Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Бейсенбі, 09 мамыр, 16:15

«МӘМС» – денсаулықты жақсартудың кепілі

15.03.2024

329

0

Осы күні елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеніне 5 жылдай уақыт болғаны белгілі. Жүйе бойынша барлық жұмыс беруші өз қызметкеріне қорға белгілі мөлшерде жарна аударып тұруы тиістігін жақсы білеміз. Медициналық сақтандыруы бар адамдар мемлекет есебінен медициналық көмек алып келеді. Нақты айтқанда МӘМС арқылы 100-ден аса қызмет түрін тегін пайдалануға мүдделі. Ал әлеуметтік жағынан әлжуаз топтағылар үшін медициналық көмек тегін берілетіні сөзсіз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген мәлімет бойынша ел азаматтары табысының жартысына жуығын емдеуге жұмсайтыны анықталған. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін ақылы болып келген бірқатар медицина көмегін тегін алуға мүмкіндік берді.

МӘМС туралы қарапайым түсінік – ол жұмыс істейтін азаматтар ай сайын жалақысынан сақтандыру жарнасын төлеуі тиістігімен байланысты. Ал балалар, жұмыссыз деп тіркелгендер, үш жасқа дейінгі бала бағып отырғандар, жүктілікке байланысты декреттегі әйелдер, зейнеткерлер, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарына, «Батыр ана» атағына, «Ана даңқының» I және II дәрежелі ордендеріне ие көпбалалы аналар, студенттер, жалпы 15 топ атынан жарнаны мемлекет төлеуге мүдделі. Ортақ қорға түсетін қаржы әрбір азамат емделген медициналық мекемеге түсіп отырады.

МӘМС жүйесінде азаматтардың сақтандырылуын өзектендіру бойынша өңірдегі ахуал жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов:

– Биылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем жойылып келеді. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар не жеке кәсіпкер есебінде, не дербес төлеуші ретінде төлем жасауға құқылы. БЖТ төлеген азаматтар әрі қарай дербес төлеуші ретінде төлем жасай алады (2024 жылы – 4 250 теңге). Осы жерде ескеретін жайт, азаматтардың сақтандырылған мәртебесі болуы үшін, МӘМС туралы заңға сәйкес, 12 айға төлемі болуға тиіс. Егер БЖТ төлеушілердің өткен 1 жылға төлемі болса, 2024 жылдан бастап әр ай сайын дербес төлеуші ретінде төлем жасай алады. Ал толық 12 айға төлем жасалмаса, мысалы ағымдағы жылы 7 айға төлемі болса, азаматтар төленбеген 5 айға дербес төлеуші ретінде әр айға 3500 теңгеден төлеп шыға алады. Тұрақты табысы жоқ ауыл тұрғындарының МӘМС жүйесінен тыс қалу қаупі бар. Қазір осыған байланысты ауылдық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді филиал директоры биылғы жылдың ерекшелігі туралы.

2024 жылы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпау үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе дербес төлеуші ретінде жарна төлейтінін де айта кеткен жөн.

«МӘМС туралы» Заңға 2022 жылдың 5 қыркүйегінде енгізілген өзгерістерге сәйкес, МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін алдағы 12 ай үшін төлем жасауға болатындығын ескере кетейік. Бұл жыл бойына сақтандырылуға мүмкіндік береді. 12 айға төлемді дұрыс жасаған азаматтарға 3 күннің ішінде «сақтандырылған» мәртебесі берілетіні сөзсіз.

МӘМС жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі. Олардың едәуір бөлігі – мемлекеттің шамамен 11 млн адам үшін төлейтін ай сайынғы жарналары. Сол себепті олар «сақтандырылған» мәртебесіне ие және МӘМС тізіміне кіретін медициналық қызметтердің барлық спектрін ала алатыны жасырын емес.

Егер сіз жоғарыда айтылған 15 санаттың біріне кірсеңіз, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға бағытталып, тиісті шаралардан соң мемлекет сіз үшін жарна төлей бастайды және «сақтандырылған» мәртебесі беріліп отырады.

