Зордан Салықбаев. Бұл – аймағымызға танымал есім. Біз алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1969 жылы Зордан ағамыз жиырма бес жастағы жігіт екен. Ес біліп, бастауыш сыныпта оқып жүргенде ол кісі №188 мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болыпты. Кейін аудан орталығына қызмет ауыстырды. Жетпісінші жылдардан бері қарай ағамызды тұлға ретінде білдік, тани бастадық десем болады. Бұл біздің оң-солымызды айырып, жігіт болып қалған кезіміз еді. Әр жерде жиындарда кездесіп қалатынбыз. Зордан ағамыздың сөзінен, ісінен, болмысынан тектілік, дегдарлық, бекзаттық байқалып тұратын. Сыршыл ақын, өткір журналист еді. Бітімі жұқа болғанмен, адамгершілік, азаматтық болмысымен көп ішінен іріленіп, айбынды көрініп тұрушы еді. Бір өкініштісі, біз ағамызбен етене араласа алмадық. Анығырақ айтқанда, үлгермедік. Тек ол кісінің кітаптарын парақтап, өлеңдері мен әңгімелерін оқып отырып, ағамыздың жан-дүниесіне үңілеміз, терең тани түсеміз.
Кеңестер Одағы (СССР) Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зордан Салықбаев 1944 жылы 15 мамырда Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келді. 1960 жылы 10 жылдықты бітірген соң бір жыл туған жерінде колхозшы болып еңбек еткен. 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетіне түсіп, 1967 жылы үздік дипломмен бітірді. Еңбек жолын сол жылы Аққыр совхозындағы №188 орта мектепте мұғалім болып бастады. 1968 жылдың желтоқсан айынан 1970 жылдың қыркүйек айына дейін аудандық «Жаңадария» (қазіргі «Жалағаш жаршысы») газетінде хаттар бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 жылы №188 орта мектеп директорының орынбасары, 1971-1974 жылдары аудандық партия комитетінде саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1974-1986 жылдары Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінің редакторы болып қызмет атқарды.
Зордан ағамыздың артында қалған әдеби мұрасын жарыққа шығарған – жұбайы, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», білікті ұстаз Дина апамыз. Зордан ақын өмірден ерте өтті де, шығармалары жарыққа шықпай, қолжазба күйінде қалып қойды. Оларды жинақтап, баспаға әзірлеп, кітап қылып шығару, оқырманға жеткізу оңай шаруа емес. Оның қиындығын сондай шаруаның төңірегінде жүргендер жақсы біледі. Бірақ соған қарамастан Дина апамыз жауапты жұмысты қолына алды. Өйткені бұл ақынның аманаты еді.
Зордан ағамыз Салықбай ақсақалдың елуге келгенде көрген жарығы екен. Сауда жасап, кіре тартып, кейін мал шаруашылығында еңбек еткен Салықбай ешкімге қиянаты жоқ, өз дәуірінде тұстастарының ішінде мойны озық, салмағы бар беделді кісі болыпты. Бірінші қосағынан бала болмай, екінші рет елуге келгенде бас қосқан Ақшай әжемізден Зордан ағамыз дүниеге келеді. Зордан – ерекше және сирек кездесетін есім. Жаңаталапта Салықбай әкеміздің туыс інісі Нәппай ағамыз Ақшай әжеміз келін болып келгенде таяқты ат қылып мініп жүрген ойын баласы екен. Сол бала Нәппайдың Құдай аузына салған ба, бірталай уақыт бала көтере алмай жүрген Ақшай жеңгесіне: «Ақ жеңеше, ұзамай ұл туасың, бірақ зордан туасың» – дейді екен қалжыңдап. Ондайда Ақшай әжеміз: «Өй, жүгірмек, айтқаның келсін!» – дейді екен қайнысының сөзін іштей қалап, қабыл алып. «Зордан туасың» дегені жасың келіп қалды, қиналып, зорға туасың дегені екен ғой. Не керек, сол қайнысының айтқаны келіп, көп ұзамай Ақшай әжеміз бала көтереді. Нәресте шыр етіп дүниеге келгенде «қайным зордан туасың деуші еді, аты Зордан болсын» дейді. Сөйтіп болашақ ақынның өмір жолы басталады.
Салықбай әкеміз құйма құлақ, көкірегі ескі әңгімелердің қазыналы қоры болған деседі. Келіні Динаға «Бала кезімде атақты жырау Балқы Базарды көрдім, талай қолына су құйдым, әңгімесін, өсиет жырларын тыңдадым» деп айтып отырады екен. Сонау аласапыран заманда Салықбай әкеміздің ең құнды дүниесі екі қақпаны болыпты. Қайда жүрсе де осы екі қақпанын тастамайды екен. Аң аулап, отбасын, әулетін асыраған көрінеді. Бірінші әйелі Жаңаталапта Әбдіхалық деген әкеміздің немере қарындасы екен. Бұл әжеміз сол Қарақұмда жүргенде бала үстінен қайтыс болады. Сөйтіп Салықбай салт бас біраз уақыт жүріп қалады. Ауылдағы ағайын Салықбайдың жалғыз жүргенін құп көрмей, «Бұл енді ұрпақсыз кете ме, бұған әйел алып берейік» деп Қырға хабар салып, Салықбай елге келеді. Ауылдағы әулеттің үлкені Жолмырзаның әйелі, әулетте «би ене», «би әже» атанып кеткен Гүлжан қайнысына қамқор көңілмен «Жалғыздық Құдайға жарасқан, бас құра» деп бұйырады. Би жеңгесінің сөзін қайнысы құп алып, күйеуі қайтыс болып, төрт қызымен қалған Ақшай әжемізбен кездеседі. Ақшайдың бұрынғы күйеуі кәмпескенің кезінде айдалып кеткен де, содан хабар-ошар жоқ, өлі-тірісі беймәлім күйде қалған екен. Төркіндерінен де ешкім қалмаған, аштықта ажал құшқан. Бесінші қызын отын алып келе жатқанда босанып, шетінеп кетеді. Сөйтіп үйелмелі-сүйелмелі төрт қызымен отырған кезі екен. Кейінірек Ақшай әжеміз келіні Дина апамызға «Сенің атаңа екі қақпаны үшін тидім, басқа амалым жоқ еді, төрт қызды аман сақтауым керек болды» деп отырады екен.
Ақшай әжеміз келісім бергесін Салықбай Жолмырзаның үйіндегі жеңгесі Гүлжанға келіп, «Ақшайға сөз салдым, екеуміз бас құрайтын болдық» дегенде, жеңгесі ыршып түсіп, «Қайным-ау, бес бала туған оны қайтесің, ол енді саған бала туып бере алмайды, не деп үміттеніп отырсың? Сосын заман болса мынау, оның балаларын қалай асырайсың? – дейді. Сонда Салықбай: «Ай, жеңеше, мал екеш малдың да шығыны болады, оның қасында бұл адам ғой, тәуекел, маңдайға жазғанын көрерміз», – дейді.
Ақшай бір қызын Қазалыдағы апасының қолына беріп, үш қызымен Салықбайға қосылады. Көп өтпей сегіз жастағы және он алты жастағы екі қызынан бір күнде айырылып қалады. Араға бірер жыл салып тағы да бір қызы өледі. Шәрікүл деген бір қызы қалады. (Бұл апамыз кейін Қармақшы ауданының бір азаматымен бас қосады. 1980 жылы қырық төрт жасында қайтыс болды).
Бір күні Салықбай әкеміз жеңгесі Гүлжанға келіп, «Жеңеше мен түс көрдім, мен ұлды боламын, ол бала маған орыстан нан жегізеді», – дейді. Орыс деп отырғаны кеңес үкіметі ғой. «Әй, бес бала туған қатыннан қайдағы ұл саған?!» – деп жеңгесі қайнысының сөзіне аса мән бермейді. Бірақ, 1944 жылы мамыр айында дүниеге Зордан ағамыз келгенде жеңгесі Гүлжан: «Апырай, мен асылық айтыппын, бұл Құдайдың құдіретінде шек жоқ екен. Бұл бала ерекше болады. Алла ғұмыр берсін», – деп Салықбайдан кешірім сұрайды.
Міне, Зордан ағамыздың дүниеге келуінің өзі осындай бір хикая.
Аласапыран заман. Аштық, жоқшылық, соғыс. Жер ауып келген шешендер әр жерде бұратылып жатып, өліп қалады. Салықбай оларды сүйемелдеп, үйге алып келіп, қақпанға түскен аң-құсының сорпасын беріп, есін жиғызады. Сорпа ішкендері есін жиып, аяққа тұрып кетеді. Елде дән жоқ, дән болмағасын нан жоқ. Аңның еті де нансыз ас болмайды екен, әйтеуір өлместің күнін кешіп өмір сүріп жатады.
Салықбайдан басқа Құмақбай, Салмахан, Құлмахан деген үш ұл және Ұлжан деген бір қыз болыпты. Дүние төңкерілген топалаң шақта қыз Өзбекстанға күйеуге шығады. Екі ағасы Құмақбай мен Салмахан сол Өзбекстанға кеткен қызды іздеп шығып, сол күйі хабарсыз кетеді. Аштықтан өліп қалды ма, ит-құсқа жем болды ма, беймәлім. Кейін 1950 жылдары Салықбай Қарақалпақстанға өзі есекпен барып күйеуі қайтыс болып, екі қызбен қалған Ұлжанды көшіріп алып келеді. Сөйтіп, Салықбай атамыз өзінің қызы Шәрікүлге қосып Алмагүл, Жұмакүл деген қарындасының екі қызын асырап адам қылады.
Зордан ағамыз әлжуаз болып өсіпті. Аяғы ауырып, бірінші сыныпты үйден оқиды. Ұстазы Байғабылов Қосалы Зордан ағамызды үйінде оқытыпты. Өзі шыңжау болғанымен зерек, алғыр бала мұғалімнің сабағын санасына құйып алады екен. Денсаулығы түзелген соң Зордан ағамыз сабағын мектепте жалғастырады. Үшінші сыныпта оқитын кезінде ауылдағы ескі клубта бір жиын болады. Сол жиында Зордан ағамыз тақпақтап өлең оқиды. Көзі от шашып, дауысы саңқылдап тұрған балаға ауылдастары риза болысып:
– Әй, мынау Салықбайдың баласы ма? Бәрекелді! Тіл-көзден сақтасын, – жатады. Бұл Зордан ағамыздың елдің алдына алғаш рет шығуы екен. Байыппен қарасақ, елжанды ақынның қияға қанат қағуының басы екен бұл. Ағамыз алғашқы өлеңін он төрт жасында жазыпты. «Моншаның зары» деп аталатын сол өлеңі ауылдағы әлеуметтік мәселені көтеріп тұр. Бірақ, ақын өзінің күнделік жазбасында бұл тырнақалды туындысына «өлең емес» деп баға беріпті. Осы жазбасынан ағамыздың кішкентай кезінен бастап-ақ өзіне-өзі сыншы болғаны байқалады.
