Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 12:06

Тау мүсінді тұлға

20.06.2023

302

0

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн-шуағы,
Азбай тұғын адамның алтындығы» деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, ұстаз болу – батылдық пен білімділікті, еңбексүйгіштікті, шәкіртіне деген жүрек жылуын қажет ететін мамандық. Қызық та қиын қызметтің жемісін көре білген мектеп тарихының төрінен орын алатын Райымбек ағай жайлы айтпақпын.

«Білім бастауы – математика» дегендей, математика пәнінен талай шәкіртті оқытып, тәрбиелеп өсірген ағайдың еңбегі айтуға тұрарлық. Мектепке 1975 жылы бірқатар басшылық қызметтен келген ағай жоғары сыныптарға математика пәнінен сабақ берді. Шәкірттерге қояр талабы да зор еді. Қандай сынып болсын ағай кіріп келгенде ешқандай артық қимыл болмайтын. 45 минут бойы алаңдамастан есептің қиын жолдарын шәкірттеріне үйре­туден жалықпайтын.
1981-1996 жылдары аралығында ағай директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Математика пәні маманы, жоғары санаттағы мұғалім. Білім ми­нистрінің, Республикалық білім саласы кәсіподағының «Құрмет» грамоталарымен, «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» медалімен наг­рад­талған. Облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер болды. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық олим­пиадаларға қатысып, жүлделі орындармен оралып, іс-тәжірибесі аудан, облыс көлемінде таратылды.
Кезінде білім бөлімінің басшысы болған, жоғары оқу орнында сабақ берген Тұрлашев Тұрсынбек Райымбек ағайдың мақтан ететін шәкірті еді. Шәймерденова Жанат математика мамандығын таңдап, бүгінгі таңда Қорқыт ата атындағы университетте оқытушы. Аплатина Мира, Ақанаева Гүлжан, Ақанаева Сәуле, Найзабаева Сәуле бүгінгі күні зейнеткер. Бұлар – ағайдың нағыз шәкірттері. Тоқтықбаева Алма – математика пәнінің үздік мұғалімі. Өзім сынып жетекші болған кезімде Қонарбаева Маржан, Сүлейменов Нұржан, Қошқарбаева Қарлығаш, Адамбаева Шолпандарға жыл бойына үш-төрт 96 парақтық қалың дәптерге есеп шығару тәсілін үйретіп, оны дер кезінде тексеріп отырғанын көрдім. Қаншалықты жиналыс, се­минар, басқа жұмыстарына кеткенде де бірде-бір рет сабағын жіберген емес. Мұғалімдерге де талапты солай қоя­тын. Сабақтың уақытында жұмыстан кетуге түбегейлі қарсы еді.
Бүгінде сабақ берген шәкірттері Аплатина Мира, Найзабаева Сәуле, Тоқтықбаева Алма математика пә­нінің үздік мұғалімдері, абыройлы еңбек етуде. Білімге деген батырлығы мен батылдығы қатар жүретін ағайды ұжым мүшелері әрқашан құрмет тұтатын. Сонымен қатар ұстаздарға деген жанашырлығы бөлек еді. Ағайдың түрі қаталдау көрінгенімен жүрегі жұмсақ еді. Жалақымызды білім бөлімінен қолдап әкелетін. Таратып берген соң, өзінің қолындағы тізіммен бір кабинетке жинайтын, қанша алғанымызды біліп, қалып қойған ақшамыз болса, жанашырлықпен «мынадай ақшаң қалыпты, келесі айлықта білім бөліміне айтып қостырамын» деп отыратын.
Сынып жетекшілердің жұмысы өте ауыр. Кейде бала­ларын қорғап ата-аналар келіп жатады. Жас болады, мұ­ғалім тарапынан кемшілік кетсе, ағай қалайда қорғап шығатын. Соңынан өзімізге қатты ескерту жасайтын. Кешегі 80 жылдар кезінде мектептің жоғары сынып оқушылары ауданның қоғамдық жұмыстарынан қалыс қалмайтын. Мы­салы, күріш ору, жүгері жинау, мал азығын дайындау жұмыс­тарына ұжымның ер мұғалімдерін және сынып жетекшілері де 10-11 сыныптарын совхоздарға алып баратынбыз.
1984 жылдары жоғары сынып мұғалімдері сынып жетекші ретінде біздер де барған кездер болды. Аққұм совхозы 5-ші бригадаға 82 оқушымен бардық. Майлыбаев Жақсылық, Ысқақов Райымбек ағай бізден 3-4 күн бұрын кеткен. Емтихан алып болған соң Құрақбаева Ұлтай және мен таңғы бесте шөп оруға барып, 11-де қайтып келеміз. Қайтып келіп, тамақтандырып, демалдырып кешкі 5 пен 9 арасында жұ­мысқа барамыз. Оқушылар ешқандай уәж айтпайды, масаға таланса да, шөлдесе де тапсырманы орындауға ұмтылатын. Екі ағайымыз демалып келуге ауылға кетіп қалды. «Сендер еге боласыңдар ғой, барлық бала тәртіпті» деп сенім артты. Кешкі уақытта Аққұм совхозынан он шақты оқу­шы келді, күндіз олар бір-бірімен түсініспей қалған сияқты. Түнгі сағат 2-ге дейін келіссөз жүргізіп аман-есен тарастық.
Біздің балалар намыстанып шыққысы келеді, оларға біз «Райымбек ағайға айтамыз, келген соң сендерге ұрысады» деп қорқытамыз. Ағайды айтқанда шегіне түседі. Қорқып тұрған жоқ, ағайды сыйлайтыны көрініп тұр. Талапшыл, нағыз ұстаз екенін түсінеді. Одан кейін Ағарбаева Роза, Манасбаева Айман, Аханаева Гүлжан, Байғазиева Алмаш, 2 жыл қатарынан Аққұм совхозына, Коммунизмге (қазіргі М.Шәменов) бардық. Мектептегідей тәртіп сақтау сырт жағдайында оңайға соқпайтын, балаларды жұмыс істетуде қиналған сәттеріміз де аз болған жоқ. Осындай кезеңдердің өзінде бізге ақыл айта отырып, балаларға қатаң талап қоятын. Ешкімге жұмыстан қашуға, кеш тұруға, уақытқа қиянат жасауға жол бермейтін.
Зейнеткерлікке шықты мейірімді ата, құрметті азамат білім саласының тарихында ізі қалды. Ұл-қыздарының қызығына бөленіп, немере сүйді. Биыл ағайдың дүниеден озғанына он жыл болыпты. Бірге жұмыс жасаған көз көрген кісілер де азайып барады.
Шүкір Зейнеш апамыз ұрпақтарының қызығын көріп, ортасында отырған жайы бар. Барлық балалары өсіп-өнген, жоғары білімді ел ағалары болды. №246 мектепте ағайдың жүріп өткен жолы еш уақытта ұмытылмайды. Тұлғасы бөлек, ұстаздың еңбегі әр қашан жастардың жадында. Төккен тері, еткен еңбегі зая кеткен жоқ.

Дина Мирман,
Жалағаш ауданының
құрметті азаматы,
ардагер ұстаз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: