Оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған мерзімі аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай аудандағы барлық мектепте «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылы басталар айтулы жиынға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде өткен шараға қатысып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен ұлағатты ұстаздарға жылы лебізін білдірді.
Аталған білім ошағынан өткен оқу жылы 69 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, оның 68-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде 53 түлек жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндік алып, 4 оқушы «Алтын белгіге», 7 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болған. Ал жаңа оқу жылында 66 түлек мектептен түлеп ұшып, барлығы ҰБТ-ға қатыспақ. Сондай-ақ 6 оқушы «Алтын белгіге», 4 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер екенін айта кетейік.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов оқушылардың қадамына сәттілік тілеп, салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау барын тілге тиек етті.
– «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп ұлы жазушымыз М.Әуезов айтқандай, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетке жетелейтін жолдың бірден-бір бастауы – мектеп. Жас ұрпақтың тәрбиесінде ата-ананың берген тәрбиесімен қатар ұстаздың біліктілігі, білімі, жауапкершілік қасиеттері ерекше орын алады. Себебі ізгі қасиеттер ата-анадан қан арқылы дарыса, ұстаздан тәлім арқылы жұғады. «Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің» демекші, осынау мәңгілік борышты ауырсынбай өзінің азаматтық парызы деп түсінген ұстаз деген ұлы есімнің алдында мәңгілік қарыздармыз. Биыл осы іргелі оқу орын болып саналатын Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде 1023 оқушы білім алатын болады. Оның 98-і мектеп алды даярлық тобына қабылданса, 81 оқушы – алғашқы бастауыш сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршін. Ал 66-сы – мектеп бітіруші түлек. Жалпы мемлекетімізде білім саласын дамытуда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалардың, ұлттық жобалардың арқасында білім ошақтары бой көтеріп, кезең-кезеңімен мектептеріміз, балабақшаларымыз күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Елімізде білім саласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында. Ауданның білім беру саласында оқушылар сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін барлық қажетті жағдай жасалып, қажетті оқулықтар мәселесі шешілген. Бұл мақсатта бюджеттен 65,9 млн теңге бөлінді. Мектептердің ағымдағы жөндеуіне бюджеттен 111,8 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жасалды. Мәселен, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Таң ауылындағы №118 орта мектеп аумағын абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 78 млн теңге бағытталып, тиісті жұмыстар жасалды. Облыстық бюджеттен 15,4 млн теңге қаржы бөлініп, 2 мектеп жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен жарақтандырылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Қазақстан халқына» қоры есебінен №201 мектеп-лицейіне 250 млн теңге бөлініп, оқу кабинеттер мен зертханалар жаңадан жабдықталды.
Елімізде алғаш рет өткен ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың республикалық кезеңінде аудан оқушылары 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде иеленсе, Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі республика бойынша үздік 10 мектептің құрамына еніп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ең үздік ауыл мектебі» атағымен марапатталды. Сондай-ақ облыста өткен тамыз конференциясында осы мектеп облыстың «Үздік мектеп» грантын жеңіп алып, 34 млн теңгенің сертификаты табысталды. Биыл жаңа оқу жылында аудандағы 20 мектепте 7004 оқушы білім алуда, оның ішінде 1 сыныпқа 653 бала қабылданған.
Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең шумақтарын оқып, мектеп түлектеріне ақ тілектерін жаудырды. Шара соңында мектеп өнерпаздары ән шырқап, көптен күткен алғашқы қоңырау соғылды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!