Бүгінде азық-түліктің күрт қымбаттауы айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым халықты тығырыққа тіреп отырғаны жасырын емес. Жеміс-жидек пісіп, жұрт тосап қайнатып, қыс қамын жасамақ болғанда қант бағасы да күрт өсіп, елді әбігерге салуда.
Азық-түлік бағасына сараптама жасаған мамандар өңірде әлеуметтік маңызы бар 16 өнімнің бағасы бірнеше есеге өскенін қаперге салып отыр. Мәселен, күріш – 2, қант – 4,5, күнбағыс майы – 4,6 пайызға өскен. Осыған байланысты азық-түліктің бағасын бақылауда ұстау үшін тұрақтандыру қорынан 10 мың тоннадан астам өнім алынған. Бүгінде тұрақтандыру қорында 759,9 тонна азық-түлік қоры бар. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев осылай деді.
– Қант бағасының шарықтау себебі қант өндіруші өңірлердің қойған бағасына тәуелді болғандықтан өсуде, – деп түсіндірді ол.
Қазіргі уақытта ірі сауда орталықтарында қанттың бағасы 491, әлеуметтік дүкендерде 370 теңгеден сатылуда.
– Соңғы бір аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсу индексі 100,4 пайызды құрады. Соның ішінде қант өнімінің тапшылығы мен бағасына байланысты мәселелер туындауда. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК арқылы тұрақтандыру қорына 272 тонна қант сатып алынып, 38 әлеуметтік дүкен мен 14 әлеуметтік бұрыштарға төменгі бағада сатылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 247 тонна қант бар. Сондай-ақ 3 вагон яғни 204 тонна қант жеткізілді. Одан бөлек еліміздегі қант зауыттарынан 680 тонна шекер сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Талғат Дүйсебаев.
«Байқоңыр» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Нұржан Ахатов әлеуметтік дүкендерде азық-түлікке байланысты тапшылық жоқ екенін, тиісті мамандардың күнделікті әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, нан 55, қант 370, өсімдік майы 630, картоп 130, күріш 175 теңгеден сатылуда екен, бұл нарық бағасынан бірнеше есеге арзан. Десе де, ондай арзан өнімдер жалпыға бірдей қолжетімді емес болып шықты. Себебі әрбір өнім тұтынушыға шекті мөлшерде беріледі.
Базынасын айтып шығып жатқан тұтынушылар да бар. Мәселен, қаладағы ірі сауда орталықтарындағы азық-түліктің бағасына байланысты 4 арыз-шағым түскен. Дегенмен, сауда нысандарындағы өнімдердің бағасына 5,6-11,7 пайызға дейін үстемақы есептелгендіктен заң бұзушылық анықталмаған.
– Қазіргі таңда бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен азық-түлік тауарларын сатудың барлық делдалдық схемасы бойынша тексеріс жүргізілуде. Талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарға тиісті әкімшілік шаралар қабылданады. Сонымен қатар шағын және орта санаттағы сауда нысандарында азық-түліктің бағасына байланысты 7 арыз түсті. Бұл бойынша тиісті шаралар қабылданды, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ринат Сұлтангереев.
Ж. ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!