Жақында ұлттық комиссия отырысында жаңа латын әліпби нұсқасы талқыланыпты. Бұрын бар «Ч» алынып тасталыпты. Бірақ «Ф», «Һ», «В» тағы да қалып қойыпты. «Осы үш әріптің көзін құрту керек» дегендерге тіл табиғатын түсінбейтіндер өре түрегеліп, дау айтып жатыр. Даукестердің қатарында техника ғылымының докторлары да жүр. Олар дау айтса, қастықпен айтпайды, білмегендіктен, түсінбегендіктен айтады. Бұл жазбамды соларға арнаймын.
Байырғы қазақ сөздері қазақ тілінің үндестік заңымен айтылады, ал кірме сөздер қазақ тілін тіл қып тұрған бұл заңға бағынбайды. «…орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл сонай жазылуы тиіс» деген ереже бар. Біз – қазақтар осы ережеге құлшына бас иеміз. Бұ қалай? Кезінде Россиядан қаймықтық-ақ делік, ал тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, тілімізді бұзып тұрған сол ережені түзей алмай келе жатқанымыз қалай? Түзей алмай келе жатқанымыз, сол ережені ереже қылып тұрған кірме әріптер әліпбиімізде өріп жүр. Осы кірме әріптердің көзін жою керек. Өйтейік десек «ана сөзді қалай жазамыз, мына сөзді қалай жазамыз» деп, аузын қисаңдататындар жетіп артылады. Ол әріптерді құртудың жалғыз жолы латын таңбасына көшу. Осыны, қарапайым халықты былай қойғанда, латын таңбасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін талқылап, қабылдайтындар Ақмет Байтұрсынұлы айтқан қағиданы жан жүрегімен ұға алмай жүр. Ұқса неге сол ұққанындай жасамайды?
Бұл айтылғандарды тіл мамандарыны түсіндірудің қажеті аз, олар оны онсыз да түсіне алады.
Ал тіл білімінен хабары аз жандар үшін кірме дыбыстардың үндестік заңын қалай бұзатынын, қалай қирататынын қысқаша айта кетейін. Ол үшін мына ережені еске алайық.
Тіл кейін шегініп, үсті дөңестену арқылы жасалатын дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар дейміз.
Тіл ілгері қарай созылу арқылы жасалған дауысты дыбыстарды жіңішке дауыстылар дейміз.
Демек, үндестік заңына бағынатын таза қазақ сөзін айтқанда ауыздағы тіл бір ғана қимыл жасайды. Олай болса толық бір сөзді тілімізге бір ғана қимыл жасату арқылы еркін, қиналмай айта аламыз. Ал ВАЗЕЛИН, ХАКІМ, ФОЙЕ сияқты біресе жуан, біресе жіңішке дауыстыларды пайдаланып, үндестік заңын қасақана бұзып тұрған сөздерді айтқанда тіліміз біресе кейін шегініп, біресе ілгері қарай созылып (беліне қамшы тиген жыландай жиырылып-жазылып немесе ыстықтаған иттің тіліндей жалаңдап), бірнеше қимыл жасайды. Сөйтіп ауыз ішіндегі қызыл тіл байлаудағы ызалы иттей аласұрып кетеді.
Ал қазақтың тілі жалпақ тіл. Аз қимыл жасаса да қиналмай, тілді ауыз ішінде аласұртпай, ойнақшытпай, жәй ғана бір мәрте не кейін шегіндіріп, не бір мәрте ілгері созып, сөзді әуезді етіп айтатын болғандықтан еркелетіп «жалқау» тіл деп те жүрміз.
Ал ерін үндестігі туралы тіпті ұмытуға айналдық. Оны ұмыттырып тұрған да сол кірме дыбыстар. «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген әйгілі сөзді (біреу оны Затаевич айтқан дейді, екінші біреулер Потанин айтты дейді, мейлі кім айтса, ол айтсын) бүгінгі жазғыштар әнге қатыстырып жазып жүр. Жо-оқ, бұл тіркестің әнге мүлдем қатысы жоқ. Қазақ тілінде ерін үндестігі заңы бұзылмай тұрғанда бабаларымыздың сөйлеп отырғанының өзі ән сияқты болып естілген. Міне, осындай әуезді тілімізден айырылдық қой. Одан айырған, тағы да айтайын, кірме дыбыстардың тепкіні.
Ал анау үш сөзді үндестік заңына бағындырмай тұрған «вэ», «ха», «эф» деген дыбыстар («вэ»-ні «вы», «ха»-ны «хы» деп жұмбаздап, иін жұмсартқансығанмен, «эф»-ті «фы» дей алмай, сол «эф» күйінде қалдырған масқара жай бар). Соны біле тұра «В», «Х», «Ф» деген таңбаларды әліпбиге тағы да қосып отырмыз «Һ»-сы тағы бар. Егер осы таңбалардың көзі құрымаса, ВАЗЕЛИН, ХАКІМ, ФОЙЕ сияқты сөздер қалай жазылса, солай айтылсын деген ереже сол қалпында қалады. Ал қазақтың Құдай жаратқан тілі бұл сөздерді «базалин», «әкім», «бөйе» деп айтуға бейім. Қазақтың жалпақ тілі «вэ» дегенді «бы», «ха» дегенді «қы», «эф» дегенді «пы» дейді. Ақымет Байтұрсынұлының «…тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» дейтіні – осы.
Бұның салдары сол, кірме сөздерді қазақтың төл дыбыстарына икемдемей, кірме дыбыстармен айта берсек, онда бір заманда тіліміздің заңдылығы адам түсініп болмайтын қойыртпаққа айналады. Жиырмасыншы ғасырдың басында бір-бірімен аудармашысыз еркін сөйлесе беретін түркі халықтары қазір бірін бірі неліктен түсіне алмай қалды? Міне, кірме дыбыстар тілі бір түркі халықтарын осылайша бір-бірінен алшақтатып бара жатыр. Біз, бауырлас елдер, біріміздің әдебиетімізді біріміз аударатын сұмдық жағдайға тап болдық. Сондықтан тек қазақ қана емес, түбі де, тілі де бір түркі жұрты Тәңір дарытқан төл дыбысымызды таза күйінде сақтауымыз керек. Сонда ғана біз бір-бірімізге жақындай аламыз.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!