Жалпы Зордан ағамыздың артында қалған мұрасының тең жартысы күнделік жазбалары. Күнделік – қазақ әдебиетінің эпистолярлық жанры. Ақынның 2006 жылы жарық көрген «Армандап өткен ғұмыр» атты кітабына осы күнделіктегі жазбалары енгізілген. Ондағы естеліктерден ақынның болмысы көрінеді, ішкі дауысы естіледі, өзі өмір сүрген сол қоғамның шынайы сипаты айқын аңғарылады. Қулықпен, айламен, өтірікпен тіршілік кешу ақын болмысына жат екендігі, ақын жүрегінің сырттағы жалғандықты, жасандылықты да қабылдай алмайтындығы айқын аңғарылады. Зордан ағамыз үнемі қоғамдағы келеңсіздіктердің, әділетсіздіктердің барлығына өзін жауапты сезініп, өзін өзі қамшылап отырғанын байқаймыз.
Бозбала Зордан колхозда бір жыл жұмыс істеп, оқуға баратын болды. 1963 жылы өзімен бірге оқыған құрдасы Иманғалиева Клара екеуі Алматыға жолға шығады. Перронда тұрған келешек студенттің есіне анасының сөзі түседі. Жалғыз ұлы Алматыға оқуға барамын дегеннен Ақшай әжемізден маза қашады. Ұлын алыс қалаға жібергісі келмейді. Көз алдында жүргенін қалайды. «Ойпырымай, осы кейбір балалар оқуға түсе алмай қалады дейтін еді, біздің Зордан да оқуға түсе алмай қалса жақсы болар еді», – деп отырады екен.
Алатау баурайындағы арман қалаға аттанғалы тұрған Зордан анасының осы сөзін есіне алды. Көз алдына анасының әжім басқан, мейірімді жүзі келеді. Аяқ астынан Алматыға емес, Қызылордада оқитын болып шешім қабылдап, ауылға қайтады. Ұстазы Майлыбаев Жақсылық ағасына келіп пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқығысы келетінін айтқанда, Жақсылық ағайы шәкіртіне шетел тілдерін оқы деп кеңес береді. Ұстазының ақылын құп алады. Бірінші емтихан қазақ тілінен шығарма жазады. Екі күннен кейін Зорданды деканатқа шақырады. Шағын кабинетте отырған үш-төрт адамның бірі «Сен Салықбаев Зордан деген баламысың? Ағылшын тілінде неге адасып жүрсің? Сенің жазған шығармаңды көріп отырмыз, сен қазақ тілі мен әдебиетінің маманысың, болашақ журналиссің, бәлкім ақын иә болмаса жазушы боларсың, сен қазақ тіліне кел!», – дейді төрде отырған кісі. «Жарайды», – деді Зордан. Кейін білді, болашақ ақынға жол сілтеген кісілер Әуелбек Қоңыратбаев, Әли Байжолов және Нұрлыбек Жүнісов деген мұғалімдер екен.
Институт Зордан ағамыз үшін үлкен өмір мектебі болады. Білімге сусап келген ауыл баласы білім дариясынан құмары қанғанша сіміреді. Оқып жүріп, өлеңдерін де жазады, белгілі ақындармен танысады. Сол кездегі Жазушылар Одағы филиалының төрағасы Асқар Тоқмағанбетов жас ақындарға көп қамқорлық көрсетеді. Асқар ақынның және сол кездегі облыстық газетте тілші болып істейтін Қомшабай ағасының қолдауымен студент Зорданның екінші курстан бастап өлеңдері облыстық газетке шыға бастайды.
Бірде Қармақшының ІІІ Интернационал колхозына Ғабит Мүсірепов келіп, халықпен кездеседі екен деген хабар естіледі. Облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыруымен ІІ курстың студенттері, жас ақындар Зордан Салықбаев пен Серік Сейтмағанбетов осы кездесуге барды. Ұлы жазушымен өткен салтанатты кездесу жиырма бір жастағы жігітке үлкен әсер қалдырады. Кездесуде Зордан екі өлеңін оқиды. Жас ақынның өлеңдерін ұйып тыңдаған Ғабит Мүсірепов: «Бәрекелді! Міне, елде қандай талантты балалар бар, қазақ әдебиетінің болашағын жасайтын осылар болады!», – деп сүйсінеді. Жас ақын жылы лебізден тебіреніп кетеді. Расында, ол кезде ұлы жазушыдан мұндай баға алу бақыты екінің біріне бұйыра бермейтін еді…
Осы уақытта Зордан ағамыз жиырма бір жаста екен. Институтта Гүлзай Смағұлова деген қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін, кафедра меңгерушісі болыпы. Ол кісі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы басты кейіпкерлердің бірі – Зәйкүл екен. Сол кездегі обкомның үшінші хатшысы Қаржау Жарқынбековтің әйелі екен. Студент Зордан сол кісімен жақсы сыйластықта болады. Гүлзай «Сен ауылда не істейсің, әрі десе мектепте мұғалім боларсың, директор боларсың, сен ғылыммен айналысуың керек», – деп Зорданды институтқа шақырады. Осындай шақырту Әуелбек Қоңыратбаев тарапынан да болады. Бірақ, несібе қай жерде болса, адам пенде сонда жүреді емес пе?! Зордан ағамызды институттың дәм-тұзы тартпай, ризық-несібесі ауылдан бұйырыпты.
Институтты қызыл дипломмен бітіріп келген жас маманға мектептен өз пәні бойынша жұмыс табыла қоймайды. Қармақшы аудандық газетінің редакторы Әзілхан Амановқа барып, корректор қылып жұмысқа алуын сұрайды. Редактор талантты жасты жұмысқа алғысы келгенмен, бос орын болмайды. Зордан ағамыз ауылға қайтып келіп, аудандық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбжаппарова Орынтайға келеді. «Институтты жақсы бітіріпсің. Бірақ, бізде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері түгел, бос орын жоқ» дейді құжаттарын қарап отырып. Бір сәт үнсіздіктен соң:
– Орыс тілінен сабақ бере аласың ба? – деп сұрайды. Жас маман ойланып қалады. Өзінің оқығаны қазақ тілі. І курста орыс тілі емтиханынан құлағаны бар. Бірақ, намысқа тырысып, бір апта дайындалып, қайта тапсырып өткен. Институтта орыс классиктерінің шығармаларын орыс тілінде оқып шыққан, шетел әдебиетін де орыс тіліндегі аудармалардан оқыған. Бірен-саран дүниелерді аударма жасапты.
– Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні маманымын. Бірақ, орыс әдебиетімен де таныспын. Орыс классиктерінің бірқатар шығармаларын оқып шықтым, егер қажеттілік болса, орыс тілінен сабақ бере аламын деп ойлаймын, – дейді.
– Маған жас мамандардың осындай батылдығы ұнайды. Сен де өзіңе сенімдісің. Мен де саған сенемін. Не керек, сол жерде аудандық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі жас маманнан орыс тілінде диктант алады. Әп-сәтте жазып бітіреді. Дәптердің екі бетіне жазылған диктантты оқып көрген меңгеруші «Жарайсың, Зордан! Екі жүз сөзден бір қате шықпады, жарайсың!» дейді риза болған дауыспен. Сонымен, жас маман Зордан Салықбаев Қызылдың қиясындағы жаңадан құрылған Аққыр совхозындағы №188 орта мектепке орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болды. Кейін білді, аудандық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбжаппарова Орынтайдың өзі де орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен.
Сөйтіп алғаш Аққыр совхозында №188 орта мектепте 36 сағат жүктемемен орыс тілінен сабақ береді. Кейін директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болады.
Зордан ағамыздың жары Мейірманова Дина апамыздың әкесі Нұржан ақсақал 1941 жылы ауылдан соғысқа аттанған ең алғашқы 72 адамнан тірі қайтқан екеудің бірі еді. Аққыр совхозына 1967 жылы барып, құрылыс қоймасына қарауыл болды. Дина апамыздың анасы Ешмұратқызы Әлима да колхозшы болған. Шіркейлі каналын қазуға қатысқан қарулы, жұмыскер кісі болған. Ағасы Қайырбек бірінші ферманың меңгерушісі Байнияз ақсақалдың қарауында шопыр, ал, жеңгесі Шырын малшы балалары жататын интернатта аспаз болыпты. 1967 жылы Мақпалкөлдегі мектепті бітірген Дина апамыз жоғары оқу орнына бара алмайды. Бір жыл совхоз директорының хатшы-мәшеңкешісі болып жұмыс істеп, Бердәулетов Камал ағасынан көп нәрсе үйренеді.
1968 жылы 23 ақпан күні Зордан ағамыз бен Дина апамыз бас қосып, отау тігеді. Ол кезде 23 ақпан – Кеңес армиясының құрылған күні. Маңызды мереке. Сол кездің қалыптасқан дәстүрі бойынша совхоз клубында шаңырақ көтерген жастардың комсомолдық тойы өткізіледі. Жұбайлық ғұмырдың алғашқы күнінен-ақ екі жастың арасында тазалыққа, адалдыққа, шыншылдыққа негізделген үйлесімді қарым-қатынас орнайды. Ақын жарына: «Менің әкем мен анамның көңіліне кірбің түспесін» деген шарт қояды. Дина апамыз аяулы жарының сөзін екі етпейді. Атасы Салықбай келінін өз қызындай көрді, Дина апамыз да атасын өз әкесіндей құрметтеп, енесінің бабын жасайды. Атасы мен енесінің ақыл-кеңесін, өсиетін, көрген, түйгенін кәдеге жаратады.
Дина апамыз 1969 жылы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. «Менен көмек сұрама, бәрібір көмектеспеймін, өз қабілетіңмен оқы» депті Зордан ағамыз жұбайына. Институтты сырттай оқып жүріп, мектепке жұмысқа тұрсам ба екен деген ойы да болыпты. Бірақ, бұл ойына да Зордан ағамыз «үшінші курсты бітірмей мектепке жұмысқа бармайсың» деп тосқауыл қойыпты.
Зордан ағамыз ауылдағы мектепте жұмыс істесе де жазуын тоқтатпайды, өлеңдері мен мақалалары жергілікті баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. Мазмұнды мақалалары мен мәнді өлеңдерін көрген аупартком Зордан Салықбаевты аудандық газетке жұмысқа шақырып, 1968 жылы желтоқсан айында аудандық «Жаңадария» газетіне жұмысқа келеді. Газетте еңбекші хаттар бөлімінде істейді. Әдеби қызметкер Темірше Сарыбаевпен екеуі бір кабинетте отырады. Бірақ, ауылдағы қарияларының жағдайымен 1969 жылдың қыркүйек айында қайтадан ауылға барады.
1970 жылы маусым айында аупарткомның бірінші хатшысы Исатай Әбдкәрімов Зордан ағамызды қолқа салып, қайтадан ауданға алдырады. Жақын ағасы Майлыбаев Жақсылық «Аупартком кез-келгенді шақыра бермейді, баланың бағын байламаңдар, ұстамаңдар, жіберіңдер. Көзімнің алдында жүрсін десеңдер, ертең қызметке тұрғасын Жалағашқа көшіп барыңдар» депті Салықбай әкеміз бен Ақшай әжемізге. Бәрі сол ағасы айтқандай болады. Сол жылы Зордан Салықбаев аупарткомге партия кабинетінің меңгерушісі деген жұмысқа келді.
Ол кезде партия жұмысы қат-қабат. Түрлі қағаздар, қатынас хаттар, баяндамалар. Сол тұста аупарткомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов облысқа қызмет ауысып, орнына Сұлтан Аманов келеді. Аупарткомның партия кабинетінің жұмысының бірі – бірінші хатшының баяндамаларын дайындау. Бірде облыста болатын партия конференциясында оқылатын баяндама дайындау керек болады. Бірінші хатшы осы баяндаманы дайындауды Зордан Салықбаевқа тапсырды. Баяндама орыс тілінде дайындалуы тиіс. Бір апта мерзімде орыс тілінде жүз беттік баяндама дайын болады. Облыста өткен жиында бірінші хатшының сауатты шыққан баяндамасы өте жоғары бағаланады және бұл Зордан ағамыз бен бірінші хатшының арасын жақындата түседі…
1974 жылы аудандық «Жаңадария» газетінің редакторы Қален Әбдешов қызметі ауысып, облысқа кетеді. Аудандық газетке жаңа редактор тағайындау керек. Аудандық газеттің иесі – аупартком, яғни редакторды тағайындайтын да аупартком. Аудандық газеттің редакторлығына Зордан Салықбаевтың кандидатурасы ұсынылады. Бірақ, обкомның үшінші хатшысы Қаржау Жарқынбеков «Бұл бала әлі жас, отызға да толмаған, игеріп кете алмайды», – деп қабылдамайды. Сонда аупарткомның бірінші хатшысы Сұлтан Аманов өзі барып «Мен сырттан адам алмаймын, бір адам болса осы Салықбаев болады, екі адам болса сол екеудің бірі ретінде де Салықбаев болады», – деп Зорданның кандидатурасын бекіттіріп келеді. Осылайша Зордан Салықбаев 1974 жылдан 1986 жылға дейін аудандық «Жаңадария» газетінің бас редакторы қызметін атқарады.
Бірақ Зордан ағамызға Сұлтан Амановтай бірінші хатшыны мойындату да оңай болмаса керек. Адам деген пенде ғой, замандастарының ішінен әлдекімдер Зорданның сыртынан қызғанышпен түрлі әңгімелер айтып, бірінші хатшы Зорданға теріс қабақ танытып жүрген кездері де болыпты. «Партия кабинетінің жұмысы нашар. Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхозда орналасқан әскери бөлімі партия кабинетінің жұмысын көріп келеміз, менімен бірге жүресің», – дейді бірде бірінші хатшы.
Межелі күні бірінші хатшымен аталған совхозға барады. Сұлтан Аманов жол бойы редакторға назар аудармай, шопыры Анатолимен әңгімелеседі. Қайтар жолда да редакторға салқын қабақ танытады. Әскерилердің штабында болғанда бөлім командирі шағын дастарқан жасап күтеді. Сонда құмырсқабел рюмкелерге құйылған бес жұлдызды армян коньягын командирдің қолқалауымен екі-үш мәрте ішке тастап алады. Соның әсерімен батылдау сөйлесіп, мәселенің мән-жайын ашып алмақ болып:
– Сұлтеке, рұқсат етсеңіз бір-екі ауыз әңгіме айтсам, – деп бастайды сөзін. Хатшы тыңдауға бейіл танытып, редакторға бұрылады.
– Мен сіздің қарауыңызда жұмыс істеймін. Меніңше, әр басшы өзінің қол астында жұмыс істейтін адамдардың жай-жағдайынан хабардар болуы керек. Өз басының халі қалай, семья жағдайы қалай дегендей. Менің осында жұмысқа келгеніме бірталай уақыт болды, бірақ сіз менің тікелей басшым ретінде әлі менен ештеңе сұрамадыңыз. Сіздің менен үлкендігіңіз бар, жасы үлкен аға, өзінен кіші інінің қамын ойлап жүруші еді… – деп бір тоқтайды.
Әңгімесі өтімді, әсерлі болғанын біледі, өйткені хатшы көзілдірігін, үш шешіп, үш киеді.
– Ал құлағым сенде, айт, кімсің, кімің бар? – дейді хатшы. Хатшының ықыласын пайдаланып Зордан ағамыз отбасы жағдайын түгел айтады.
– Айтқаныңның жөні бар, үлкендік қылып, мен өзім сұрауым керек еді. Дегенмен бұл әңгімеміз дұрыс болды, – дейді хатшы…
Тегін адам ел басқара ма, Сұлтан Аманов та халыққа үйрете жүріп, өзі де халықтан үйренетін сұңғыла адам болған. Жеңіл әңгімеге, сөзге еріп кете жаздаған қателігін тез түзейді және осы ашық әңгімеден кейін екеуінің арасы күрт жақсарады. Кейін келе екеуі аға-інідей сыйласады.
Зордан Салықбаев он үш жылға жуық аудандық газеттің бас редакторы болып жұмыс істейді. Байыппен қарасақ, сол бір жылдар алдыңғы толқын ағалардың дәуірі екен. Ол кезде қара өлеңнің, қазақтың қасиетті қара сөзінің қадірін, парқын, нарқын білетін Зордан ағамыздың өзінен бастап, Мәлік Аяпов, Жақсыбай Сарбалаев, Мырзамұрат Ілясов, Тұрсынбай Тәшенов, Ахмет Тілеулиев, Бексейт Шайланов, Жұмабек Әбжәмилов сынды ағаларымыз қатарда болатын. Жалпы сол кезде ауданда сондай бір әдеби-рухани орта қалыптасқан. Бұлар аудандағы рухани-идеологиялық күш болатын.
Өзінің уақытын бағалап, өзіне өзі есеп беретін адам Зордан ағамыздай-ақ болар. 1984 жылы жазғы демалыстарында Қырымға, Ялтаға барды. Бұлардың демалып жатқан жерінде Чеховтің музейі бар екен. Жұрт емін-еркін демалып жатса, Зордан ағамыз осы музейге баратын, кітапханадан кітап алып келіп оқиды. Бір күн кітап оқымаған күнін, жазбаған күнін босқа кеткен уақыт, өлген уақыт деп есептейді.
Талай марғасқалармен дидарласты, бір дастарқанда дәмдес болды. Бәкір Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Асқар Тоқмағанбетов, Кемел Тоқаев, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Қомшабай Сүйеніш, Баянғали Әлімжанов, Сейіл Боранбаев сынды қазақ әдебиетінің алыптары Зордан ағамыздың шаңырағында болып, Ақшай әжеміз бен Дина апайдың ақ дастарқанынан дәм татыпты.
Бірде ауданға атақты партизан Қасым Қайсенов келеді. Аупарткомның бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев Зорданды шақырып алып «Зордан, саған бір жауапты тапсырма бар. Елге батыр ағаң Қасым келді. Елмен, халықпен кездеспекші. Сол батыр ағамызға «қарын бүрме» деген тағам дайындауымыз керек. Сенің қарияларың бар, бұл тағамды дайындаудың жай-күйін сол қариялар білмесе, жастар біле бермейді. Сен қариялармен ақылдасып, осы «қарын бүрмені» дайында», – дейді.
Салықбай әкеміз «Ойбай-ау, оған біраз уақыт керек қой. Шеңгелді жағып өртеп, бір қойдың етін өзінің қарнына салып, қойдың жілігінен ауа кіретін саңылау жасап, өртенген шеңгелдің қоламтасының астына тастау керек. Ол қоламтаның астында ең кемі бір тәулік жатуы керек», – дейді. Әкесін тыңдаса бұл шаруаның машақаты көп екен, ертеңге үлгермейді, енді не істеу керек?! Өстіп, не істерін білмей дал болып тұрғанда Дина апай көмекке келеді.
Не керек, сол «қарын бүрме» қазанға асылады. Дайын болған қарын бүрмені исін бұрқыратып, дастарқанға үлкен керсен табаққа салып алып келеді. Батырдың қасында төрт-бес адам бар, аупарткомның бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаевтың өзі бар. Батыр соғыстағы әңгімелерін айтып отырып, асты сүйсініп жейді. Дастарқанға бата берер алдында Қасым Қайсенов «Шырағым, асың өте дәмді болыпты, «қарын бүрме» деген қазақтың қасиетті асын бала күнімде шешем марқұм дайындайтын еді бұл тағамды. Бүгін сол шешемнің «қарын бүрмесін» жегендей болып, балалық шағымды еске алып отырмын. Өркенің өссін, айналайын, бақытты болыңдар!», – деп батыр батасын береді. Зордан ағамыздың батырдан бата алған жұлдызды шағы еді бұл…
Зордан ағамыз небәрі 44 жасында өмірден озды. Артындағы балалары мен армандарын жары Дина апамызға аманат етіпті. Ақынның аманатын орындау оңай болмады. Артында қалған төрт бала әке жолымен өсіп, жетілді. Гүлнәр, Жанар, Асан, Үсендердің әрқайсы қазір бір-бір шаңырақ болып, немерелер өсіп келеді. Дина апамыздың мойынында жүрген басты аманаты – ақынның қолжазба күйінде қалған дүниелерін кітап қылып шығару болатын. Ақынның соңында қалған дүниесін сақтап, жинақтап, жарыққа шығару екі адамның бірінің қолынан келмейтін шаруа. Әсіресе, әйел адамға қиын. Үлкен төзім керек. Алайда, Дина апамыз аманат арқалап жүрген соң тәуекел етті. Аудан басшыларынан бастап, Өзбекәлі Жәнібековке дейін кіріп, аяулы жарының қолжазба күйінде қалған шығармаларын жарыққа шығарды, оқырманмен қауыштырды.
Ақынның алғашқы дүниелері «Үміт толқыны» деген жинаққа енген. Бірақ бұл кітап 1988 жылы ақынның өзі қайтыс болған соң қырық бір күннен кейін жарыққа шықты. Бұл кітапқа Зордан Салықбаевтың және Ләззат Омарова мен Жарылқасын Боранбаевтың әңгімелері топтастырылыпты.
«Динажан, 1 сәуірге Жазушылар одағынан демалуға жолдама алдым. Осы кітаптың алғашқы сүйінші данасын алып келемін» деген хат та жіберіпті Алматыдан. Бірақ, қайран, ақын ол күнге жетпеді. Жүрегі сыр беріп, Алматы қаласында мәңгілік мекеніне бет түзеді. 1989 жылы шілде айында Дина апамыз Зордан ағамыздың асын берген соң балаларын ертіп Алматыда тұратын Ғалия апасының үйіне барады. Ойы Алматыдағы Зорданмен араласқан азаматтарға құдайы беру болады. Құдайыға елге белгілі қаламгерлер келеді. Осы бас қосуда Әкім Тарази «Зорданның баспаға берген дүниесін зерттеу керек, іздеушісі жоқ болса ол жата береді, тіпті жоғалып кетуі де мүмкін. Сосын бұл шаруаны бітіру үшін Өзбекәлі Жәнібековтің өзіне кіру керек», – деп кеңес береді. Міне, Дина апамыз қазақтың бір туар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтың алдына осылай достарының бағыттауымен барған еді. Ол кезеңде үлкен бастықтардың алдына кіру дегенің қияметтен қиын еді ғой. Сағаттап күтіп, тіпті, айға жуық сандалтатын. Ал, мына дүрілдеп тұрған Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің қабылдауы тез болады. Орталық Комитетке барып, Өзбекәлінің кабинетін тауып алады да, хатшы қызға келген шаруасын, хатшыға кіретінін айтады.
Дина апамызды Өзбекәлі орнынан тұрып қарсы алады. Дина апамыз ойға алған шаруларын бәрін ретімен айтады. Басшы асықпай, сөзін бөлмей тыңдайды. Сәл үнсіздіктен кейін «Тым жас кеткен екен» деп телефон тұтқасын көтеріп, «Маған Зейнолланы қосыңыз», – дейді. «Зейнолла, менің алдымда Қызылорда облысынан Зордан Салықбаев деген ақынның жары келіп отыр. Зордан өзі дүниеден өтіпті. Көзі тірісінде баспаға біраз дүниелері ұсынылған екен, соның жарыққа шығуына көмектесейік, өнерді өлтірмеуіміз керек. Ақынның жары өзі барады сіздерге, осы жұмысты аяқсыз қалдырмаңыздар», – деп тапсырады. Сосын Динаға қарап, «Жұмыстарыңыз аяқсыз қалмайды, қалқам, өзің баспаға соқ!», – дейді.
Өзбекәлі сөйлескен кісі сол кездегі «Жазушы» баспасының директоры Зейнолла Серікқалиев екен. Зейнолланы есітуі бар екен. Ауылда Зорданның жақын араласқан Өмірзақ Қожамұратов деген ақын досы болыпты. 1968 жылы Аққырда Зордан ағамыз бен Дина апамыздың үйінде бір ай жатқан. Ертерек өмірден өтіп кеткен осы Өмірзақ Қожамұратов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Айбергенов үшеуі университетте бірге оқыған екен. Өмірзақтың «Түнгі бон» деген поэмасын Зордан мәшіңкеге бастырып қойған. Досынан қалған дүниелерін жинақтап кітап қылып, шығарсам ба деп жүреді екен. Тіпті осы шаруалармен Жазушылар Одағының төрағасы Әди Шәріповке баруды да жоспарлап қойған екен. Дина Зейнолла Серікқалиевқа сол поэманы ала барған. Зейноллаға досының поэмасын бергенде оған ат пен түйе жетектеп барғандай қатты қуанады. Сөйтсе Зейнолла да досы туралы кітап шығарайын деп жатыр екен. Өмірзақтан бір қыз қалыпты, оны университетке түсіріпті, енді өмірден ерте кеткен досы жайлы кітап шығаруға ниеттеніп отыр екен. «Сіз маған үлкен сыйлық жасадыңыз, Өмірзақтың осы поэмасын қайдан табарымды білмей жүр едім. Ал, енді сіздің шаруаларға келсек, уайымдамаңыз, бәрі дұрыс болады», – дейді.
Жұмысты бірыңғайлағандай болып, ауылға келеді. Келсе аупарткомның бірінші хатшысы Биғали Қаюпов іздеп жатыр екен. Аупарткомге барады. Жоғарыдан тапсырма келген. Ақынның кітабын шығаратын болады. Бірақ, ол кеңес үкіметінің қалт-құлт етіп тұрған кезі. Көп өтпей одақ тарайды. Үкіметпен бірге партия, аупартком да кетеді де, кітаптың тағдыры тағы да белгісіз болып қалады.
Бір күні Алматыдан Тынышбек Дайрабай мен Құлтас Достан хабарласады. «Мына жақта азаматтармен сөйлесіп отырмыз, 100 мың теңгеге мүмкіндігіңіз бар ма, 200 дана қылып шығарайық», – дейді олар. Ол кезде 100 мың теңге деген өте көп ақша. «Бар, табамын 100 мыңды, шығарыңдар», – дейді Дина апамыз сенімді дауыспен. «Тәуекел, өзімнің айлығым бар, ағайын бар, қарыздансам да тауып берермін. Тек ақынның аманатын орындасам болғаны», – дейді іштей. Ақынның «Жазылып қалған жан сырым» деген алғашқы авторлық еңбегі осылай 1997 жылы жарық көреді. Зорданның осы алғашқы кітабының атауын ақын Ибрагим Исаев қойыпты. «Бұл менің ұстазымның жан сыры ғой, өзі ортамызда болмаса да оның бүкіл жан сыры осы кітапта, сондықтан осылай атайық дейді.
Бұдан кейінгі кітабы «Армандап өткен ғұмырды» Дина апамыз 2006 жылы «Валют транзит банк» дегеннен 350 мың теңге несие алып шығарады. Келесі дүниесі 2009 жылы Астана қаласынан «Сырдария кітапханасы» сериясымен өлеңдер, әңгімелер, очеректер және ой орамдар жинағы мемлкеттік тапсырыспен шығады. Бірақ оны шығару да оңай болмапты. 2008 жылы ақпан айының соңында Қорқыт Ата университетінен Бағдат Кәрібозов хабарласады. «Жеңеше, ағайдың кітабын мемлекеттік тапсырысқа кіргізейік. Бірақ 300 беттен кем болмау керек. Соған ағайдың дүниелерін жинақтасаңызшы», – дейді. Бұл кезде Дина апамыз 11 класқа сынып жетекші, ата-аналар жиналысы, бітіруші сыныптың мың-сан ұйымдастыру жұмыстары бар, тіпті мүмкіндігі жоқ еді, өзі шаршап жүрген шағы болса керек. Осыны сезген Бағдат ағамыз: «Жеңеше, бір қимылдаңыз, шаршамаңыз, мемлекеттік тапсырысқа ілініп кетсе, мемлекеттің қаржысына шығады ғой», – дейді қайраттандырып. Тәуекел деп кіріседі. Күнде жұмыстан соң қалаға барады, сол жақта отырып, мамандармен бірге материалдарды жүйелейді, дайындайды. Ол кезде қазіргідей стандарт бағдарламадағы компьютерлер жоқ, ауылдағы компьютерге жазып алып барғандарын ол жақтағы компьютер ашпайды. Сосын амал жоқ, түннің бір уағына дейін қолмен көшіреді. Кейде әріптес сіңілдері Алмаш пен Сәулені түнге қарай асарға шақырған кездері де болады. Осылай үш ай қатынап жұмыс істейді. Өзі де әбден шаршайды, сылынып қалады. Бірақ сол жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен кітап жарыққа шығады. Бұл республиканың барлық кітапханаларына тарады.
1993 жылы Зордан Салықбаевтың қайтыс болғанына бес жыл толады. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Айлық жалақы жоқ, көлікке май жоқ, тіпті ішетін шай да болмай қалған, заманның тарылған шағы. Аудан әкімі – Сәмит Далдабаев. Дина апамыз әкімге арнайы кіріп ақынның еске алу кешін өткізгісі келетінін айтады. Бір сәт үнсіздіктен соң:
– Заманның түрі мынау, жұрт айлық жалақыларын ала алмай жүр. Бұл қалай болар екен, бұл шараны кім ұйымдастырады? – дейді қиналған кейіппен. Дина апамыз ұйымдастыру жағын өзі жауапкершілігіне алатынын айтады. Аудан әкімі «Жарайды, онда ауданның азаматтарына тапсырамын. Қолымыздан келгенше көмек қолын созармыз» дейді. Бірер күннен соң аудан әкімінің орынбасары Әбекенов Әмірбек хабарласып: «Дина, еске алу кешіне байланысты әкімнен тапсырма алып отырмын. Мәдени-көпшілік шараларын өзің ұйымдастырарсың. Ал, енді қонақасы беріп, құран оқыта аласың ба?» – дейді. Бәрін дайындап қойғанын, соятын малының да дайын екенін айтады. Шаруа шешілгендей болады. Жергілікті телеарналардың түсіріп, хабар таратуы да ақылы. Эфирге шығару 30 мың теңге екен. Ол кезде теңгенің құнды кезі. Отыз мыңды үш бөліп төлейтін болып келіседі. Мектептегі қырық-елу мұғалімнің кәртішкесін алады. Әмірбек Әбекенов бір қап, күріш пен бір қап ұн береді. Не керек, еске алу кеші жоғары дәрежеде өтеді. Кештен соң Зордан ағамыздың отбасында аудан әкімі Сәмит Далдабаев бастаған бюро мүшелері, басқа да бірқатар қонақтар болады. Дастарқан басында аудан әкімі сөз алып: «Шырағым Дина, осы істің басында өзің жүрдің. Жағдайдың уақыттың ауанына қарап, бұл қалай болады деп шамалы ойланып та қалып едік. Бірақ, шүкір, жақсы өтті. Ақынды біз іздеуіміз керек еді, ұяттау болды. Бүгін Зордан ақын халқымен қайта қауышты, бұл енді өзіңнің еңбегің, жарыңа, қаламгерге, жалпы шығармашылыққа деген құрметің. Осы кештің қамымен Алматыға бірнеше мәрте шығындалып барып қайттың ғой, бізден көмек болсын, бір қажетіңе жаратарсың», – деп тоғыз мың теңге ақша береді. Иә, ол кезде ол бірталай қаражат еді…
Қамшының сабындай келте ғұмыр деген осы екен. Бәрі де уақытша, бәрі де баянсыз дүние. Тек дүниеде биіктік, тереңдік деген мәңгі өлмес ұғымдар ғана бар. Бірақ теңіздей терең болу, асқар таудай биік болу екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін бақ. Сол бақ өмірден ертерек кетсе де Зордан ағамызға бұйырыпты. Жары Зорданының отын өшірмеу үшін және оның артындағы қалған мол әдеби мұрасын жарыққа шығару үшін қандай қиындыққа да төзді. Ең бастысы, ақынның аманатын орындады.
Тұрақ АДИСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!