Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Бейсенбі, 10 қазан, 19:47

Қалыптасқан серпін – қажырлы еңбектің жемісі

14.02.2023

848

0

Қазір мемлекет тарапынан білім саласына қарқынды қолдау бар. Әлбетте, дамыған елдер қатарынан табылуды көздейтін кез келген ел алдымен бұл салада серпін қалыптастырғысы келеді. Қазақстан да тәуелсіздік алған жылдардан бері аталған саланы әсте назардан тыс қалдырған емес. Десе де бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда ұлағатты ұстаздар мұндай қолдаудың жемісін көріп жатыр ма, аудандағы аталған саланы дамытуда атқарылған жұмыстардың нәтижесі қалай, жуырда ғана жүзеге асқан бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр ма, биыл түлектердің ҰБТ-ға дайындық жұмыстарының қарқыны қалай? Осы және өзге сауалдардың түйінін тарқату үшін білім бөлімінің басшысы, ауданның бас ұстазы Талғат Садықовпен сұхбаттасқан болатынбыз…

– Талғат Құрақбайұлы, жалпы аудан­да білім саласының даму қарқыны қалай, түлектердің 11 жылда жиған білімі тара­зыға тартылатын жыл сайынғы ҰБТ нәтижесіне көңіліңіз тола ма, биыл оған түлектердің дайындығы қалай? Алдымен әңгімеңізді осы сауалдардың жауабымен бастасаңыз…
– Жалпы еліміздің өркендеуі білім беру ісінің ілгерілеуіне тікелей байланысты. Ауданның білім саласы жылдар бойы облыс бойынша жоғары көрсеткішке ие болып келеді. Биыл да мектеп бітіруші түлектер жаңа ережеге сай ұлттық тест тапсыруды бастап кетті. Жуырда ғана білім бөлімі мәлім еткендей, облыс бойынша 8048 түлектің 7044-і ҰБТ тапсыруға өтінім беріп, 10 қаңтардан 10 ақпанға дейін ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстары жүргізілді.
Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады. Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдады.
Айта кету керек, 2023 жылы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалған. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы бойынша 15, математикалық сауаттылық бойынша 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат, яғни 240 минут. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады. Сонымен қатар бір ерекшелік жауап нұсқа­ларының азаюы болып отыр. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында үш дұрыс жауаптан көп емес, яғни сегізден алтыға дейін азайды.
Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Инфор­матика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Мате­матика-Информатика» комби­на­циясы бойын­ша тапсыратын бол­ды. Ең бастысы, тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Бұның өзі сын сағатта сынып қалмай, уақытты үнемдеп, тез есептеу тәсілдерін білетін түлектерге мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.
Ал «Жыл сайынғы ҰБТ қорытындысына көңіліңіз тола ма?» деген сауалыңызға келсек, алдыңғы жылы ауданда 321 түлек мектеп бітіріп, оның 296-сы ұлттық сынамаға қатысқан. Орташа балл 82-ні құрады. Оның ішінде 273 түлек жоғары оқу орындарына түсіп, өз мамандығы бойынша білім алуда. 39 «Алтын белгі», 18 «Үздік аттестат» иегері де сол жылы анықталған болатын. Ал былтыр аудан бойынша жеті мыңнан астам білім алушы, оның ішінде 358-і түлек болса, «Алтын белгіге» 24, «Үздік аттестатқа» 31 оқушы үміткер болды. Оның 312-сі ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл – 81,2. Ал 239 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Әрине бұл бір аудан үшін төмен көрсеткіш емес.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандар ішінде ең көп үміткері бар Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі мен Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі болса, ең аз түлек Жаңадария ауылындағы №203 орта мектептен.
– Биыл жаңа оқу жылын қанша оқушымен бастадыңыздар?
– Жаңа оқу жылында 7 128 оқушыны білім ошақтары құшақ жая қарсы алса, соның ішінде 682 бүлдіршін 1 сыныпқа қабылданды. Аудан мектептері биылғы жаңа оқу жылына да жоспарға сәйкес үлкен дайындықпен кірісті. Атап айтсақ, аудан бойынша 20 мектеп, 1 кешкі мектеп, 37 мектепке дейінгі ұйым, яғни 10 мемлекеттік, 21 жеке балабақша, 6 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы, 2 арнаулы білім беру ұйымы жас ұрпақтың санасына білім сіңіріп, бойына тәрбие дарыту бағытында жұмыс істеп келеді. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз қамтылған. Қазіргі таңда 1-6 жастағы балалардың қамтылуы – 68,2 пайыз. Алдағы міндет – 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуын арттыру. Балабақшалардағы 297 педагогтың 52,5 пайызының біліктілігі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға сәйкес келеді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызды құраған.
Бүгінгі заман – басқалардан білекпен емес, біліммен озатын заман. Иә, расымен заман бұрынғыдай емес, білім саласындағы оқу үрдісі де, білім беру критерийлері де, барлығы өзгерді. Қазір жан-жақты, жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде болсаң, еңбегіңнің жемісін көресің. Шүкір, біздің аудан білікті ұстаз, білімді шәкірттерден кенде емес. Ұстаздар қауымы барынша балаларды ынталандыруға, әрбір сабағын жаңаша, қызықты идеямен өткізуге талпынады. Өйткені оқушыны жалықтырып алмауды ойлайды. Түрлі білім додаларында жеңіске жетіп жүрген оқушылар да бар. Олар жетістікке жеткен сайын ауданымыздың мерейі асып, ұстаздардың қызметіне деген ынтасы, жауапкершілігі арта түседі. Осы оқу жылында аудан бойынша ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектер саны 350-ден асады. Олардың барлығы қазіргі таңда қызу дайындық үстінде. Биыл да түлектер ұлттық сынамадан сүрінбей өтіп, аудан мерейін асқақтатады деп сенеміз.
– Бастауыш сынып оқушыларын мемлекет ыстық тамақпен қамтамасыз етуді бастап кетті. Осы орайда облыс орталығында өткен брифингте кейбір аудандарда бұл жұмыстар өз деңгейінде жүрмей жатқаны, тіпті кейбір білім ошақтарында асхананың жоқтығы ай­тылған. Бізде бұған қатысты мәселе бар ма?
– Мемлекеттің білім саласына жасап жатқан қолдауына, әсіресе осы балалардың ыстық тамақпен қамтылуы үшін жасаған қамқорлығына ризамыз. Үшінші тоқсаннан бастап аймақтағы барлық бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантты. Естеріңізде болса, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында 1-4 сынып оқушыларын 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз ететінін айтқан болатын. Прези­денттің бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы аймақта белгіленген санаттағы 33061 бала былтыр ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, биыл 9 қаңтардан бастап 55 901 оқушыға тегін ыстық тамақ берілуде. Жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтау кейбір ата-аналарға қиындық туғызатыны анық. Балалар бір сыныптан бір сыныпқа көшіп, есейгендеріне қуанса, ата-ана сол балаларының киім-кешегі мен оқу құралдарын түгендейді, осы жолда аянып қалмайды. Әсіресе көпбалалы үйде осындай мәселенің жыл сайын қайталанатынын тағы ескеріңіз. Ал балалардың күнделікті мектепке алып кететін тиын-тебенін қайда қоясыз? Иә, бұл да таңсық жағдай емес. Өйткені ата-аналардың айтатын шағымының бірі осы болатын. Қымбатшылық тіпті мектеп асханасында сатылатын балалар тағамдарына дейін келді. Бір балаға бір бәліш жеуі үшін күніне ең аз дегенде 250 теңге кетеді. Өзіміз де ата-ана болғандықтан бұл қымбатшылықпен, осы қиындықпен күнде бетпе-бет келіп жүрдік.
Бүгінгі таңда аудан бойынша бастауыш сыныптарда оқитын 4019 бала бюджет есебінен бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды. Аудандық білім бөлімі тарапынан асхана жұмыстары, балалардың теңгерімді тамақтануы бақылауға алынған. Ал жаңа сіз айтып отырғандай бізде ешқандай мәселе туындаған емес. бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен тамтылуда. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бақылауда. Аудандағы барлық білім ошағында асхана бар.
– ҰБТ көрсеткіші бойынша аудандағы қандай білім ошақтарының жұмысына көңіліңіз толады?
– Жаңа жоғарыда ҰБТ көрсеткіші бойынша жыл сайын орташа және жоғары балл көрсеткішінің жақсарып келе жатқанын айттық. Биыл да түлектердің дайындық қарқыны жаман емес. Ал осы қалыптасқан оң нәтижеде аудандағы барлық білім ошағының, ондағы ұлағатты ұстаздардың үлкен еңбегі бар деп ойлаймын. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Рас, ауыл мен аудан орталығындағы мектептердегі білім сапасына қатысты үлкен айырмашылық, ҰБТ көрсеткіші бойынша да мектептердегі білім сапасының көңіл көншітпейтін жағдайлары бұрын болған. Ал қазір ше, қазір мүлде басқа. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда барлық білім беру ұйымы, ондағы ұлағатты ұстаздар қажырлы еңбек етіп жатыр және оның нәтижесін барлығымыз көріп келеміз. Тіпті ауыл мен аудан орталығындағы мектептердің де арасында бұрынғыдай білім сапасына қатысты алшақтық жоқ. Мектеп түлектерінің 90-95 пайызы ЖОО-ға мемлекеттік грантпен оқуға түскен ауылдар бар. Міне, бұл ауданда білім сапасында серпін барын аңғартады. Осы жолда ұлағатты ұстаздар қажырлы еңбек етуде. Әріптестерімнің жұмысына табыс тілеймін.
– Кешегі бала тәрбиесіне қатысты үлкен кеңесте өзіңіз де болдыңыз, келелі мәселелер көтерілген кеңесте «Бала тәрбиесінде шалыс қадам жасамау үшін қайтпек керек?» деген сауалдың түйіні тарқатылғандай болды. Жалпы бала тәрбиесінде бірінші жауапкершілік кімге артылады, ата-ана ма, ұстаз ба, құзырлы орган өкілдері ме?
– Бұл жерде кімге дегеннен кімдерге деген дұрыс болатын шығар. Себебі бала тәрбиесіне қатысты олқылыққа тек біржақты қарау орынсыз. Себебі оған бір емес, бірнеше салдар себеп болып жатады.
Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін қадап айтты. Мектеп, отбасы және қоғам арасындағы өзара түсіністік, әртүрлі проблемаларды шешуге бірлесе ұмтылу, мектеп пен отбасындағы тәрбие ісіне ерекше көңіл бөлу аса маңызды. Себебі өскелең ұрпақтың дамуы мен тәрбиелеудегі жетістігі және әрбір оқушының тұлға болып қалыптасуы көбіне отбасы мен мектептің бірлескен іс-әрекетіне, шешіміне тікелей байланысты.
Тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезінде басым бағыт баланың жеке басына тілектестік қарым-қатынас, құрмет пен сенім, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітуге әсте жол бермеу қажет. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Баланың бойына жастайынан ізгілік пен мейірімділікті, адамгершілік сынды құнды қасиеттерді сіңіруде педагогтар мен отбасындағы тәрбие үлкен рөл атқаратыны белгілі.
– Отбасындағы тәрбиеге кейін ора­ламыз, ал бұл бағытта әріптестеріңіз нендей жобаларды қолға алуда?
– Ауданда бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Барлық білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп», «Пікірсайыс қозға­лысы», «Балалар және театр», «Мектеп парламенті», «Мен әлемге домбыраны танытамын», «Ата-ананың жұмыс орнындағы 3 күн», «Туған жерге тағзым» өлкетану саяхаты, «Балалар әлеміндегі игі істер» жобалары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Осы жобалар аясында бүгінге дейін жүзден астам іс-шара өткізілді.
– Бұл жобалардың бала тәрбиесіне пайдасы не?
– Жоба жұмыстары оқушылардың көшбас­шылық қабілетін дамытып, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты одан әрі нығайтуда. Қазіргі таңа бұл жобалармен 4000-нан астам бала қамтылды.
Негізінен бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін отбасынан, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауыр­малдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер жанұяда балаға өсиет сөзбен, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген өмірден түйген даналық өлшемдері, тәжірибемен келген ордалы ой тұжырымдары отбасынан басталатын тәлім мен тәрбиенің ақиқатын дәлелдейді.
– Қоғамда отбасы ұғымымен қатар толық отбасы, көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, аз қамтылған отбасы, қолайсыз отбасы терминдері қатар қолданылады. Мұндай санаттағы отбасылардағы оқушылардың үлесі қанша?
– Қазіргі таңда ауданда 7044 оқушы бар. Оның ішінде қолайсыз отбасында 10, мектепішілік есебінде тұратын 27, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 46, аз қамтамасыз етілген отбасында 2045, көпбалалы отбасында 4913, толық емес отбасында 749 бала тәрбиеленуде. Толық емес отбасының ішінде ата-анасының бірі қайтыс болғаны – 312, ажырасқаны – 437.
Көріп отырғаныңыздай, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың 10 пайызы әкенің немесе ана тәрбиесінің назарынан тыс қалып отыр. Мектепішілік бақылаудағы 27 баланың 15-і аз қамтылған, ал 2-еуі өгей әке мен ана тәрбиесінде, 5-еуі көпбалалы отбасында болса, аталған санатқа жатпайтын 5 оқушы бар. Бүгінде өгей ата-ана тәрбиесінде 67 бала болса, оның 43-і – қыз бала, 24-і – ер бала. Отбасында қылмыстық іс қозғалып, сотталған адамдардың болуы көрсеткішімен ауданда 26 отбасы тіркелген. Оның ішінде мектеп жасында 49 бала, мектепке дейінгі жаста 12 бала бар.
– Кешегі кеңесте балалар мен жас­өспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы, жалпы балалар арасындағы қылмыс жиілегені айтылды. Бұған қатысты аудандағы ахуал қалай? Олқылыққа жол бермеу үшін нендей шараларды қолға алдыңыздар?
– 2020 жылы аяқталған суицид фактілері орын алып, бірқатар жауапты тұлғалардың қызметтік және тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Білім бөлімімен бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, жүйеленген шаралар қолға алынды. Ал 2021 жылы 1 суицидке оқталу жағдайы болды, 2022 жылы суицид орын алған жоқ. Жыл сайын кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, суицидтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бекітілген ведомствоаралық жоспар аясында жұмыстар жүргізілуде. Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында 5-11 сынып аралығындағы 4219 оқушыға сауалнама жүргізіліп, нәтижесі бойынша «Психологиялық қолдау тобына» 39 оқушы, мектепішілік бақылауға 188 оқушы алынды.
Жасөспірімдер арасында суицид, зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу бағытында негізгі алгоритмдер бекітілген. Зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында әрбір баланың отбасына талдау, кейс жұмыстары негізгі алгоритммен жүргізілді. Былтыр 1 зорлық-зомбылық жағдайы орын алды. Орын алған жағдай аудан әкімі жанындағы комиссия отырысында қаралып, білім бөлімі тарапынан психологиялық, әлеуметтік қолдау жасалып, бақылауға алынды. Ата-анасының қамқорлығынан айырылған қорғаншы, қамқоршы және патронат тәрбиешінің қамқорлығына берілген 46 бала 31 отбасында тәрбиеленуде. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршыларының 5-еуі жұмыссыз, 18-і зейнеткер, 8-і түрлі салада жұмыс жасайды. Үлгерімі бойынша үздігі – 4, екпіндісі – 11, оқу үлгерімі қанағаттанарлық деңгейі – 19.
Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығын болдырмау мақсатында бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес мүдделі органдардың қатысуымен кәмелетке толмағандар арасында «Түнгі қаладағы бала», «Жасөспірім», «Жазғы демалыс», «Бала және отбасы» атты рейдтік шаралар мен ата-аналар жиналыстары, тәрбиелік шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Бірақ білім беру ұйымдарында жан-жақты жұмыс атқарылғанымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар әлі де орын алуда. Аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде 2022 жылдың басынан бері 1 қылмыспен 3 жасөспірім тіркелген. Жасөспірімдердің қатысуымен болған құқық бұзушылықтар мектептен тыс, түнгі беймезгіл уақыттарда орын алған. 2022 жылы түнгі мезгілде жүрген 194 жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік «ескерту» берілген.
– Бала тәрбиесімен қатар олар үшін қауіпсіз орта қалыптастырудың да маңызы зор. Қазір мұндай жағдайлар сәл де болса тыйылды. Бірақ осыдан 3-4 жыл бұрын мектеп ауласында, білім ошағының ішінде балаларға арампиғылдылардың жаман әрекет жасағанын ресми ақпараттар растады. Осы ретте аудандағы барлық білім ошақтары қауіпсіз деп айта аласыз ба, олар қанша пайыз бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген?
– Білім беру ұйымдарының барлығы бейнебақылау жүйелерімен қамтылған. 20 мектепте барлығы 343 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 217-сі – ішкі, 126-сы – сыртқы камералар.
Биыл 2 мектепке, яғни №116 және №122 орта мектепке бейнебақылау орнатуға қаржы қаралды. Сонымен қатар кент орталығындағы 5 мектепке турникет орнатылды, 15 мектепке дабыл түймесін орнатуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалуда.
– Оқушылардың, жасөспірімдердің діни ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін нендей шараларды қолға алып жатырсыздар, сондай-ақ олардың бос уақытын тиімді өткізуде нендей мәсе­лелер бар?
– Қоғамда дінаралық келісім, жастардың тәрбиесіне кері әсер беретін жат діни ағымдардың мәнін түсіндіруге байланысты мәселені үнемі назарда ұстау қажеттігі туындап отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдардың жағымсыз түр сипаттары туралы жастардың көзқарасының қалыптасуын ақпараттандыру мақсатында 8-11 сынып оқушыларынан сауалнама алынды. Сауалнама қорытындысы бойынша дін туралы түсінікті толық білетіні 52 пайыз, түрлі ағымдар мен секталар туралы білетіні 40 пайыз, діни басылымдар мен кітаптар оқитыны 20 пайыз болып анықталды.
Бұл ретте оқушыларымызды өнерге, рухани құндылықтарға тәрбиелейтін мектептен тыс ұйымдардың маңызы зор. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жалпы қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарға барлығы 4585 бала тартылған. Оның ішінде оқушылар үйіне 400, өнер мектебіне 100, №202 орта мектеп жанынан ашылған қосымша білім беру орталығында 250, аула клубтарына 1800, спорттық үйірмелерге 2175 бала тартылды. Бұл орта мектепте білім алушы 7044 баланың 85 пайызын құрайды.
– Сіз кеңесте «Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – қыздар тәрбиесі» дедіңіз, бұлай ой түюіңізге не себеп?
– Ежелден қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне аса мән берген. Соңғы уақытта мектеп жасындағы қыз балалар арасында келеңсіз жағдайлардың жиі орын алуы бізді ойландыруы тиіс. Әлеуметтік желідегі кейбір жайттар да қыз бала тәрбиесіне қатты мән беру қажеттігін аңғартып отыр. «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақылдың өзі қыз бала тәрбиесінде үлкен жауапкершілік қажет екенін білдірсе керек.
– Жалпы, мұғалім мәртебесіне қатысты заң шыққалы олардың мәртебесінің артқанын байқамадым. Рас, ол – біздің ішкі түсінікте де ұлы мамандық иесі. Алайда қазір бала тәрбиесі, жалпы білімге қатысты болсын бір олқылық орын ала қалса, барлық кінәні мұғалімге телитін қоғам өкілдері пайда болды. Осыны өзіңіз дұрыс деп есептейсіз бе?
– Сапалы білім мен саналы тәрбиенің мәселелерін байыпты шешуде тек ұстаздарға ғана иек арту орынсыз деп ойлаймын. Ұрпақ тәрбиесінде ата-аналар да жауапкершілікті бірінші кезекке қоюы тиіс. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің негізгі ұйытқысы ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап отбасында тәрбие алады. Отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық, адам баласының қасиетті алтын мектебі. Сондықтан кез келген олқылықты тек ұстаздар жұмысымен байланыстыруды мен де орынсыз деп есептеймін. Себебі оларда бір ғана мақсат бар, ол – сапалы білімді шәкірт санасына сіңіру арқылы бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру. Бұл бағытта жалағаштық ұстаздар қажырлы еңбек етіп жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Салада қалыптасқан серпін әріптестерімнің сапалы еңбегінің жемісі деп білемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: