Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Бейсенбі, 28 наурыз, 18:38

Кәсіпкерлік саласы дамыса, жұмыссыздық деңгейі төмендейді

05.12.2022

1229

0

Кәсіпкерлік саласы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың рейтингісіне әсері зор. Оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін, кәсіпкерлік саласының дамуына аса мән беріп, тиісті салықтық және статистикалық есептіліктерді уақытылы тапсыру қажет. Ауданда аталған сала бойынша атқарылған жұмыстарды саралаған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлы осылай деді.

2022 жылдың 10 айында аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3023 бірлікті құраған. Оның ішінде 2 845 субъектісі немесе 94,1 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Ал, тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 178-ге жетіп отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  120,2 пайызға  орындалған.

Ағымдағы жылдың басымен салыстырғанда жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 469 бірлікке, ал, жұмыс жасап тұрғандар саны 489 бірлікке көбейген. Облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің халық санына шаққандағы үлесін 9 пайызға жеткізу туралы хаттамалық тапсырма берген болатын. Бұл ретте, төмен көрсеткіш көрсеткен ауылдық округтер бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін халық санына шаққанда 9 пайызға жеткізу бағытындағы іс-шаралар жоспары аудан әкімінің орынбасарымен бекітіліп, ауылдық округ әкімдеріне беріліпті. 

Қазіргі таңда аталған көрсеткіш Жалағаш кенті, Жаңадария және Таң ауылдық округтерінде орындалған. Ал қалған ауылдық округтер бойынша, яғни Аққұм, Аққыр, Ақсу, Аламесек, Бұқарбай батыр, Еңбек, Жаңаталап, Қаракеткен, Мақпалкөл, Мәдениет, Мырзабай ахун, М.Шәменов ауылдық округтерінде кәсіпкерлік субъектілерінің халық санына шаққандағы үлесі 9 пайыздан төмен деңгейде екен. Ғабит Ерболұлы аймақ басшысының тиісті тапсырамының орындалмауы ауданның кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштеріне  кері әсерін тигізетінін айтады.

Ағымдағы жылдың ақпан айында 2022 жылы аудан бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары» бекітілген болатын. Осының негізінде кент және ауылдық округтерге 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін орындалуы қажетті арнайы жоспар да берілген. Іс-шаралар жоспарының 2 тармағына сәйкес, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін 95 пайызға жеткізу туралы тапсырма берілген болатын. Қазіргі таңда, ағымдағы жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша аталған көрсеткіш Аққұм, Аққыр, Аламесек, Бұқарбай батыр, Жаңаталап, Қаракеткен, Мақпалкөл, Мырзабай ахун, Таң және М.Шәменов ауылдық округтерінде 95 пайыздан жоғары орындалса,  қалған кент, ауылдық округтер бойынша төмен деңгейде орындалып отыр. Атап айтқанда, Жалағаш кентінде 127 кәсіпкер, Мәдениет ауылында 11 кәсіпкер, Ақсу ауылында 9 кәсіпкер, Еңбек ауылында 4 кәсіпкер, Жаңадария ауылында 4 кәсіпкер кәсіпкерліктерін тоқтатып қойған. Бөлім басшысы аталған көрсеткіштің жыл аяғына дейін орындалмай қалу қаупі жоғары екенін жасырмады. Сондықтан ол тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің санын азайту арқылы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілердің үлесін арттыру қажет деп есептейді.

Іс-шаралар жоспарының 3 тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың аяғына дейін кент және ауылдық округтерге халық санына байланысты, жаңадан 450 кәсіпкерлік субъектісінің тіркелуін қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Ағымдағы жылдың 10 айында мемлекеттік кірістер басқамасының мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 730 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, 535 кәсіпкер жеке кәсіпкерлігін жапқан. Ашылған кәсіпкерлердің саны жабылғандардың санынан басым болып, он айдың ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде өсім байқалып отыр. Десе де, Аққыр, Аламесек, Еңбек, Жаңадария, Жаңаталап және М.Шәменов ауылдық округтерінде көрсеткіш керісінше, яғни жабылғандардың саны көп. Бұл өз кезегінде ауданның кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштеріне  кері әсерін тигізуде.

Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы  2022 жылдың  1 қарашасына дейін 20 млрд 436 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 2,1 есе жоғары орындалып отыр. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8 млрд 489 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,6 пайызға жоғары орындалды.

Сонымен қатар, аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі 10 айда 2 млрд 394,2 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  102,4 пайызға орындалып отыр. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2022 жылдың 10 айында 7 млрд 205 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,5 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың қорытындысымен бюджет қаражаты есебінен 2 млрд 180,8 млн теңге және меншікті қаражат есебінен 8 млрд 219,2 млн теңгеге жалпы көлемі 10 млрд 400 млн теңгеге инвестиция тарту жоспарлануда. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бойынша жыл басынан 428 жоба 2 млрд 775 млн теңгеге қаржыландырылып, 435 жаңа жұмыс орны ашылды. Қаржыландырылған жобалардың ішінде ең төмен орындаған Аққыр ауылдық округінде 1 жоба, Жаңаталап, М.Шәменов ауылдық округтерінде 2 жобадан орындалған.

2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық құнын субсидиялау бағыты бойынша 19 жоба 1140 млн теңгеге және мемлекеттік грант беру бағдарламасы бойынша 300 жоба 368 млн теңгеге қаржыландырылған. Ал «Атамекен Қызылорда» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 23 жоба 88,9 млн теңгеге қаржыландырылды.

«Агро Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалының жеке қаражаты есебінен 35 жоба 256,1 млн теңгеге қаржыландырылған. Сондай-ақ «Қызылорда» Өңірлік инвестциялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 19 жоба 78,1 млн теңгеге қаржылай қолдауға ие болыпты. Мұнан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 14 жоба 334 млн теңгеге, «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 8 жоба 324 млн теңгеге қаржыландырылған. «Каз Агро Қаржы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы аудандағы 10 шаруа қожалық 186 млн теңгеге қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы техникалары лизингке алынған.

Ғабит Ерболұлы қазіргі таңда, 401,4 млн. теңгеңнің 34 жобасы микроқаржы ұйымдарымен екінші деңгейлі банктердің қарауына ұсынылғанын айтады. Демек, жалағашта кәсіпкерлікті дамыту бағытында әлі де жарқын жобалар жүзеге асады деген сөз. 

Бүгінде «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» Несие Серіктестігі» ЖШС арқылы 375,4 млн теңгені құрайтын 27 жоба, «Агро Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалында мал шаруашылғын дамыту бағытында жалпы құны 26,0 млн теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асқан. Ал жыл басынан бері аудан бойынша 833 млн теңгенің 22 жобасы іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылған. Тарқатып айтсақ, жеке кәсіпкер Н.Абилкановтың жиһаз құрастыру цехы іске қосылған. Жобаның жалпы құны 10 млн теңгені құрайды. Жарқын жобаның нәтижесінде 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туған.

Жеке кәсіпкер Н.Ғабиденқызының да жеке балабақшасы өз жұмысын бастаған. Жобаның жалпы құны 75 млн теңгені құра       йды. Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйым 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жеке кәсіпкер Р.Керейтбайдың күріш қалдығынан мал азығын дайындау цехы да жоғары да айтып өткен 22 жобаның қатарында бар. Бұл жобаның жалпы құны 10 млн теңгені құрайды. Кәсіпкер бүгінде өз ісін өрістету арқылы 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жеке кәсіпкер К.Жылбектің жүннен жасалған бұйымдар шығару цехы да биыл жұмысын бастады. Кәсіпорында көрпе, көрпеше сынды басқа да тұрмыстық бұйымдар дайындалады. Жобаның жалпы құны 5 млн теңгені құрап отыр. Дәл осы жобаның іске қосылуының арқасында 1 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туған. Сондай-ақ биыл іске қосылған жеке кәсіпкер Д.Тілемісовтың пластикалық есік терезе және жалюз құрастыру цехы да өз өнімін тұтынушыларына ұсынуда. Бұл жобаның жалпы құны 6 млн теңгені құрайды. Шағын цехты іске қосу арқылы 2 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды.

Жеке кәсіпкер О.Ильясовтың бетон бұйымдарын өндіру цехы да биыл жұмысын бастаған. Жобаның жалпы құны 5 млн теңгені құрап отыр. Іскер азамат дәл осы жобаны іске қосу арқыл 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Биыл өз жобасын жүзеге асырған жеке кәсіпкерлер қатарында Р.Серитханов та бар. Ол ауданнан көлік жуу орталығын ашты. Жобаның жалпы құны 15 млн теңгені құраған. Аталған орталық арқылы бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Мұнан бөлек жеке кәсіпкер Н.Алтынбек те ауданнан кілем жуу орталығын ашты. Жұмысын бастай салып, ісі алға басқан кәсіпорын бүгінде аудан халқының қажетіне жарап тұр. Іскер азамат бұл жобаны бастауға жалпы құны 5 млн теңге қаражат құйған. Бүгінде шағын цех 2 адамды жұмыспен қамтып отыр екен.

Жеке кәсіпкер А.Әмірғалиева да биыл өз жобасын жүзеге асырды. Ол ауданнан жеке балабақша ашып, өз ісін өрістетіп отыр, екінші кезекте бала тәрбиесіне де басымдық береді. Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыруға жалпы құны 10 млн теңге қаражат құйған. Іскер азамат қазіргі таңда 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Міне, біздің кәсіпкерлік саласы дамыса, жұмыссыздықты да тұсауға мүмкіндік туады дейтініміз сондықтан. Бір сөзбен айтқанда, екі жеп, биге шығуға болады.

Жеке кәсіпкер С.Шайхыслам да биыл кәсіп ашып, өз ісін өрістеткен. Ол ауданнан печенье өндіру цехын іске қосыпты. Жобаның жалпы құны 6 млн теңгені құрайды. Іскер азамат қазіргі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал тағы бір жеке кәсіпкер М.Әбіловтың эковата өндіру цехы да бүгінде аймақтың құрылыс сапасына оң әсерін тигізуде. Жобаның жалпы құны 10 млн теңгені құрайды. Аталған кәсіпорын іске қосылғалы 3 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туған.

Иә, аймақта құрылыс қарқын алуда. Тіпті тұрғын үйлер үшін де  кейінгі жаңалық кеңінен қолданысқа еніп, уақыт талабынан қалыс қалар емес. Дәлірек айтсақ, қазір бұл салада экономикалық әрі экологиялық жағынан тиімді өнімдерге сұраныс артқан.

Жалағаштық кәсіпкер Мұрат Әбілов те алғашқыда құрылысқа қажетті өнімдерді тұтынушы ретінде пайдаланып жүрді. Құрылыс тауарларына деген сұраныстың жоғары екенін аңғарған ол өзі де салаға қажетті өнім шығаратын кәсіпорын ашуға бел буады.

Жалпы құрылысқа қажетті материалдарға сұраныс ұлғайған сайын  тауардың түрі де көбейе түсетіні айтпаса да белгілі. Соның бірі – «ЕКОВАТА» құрылыс материалы. Бастысы, бұл – экологиялық тұрғыдан тиімді өнім. Салмағы жеңіл, сапасы мықты. Бағасы да қолжетімді.

Тұтынушылардың айтуынша, бұл тауардың тағы бір ерекшелігі, құрт-құмырсқа жоламайтын көрінеді. Бір жағынан ыстық пен суыққа бірдей төзімді. Қазір құрылыс нысандары мен қарапайым тұрғын үйлердің қабырғасын қаптауға және төбесін жабуға осы материал көбірек қолданыла бастады. Бұл өнімнің қыс мезгілінде үйдің жылы болуына үлкен септігі бар екен.

– Бастапқыда қызығушылықпен қарап, құрылыс материалының құрамына, сапасына мән бердім. Байқасам, біздің өңірден басқа жерлерде кеңінен қолданады. Өнім сапасы көңілімнен шыққан соң материалдың дайындалу технологиясын үйренуге ден қойдым. Бұл арада 3-4 жылдай уақыт өтті. Осыдан кейін аудандағы кәсіпкерлік және туризм бөлімі арқылы 2 млн теңге грант иеленіп, жұмысты бастадық. Ресейден арнайы тапсырыспен цех құрылғыларын сатып алдық. Цехтың қуаттылығы күніне 6 тонна өнім дайындауға бейімделген. Сондай-ақ бұл кәсіптің экономикалық тиімділігі қағаз қалдықтарын қайта өңдеу технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде «ЕКОВАТА» өндірісінде 2 адам еңбек етеді. Бұдан бөлек пластикалық материалдан есік-терезе дайындаумен айналысып келеміз. Бұл жобамыз да тұрғындар сұранысын қанағаттандырып отыр. Қазір  5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, – дейді кәсіпкер.

Жеке кәсіпкер Еркін Базарбайұлының сауда орталығы да аудан халқының қажетіне жарап тұр. Жобаның жалпы құны 150 млн теңгені құрайды. Бүгінде сауда орнында 12 адам жұмыс істейді. Ал аудан тұрғыны Е.Жұмабектің шлакоблок өндіру цехы да бүгінде халыққа қызмет етеді. Жобаның жалпы құны 8 млн теңгені құрайды. Шағын цехта бүгінде 3 адам жұмыс жасайды.

Жеке кәсіпкер Ж.Сламшаның жиһаз құрастыру цехы да бүгінде өнім өндіруде табысын еслеген кәсіпорындар қатарында. Жобаның жалпы құны 6 млн теңгені құрайды. Мұнда мезгілінде 2 адам екі қолға бір күрек тапты.

Ал «ІТ Сенім» ЖШС-ның медециналық орталығы бүгінде жалағаштықтарға сапалы қызмет етуде. Жобаның жалпы құны 102 млн теңгені құрайды. Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы серіктестікте 8 адам жұмыс істейді.

Мұнан бөлек, жеке кәсіпкер Н.Жусуповтың наубайханасы, жоба құны 7,0 млн теңге (2 адам), жеке кәсіпкер К.Тюрешованың сауда орталығы, жоба құны 100,0 млн. теңге (6 адам), жеке кәсіпкер Ш.Серіковтың 1000 басқа арналған құс фермасы, жоба құны 30,0 млн. теңге (4 адам), жеке кәсіпкер Б.Айбекованың сауда орталығы, жоба құны 70,0 млн теңге (5 адам), жеке кәсіпкер А.Үмбетованың көзілдірік жасау және жөндеу орталығы, жоба құны 6,0 млн теңге (1 адам), жеке кәсіпкер Д.Алпысовтың жылыжай кешені, жоба құны 3,0 млн теңге (2 адам), жеке кәсіпкер Б.Байкушеровтың техникалық қызмет көрсету орталығы, жоба құны 30,0 млн. теңге (3 адам) бар.

Сонымен қатар, жыл аяғына дейін 747,5 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 46 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Олардың қатарында «Бағдаулет 57» ФҚ-ның сүт өнімдерін өндіру фермасы, жоба құны 100,0 млн теңге (5 адам), жеке кәсіпкер А.Ермекбаевтың антифриз өндіру цехы, жоба құны 7,5 млн. теңге (1 адам), «Баба» ШҚ-ның ешкі сүтін өңдеу цехы, жоба құны 20,0 млн теңге (4 адам), «Сыздық» ШҚ-ның күріш ақтау және жем өндіру зауыты, жоба құны 200,0 млн теңге (6 адам), жеке кәсіпкер А.Боранқұловтың күріш ақтау цехы, жоба құны 200,0 млн. теңге (5 адам), жеке кәсіпкер Б.Айбекованың жеке балабақшасы, жоба құны 200,0 млн. теңге (15 адам) жеке кәсіпкер И.Кузековтың жеке балабақшасы, жоба құны 10,0 млн. теңге (7 адам), жеке кәсіпкер Е.Дауылбаевтың қоғамдық моншасы, жоба құны 10,0 млн. теңге (3 адам) бар.

Атқарылған жұмыс аз емес. бұл салаға серпін берері анық. Бірақ томейілсуге тағы болмайды. Сондықтан Ғабит Ерболұлы Жалағаш кенті және ауылдық округ әкімдері осы 1 ай мерзімде тоқтап тұрған 178 кәсіпкерлік субъектісінің қайта есептілік тапсырту арқылы жұмысын жалғастыру немесе заңға сәйкес жабылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыруы керек деп есептейді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың желтоқсан айының жиырмасына дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алуға ниеттеніп жүрген кент, ауыл тұрғындарының тізімін жасақтап, олардың кепілге қоятын мүліктерінің құжаттарын және несие тарихтарының дұрыстығын аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне алдын ала тексертіп алуды қамтамасыз етуді қадағаласа дейді. Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант қаражатын алған кәсіпкерлердің жеке кәсіпкерлігін үлгілік шарт мерзімі аяқталғаннан кейін жауып тастамау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында пайызы төмендетілген несие алу арқылы ашқан кәсіптерін әрі қарай дамытуды қамтамасыз етуді жүзеге асырса дейді. Бұл ұсынысын қолдаймыз, әрине. Себебі шағын грант бастаған жобаны әрі қарай ширатуға жетпеуі тағы да мүмкін. Мұндайда пайыздық үстемақысы төмендетілген несие жоба авторларына айтарлықтай көмек болары сөзсіз.

Ол жергілікті әкімдердің шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жұмысқа қабылданып жатқан адамдарды, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы тіркелуін қамтамасыз етуді, 2022 жылы аудан бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспарының тармақтарын орындалуын жеке бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізген дұрыс деп есептейді. Ал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, Халықты жұмыспен қамту орталығы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 9 ақпан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту арқылы құрылған жұмыс орындарына мониториг жұмыстарын жүргізіп, жоспардың орындалу барысы туралы ақпаратты тоқсан сайын аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне жолдап отыруды қамтамасыз етуі керек екен.

Қалай десек те мұның бәрі салаға серпін беру үшін қажет. Бұл бағыттағы жұмысымыздың жемісті болғаны абзал. Себебі аталған саланы дамыту арқылы аудандағы жұмыссыздық мәселесін тұсауға жол ашылатынын жақсы білеміз.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: