Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

0°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 17:44

Сағымнан сарын оздырған

21.10.2023

278

0

Кеше аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен Сыр бойы жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі, жампоз жырау Қитарбек Рахметовтың есімін ұлықтауға арналған «Сағымнан сарын оздырған» атты облыстық жыршы-термешілер фестивалі өтті. Сыр өңірінің өнері мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азамат Қитарбек Рахметовты еске алуға арналған шараға аудандық және ауылдық білім ошақтарының ардагер ұстаздары мен жыраудың туған-туыстары, замандас достары қатысты.

Сыр елі – фольклорлық, этнографиялық, этникалық тұтастығын жоймаған, атадан балаға мирас етіп үлгі-өнегені ұстанған қасиетті өлке. Дауыстың қуаты, жырдың екпіні, мақамның өткірі адамды бейжай қалдырмайды, тұнып тұрған тәлім-тәрбие.
Фестивальдің мақсаты – «Amanat» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын дамытып, жыр өнеріне еңбек сіңіріп, тер төккен тұлғаға құрмет көрсету. Көне дәуірдің күмбірі арқылы халықтың рухани сауаттылығын арттыру, жастар арасында киелі өнерді дәріптеу болып табылады.
Жыраулық дәстүр – төл әдебиетіміздің бастау бұлағы. Адамдардың дүниеге көзқарасы, эстетикалық талап-талғамы және рухани қажеттілігі өзгеріп отырған бүгінде тыңдарман қауымның да жырға деген ынта-назары жаңашылдыққа бетбұрып, жаңа дәуір талабына үйлесетін ескі сүрлеулерді қажет ете бастады. Бұл біріншіден, дәуір талабының сөзсіз қажеттілігі болса, екіншіден, қазақ жырының киелі шаңырағы Сыр бойы жыраулық дәстүрінің өміршендігінің айғағы екені анық.
Қазақ ұлтының қанына сіңген жыр дәстүрін жеткізген жыршы-жырауларымыздың руханиятымыздағы орны ерекше. Осынау тау тұлғаларымыздың бірі – Қитарбек Рахметов. Ол Жалағаш ауданы бұрынғы Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келіп, жастайынан белгілі жырау, айтыскер ақын Әбділдә Жүргенбаевтың соңынан еріп, жыраулық өнердің қыр-сырын меңгерді. Қазалы ауыл шаруашылығы училищесіне оқуға түсіп, кейін отбасылық жағдайына байланысты колхозда түрлі жұмыстар атқарды. Қолына түскен қисса-дастандарды жаттап, жиын-тойларда, үлкен мерекелерде халықтың көзіне түсті.
Оның бір ерекшелігі, есте сақтау қабілеті өте жоғары еді. Кез келген 20-30 шумақ өлеңді 2-3 рет оқып, қайталап айтып беретін. Бас аяғы 4-5 жылдың ішінде «Сары жырау» атанып, елге таныла бастады. Оның жыр қоржынында Иса Байзақовтың «Құралай сұлу», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», бұдан бөлек «Көрұғылы», «Шәкір-Шәкірат» сынды тағы басқа көлемді дүниелер бар. Асқар Тоқмағанбетовтың шымшымаларын, Қуаныш Баймағанбетовтың толғау-термелерін нақышына келтіріп орындайтын. Сары жырау орындауындағы бес-алты терме-толғау белгілі фольклортанушы Берік Жүсіповтың 2007 жылы құрастырған «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық онтологиясына енгізілді. Сауда саласында, білім саласында, яғни Мәдениет ауылындағы №2 музыка мектебінде жырау класында сабақ беріп, еңбек еткен Сары жырау 2009 жылы дүниеден өтті.
«Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева шараның маңыздылығына тоқталып, жампоз жыраудың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болатынын тілге тиек етті.
– «Өнерлі» ел өлмейді дейді халық даналығы. Жердің нәрі су болса, елдің нәрі – өнер. Өнер халықпен бірге туып, бірге жасайтын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл мұра десек, сол асыл мұраны ұлтымның ұлық өнері деп дәріптеген дарабоз жыраудың бірі Қитарбек ағамыз болатын. Ол кісі Мәдениет ауылында ашылған музыка класында шәкірттерге дәріс беріп, қаншама таланттың көзін ашып, алдына келген 12 оқушыны жыраулық жолға салды. Бүгінгі шараға сол шәкірттерінің ішінен Сары ағамыздың ізін жалғап Сары Рахыметовтың шәкірті деген атаумен Ботакөз Раушанбекқызы сонау Жаңақорғаннан өзінің шәкіртін ертіп келіп отыр. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Қаншагүл Шоңмұрынқызы.
Жыр додасын белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов жүргізіп, Сары ағамыздың үні мен дауысы қалған үнтаспаның тұсауын кесті. Көмейінен төгілген қоңыр дауысымен, қазақы үнімен тыңдағанның құлақ құрышын қандырып, жиылған жұрттың жан сарайын жадыратқан әр ауданнан келген 8 жыршы-термеші ІІ кезең бойынша өнер көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Қатысушылар І кезеңде Қитарбек Рахметовке арнауын орындаса, ІІ кезеңде жыраудың орындаған шығарма дастанынан үзінді орындап шықты.
Шара соңында қатысушыларға арнайы қазақтың ұлттық аспабы домбыра мен «Amanat» партиясының «Ұлы мұрат – ұлт мұрасы» атты бағалы сыйлығы табысталды. Сондай-ақ облыстық жыршы-термешілердің фестиваліне арнайы шақырылған жыршы қонақтар мен қатысушыларға шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны үшін «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың арнайы алғыс хаты табысталды.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Махамбет Ахметов (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: