Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сенбі, 27 сәуiр, 03:01

Жәрмеңкеде бос жұмыс орындары ұсынылды

06.12.2022

262

0

Мемлекеттің даму деңгейі ондағы халықтың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Өйткені сол қоғамды құратын халық, әрбір отбасы. Отбасы шағын мемлекет дейтініміз сол. Енді елдің бүгінгі жай-күйіне келсек, анау айтарлықтай көштен қалыс емеспіз, дегенмен әлі де жұртшылықтың жағдайын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға, табыс деңгейін көтеруге жұмыс жасау керек. Мұндағы мақсат әлеуметтің әлеуетін арттыру.

Иә, елдегі басты мәселелердің бірі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты бір жолға қою күн тәртібінде тұр. Нарық­тың қымбатшылығы заманында кейде жоғары оқу орнын растайтын дипло­мың бол­ға­ны­ның да көмегі бола бер­мейді. Өйткені жұмыс табу, өз өзіңді қамта­ма­сыз ету қазір оңай емес. Бірақ мәселе уайым­дағаннан шешілмейді, мәселе жүйе­лі жұмыс бол­ғанда ғана шеші­леді. Әри­не бұл тұста мемле­­кет қол қусы­рып отыр дей алмаймыз. Халық ара­сын­дағы жұмыссыздықты азай­ту, қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арт­тыру, әлеуметтік жағдайды реттеу бағы­тында түрлі бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Қайтарымсыз грант, төмен пайыздағы несиелер шағын және орта кәсіппен айна­лысамын деушілерге қолдау болса, мем­лекеттік мекемелерден өтетін жастар тәжі­рибесі, алғашқы жұмыс орны сынды жоба­лар жастардың сағын сындырмай тұр.
Айта кетейік, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілерге Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыссыздарды таңдау құқығы берілді. Ауданда бос жұмыс орын­дары туралы мәліметтер электронды ең­бек биржасы ақпараттық жүйесі арқы­лы қолжетімді түрде ұсынылады. Ал бол­­жа­натын жұмыс орындары туралы мә­лі­меттер «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасы» ақпараттық жүй­есі арқылы қалыптастырылады. Өткен апта­да осының ізімен тағы да бос жұмыс орын­дарының жәрмеңкесі өтті. Онда қара көрсет­кендердің басым бөлігі аудандағы шартты түрде жазасын өтеп жатқан аза­маттар мен пробация есебіндегілер болса, ауылдық жерлерден келгендер мен жастар да табылды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры ұсынылатын бос жұмыс орындарын таныстырып өтіп, ниетті жандар үшін барлық көмек пен қолдау көрсетілетінін, еден жуушы, вах­талық жұмыстарға мамандар қажет екенін жеткізді. Бірақ бұл жұмыс түрлеріне ниет қылған азаматтар табыла қоймады. Тек бір тұрғын ғана еден жуушы бос жұмыс орнына барғысы келетін жеткізді. Ол кісінің сұранысы сол жерде қаралып, орталық тарапынан бағыт-бағдар берілді.
Аудан тұрғындарына ұсынылған бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесінде аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға да тиімді бағдарламалардың барын айтып, сол бағдарламалардың аясында атқа­рыл­ған жұмыстарға да тоқталды.
– Биыл 30 қарашаға дейін жастар ара­­сында жұмыссыздықты төмендету мақ­са­тында бірқатар жұмыс атқарылды. Мә­селен, жыл басынан бері халықты жұ­мыспен қамту орталығына 1 500-ден аса жас жұмыс іздеуші ретінде тір­келсе, оның 905-і жұмыспен қамтудың белсен­ді шараларымен қамтылды. Әлеу­меттік жұ­мыс орындарына 7, жастар прак­тика­сы­мен 201, қоғамдық жұмысқа 220, ұрпақ­тар келі­сімімен 4, алғашқы жұмыс орнымен 16 жас жіберілді. Ал 162 жас мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал қысқа мерзімді оқумен 5 адам қамтылса, мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмысқа 290 жас орналасты. NEET санатындағы жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында жастар практикасына биылдан бастап қатысушылардың жалақысы 76 575 теңгеден 91 890 теңгеге дейін, ұлғайса, бұл шараға 29 жасқа толмаған, соңғы 3 жылда жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады. 30 қарашаға дейін 201 адам жолданып, жоспар 103 пайызға орындалды, – деген орталық директоры «Алғашқы жұмыс орны» жобасы турасында да кеңірек айта кетті.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы 29 жасқа толмаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастарға алған кәсібіне, мамандығына сәйкес жұмыс орындарын құруды көздейді. Жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін, ал қатысу мерзімі 12-ден 18 айға дейін ұлғайған. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды кемінде он екі ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті. 30 қарашаға дейін ауданда аталған жобамен 16 адам жолданып, жоспар 133,3 пайызға орындалған екен.
«Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына да 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдары түлектері қатыса алады екен. Аталған жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін артқан, қатысу мерзімі де тиісінше 6 айға дейін. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды Еңбек кодексінің 38 бабына сәйкес, тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Жоғарыда аталған субсидияланатын жұмыс орындар уақытша сипатта болады және бұл орындарға орналасқан адамның еңбек қызметінің кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі. Орталық директоры биыл аталған жобамен 30 қарашаға дейін ауданда 5 адам жолданып, жоспар 100 пайызға орындалғанын айтады.
Қарап отырсақ, жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған жобалардың тиімді тұстары көп. Тек жастардан ниет болса, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуларына мүмкіндік те табылады. Ал кәсіппен айналысамын деушілер үшін қайтарымсыз грант пен төмен пайыздағы несиелер қолдау бола алмақ.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: