Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Жұма, 26 сәуiр, 09:37

Ғибратты ғұмыр иесі

11.10.2022

805

0

1969 жылдың маусым айында Мәдениет ауылындағы №32 1 май орта мектебінің 8 сыныбын бітіріп, жазғы демалысқа шығып ауылға қайттық. Жаңадария совхозының №3 фермасында шопан болып қой бағатын әкем Ұлы Отан соғысының мүгедегі Бертай Кәрібаевтың қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсіпті. Оның үстіне соғыстың салдарынан нашарлаған екі көзіне бірдей ота жасатып, көз мүгедегін алған әкем мал бағуға жарамай қалды. Ол кезде іні-қарындастарым әлі жас еді. Оларға қарап қамқор болатын адам керек. Сөйтіп осындай жанұялық жағдайыма байланысты шопан таяғын ұстап, әкемнің еңбек жолын жалғастыруға тура келді. Ал енді мектепте оқуымды сырттай бөлімде оқып жалғастырдым.

Сонымен бір отар қой бағып, шопандық еңбек жолым басталды. Жаз жайлауда, қыс қыстауда мал бағып жүріп, әне-міне дегенше екі үш жыл уақыт өте шықты. Мектептің сырттай бөлімінде 3 жыл оқып, кәмелеттік аттестат алуым керек. 1972 жылы малымды бір кісіге тапсырып, Мәдениет совхозына алтын ұя мектебіме бардым. Ол кезде мектептің оқу ісінің меңгерушісі Тәуекел Төремұратов болатын. Өмірлік тәжірибесі мол білікті ұстаз бізге физика-математика пәнінен сабақ бергенді. Сабақта тыныштық орнатып, өзін тыңдата білетін талапшыл, қаталдау кісі еді. Енді міне, сол ағайдың қолынан аттестат алу бұйырыпты. Кабинеттің есігін қағып, рұқсат сұрап имене кірдім.
– Сәлеметсіз бе, ағай,
– О, Бертаев, келдің бе?
Мені көрген ағайым орнынан тұрып, қарсы алдындағы орындықты нұсқады. Мен орындыққа отырып жайғасқанша отбасымның амандығын, әке-шешемнің денсаулығын, шаруамның жағдайын сұрап жатыр. Аман-саулықтан соң қойған сауалы: – Алда қандай мақсатың бар?
Мен де іркіліп қалған жоқпын, алдағы жоспарымды жайып салдым.
– Ата-анамның атынан қой бағып, кезектестіріп бес-алты жылда зейнетке шығармақпын. Сосын әскер қатарында қызмет етіп келген соң жоғары оқу орнына түсіп, жуналист мамандығын алғым келеді. Ал енді үйленіп отау құру ең соңғы жоспарым, – дедім.


Әр сөзіме ден қойып тыңдаған ағайдың қатулы қабағынан жылулық байқалып, жымиып күлгендей болды.


– Дұрыс, дұрыс. Өлеңдерің мен мақалаларыңды газеттен оқып жүрмін. Әкең Бертай да ақын әрі шежіреші кісі ғой. Есіңде болсын, Ілияс Қабылов, Жақай Тайшиев, Кеңесбай Үсебаев есімді журналист, қоғам қайраткерлері сарғасқаның өстемір аталығынан тарайды. Сол ағаларыңның жолын берсін, талабың оң болсын, айналайын!


Сол күні ұстазым екеуміз ұзақ әңгімелестік. Қой бағып жүзін күн қаққан қара бала мына мендей шәкіртінің ойында жүрсін деді ме мекен, әйтеуір ұстазымның шешіліп сөйлеуін бірінші рет көруім. Қанша уақыт өткенін қайдам, кәмелеттік аттестатты қолыма алып, кәбинеттен марқайып көңілді шықтым. Ұлтына қызмет етіп, осынша ұлылықты бойына сіңіріп жүрген ұстазымның қолынан куәлік алып, ізгі тілегін естіп, көкірегімді қуаныш кернеді. Енді міне, ойлап отырсам, армандарым орындалды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген даналық сөз бар. Өз өмірімде абырой беделге ие болып, жетістіктерге жетуіме білім нәрімен сусындатып, бағыт- бағдар берген ұстазымның ерен еңбегі, ыстық ықыласының ықпалы болғанын айтқым келеді.
Ұстаз – ұлы сөз. Алты алашқа ана болған, құт қонған киелі топырақта дүниеге келіп, мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие беріп, өмірден өз орнын табуына елеулі еңбек сіңірген ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірі де бірегейі Тәуекел Төремұратовтың еңбек жолы Ұлы Отан соғысынан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерінде өтіпті.


1928 жылы Қармақшы ауданының Қарақұм жерінде дүниеге келген Тәуекел ағай осы аудандағы тоғыз жылдық мектепте оқып бітірген соң екі үш жыл қой бағып еңбек еткен. 1950-1951 жылы оқу жылында 10 сыныпты кешкі мектепте оқиды. 1951 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер институтына түсіп, физика-математика мамандығымен бірге «жеті жылдық мектеп оқытушысы» мамандығын алып шығады. 1953 жылы Макпалкөл мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастайды. Одан кейін Жаңаталап колхозындағы орталау мектепте директор, қатардағы мұғалім болып оқушыларға сабақ береді. Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы пединститутын физика-математика мамандығы бойынша бітіріп шыққан Т.Төремұратов ұзақ жыл Мәдениет ауылындағы №32 1 май орта мектебінде ұстаздық етіп, директордың тәрбие ісі және оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.


Елуінші жылдардан кейін елімізде алда тұрған негізгі міндеттердің бірі жалпыға бірдей міндетті оқу заңын орындау және потриоттық тұрғыда тәрбиелеу болды. Сонымен бірге мектептер негізгі пәндерден кабинеттік жүйеге көше бастады. Жалпыға бірдей міндетті орта білім беруді аяқтау және білім беруді одан әрі жетілдіру жұмыстары жүріп жатты. Міне, осы кезеңдерде тәжірибе жинап шындалған білікті мамандар қатарында Тәуекел ағай да оқу-ағарту ісіне өз үлесін қосты. Қай мектепте, қай қызметте жүрсе де үнемі ізденіп, жұмысын жетілдіріп, талапшыл маман ретінде танылды. Көп жыл білім беру мекемелерінің оқу материалдық базасын нығайту, оқытудың кабинеттік жүйесіне көшу арқылы оқу тәрбие жұмысының сапасын арттыру жолында жемісті еңбек етті. Шүкір, білім саласындағы ерен еңбегі ескерусіз емес.


1977 жылы 21 шілдеде «Қазақ СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1986 жылы 16 желтоқсанда «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1957 жылы халық сеніміне ие болып, Калинин ауылдық кеңесіне депутат болып сайланды. Білім саласының ардагері, ақылшы ұстаз Тәуекел ағай жұбайы Мамбетова Қарашаймен отау құрып, қырық жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кешті. Батыр ана Қарашай апай екеуі 9 баланы дүниеге әкеліп, ел қатарына қосты. Ұстаз ұрпақтары уақыт талабына сай еңбек етіп, өсіп өркендеп келеді. Жуырда Мәдениет ауылында жетпіс бірдің түлектері кезінде сынып жетекшісі болып, сабақ берген ұстаздары Тәуекел Төремұратов пен Түлкібек Қаражігітовке арнап олар тұрған үйлерге ескерткіш тақта орнатты. Еңбегімен есінде сақтаған шәкірттері барда ұлағатты ұстаздардың тағылымды өмір жолы қашанда кейінгі буынға үлгі болып қала береді.

Серік Бертаев,
ардагер журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: