Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 16:55

Жарық бағасы қымбаттамақ

15.10.2022

444

0

Бүгінгі таңда адамзат игілігін көріп отырған жасанды жарықсыз тіршілік ету мүмкін емес. Өйткені емхана да, кез келген өндіріс те, тіпті қарапайым шай қайнатудың өзін жарыққа тәуелді етіп қойдық. Сол себепті қазір электр жарығынсыз тіршілік етуді елестете алмаймыз. Заманның ағымына қарай біздің бар жұмысымыз осы тоққа байланған. Баға күн сайын құбылып тұратын қоғамда енді электр жарығының құны да өспек. Ел-жұртқа жағымсыз жаңалық болса да, тиісті мамандар ауданымызға келіп, жиын өткізді, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Нақтырақ айтсақ, аптаның бейсенбісінде қоғамдық маңызы бар нарықта баға белгілеу қағидаларына сәйкес, алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы жария тыңдау өтті. Оған депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен тұтынушылар қатысты. Жиында облыстық департамент маманы мен «Шиелі жарығы» ЖШС-ның электр энергиясымен жабдықтау қызметінің басшысы хабарлама жасап, жарық бағасының қымбаттау себептерін кеңірек түсіндірді.


Мамандардың сөзінше, электр энергия тарифтерінің өзгеруінің негізгі себептері осы жылдың 1 шілдесінен бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құнының 0,1 пайыздан 6,6 пайызға дейін, электр энергиясын тасымалдау тарифінің «КЕГОК» АҚ-ның 1,8 пайызға және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 18,6 пайызға, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1кВт.сағатқа 0,63 теңгеден 1,04 теңгеге артуы болып отыр.


Тиісті мамандар «Шиелі жарығы» ЖШС электрмен жабдықтау қызметі бойынша ұсынған жобалық орташа босату бағасы қолданыстағы ҚҚС-сыз 1 кВт сағатына 18,43 теңгенің орнына ҚҚС-сыз 1 кВт сағатына 19,50 теңгені құрады. Бұл дегеніңіз, қазіргі таңдағы электр энергиясын беру салыстырмалы түрде алғанда 5,8 пайызға өзгеруі мүмкін. Тарифтің өзгеруінің басты себебі өндіретін электр станциялардың электр энергиясы, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша көрсететін қызмет құнының және «КЕГОК» АҚ-ның желілері бойынша электр энергиясын беру бағаларының өсуінен де екенін жеткізді. Қазіргі кезде департамент тарапынан бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізілу үстінде. Сонымен бірге басқосуда тұрғындарға тариф жүктемесін азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын да атап өтті.
Жиын барысында тұтынушылар тарапынан сұрақтар қойылды, ұсыныстар айтылды. Мамандар тарапынан жан-жақты жауап берілді.


Айта кету керек, бұған дейін облыстық «КРЭК» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайту есебінен Аққыр елді мекенінің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, Мәдениет, Жаңадария, Жаңаталап елді мекендерінің электр желілері мен қондырғыларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.


Жалпы адам баласына жарықтың қажеттілігі артып, ерте заманнан бері жасанды жарық көздерін ойлап таба бастады. Алдымен от, алау, шырпы шам, кейіннен шырақ, майлы және керосинді шамдар, XIX ғасырдың соңында электр шамы пайда болды. Саздан, темірден жасалған «шәйнекке» майлы білте салып, жарық шығаруды ең алғаш гректер ойлап тапқан деседі ғалымдар.
Ал қазір заманның дамығаны, адамзат ақыл-ойының кемелденіп, ғылымның тереңдегені сонша жасанды жарықтың игілігін көріп отырмыз. Сөз басында айтқанымыздай, тіпті жарықсыз тіршілігімізді елестету қиын болып кетті. Өйткені барлық жұмысымызды осы жасанды жарықпен байланыстырып қойғанбыз. Дегенмен нарықтық заманның қандай өзгерісі де ең әуелі қарапайым халықтың қалтасына түсіп, тұрмысына едәуір әсер ететінін ескеру керек. Онсызда қымбатшылық жайлаған заманда «жығылған үстіне жұдырық» болмай, керісінше тіршілік көздерін жеңілдетуді ойлау қажет. Бұл – енді алдағы уақыттың еншісіндегі іс.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: