Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:45

Қасиетіңнен айналдым, адыраспан

16.10.2022

1949

0

Бала күнімізде есіктің алдында жертөле болатын. Оған қыстың күні бақша өнімдерін сақтайтынбыз. Осы жертөлені айналдыра адыраспан өседі. Бала болғасын бұл қандай өсімдік екенін, нендей қасиеті барын біле бермейтінбіз. Бірақ кәдуілгі арам шөп емесін байқайтынбыз. Өйткені есіктің алдын артық шөп-шалаңнан тазалағанда осы адыраспан ғана шабылмай қалатын.

Жалпы адыраспанды не үшін «Қасиетіңнен айналдым адыраспан, мені саған жіберді Омар-Оспан» деген сертті айтпай тұрып жұлмаудың да сыры бар. Өсімдіктің қасиетті болуы да тегін емес. Үлкендер жағынан осы туралы сұрағанымызда керемет оқиғаның тыңдарманы болатын едік. Ол кісілердің айтуынша, кезінде әзіреті Оспан әскермен жорыққа аттанып бара жатып, жол-жөнекей түнейді. Оспанның қалың қолмен келе жатқанын естіген жау, жасырын кеп ұйықтап жатқан әскердің аттарын босатып жібереді. Ерттеулі атсыз алысқа бара алмайсың. Үдере қашқан жылқының арасынан әзіреті Оспанның аты бір түп адыраспанға шылбыры оратылып, кете алмай қалыпты дейді. Оспанның аты тұрған жерге босай қашқан жылқылар түгел жиналып, үйіріліп тұрыпты дейді. Шылбыры оратылған адыраспанды Оспан дорбасына салып алады. Жауын жеңіп оралған соң, Пайғамбарға болған жайды баяндап, шөпке «адыраспан» деп ат қойғанын айтады. Адыраспанның жасаған қызметіне риза болған Пайғамбарымыз: «Әскерімді аман алып қалған адыраспан, менің үмбетіме қызмет етсін» деп дем салған екен. Пайғамбардың өзі дем салған шөпті сертін айтпай жұлуға болмайтыны содан дегенді еститінбіз. Аңызға бергісіз әңгіменің түп-төркіні осы еді.
Жалпы адыраспанның қасиеті, түрлі ауруға емдік шипасы бар екенін жақсы білеміз. Қазіргі медицинада қолданыста жүрген дәрі-дәрмектердің 40 пайызға жуығы емдік қасиеті бар өсімдіктерден жасалады екен. Қоршаған орта өскіндерінің адам ағзаларын жақсартуға осындай өлшеусіз көмегі барын біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері жақсы білген. Сол себепті оны босағаға іліп қойып, түтінімен үйдің ішін түгел аластап, осы арқылы отбасын алуан түрлі бәле-жәледен сақтауға тырысқан. Үлкендердің балаларға «бұл шөпті жұлмаңдар, өйткені ол қасиетті, шипалы шөп» деп жататынын жиі естіген шығарсыздар. Негізі адыраспан – көпжылдық өсімдік. Оның сабағы бұтақшалы, тамыры діңгекті, жапырақтары тілімденген, кезектесіп орналасқан. Қазақстанда адыраспанның бір-ақ түрі өседі екен. Биіктігі 20- 60 см. Гүлдену мерзімі – мамыр, маусым айлары. Адыраспанның тұқымында 3,5-6 пайыз алкалойд, 60 пайыз гармалин, 30 пайыз гармин және шамалы ғана мөлшерде гармалол бар. Бұдан басқа аздау көлемде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол болады екен. Тамырында 1,7- 3,3 пайыз, сабағында 0,23-3,57 пайыз, жапырағында 1,07-4,96 пайыз, гүлінде 2,82 пайыз, жемісінде 1,08 пайыз, тұқымында 2,38-4,59 пайыз алкалоидты заттар, хинализин мен индол да табылады. Зерттеулерге сүйенсек, бұл шөптің көптеген ауруға пайдасы бар.


Әдетте емшілер шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағы мен тамырынан дәрі-дәрмек жасаған. Осы көп ауруға қолданатын дәрілік шөптердің қатарында біз айтып отырған адыраспан да бар. Адыраспанды емдік қасиетте пайдалану үшін оны гүлдеген кезінде жинап алу керек. Сосын оны кептіріп, біраз уақытқа сақтайды. Медицинада адыраспаннан жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, қан қысымын көтеру, тыныс алуды жиілету, асқазан мен жүректің жұмысын ретке келтіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге адыраспанды қайнатып, одан шыққан тұнбаны ішкі мүшелерге суық тигенде, безгек, мерез ауруларынан айықтыру үшін пайдаланады.


Адыраспанның тағы бір ерекше қасиеті – өкпе ауруына таптырмас ем екендігі. Өкпе туберкулезі, демікпе, ентікпе, тағы да басқа әртүрлі ауруларға шалдыққанда адыраспанмен емделуге болады. Әсіресе суық тиіп, ауру асқынып, адамның денесі мұздап, қалтырап қызуы көтерілгенде, адыраспан қайнатпасын ішсе, ауруды жеңілдетеді. Қазақ халқы тұрмыста бесікті аластау үшін де адыраспанды пайдаланған. Баланы бесікке саларда шипалы шөпті түтетіп, нәрестені келе жатқан бәледен, қауіп-қатерден сақтап, тыныш әрі шошынбай ұйықтауы үшін аластап шығатын болған. Көп жерде үйдегі жандардың бірі тұмауратса, осы шөпті түтетіп, үйді түгел аластап шығады. Бірақ адыраспан – улы өсімдіктердің қатарында. Оның улы екенін түтеткенде шығатын ащы иісінен-ақ байқауға болады.
Бір қызығы, бұл қасиетті шөпті жұлудың да өзіндік әдебі, тәртібі бар. Кезінде үлкен кісілер, емдік шөптің қасиетін білгендер оны өсіп тұрған жерінен кез келген уақытта, қалай болса солай жұлып алуға болмайтынын ескертіп отырған көрінеді. Адыраспанды жаңа жоғарыда айтқанымыздай, толық гүлдеп, қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлған. Тіпті адыраспанды жұлуға тек қана ер кісілерге рұқсат берілген екен. Жұлған күннің өзінде ер адамның үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: