Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 22:08

Киіктің киесі ұрмасын

18.11.2023

834

0

Елде киік аулауға да рұқсат берілгеніне біршама уақыт болды. Мұндай бұйрық 6 қазаннан бастап күшіне енгені белгілі. Киіктерді атуға рұқсат берген күннен бастап әлеуметтік желіде жануар өлекселерінің жантүршігерлік сурет-видеолары тарады. Қасақана өлтірілген жануардың өлексесіне қарап, тірі жанның не жазығы бар деп ойланасың? Жасыратыны жоқ, қоғамда киіктің аулануына қатысты түрлі пікір туындады. Қазақтың таным-түсінігінде киік киелі жануар саналады, соған орай «киіктің киесі ұрады» деген сөзді алға тартқандар да табылды.

Қазақстандық зооқорғаушылар ел­де киік ату науқаны бас­тал­ға­лы киік­тер Батыс Қазақстан об­лы­сынан Ре­сей аумағына үдере көшіп жатқанын айтып, дабыл қақты. Табиғат жа­на­­шыр­ларының сөзіне сүйенсек, киік­тің санын реттеуде атудан бөлек те айла-шарғылар бар.
– Киік – миграция жасайтын жа­нуар­­дың түрі. Ресейге көшеді, қайта Қазақстан аумағына келеді. Жа­нуар­лар әлемі табиғаттың бір бөлшегі бол­ғандықтан, қазір оны ауласа, арты ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Бар­­лық нәрсенің негіздемесі болуы ке­рек. Киіктерді аулау мәселесі бо­йын­­ша көп нәрсе әлі түсініксіз. Көп мә­се­леде ашықтық жоқ. Ха­лық­­­­аралық қорларда киіктер ауыл ша­­­руашылығына шығын келтірсе, қаржы төлейді. Сондай мүмкін­дік­тер бар. Яғни қасқырды тоқ қылып, қойды аман қалдыратын жолдар бар. Сондай жолдарды табуды талап етеміз, – дейді зооқорғаушылар.
Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі бүгінге дейін елі­мізде қанша киік атыл­ғанын нақтылады. 13 қара­шадағы мәлімет бойынша жалпы 15 380 киік ауланған. Оның ішінде Ақмола облысында 10, Батыс Қазақстан облысында 3 944, жалпы 3 954 киік арнайы қоршауға алынып ұс­тал­са, ату арқылы 11 426 киік, нақ­тырақ айтсақ, Ақмола облысында 1 833, Қарағанды облысында 2049, Қостанай облысында 1 479 және Ба­тыс Қазақстан облысында 6065 бас жойылған.
Осы ретте «Атылған киіктердің еті мен мүйізі не болмақ?» деген заңды сұрақ туын­дайды. Бірақ бүгінде киік етін сыртқа экспорттауға Үкімет дайын емес. Сондықтан бұл өнім тек Қа­­зақстанда сатуға рұқсат берілген. Елде 7 ет ком­бинаты айқындалған. Бұл өндіріс ошақтары өнімнің сапасы мен вете­ринарлық қауіпсіздігіне толық­тай жауап бере алады.
Жергілікті халық тара­пынан ке­лісі 1600 теңгеге баға­ланған киелі жануардың етіне сұраныс та жоғары екен. Бұған киік етінің төрт түліктен арзан болуы себеп. Тіпті шұжық пен паштетке артық ет қалмай жатыр. Ал киіктің мүйізін Қытайға сату жос­парланып отырғаны белгілі бол­­­ды.
Киік мүйізін заңсыз иелену бо­йын­­ша қаншама қылмыс ашылу­да. Мәселен, ақтөбелік азамат киік мүйіз­дерін са­та­мын деп жаза ар­қа­­лаған. Ол мүйіздерді ха­бар­лан­дыру сайты арқылы 35 мың тең­­геге сатпақ болған. Са­тып алу­шы­ның орнына полиция бай­ланысқа шығып, жануардың мүйі­зін заңсыз сат­пақ бол­ғаны үшін қылмыстық іс қоз­­ғайды. Ол киік мүйізін заңсыз са­туға тырысқанын мойындаған. Кел­тірілген шығын 5 млн 175 мың теңгеге бағаланған. Сот оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бос­тандығынан шектеді. Сондай-ақ сот мем­лекетке 5 млн 175 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Сонымен көпті алаңдатқан киік ату науқаны 1 желтоқсанда ресми тоқ­тайды. Одан кейін ақбө­кендерге мылтық кезенгендер заң жү­зінде жазаланады. Ал 2024 жылдан бастап 1 қазан мен 15 қараша ара­лығында киік аулауға рұқсат етіледі.
Иә, қазақ өзіне жақын тұтып, аялап, кие санайтын жануардың бірі – киік. Қызға «Құралай» деп ат қою, елден ерек сүйкімдіні «Киіктің ла­­ғындай» немесе «Құралайдың кө­зіндей мөл­дір» деген әдемі теңеулер халқы­мыздың сайын даланың ерке­сіне деген ерекше көзқарасынан, оны жанына жақын тұтқанынан туса керек.
Киік қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтып, көшіп-қонып жүреді.
Халқымыз мамырдың аяғына та­­ман соғатын суық желді «Құралай­дың салқыны» деп бекер айт­папты. Өйткені бұл уақытта күтпеген жерден ызғарлы суық келіп, жаңбыр мен қар араласып жаууы мүмкін. Дәл осы кезеңде киіктер төлдейді. Киелі жануар алдын ала шыбын-шір­кей жо­ла­­майтын, үнемі жел есіп тұратын бет­кейді таңдайды. Ақбөкен басқа жа­нуарлар секілді шаранасын жа­ламай, лағын бірден төпелеп тұрған жаңбыр суының астына тосып, өзі де жаңбыр суына тазаратын көрінеді. Шарананы желдің өзі кептіреді.
Киіктің тағы бір ерекшелігі, жетімін жатқа қалдырмайтын қазақ секілді жетім қалған лақтарды далаға тастап кетпейді екен. Маң далада аналық алдынан маңырап шыққан жетім лақты емізіп, бауырына басып, өзімен бірге қалдырмай ертіп жүре беретін мейірімді жануар деседі. Сонымен бірге ақбөкеннің ен далада ойнақтап жүрген мыңдаған лақтың ішінен өз төлін адаспай табатын қасиеті тағы бар.
Олардың тағы бір ерекше қасиеті, ұрғашы киіктер іштегі төлінің ұрғашы немесе еркек болып туылуын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып бара жатса, сол жылы кілең еркек лақтарды өмірге әке­летін, өз өсімін өзі бақылайтын жер бетіндегі бір ғана жануар осы киік. Осы­дан кейін Құдайдың құдіретіне таң қалмай көріңіз!
Ақбөкендердің айрықша қасиетінің бірі – мәрттігі мен сертке беріктігі. Олар соңынан қуған қуғыншы – ажалдың алдын кесіп өтуге ұм­тылып, ақыры бір кесіп өтеді екен. Егер аяғы сүрініп сұлап түссе, жа­нары мөлтілдеп жата береді. Тіпті ал­қымына пышақ тақасаң да ажа­лының көзіне тура қарап, тұяқ серіппейтіні киік­тің киелілігінің бір дәлелі. «Ажал ау­ызында жатқан киіктің тұңғиық көзіне қа­рау мүмкін емес» дейді табиғат жанашырлары.
Мамандар ақбөкендердің 87 түрлі өсімдік түрімен қоректенетінін алға тартады. Халықтық медицинада киік­­­тің мүйізінен тұяғына дейін ем бо­ла­тыны содан. Өсімдікті жыл мез­гіл­­деріне сай талғап, таңдап жейтін кір­пияз жаратылыс иесі. Бұл да киік­тің киелі жануар екенінен хабар беріп тұрғандай.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: