Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 18:06

Көпір құрылысы қарқын алды

09.12.2022

827

0

Қай заманда да көпір – стратегиялық маңызы бар нысан. Сырдария өзенінің Жалағаш ауданы тұсындағы автомобиль көпірі 1971 жылы салыныпты. Одан бұрын аудан орталығы мен төменгі ауылдардың тұрғындары бір-біріне паром арқылы қарым-қатынас жасаған. Яғни Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан елді мекендердің халқына қалқымалы көпір қызмет еткен.

Әрине бүгінгі дамыған қоғамда, әсіресе, шет мемлекеттерде паром­ның қатынас қызметі түгіл, атауы да ұмытыла бастады. Тек кейбір елдер туристік мақсатта паром қызметін саяхатшыларды қызықтыру үшін ұстап отырғаны болмаса, жалпы алғанда Еуропа жұртшылығы өзенді айтпағанда, автомобиль, жүрдек пойыз қатынастары үшін теңіз үстінен мыңдаған шақырым болатын заманауи алып көпірлер салып тастаған. Тіпті қазірде екі қаланы мұхиттың астымен жалғап жатқан мөлдір әйнектен тұрғызылған вакумды көпірлер бар. Ал Сыр жағалай қонған елдің кейбір аудандарында әлі көпір мәселесі шешілмеген, аралыққа паромдар жүреді және оның көбі апатты жағдайда тұр.
Сонымен ұзындығы екі жүз метрге жуық Сырдария өзенінің Жалағаш ауданы тұсынан салынған көпір жарты ғасырға жуық уақыт бойы халыққа қызмет көрсетіп келе жатыр. Архитектуралық сәулеті де ерекше. Қай ракурстан қарасаң да әдемі көрінеді. Біздің бала күнімізде ауылдан аудан орталығына шыққан әке-шешеміздің немесе аға-апаларымыздың соңынан жылап қалмай, еріп шығудағы басты мақсатымыз – дарияның көпірін көру болатын. Автобус дарияға жақындағаннан терезеге басымды тақап дайындалушы едім. Биік көпірдің үстінен Сырдарияның арнасы тіпті үлкейіп көрінетін. Өзен жағасында сыңсып тұратын жап-жасыл жыңғылдар мен басқа да бұталар өзара үйлесім тауып көз алдыңда бояуы қанық ғажайып табиғат пейзажы оянатын. Көпірдің түнгі мезгілдегі көрінісі тіпті керемет еді. Екі қапталына жағалай қойылған электр шамдарының жарығы самаладай жарқырап су бетінде түскенде майда толқынмен түрлі-түсті сәуле ойнап жатады.
Бүгінде Сырдария өзенінің де, оның үстіндегі көпірдің де сиқы қашып, сұрықсыз күйге түскен. Көктемгі сең жүргенде күркіреп тасып, арнасынан асып, жаз болса момақан күйге еніп, жайыла ағып жататын Сырдарияның бүгінгі көрінісі көзге жас үйіреді. Тағдыры өте аянышты. Жылдан-жылға тартылып, арнасы қусырылып келеді. Ал үстіндегі көпірдің хәлі тіпті мүшкіл. Жан-жағына сәуле төгіп тұратын электр бағандарын да қиып алып кеткен. Асфальты шұрқ тесік. Түнде жүрсең, қияметтің қыл көпірінен өткендей боласың, үсті толған мал. Әсіресе жазды күндері көпірдің астын да, үстін де сиырлар шаңылаққа айналдырады. Егер көпір үстімен көліксіз жолаушылап жаяу өтсеңіз тезек пен жападан аяқ алып жүре алмайсыз және бұл мәселені біз бірнеше жылдан бері газет бетінде көтеріп келе жатырмыз. Әрине жаңа көпірдің құрылысына да, ескіргенін қайта жаңғыртып, жөндеуден өткізуге де қырауар қаржы керек, оны түсінеміз. Бірақ қандай жұмысқа да ең алдымен ынта, құлшыныс болмаса, бітпейтінін және білеміз…
Бұйыртса, келер жылдан бастап Сырдарияның сәні кіргелі тұр. Бірін­шіден, мемлекетаралық келісім­дер нәтиже беріп, дария арнасы көтеріледі деген үміт бар, екіншіден, сұрқы қашқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көпір құрылысына рес­публика­лық бюджеттен жалпы құны 222 миллион теңгені құрайтын қаржы қаралды. Ол қаржының 111 мил­лион теңгесі биыл бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталып та кетті.
Жалағаш кенті мен Дәуімбай елді мекенінің арасын темір жол бөліп жатыр. Арнайы белгіленген өткел жол жоқ. Мұның зардабын әрлі-берлі қатынаған жаяу жүргіншілер тартып келеді. Темір жолдың кез келген тұсынан кесіп өтетін тұр­ғындар қауіпсіздік жайын аса ойлай бермейді. Одан басқа амалы да жоқ. Кент жақ бетінен әупіремдеп саты арқылы көтерілгенімен арғы бетінен түсу қиямет. Өйткені саты жоқ. Тікжардан төмен құлдилайды. Әсіресе қыс мезгілінде өте қиын. Талай рет егде жастағы адамдар мен балалардың құлап мертіккеніне де куә болдық. Одан бөлек, қатар-қатар жүк вагондары айлап, жылдап тұрады. Темір құрсанған вагондардың астынан өту қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей. Сойдақ темірлер денеңді жарақаттайды, киіміңді жыртады және қолың майға малынады. Бұл мәселені журналист ретінде жергілікті баспасөз бетінде бірнеше мәрте көтеріп, аудан тұрғыны ретінде жиындарда да айтып келеміз. Келте жауап: қаржының жоқтығына байланысты алдағы уақыттың еншісіне қалдырады.
Ұзақ жылдан бері түйіні тарқа­тылмай тұрған осы мәселе шешілетін болды. Сәтін салса, келер жылы аспалы көпірдің құрылысы басталады. Қажетті қаржысы қаралды. Бұл да кент тұрғындары үшін жасалған игілікті іс болмақ.
Кенттің батыс бөлігінде қызмет барысында әуе апатына ұшырап, қаза тапқандардың құрметіне қойылған ескерткіш белгі бар. Күре жолдың бойында тұр. Алайда бір жағын Әйтек каналы қусырып, алдыңғы бөлігін қалың жыңғыл, бұталар мен үйілген құм дөңбектер жауып тастаған, жол бойынан көрінбейді. Қандай да бір тарихи немесе мәдени-рухани маңызы бар оқиғаларға арнап орнатылған белгі елеусіз жерде қалмауы тиіс. Бірнеше жылдар бұрын жоғарыда айтқан белгінің айналасы күл-қоқысқа толып жатқаны жайында да жазғанбыз. Содан кейін ғана ол маңайдың санитарлық-тазалығы қадағалауға алынды. Жоғарыда айтқанымыздай, әрбір ескерткіш белгінің тарихи мәні бар. Майданда немесе қызмет барысында түрлі апаттардың салдарынан өмірі қиылған боздақтардың ерлік істері мен елге еткен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету және есімдерін халықтың есінде жаңғыртып тұру мақсатында қойылады. Ал ауданымыздың аймағында, қалың жыныс жыңғылдың арасында қалған ескерткіш белгі басында жыл сайын еске алу шарасы өтеді. Ресми шараға облыс орталығынан да қонақтар келеді. Келген қонақ жай келіп, жай кетпейді, сынап кетеді. Ауданымыздың айналасында тұрған тарихи, мәдени ескерткіштерімізге, ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы бар орындарға күтім жасап, құрметпен қарай алмаған аудан халқына ұяты келеді. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі уақытта аталған белгінің айналасы күл-қоқыстан тазарған. Алды сәл де болса ашылып, жыңғылдары да шабылған. Бір ескере кететін жайт, ол маңайдың санитарлық күтімі тек аудан немесе кент әкімінің жауапкершілігінде емес, елдік істер жолында опат болған құрбандардың рухына құрмет көрсету біздің, яғни кент тұрғындарының адамгершілігіне тікелей қатысты. Сондықтан күл-қоқыс төгер кезде тек қоршаған ортаны ластап қана қоймай, әруақтардың да сүйегін сырқырататынымызды бір сәт ойланғанымыз жөн. Енді сол жерге күре жолдың бойынан бұрылып баратын асфальт төселсе, жолаушылар да сәл аялдап кетер еді және арнайы баратын тұрғындарға, әсіресе, мектеп оқушылары үшін жағдай жасалар еді.
Еуропада зираттардың өзін жобалап, жоспарлап салады. Адам жүретін жолдар қалдырып және оларға тас төсеніштер төселеді, жағалай орындықтар қойылады. Бақилық болғандардың туған-туыстары мен жақын-жуығы, тамыр-таныстары келіп марқұмдарды еске алып, олар туралы жақсы естелік айтуға қолайлы жағдай жасап қояды. Тіпті зираттың ішін гүлзар баққа айналдырып, оның санитарлық-тазалығына дейін қадағалайды. Бұны сан-саққа жүгіртпей, жай ғана рухқа тағзым деп түсінгеніміз жөн.
Қорыта айтқанда, ауданымызда атқарылған жұмыс бар және келер жылы жүзеге асады деп үміт күтіп отырған жобалар да көп. Мұсылман үшін жол мен көпір салудың сауабы мол. Жоғарыдағы көп жобаның ішінен Сырдария көпірінің жөндеуден өтетінін және кент пен «Дәуімбайды» жалғайтын аспалы өткел салынатынын ерекше атап отырғанымыздың себебі де сол.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: