Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 22:04

Қоңыр дәптерге қонған қоңыр әңгіме

16.05.2023

610

0

– Талай дастархан басында айтылып, ауыздан-ауызға аңыздай таралған осы бір әңгімені қағазға түсірудің сәті түспей-ақ қойған. Сізге өтірік, бізге шын, «жазамын» деп оқталғалы үш-төрт жылдың жүзі болыпты. Қаншама рет бапталып отырып бастамақ болғам, неге екенін қайдам, көкейдегі көркем әңгіме ақ қағаз көрсе, аттай үркіп ала қашады. Одан кейін маңына жуытпайды. Құлағына қол апартпай осқырынып, одырайып. Ал енді қағаз-қаламыңды тастап құр қол, қаражаяу жақындасаң, басын шұлғи аяңдап, оқыранып қолға тұра қалады. Сөйтіп, жалынан сипап, жайдақ мініп дегендей, біраз жерде тыңдағанның құлақ құрышы қанып еді. Тіпті қазақы әңгімеге жаны құмар кей ағалар іздеп келіп арнайы тыңдағанын да айта кетсем артық болмас, – деп бастады сөзін қоңыр әңгіменің басты қонағы.

Бұл – Ұлекеңнің «Қар суымен жеткен жылқы» атты қоңыр әңгімесі еді. Әңгіме айтыла басталғаннан мәдениет үйінде тыныштық орнады. Тек Ұлекеңнің қоңыр үні құлаққа жетуде. Әңгіме Қытай мен Моңғолия шекарысында тұрақтаған қазақ ауылының тынысын толықтай ашуда. Құр сөз емес, қойылым көріп отырғандай күй кешесің. Екі кейіпкер арқылы бүткіл иісі қазақтың ашық-жарқын болмысы, кіршіксіз таза көңілі, тектілігі, жасыратыны жоқ, бүгінде әрбір қазақтың бойынан жоғалып бара жатқан асыл қасиеттері керемет ашылып айтылуда.
Ұлекең бұл оқиғаны ұмытып та кетіпті. Мүлде жадынан өшіп кетпесе де, айтылмаған соң шаң басқан көп әңгіменің бірі секілді болып мидың қалтарыс бір қатпарларында қатталып қала берген екен. Әрине тыңдайтын құлақ болса, сөз ешқашанда жетім қалмайтыны белгілі ғой.
– Қайбір жылы Астана көшелерінің әлдебір қиылысында үйдей-үйдей өңкиген екі «Джип» машинасы бір-бірін сүйкеп кеткендей болды. Қаражолдың қағын көшіре ышқынып барып, екеуі де кілт тоқтады. Екеуінен де еңгезердей екі жігіт түсті. Орысша боқтасып, кеуделесе кетті. Сеңдей сіресіп тұрып қалған көліктердің терезесінен мойындарын соза қарап, бажылдата сигнал басып тағатсызданған жұрт. Жер-дүниені шулатып ентіге жеткен қызметкерлер айналасынан көліктер өтетін жол шығарғаннан кейін қағаз-қалам, түрлі құралдарын алып шығып, қоршап, өлшеп екі машинаның қалай соғылып, не зардап болғанын тексеруге кірісті. Жол шетінде біреуді күтіп тұрған адам ақыры алдында болып жатқан оқиғаға назарын салмай тұра ма?. Әдейі үңіліп қарадым. Сөйтсем, Құдай-ау, сіріңке тартқандай болар-болмас із түсіпті жаңағы ит түскен аппақ «Джипке». Болар-болмас, көрінер-көрінбес із. Сонда ауыр күрсінгенім есімде. Сонда миымның терең бір қалтарыс қатпарларында қалып қойған Жұмақын құданың әңгімесі ғайыптан жеткен хабардай ойыма орала кетіп еді. Сонда тас қаланың тар көшесінде тұрып, сона-а-а-у басы мұз, бауыры балқаш қарт Алтайдың алып шың, айғыржал жоталарын аңсап едім, – деп еске алды әңгіменің авторы.
Иә, жексенбіде аудандық мәдениет үйінде ұлттық болмысымыз ұлықталып, баба дәстүрі дәріптелген «Қоңыр әңгіме» атты рухани кеші өтті. Қоңыр әңгіменің басты қонағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, жазушы, оқырман қауымның сұранысы бойынша бірнеше рет қайта басылған танымал танымдық кітаптардың авторы, қазақы әңгіме айту дәстүрін дәріптеуші Ұларбек Нұрғалымұлы болды.
– Аудандық өнер үйінде жыр оқып зерлі,
Сыпырып тастап отырғам маңдайдан терді.
«Қарындасыңмын, аға» деп жырылып топтан,
Жарқылдап жап-жас келіншек жаныма келді,

Жақынын тауып алғандай жайраң күй кешіп,
«Жүріңіз үйге!», – деп қоймай алдымды тосып.
Ағалап тұрған келіншек, алдыңғы жылы,
Арқаға келіп қоныпты Алтайдан көшіп, – деп өзінің 7 өлеңінен «Төркін» атты шығармасын оқыды. Сондай-ақ өзінің көпке таныс «Дайағашы» кітабынан үзінді айтып, жиналған қауымды әңгімесімен өзіне одан сайын ұйыта түсті.
Ұлекеңнің өлеңі де әңгімесі де көрерменнің жүрегінен орын тапқаны анық. Әрине мұндай рухани кеш үшін 1-2 сағаттың аздық ететіні белгілі. Десе де сол 1-2 сағаттың өзінде кеш қонақтары бағасы жоқ рухани азық алды деп айта аламын.
Кеш соңында қазақтың дана дәстүрі мен кешегінің ғибрат жолы жаңғыратын рухани кешке келген жалағаштықтар Ұларбек Нұрғалымұлына ризашылығын білдіріп, «Дайағашы» кітабын арнайы қолтаңбамен алып қалды.
Қай кезде де халық ақын, серілердің өнерін бағалап, таланты үшін құрмет көрсеткен. Жалағаштықтар да сол салттан жаңылмай, қадірлі қонақтың иығына шапан жауып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев аудан жұртшылығы атынан алғысын айтып, ақ батасын берді. Ал тағылымды шараның жүргізу тізгінін ұстаған жерлесіміз, «Алтын домбыраның» 3 мәрте жеңімпазы Мұхтар Ниязов рухани-танымдық шараның өтуіне қолдау білдірген аудан әкімі Асқарбек Есжановқа өз алғысын білдірді.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: