бө­лінбей, достығы мен ынтымағы жа­ра­сып өмір сүруі, бейбітшіліктің қадірін түсініп, қастерлеуінде деп білемін.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: