Жарықтық бұрынғының адамдарының әңгімесі керемет қой. Қазіргідей ғаламтор, теледидар жоқ, бар болса да, некен-саяқ. Тек ол уақытта ата-аналарымыз күйтабақтан термелерді, қазақша әндерді көп тыңдататын. Содан да болар, көп термелер мен қазақша әндердің мәтіндері санамызда жатталып қалатыны. Радиоқабылдағыштан да Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Жамал Омарова, Нұрғали Нүсіпжановтың сызылтып қазақи нақыштағы салған әндері шырқалып, бойға әдемі сезім таратып, шабытыңды оятатын.
Біздің үйіміз ауылдың шетінде болғанымен қонақтан арылмайтын. Сондай күндердің бірінде үйге елге танымал бір сыйлы кісінің келетінін естідік, Ал ата-анамыз қонақ күту рәсіміне дайындалып, жан-жақтан бірталай үлкен кісілер жиналып та қалды. Көп ұзамай күткен қонағымыз да келді. Жүзі жылы, өзі мейірімді, орта бойлы, атжақты кісі екен.
Ауылдағы үлкендер жағынан «Бұл кісі аты республикаға танылған радиожурналист Ахат Жанаев деген кісі болады. Ел аралап, көнеден қалған әңгімелер мен аңыздарды жинақтап, танылмаған таланттарды елге таныстыру мақсатында еліміздің түкпір-түкпіріне сапарлайды. Бүгін ардагер-ұстаз, ақын, соғыс ардагері Асқар Қожахметов ағамыздың шаңырағына келіп, осы кісінің соғыс кезінде жазған құнды өлеңдері мен шығармаларымен танысып, зұлмат жылдары майданда басынан өткен оқиғалары жайлы дерек жинауға келіпті» деп бір тоқтады ақсақал.
Дастархан жайылып, қонақтың сыйлы сыбағасы тартылғанша Ахат ағамыз шежірелі әңгімесін бастады. «Иә, ел ішінде көп жүрген соң көшелі, ғибратты әңгімелерге құлақ түріп жүреміз. Бұқарбай батыр күллі қазаққа ортақ тұлға ғой. Дегенмен ру жағынан келгенде біздің өз бабамыз болады.
Сол бабамыз туралы тебіренбей сөз қозғау мүмкін емес. Ендеше баба ұлағатынан тарқатсам, сіздерді жалықтырмаймын деп ойлаймын.
Өз өмірінде мың өліп, мың тірілген қазақ халқының орыс патшалығы тұсында көрген қуғын-сүргіні де аз болмаған ғой. Әлгілер әскери бекіністер тұрғызып, малдың өрісін тарылта түскен. Қарсы тұрғандарын қанға бояп, мал-мүлкін тонап, әкетіп отырған. Мұндайда Бұқарбай сынды батырлар қалайша қол қусырып қарап отырсын. Қол жинап, атқа қонған жазалаушы отрядтардың бірнешеуін жойып, тірі қалғандарын тұтқында ұстаған. Әлгілерді босату кезінде Орынбор губернаторынан бірнеше өтініш түскен.
Жалпы орыс әскери басшылары кіші жүз қазақтарының Кенесары хан жасағына қосылмауын, өздерін бейтарап ұстауын талап еткен. Арнайы елші жіберіп, келісімге келуді көздеген. «Бізге қояр қандай талабыңыз бар?» дегенге батыр бабамыз жолма-жол аударып отырған татар жігітіне Қаз дауысты Қазыбек бидің Қалмақ қонтайшысына айтқан мына бір отты сөздерін қайталаса керек.
– Біз, қазақ, мал баққан, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау аяғы баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, ақ ордасын таптай білген елміз.
– Ал Кенесары ханның туы астында соғысу, соғыспау біздің өз еншіміздегі дүние. Оған өзге жандардың араласуына немесе төрелік айтуына жол бермейміз. Басшыларыңызға осыны айтып барғайсыздар. Ал қоқандықтарға қарсы күш біріктірейік десеңіздер, онда әңгіме басқаша. Бұл ұсыныстарыңызды қабылдауға болатын шығар. Қайткенде де кесімді жауабыңызды кейінірек қайтаратын боламыз, – дегенді айтып Бұқарбай батыр губернатордың алдында да сөзден тосылмаған екен.
«Бабамыздың туы мен мөрі туралы бір әңгіме айтайын, содан соң қонақ кәдені тарта беріңіздер» деді ардагер-журналист езу тартып.
Тағы да жиылғандар елең етіп, шежірелі жанның әңгімесіне құлақ түрді.
«Кезінде батыр бабамыз тұтынған аса құнды бойтұмарындай қастерлеп ұстаған, саусағының ізі қалған қандай бір зат болсын біздер үшін, келер ұрпақ үшін де алтыннан да қымбат қазына болып қала берері даусыз. Кезінде өзім батыр ұрпақтарының отбастарында болып, ерекше бір ұқыптылықпен, жанашырлықпен сақталып келген бірнеше жәдігермен жақынырақ таныстым. Батыр бабамыздың күмістен құйылған бармақтай ғана мөрі шөбересі Қалдан Ахметбайұлының үйінде сақтаулы екен. Соның сыртқы бетінен араб әріптерімен қашалып жазылған айшықты жазуларды көрдік. Қазақшаға аударғанда ол «Бұқарбай батыр» деп оқылады екен. Батыр бабамыз қоңсылас елдердің билері мен батырларына жолдаған хаттары мен келіссөз хаттамаларына өз мөрін басып, әлгі құжаттарға ресми сипат беріп отырғанға ұқсайды.
Екінші бір құнды жәдігер, бұл – су сиырдың құйрығынан жасалған шашақты туы, кезінде қылы өте тығыз, әрі көлемді болған деседі. Бұл ту да батырдың Опабек есімді баласынан өрген Гриша есімді шөпшегінің төрінде ілулі тұр. Бірақ бұрынғы қалпы емес. Әркім шетінен бір-бір кесіп алып, жұқартып тастағандықтан көзге тым қораш көрінеді. Қазақ ырымшыл халық қой. Перзент сүймей немесе жолы болмай жүрген көңілі жабырқау жандар қасиетті туды осындай халге душар еткен.
Тағы бір мұрасы – батыр бабамыздың керейт жұртына ұзатылған немересіне берген жасауы кебеже екен.
Міне, біздің батыр бабамыз туралы керемет естеліктер бар» деп сөзін аяқтады көкірегі қазынаға толы ағамыз.
Бұл ұлт үшін – ұлылық, ұрпақ үшін өшпес рухани қазына.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!