Елімізде ерлер мен әйелдер үшін тең құқық пен еркіндікті белгілейтін гендерлік саясаттың нәтижесінде әйелдер мемлекеттік органдарда, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбек етіп келеді. Олар қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, еліміздің кемел келешегі үшін өз үлестерін қосып жүр.
Қазақ даласында Тәуелсіздік үшін арыстандай алысқан әйелдер аз болмаған. Әлем тарихында өшпес із қалдырған, ерлігімен қатар, даналығы аңыз болып қалған, бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис және Зарина тарихта қалды. Мәселен, жоңғар шапқыншылығы тұсында Абылайхан Дарабозым деп еркелетіп, сыйлаған қазақтың бас сардары, ұлы қолбасшысы Қабанбай батырдың жары Гауһардың ерлігін, тапқырлығын еске алсақ та жетеді. Қабанбай мен Гауһардан туған Назым қыздың небәрі 16 жасында Түркістан түбінде от шашқан жоңғар зеңбірегіне батпай, ұйлығысып қалған қазақ қолын бастап, кәмшат бөрік киіп, найза орнына қолындағы қамшысын бұлғап «Абылайлап» жауға шауып, жоңғарларды түре қуған ерлігі ел есінде. Кешегі Кенесарының қарындасы Бопайдың ерлермен бірге өз елінің азаттығы үшін толарсақтан саз кешіп, жасанған жаумен арыстанша айқасуы не болмаса қазақ тарихында аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғаным ханымның елді ақылмен басқарғанын қалай ұмытамыз? Мұның сыртында кешегі кеңес заманындағы Екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынары атанған Мәншүк пен Әлияның да ерлігі әлі есте. Міне осылайша қазақ даласында ерлермен иық тіресе еңбек етіп, майдан даласында жауға қарсы тұрған батыр апаларымызды көргенде, сол дәуірдің өзінде ер мен әйелдің тең құқығы жөнінде жазылмаған дала заңы қалыптасқаның аңғаруға болады.
Ел егемендік алғаннан кейін мемлекетіміз әйелдер мәселесін жаңа заман талабына орай жаңаша қырынан көтере бастады. Нәтижесінде саяси, қоғамдық және экономикалық жағдайлардың ерекшелігі ескеріле отырып, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан кеңес беру органы – Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия құрылғаны белгілі. Оның негізгі міндеті – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру екенің де айта кеткен жөн.
Сонымен бірге гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі. Ол адамдар мен азаматтардың отбасылық – тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Гендерлік саясат әйелдерге тең қол жетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Сол бойынша 2016 жылдың 6 желтоқсанда №384 бұйрықпен Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты – ерлер мен әйелдердің қоғамның барлық салаларында тепе-теңдік құқықтарға, жеңілдіктерге, міндеттер мен мүмкіндіктерге қолжеткізуі, гендерлік кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру. Соның жемісі болса керек, әйелдер ошақ басындағы қазанның құлағында емес, денсаулық сақтау, ағартушылық жүйенің, мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, бизнестің де құлағын ұстағанына қарамастан отбасының жарасымдылығына көп үлес қосып келеді.
Тағы бір атап өтетін жайт – гендерлiк саясаттың мiндеттерiне әйелдер мен ерлердiң билiк құрылымдарында теңдестiрiлген қатысуына қол жеткiзу, экономикалық тәуелсiздiктiң барлық тең мүмкiндiктерiн қамтамасыз ету, өз бизнесiн дамыту және қызмет бабында iлгерiлеу, отбасында құқықтар мен мiндеттердi тең жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасау, жыныстық белгiсi бойынша зорлықтан еркiн болу жатқызылады. Біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер және біздің мемлекетіміздің гендерлік саясаты, сонымен қатар, онымен байланысты отбасы, әйелдер және балалар, әйелдердің жаңа ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі мәселелері бойынша құқықтық база соның дәлелі.
Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болатыны айқын.
Г.БАЙКЕНЖЕЕВА,
Жалағаш аудандық сотының жетекші маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!