– МӘМС төлемдері төлеушілердің әр санаты үшін әр түрлі мөлшерде болады. Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақысының 3 пайызын құрайды, аударымдардың ең жоғары сомасы 25500 теңгеден аспайды, бұл 10 ЕТЖ-нің 3 пайызы. Өздеріңізге белгілі 2024 жылдан бастап, 1 ЕТЖ 85 000 теңгені құрайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2024 жылы олардың табысының 2 пайызын құрайды. Бұл ретте, егер жалақы мөлшері 10 ЕТЖ жоғары болса, онда тек осы сомаға ғана салық салынады және жарнаның ең жоғары сомасы 17000 теңге болады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 5950 теңгені немесе 1,4 ЕТЖ-нің 5 пайызын құрайды. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 4 250 теңгеге тең (1 ЕТЖ-дан 5%). Дербес төлеушілер дегеніміз ресми түрде жұмыс істемейтіндер, жеке кәсіпкер емес тұлғалар.

2024 жылдың 1 қаңтарына ауданда сақтандырылмағандардың саны 7008-ді құраса, түсіндіру жұмыстары жүргізі­ліп, 3502 адам сақтандырылғандар санатын алды, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің аудит жөніндегі орынбасары Жұлдызай Баймишова.

МӘМС жүйесінің жұмысына, яғни медициналық көмек көрсетуге байланысты азаматтар тарапынан шағым­данушылар да бар. Шағым білдірушілердің дені медициналық көмектің сапасыздығына наразы.

– Арыз-шағымның басым бөлігі медициналық көмек көрсетуге қатысты болып отыр. Оның жартысына жуығы (41,5%) медициналық көмектің сапасыз көрсетілгеніне наразылық білдірсе, медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайлар төрттен бір бөлігін құрайды (29,7%). Ал 9,2%-ы диагностикалық қызметтерді алу мерзімдерінің ұзақтығына шағымданса, 5,1%-ы дәрі-дәрмектерді беруден бас тартуына байланысты.

Сарапшылар ресми түрде шағым түскен соң, осы факт бойынша жос­пардан тыс мониторинг жүргізеді. Бекітілген ақаулардың бірыңғай жіктегішіне сәйкес клинхаттамалардан негіз­сіз ауытқу, медициналық көмек көрсету­­ді ұйым­дасты­ру стандарттарын сақтамау, ақпарат­тық жүйелерге медициналық ұйым­дарда көрсетілмеген қыз­меттерді енгізу кезінде қаржы­лық ықпал ету шаралары – айыппұлдар салынады, – дейді Б.Исмаханбетов.

Егер тұрғындарда қосым­ша сұрақтар немесе медициналық көмекке қатысты мәселелер туындаса, өзіңіздің клиникаңыздағы «Пациенттерді қолдау қыз­метіне» жүгінуіне болады. Ал жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­на өтініш жібереді.

Дегенмен осы уақытқа дейін МӘМС-ке бір де бір рет жарна төлемеген немесе өткен 12 айда берешегі көп азаматтар болса, олар алдағы бір жылға төлем жасап, сақтандырылған мәртебесін ала алады. Ал бірнеше ай берешегі барлардың қарызды ғана жауып, МӘМС қатысушысы болуына мүмкіндік бар. Осы ретте жарнаға аударылған жарна мөлшерінің көлеміне қарамастан, медициналық көрсеткіштері болса, барлық көмекті толық көлемде алуға құқылы екенін назарға сала кетейік.

Себебі МӘМС пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, бейінді мамандардың кеңесі, қымбат анализдер, диагностикалық зерттеулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және тағы басқа қызметтер кіреді. Бұндай операциялардың көбі бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын дербес төлеуші ретінде жарна төлеп, осы қызмет­терді қосымша қаржы төлемей-ақ ала алады. Бұл атал­ған жүйенің басты артық­шылығы.

Негізінен МӘМС қорына қыз­меткер үшін төлемнің екі түрі түседі. Біріншісі, аударымдар – жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. 2023 жылы оның мөлшері қызметкер жалақысының 3 пайызын құрайды. Екіншісі, жарналар – жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан 2 пайызын ұстайды.

Жарнаны қалай төлейді деген сұраққа келсек, МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» кассалары арқылы төлеуге болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: