Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:59

Атакәсіпті қолға алған

10.12.2024

101

0

Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Ұлықбек Нұрылдаев өмірінің 32 жылын мал шаруашылығына арнаған. Бүгінге дейін ауылда мал дәрігері болып еңбек еткен ағамыз қазіргі таңда шаруашылық ашып, атакәсіпті қолға алған.

Мемлекеттік бағдарламалардың игі­лі­гін көріп отырған іскер азамат бастап­қыда «Сыбаға» бағдарла­масымен 8 млн теңге пайыздық үстемақысы тө­мен несие алған. Тиісті қаражатқа 30 бас­тан астам ірі қара алады. Кейін мал ба­сын көбейтіп, бордақылап сатумен айналысты.
– Расында бабаларымыз айтқандай, мал баққанға бітеді. Қарамасаң, мал құтаймайды. Сондықтан оны бағуға бел буған адам ғана атакәсіппен айналысуы керек деп ойлаймын. Жалпы 30 жылдан астам уақыттан бері осы салада еңбек еткендіктен маған мал бағудың қыр-сыры қиын болған жоқ. Қазір бір балам ізімді басып, ауылда мал дәрігері болып жұмыс жасайды. Атакәсіп алға басу үшін оларға да білгенімді үйретіп ке­лемін. Қазір шүкір ғой, кәсібім алға басуда, – дейді Ұлықбек Нұрылдаев.
Ағамыз мұнымен шектелген жоқ, кейін жылқы басын көбейтуді де жос­парлады. Бұған қатысты мемле­кет­тің арнайы «Құлан» деген бағдар­лама­сы бар. Оған да құжат тапсырып көрді, нә­тижесінде жобасы 10 млн теңге қар­жылай қолдау тапты. Тиісті қара­жатқа кәсіпкер 30-дан астам жылқы алды.
Ұлекеңнің кәсіптің бұл түріне тың­ғылықты дайындықпен, үлкен ізденіс­пен келгенін аңғару қиын емес. Қазір «Нұрбек» шаруа қожалығының егістік һәм жайылымдық жері де бар. Қыс­таудағы жері 145 гектарға жетсе, ауыл іргесінде 100 гектарға жуық жайлауы тағы бар. Мұнан бөлек 20 гектар жерге ауыспалы егіс жүйесімен, яғни ротацияны сақтай отырып егін егіп отыр. Бұдан шаруашылықтың шығыны аз екенін аңғару тағы да қиын емес.
– Ауыспалы егіс жүйесінде ротация сақталу керек. Кешеге дейін жоңышқа егіп, мал азығын қамдап алдым. Келер жылы күріштің кезегі, алдағы уақытта жоңышқа сатып алуға тура келеді. Оған жеміңізді қосыңыз. Мұндай тығы­рықтан шығар бір ғана амал бар, Қыс­тауымның қасында 9 гектар өзімнің жерім бар. Қасында тағы 30 гектардай жер бос жатыр. Егер сол жерді алсам, өзінше тек жоңышқа егуге арнап қояр едім. Сонда менде мал азығынан мәселе болмас еді. Ол жер Мәдениет ауылына тиесілі, олар бірақ аукционға шығармай отыр. Шығып жатса, жыңғыл басқан жерді ашып, мал азығын қамдар едім, – дейді шаруа адамы.
Иә, мал баққанға бітеді, қазекеңнен қалған аталы сөздің растығын Ұлекең бір ғана шаруашылықпен дәлелдеп отыр. Шаруашылық құрды, оның бей­нетіне төзіп, шаруаны ширатты. Бір аттаса, алдағы жылдары мал азығын қам­дауға әрекет еткісі келеді. Бірақ оған әлгі жер әлі күнге дейін аукционға шықпай отыр, «қолбайлау болып от­қаны осы» дейді іскер азамат.
Ұлекең бұған дейін алған бірқатар не­сиесін жауып үлгеріпті. Сөзінше, төрт түліктің ішінде ірі қара мен жылқы еті­не де, өзіне де сұраныс жоғары. Тіпті тірілей де бірнеше бас малды бір күн­де сатқан кезі болыпты. Мәселен, біз барған күні 5 бас бұқаны 2,5 млн теңгеге тірілей саудалады.
Іскер азамат кәсіпкерлікті қолдау­ға негізделген мемлекеттік бағдарла­маларды тиімді пайдалануға машық­танған. Биыл тағы да «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырыпты. Бұған дейін мал басын көбейтуге басымдық берген шаруашылық иесінің ендігі мақсаты – асылдандыруға жұмыс жасау. Абырой болғанда Ұлекеңнің бұл жобасы да қаржылай қолдау тауып, 2,5 пайызбен 4,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Тиісті қаражатқа Жамбыл облысынан 1,5 жасар асылтұқымды 9 қашар, 1 өгізше алып келді.
– Бұрын сырттан тек асылтұқымды бұқалар, жылқылар әкеліп асылдан­дыруға кіріскенмін. Одан бірақ толық нәтиже болмады. Енді аналығын да, бұқасын да асылтұқымды мал асы­рау­мен айналысатын шаруашы­лық­тан алып келдім. Осылайша жергілікті ірі қараларды бордақылап сатып, осы­лардың басын көбейтіп, тек асыл­тұ­қымды мал ұстасам деймін. Кеше жем қоймаға сыйымдылығы жоғары 2 контейнер алып келдік. Өйткені мен бір маусымда бірнеше тонна жем сатып аламын. Қазір сырттан әкеліп жа­тыр­­мын. Ауылда үлкен цех іске қосы­луда. Толық пайдалануға берілсе, тасы­мал­дау шығыным да төмендер еді, – дейді еңбек адамы.
Қазір Ұлекеңнің қорасында 70-тен астам ірі қара, 40-тан астам жылқы бар. Мал басын көбейткен шаруа адамы енді асылдандыруға аяқ басты. Бір қыста 30 бас мал бордақылайды екен. Демек тұтынушылар тарапынан етке сұраныс жоғары. Кешегі сырттан келген сиырлар да ет бағытындағы асылтұқымды ірі қара. Енді ол сүт бағытында да мал басын асылдандырып, тұтынушыларын тек етпен емес, сүт өнімдерімен де қамтамасыз етуге ниеттеніп отыр.
Қорасы малға жайлы, егістігі тағы бар, жайылымдық жерін жоғарыда айт­тық. Тіпті техникасын да жарақтап ал­ған. Биыл сужаңа трактор сатып алып­ты. Мұндай мал шаруашылығында жа­­рақты шаруашылық құрылым ау­дан­да саусақпен санарлық десе де болады.
– Техникамызды жарақтап, қора­мыз­ды малға толтырдық. Шүкір ғой, бірақ менде алдағы 4 жылда мал азығынан мәселе болайын деп тұр. Себебі осыған дейін жоңышқа егіп отқан жеріме келер жылы күріш түседі. Қыстау маңындағы жыңғыл басқан жерді ашсам, алдағы төрт жылда мұндай мәселе болмас еді. Оның үстіне «келер жылдан бастап субсидия тоқтайды» деген сыбыс бар. Жемді сырттан сатып аламын, енді оған жоңышқа қосылса, айтарлықтай салмақ болайын деп тұр, – дейді Ұлықбек Нұрылдаев.
Жастайынан қара жұмыспен шың­далып, бүгінде адал еңбегінің жемісін көріп отырған Ұлекеңнің айтатынындай бар. Мал басын көбейтуді мақсат қылды, мақсатына жетті. Оны кейін асыл­дандырсам деді, қазір соған әрекет етуде. Енді мал азығын қамдауға әлгі мә­селесі шешімін тапса, шаруаның одан әрі ширайтыны анық.
Айтпақшы, ауыл еңбеккері жылқыны да асылданыруға кірісіп кетті. Бұған дейін Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласынан 2 бас асылтұқымды жылқы сатып алған. Оның бірі ет бағытында болса, екіншісін бәйгеге қосуға талап қылып отыр. Міне, кейіпкеріміз ет бағытында ғана кәсіп қылмай, ұлттық спортты насихаттауға да ниеттеніп отыр. Алдағы уақытта «Нұрбек» шаруа қожалығында бапталған тұлпарлардың Жұмыртұяқ, Талхиз сынды кәнігі бәйге атындай аты шықпасына кім кепіл?!

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: