Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Абай облысына арнайы барып, өртке оранған орманды көріп, өзінің жеке қарауына алғанын бұған дейін жаздық. Президент Үкіметті сынға алып, облыс әкіміне қатаң сөгіс те жариялады. Өрттен зардап шеккен азаматтармен де жеке кездесіп, жағдайды дереу реттеуге сөз берді. Бүгінде елді есеңгіреткен тілсіз жау тұсалды ма? Өртпен күрескен бейбіт күннің батырларының отбасына қандай жәрдем көрсетілмек? Иә, қайғыға ортақтасып, өрттің өшуіне тілектес болған халықтың осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейтіні рас.
Апта басында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Үкімет басшысы жауапты мамандарға 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды шығаруды тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың мәліметінше, 11 маусым күні жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта таралған. Атап айтқанда, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елді мекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталған. Осының арқасында негізгі ошақ іс жүзінде тұсалды.
Негізгі ошақ тұсалғанымен ауқымды өрт бес күн ішінде толықтай өшірілуі мүмкін. Жауапты министрлік мамандарының айтуынша, қазіргі таңда өртті сөндіруге арналған су шашатын құрылғысы бар 33 тікұшақ жұмыс істеуде. Олардың 16-сы өртті сөндірсе, қалғаны іздеу және барлау жұмыстарына қолданылады.
Иә, тілсіз жаудың салдарынан тұтастай аймақ зардап шекті. Өрт 60 мың гектарды шарпыды, өкінішке орай «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері және тағы бір адам қайтыс болды. Әрине зардап шеккен және қайтыс болған азаматтардың отбасына мемлекет қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын. Мәселен, Мемлекет басшысының жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетін болады. Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.
Бүгінде Абай облысына гуманитарлық көмек, азық-түлік пен қажетті заттар еліміздің әр аймағынан мол мөлшерде жеткізіліп жатыр. Мысалы, 30 мың литрден астам ауыз су, 2 тоннадан астам ет және 44 тонна ұн, макарон, күнбағыс майы, консервілер мен шұжықтар, сүт, шай, кондитерлік өнімдер сияқты азық-түліктер келген. Сондай-ақ қажетті тауарлар гигиена құралдары, бір реттік ыдыс-аяқ, шұлық, қолғап және футболкалармен қамтылған.
Жалпы, өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінен, Орман шаруашылығы комитетінен, Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған. Өртті сөндіру жұмыстары басталғалы бері өрт ошақтарына әуеден 2100 рет, жалпы көлемі 6000 тоннаға жуық су төгілген.
Қуанышты жаңалық, 14 маусымда Абай ауданындағы өрттің локализациясы белгілі болды. Бірақ толық жойылғанға дейін локализацияланған ошақтарға су төгу, өрттің шетін топырақпен толтыру жүргізіле береді. Жедел штабтың мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Иә, бұл қасіретті де халық болып, ел болып өткерерміз. Бірақ өрттің салдарынан табиғатқа тиген зиянды сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Тұтастай орманымыз, ондағы қаншама жасыл-желек, аң-құс зиян көрді. Сондықтан бүгінгі басымыздан өткен тілсіз жаудың зұлматынан алдағы уақытта сабақ алуымыз және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет. Осы орайда Мәжіліс депутаттары осындай пікір білдіріп, жағдайды түзеуге қатысты Үкіметке сауал жолдап та үлгерді. Яғни онда өздерінің ұсыныстарын да қоса көрсеткен. Олар өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту қажет деп санайды. Тиісті қызметтерді фото және бейне түсіру мүмкіндіктері бар дрондармен жабдықтау туралы да айтылған. Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуда өте маңызды болып отыр. Сондай-ақ құтқарушылар санының аздығы да сынға алынды.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!