Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 09:28

Халық саулығы басты назарда

13.05.2023

295

0

Медицина саласындағы басты мақсат Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Халық үшін де ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Облыс экономикасын қарқынды дамытуда біздің аудан да шет қалып отырған жоқ. Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы аудандағы ақ халатты абзал жандардың да еңбегі зор.

Қазіргі таңда аудан көлемінде ор­талық аурухана, аудандық емхана, 12 амбулатория, 2 фельдшерлік-аку­шерлік бекет және 2 медициналық бекет халыққа қызмет етеді. «Дені сау ұлт әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» мем­­лекеттік бағдарламасы аясында Жалағаш ауданының денсаулық сақ­тау саласында медициналық қыз­метті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолже­тімді медицинамен қамтамасыз ету, про­филактикалық медицинаны дамы­ту, аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы медициналық көмекті же­тіл­­діру, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіліп ке­леді. Жалпы биылғы жылы соңғы үш айда аурушаңдық төрт мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда алғаш тіркелген аурушаңдық деңгейінен жоға­рылаған. Ең көп кездесетін жағдай­лардың алғашқысы жүйке жүйесінің аурулары болса, екінші сүйек-бұл­шықет жүйесінің аурулары, одан соң тыныс алу жүйесінің аурулары тұр.
Аурушаңдық өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоғарыласа, ал туу көрсеткіші керісінше биыл тө­мендеген. Өткен жылдың есепті ке­зеңінде 192 бала дүниеге келсе, биылғы жылы осы мерзімде 172 сәби жарық дүние есігін ашқан. Ал сәби өлімі өткен жылы 2-еу болса, биыл 1 жағдай тір­келген. Жалпы, өлім-жітімге келер бол­сақ, былтыр 46 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 6 жағдайға азайып отыр.
Суицид бойынша биылғы жыл басынан бері өз-өзіне қол жұмсау дерегімен 6 жағдай тіркеліп, оның 5-еуі аяқталмаған. Өткен жылы суицид әрекетімен 2 жағдай тіркелген. Бұл ретте аудандық ауруханада бірнеше психолог, әлеуметтік қызметкер жұмыс істеп отыр.
Мамандар күйзелістің алдын алу тақырыбында халық арасында сани­тарлық-ағарту жұмыстарын күшейтуде. Бұл жұмыстардың ішінде халық ара­сында өткізілген акция, семинар, тренингтер бар. Айта кету керек, өз-өзіне қол жұмсау дерегіне барған жандармен және жалпы тұрғындардың арасында ұйымдастырылатын мұндай шаралар барысында медицина ма­ман­дары тарапынан толықтай түсін­дірме жұмыстары жүргізіледі. Адам өмірінің қаншалықты қымбат екені, кез­дескен сәтсіз жағдайлар мен қиын­дықты еңсерудің жолы – өз өмірі­мен қоштасумен шешілмейтінін және жасөспірімдер арасындағы суи­цид­тің ата-аналарға қалай әсер ете­тіні талқыланады. Ерік-жігердің күшті бо­луы, кездескен қиындыққа қарсы тө­теп бере алатын рухани, мораль­дық потенциал және ашықтық бұл етене жақын қарым қатынастан туын­дай­ды. Сондықтан да ата-аналар әсіре­се жасөспірім балаларымен өте тығыз байланыста болып, ұдайы бақы­лап отыруы керек. Сонда томаға тұйық­тық­тыққа салынған балаларды қиын жағ­дайдан алып шығуға мүмкіндік ту­мақ. Бұл да психолог мамандардың ха­лыққа айтар кеңестерінің бірі.
Жалпы аталған саланы да­мыту, аудандағы медицинаның сапа­сын арт­тыру бағытында алға қойыл­ған мақсатты жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, ана мен бала және ұрпақ­ты болу жасындағы әйелдер­­дің ден­саулығын қорғау жұмы­сын жан­дандыру, ана мен балаға көр­се­­­тілетін ме­­ди­циналық көмектің сапасын арттыру мақ­сатында енгізілген «Эффективті перинаталды технологиясы» және БШАЫЕ бағдарламалары әрі қарай жалғастыру, пилоттық патронаждық қызметтің жұмысын жандандыру, сәби өлімін болдырмау және алдын алуға бағытталған қысқа мерзімді жоспармен жұмыс жасау, емдеу-диагностикалық жұмыстарын халықаралық стандарт­тарға сәйкестендіру мақсатында аудан бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру және мастер-класс тәжірибесін тиімді пай­далану, емдеу және алдын алу ұйым­да­рының материалдық-тех­ни­калық ба­засын нығайту, аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапа­сын арттыру, аурудың алдын алу шараларын жүргізу, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау жұмыстарын жалғастыру, цифрлы Қа­зақстан бағытында мекеме жұ­мы­сын толығымен біріктірілген ақпарат­тандыру жүйесіне енгізу арқылы қа­ғазсыз мекеме принципімен жұ­мыс жасауды жандандыру және МӘМС жүйесі бойынша халықты ақпарат­тандыру жұмыстарын жандандыру жұмыстары жолға қойылмақ.
Иә, медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, осылайша қоғам дамиды. Дамыған елдердің тәжірибелерін мең­геру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жыл­дары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емха­наларға заманауи аппараттар үлес­тірілуде. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің ден­сау­лығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: