Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Бейсенбі, 28 наурыз, 23:06

Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алуда тиісті жұмыстар атқарылуда

27.07.2022

510

0

Биыл Сырдария өзенінде қалыптасқан жағдайға байланысты 20 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында жүргізіледі. Қазіргі таңда облысқа қарасты елді-мекендерге 61 насос қондырғысы жеткізіліп, 26 ұңғыманың бұрғылануы мен 14 каналды тазалау жұмыстары аяқталды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев мәлімдеді.

«Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі су ағынының азаюы – өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына едәуір әсерін тигізуде. Бұл көлдердің құрғауына, күріш егісінің азаюына, табиғи мал азығының төмендеуіне әкеледі. Осыған сәйкес «Су тапшылығы жағдайында бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жол картасы» жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілді. Биыл жалпы ұзындығы – 1 034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау, 156 дана насос қондырғыларын сатып алу, 87 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 322 дана гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта 7 каналдың тазалау жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ, Келінтөбе магистралды каналының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аталған жоба бойынша ұзындығы – 6,2 шақырымды құрайтын жаңадан айналма канал қазылып, каналға қосымша секундына 14-15 текше метр су беру көзделген», – деді басқарма басшысы М.Құрманбаев.

Қазіргі таңда Шардара су қоймасына секундына – 83 текше метр су түсуде. Ал Шардара өзенінің төменгі ағысына – 550 текше метр су тасталуда. Қызылорда облысы шекарасынан Көктөбе су бекеті арқылы секундына – 551 текше метр су өтуде.

«Қазіргі жинақталған судың көлеміне байланысты есептеу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр Сырдария өзенінде судың аз болуы – ауыл шаруашылығы саласы мен жеке шаруаларға тікелей әсерін тигізді. Сол себепті су тапшылығының алдын алу мақсатында Шардарада – 500 млн текше метр су артық жинақталды», – деді Арал-Сырдария инспекциясының бөлім басшысы С.Абуов.

«Облыста егілген егіс алқаптарындағы су тапшылығының негізгі себебі – биік жерлерге егін егуі. Бұл өз кезегінде егіс көлемінің азаюына әкеліп соқтырады. Бүгінде жіберілген су көлемі Қызылорда су торабына келіп, бірінші кезекте су тапшылығы бар Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына жіберілді», – деді Қазсушар РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ж.Ерназаров.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: