Бүгінде Сыр бойында егін шаруашылығы еркеше дамып, «Сыр – Алаштың анасы» атанды. Алайда соңғы жылдары судың жетіспеушілігі диқандарға айтарлықтай әсер етті. Сондықтан мемлекет те түрлі келіссөз жасап, су көлемін көбейтуге тырысса, шаруалар суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беруді қолға алуда.
Баға индексі төмен
4 өңірдің қатарында
Мемлекеттік қолдаудың арқасында былтырдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы бойынша аймақта өсім көрсеткіші 2,3 пайызға, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 32 пайызға артқан. Ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 22,2 пайызға көтерілген.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өткен жылы 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диқаншы қауымға су қажетті деңгейде жеткізілген. Сондай-ақ шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникасы, жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Нәтижесінде өңір диқандары күріштен 500 мың тоннаға жуық астық жинап, әр гектарынан 58 центнерден өнім алды.
Биыл облыс бойынша барлығы 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,3 мың гектар күздік бидай егуді және 50,4 мың гектар сүдігер айдауды қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда тұқым құю және оны тазалау, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аймақта төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 қаңтарына 365,1 мың бас, 657,0 мың бас қой мен ешкі, 257,9 мың басжылқы, 60,7 мың бас түйе және 124,3 мың бас құс тіркелген. Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 99,6 пайызды құрап, Сыр өңірі республика бойынша баға индексі төмен 4 өңірдің қатарына енді.
Техника алуға
200 млрд теңге бөлінеді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынды. Былтыр осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінді. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Биыл аталған бағыттағы қаржыландыру көлемін 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын алуға 200 млрд теңге бөлінеді. Төмен пайызбен берілетін несиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілді.
Елде мал шаруашылығы да айтарлықтай шираған. Мәселен, былтыр 796 мың тоннадан астам ет өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Сүт өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құраған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Сондай-ақ егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары да жалғасады. Ол үшін суды көп шығындайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.
1 197 900 центнер
өнім жиналған
Айта кетейік, Жалағаш ауданы да былтыр саланы толайым табыспен қорытындылады. Нәтижесінде аймақта «Үздік аудан» номинациясын жеңіп алды. Аграрлық ауданда 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 19 800 гектары – күріш. Күріштің әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алып, қамбаға 1 197 900 центнер өнім жиналған еді.
Сондай-ақ бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары мол өнім берген. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 бақша дақылдары жиналды. Мұнан бөлек 4850 гектар жаңа жоңышқаның әр гектарынан 12,5 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ 8091 гектар ескі жоңышқаның 191 гектары тұқымға алынып, 7900 гектар жоңышқаның әр гектарынан 65,0 центнерден өнім берді.
Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Былтыр 1670,6 млн теңгеге 26 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ал өткен күзгі дала жұмыстарына 1027 ауыл шаруашылығы техникасы қатысқан. Оның ішінде 431 трактор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трактор тіркемесі бар.
Жалпы аудан бойынша биыл 36780 гектарға егу жоспарланған. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзім ішінде жүргізуді қамтамасыз ету үшін шаруашылықтармен қолда бар техникаларды толық дайындау жұмыстары жүруде.
Сонымен қатар барлық су нысанын толық дайындыққа келтіруді, су жолдарын тазалау, оның ішінде егіске қажетті тұқымдар, минералдық тыңайтқыштар, гербицидтер және дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз ету де басты назардан түспеген.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!