Елімізде жыл басынан бері 391 адам көкжетел болса, оның 7-еуі біздің аймаққа тиесілі. Әзірге ауданнан аталған дертке шалдыққандар анықталған жоқ. Десе де мамандар сақтану қажеттігін айтады. Оның үстіне күн енді жылынған шақта дерт дендейтін көрінеді. Аталған дерттің алдын алуда қайтпек керек, науқастар қандай ем-шаралар қабылдайды, осы және өзге де бірқатар сауалдарға ауданның бас санитары Гүлзираш Айымбетова кешегі брифингте жауап берді.
Жалпы көкжөтел – тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Дерттің қоздырғыштары – «Bordetellapertussis» деп аталатын спецификалық бактериялар. Спикер оны адам ағзасына ауа тамшылары арқылы берілетінін айтады. Бұл індет циклды ағыммен өтіп, кеңірдек, көмей, бронхылардың шырышты қабығын зақымдайды. Аурудың алғаш жұғу сәті катаральды кезең, оның ұзақтығы 3-14 күнге дейін созылады.
– Басты белгісіне келсек, тоқтаусыз қатты жөтелдің пайда болуы. Мұндай кезде кейбір науқаста дене қызуы мүлдем көтерілмейді, ал кейбіреулерде субфебрильді температура (37-37.5С) сақталып тұрады. Бұдан кейін, яғни ұстамалы жөтел кезеңі басталады. Ол 3-8 аптаға дейін, кейбір жағдайда одан да көпке созылуы мүмкін. Ұстамалы жөтелдің ерекшелігі катаральді кезеңдегі жөтел өзгеріп, күшейіп, тыныс алудың қиындауы, булығу пайда болады. Қатты жөтел кезінде баланың беті қызарып, тілін сыртқа шығарады. Жөтелден соң құсу, тұтқыр қақырықтың бөлінуі, бет-ауыздың ісінуі сынды белгілер байқалады. Тіпті көзге де кері әсерін тигізіп, конъюнктива астына қан құйылулар болуы мүмкін. Ал көкжөтел көпке созылып асқынып кетсе, қайғылы жағдай орын алуы ықтимал. Әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті, – дейді ол.
Спикердің сөзінше, бала өзінен-өзі ауырмайды. Көп жағдайда көкжөтел ересектерден жұғады екен. Егер үлкендер ұзақ уақыт жөтелсе, ол көкжөтелмен ауырды деген сөз. Бірақ бұл сырқат оларда жеңіл өтетіндіктен көбі созылмалы жөтелін елемей жүре береді. Салдарынан балалар зардап шегеді екен. Оның үстіне қазір ауа райы да жылы болғандықтан адамдар көп қыдырады, қоғамдық орындарға жиі барады. Бұл жағдай да ауру таяқшаларының ауа тамшылары арқылы тез таралуына ықпал етеді екен.
Соңғы кездері екпе алудан бас тартатындар көбейген. Салдарынан жұқпалы ауруларды жұқтырғандар қатары артқан. Негізі, аурудың алдын алу үшін халықтың 95 пайызы екпе алуы тиіс.
Жалпы соңғы рет Қазақстанда көкжөтелдің көбею жағдайы 2018 жылы, оның алдында 2015 жылы тіркелген. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – көкжөтелге қарсы екпе алу. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екен. Яғни егілген балалар аталған індетпен сирек ауырады әрі жұқтырған күннің өзінде жеңіл түрде өтеді.
Ауданның бас санитары керісінше егілмеген балалар арасында көкжөтел ауруын жұқтыру көрсеткіші жоғары екенін айтады. Сондай-ақ олардың ауруы да созылып, ұзақ уақыт емдеуді қажет етеді. Мұндайға жол бермеу үшін уақытында екпе алу керек. Мәселен, биыл осы дертті жұқтырғандардың дені егілмеген балалар екені белгілі болып отыр. Сонымен қатар көптен бері жөтеліп жүрген адамдардан сақтану қажет. Оларды оқшаулап, көкжөтел таяқшасының бар-жоғын анықтап, ауруын асқындырмай емдеген жөн.
ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға екпе егу бір мезгілде тиісінше 5-6 аурудан, яғни дифтериядан, сіреспеден, көкжөтелден, полиомиелиттен, В типті гемофильді инфекциядан және В гепатитінен қорғайтын құрамында АбКДС бар бес және алты компонентті құрама вакциналарды қолданып жүргізіледі. Көкжөтелден барынша қорғау үшін балаларға 5 екпе алу қажет, оның ішінде 2 айдан бастап 1 ай аралығымен 3 екпе, содан кейін бірінші ревакцинация бір жарым жаста, екінші ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Осы ретте спикер де дертті дендетпеудің басты жолы вакцина екенін жасырмады.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!