Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 16:19

Жаңа жоба жұмысын бастады

05.05.2023

724

0

2014 жылы Жалағаш ауданында мия тамырын өңдейтін үлкен кәсіпорын іске қосылған. 3 жыл қатарынан мия тамырынан қара ұнтақ өнідіріп келген зауыт сұраныстың азаюынан және шығынның ұлғаюынан жұмысын тоқтатқан. Арада алты жыл өткенде кәсіпорын жұмысы қайта жанданды.

Негізінен зауыт тәжірибе есебінде жұмыс жасай бастағанына 10 күн болды. Бүгін ресми түрде толық іске қосылып отыр. Осыған дейін тәулігіне 350-700 келі мия тамырынан тәтті ұнтақ өндірген. Қазіргі таңда күніне 1 тонна өнім дайындауда.

Зауытта жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Олардың алды айына 300 мың теңге алса, орташа жалақы 150-200 мың теңгені құрайды. Бүгінде кәсіпорында жалағаштық 31 маман жұмыс жасауда.

Өндіріс ошағында осыған дейін өнім өндіруде мазут отыны пайдаланылып келген. Былтыр зауыт толықтай көгілдір отынға ауысыпты. Кәсіпорын директоры Серік Көкенай бір жағынан бұл шығынның азаюына айтарлықтай қолғабыс болғанын жеткізді.

– 3 жыл қатарынан мия тамырынан қара ұнтақ дайындадық. Кейін сұраныс азайды, оның үстіне бұл өнімнің бағасы да күрт түсіп кетті. Сондай-ақ шығынымыз да жетіп артылады. Бұған дейін кәсіпорын мазутпен жұмыс істейтін. Оның нарықтағы құнын айтпаса да жақсы білесіздер. Былтыр өндіріс ошағын көгілдір отынға қостық. Қазір шығынымыз да аз, өндірілген өнімнің нарықтағы құны да, оған сұраныс да жоғары. Бүгінде Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореядан сұраныс көптеп түсуде. Осыған дейін дайындалған өнімімізді Қытайға экспортқа шығарамыз. Оларға алдағы уақытта 600 тонна өнім экспорттау жоспарда бар, – дейді зауыт директоры.

Жалпы құны 7,5 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба – бүгінде Жалағаш ауданындағы үлкен кәсіпорындардың бірі. Зауыт қоймасында 900 тонна шикізат қоры бар. Мұнда шикізат негізінен Жаңақорған және Шиелі аудандарынан жеткізіледі. Серік Көкенай әлі де мия тамырын жеткізіп беруде келісім-шарт жасауға ниеттілердің көп екенін айтады. Бұдан жобаның өміршеңдігін аңғару қиын емес.

Мұнда өңделген мия тамырының ұнтағы тағам өнімдерін, тәтті сусындар, дәрі-дәрмек, шылым өндірісінде қолданылады. Өңдеу процесіне келсек, алдымен мия тамыры кептіріліп, 4 сағат қайнатылады. Одан сүзіп алынған ұнтақ тағы да 4 сағат қайнатылады. Бір сөзбен айтқанда, шикізат 4 мәрте өңдеу процесінен өтеді. Осылайша дайын ұнтақ өңделіп шығады. Кәсіпорын жұмысшылары 3,5 тонна мия тамырынан 1 тонна дайын өнім әзірлеп жатқанын айтады.

Дәл осындай өндіріс ошағы Шиелі ауданында да болған. Алайда ол 2015 жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Бүгінде аймақта мия тамырын өңдейтін жалғыз кәсіпорын осы. Ал еліміз бойынша Батыс Қазақстан облысы мен Талдықорған қаласында мия тамырын өңдейтін шағын кәсіпорындар бар екен.

Жалпы, Жалағаш ауданында соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында тың серпін бар. Бүгінде Жалағашта 3189 кәсіпорын тіркелсе, қазіргі таңда оның 96 пайызы жұмыс жасап тұр. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов алдағы уақытта жұмысын тоқтатқан кәсіпорындарды қайта іске қосуда және жаңа кәсіпорындар ашуда бірқатар жоба қолға алынып жатқанын айтады. Мәселен, биылдың өзінде жалпы құны 1 млрд 579 млн теңгені құрайтын 21 жоба жұмысын бастайды. Нәтижесінде 106 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Өңір экономикасына серпін беретін негізгі сала болғандықтан біз кәсіпкерліктің дамуына басымдық береміз. Мемлекет тарапынан барлық жағынан қолдау бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жергілікті тұрғындар кәсіпке бетбұруы керек. Біз де іс бастаймын деген азаматтарды барлық жағынан қолдаймыз. Саланың дамуы бір жағынан елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына да қолғабыс болары анық. Биыл да ауданда бірқатар жоба жүзеге асады. Соның арқасында 100-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға қол жеткіземіз. Бүгін ресми түрде жұмысын бастаған Мия тамырын өңдейтін зауытта бүгінде 31 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта олардың қатары артады. Бір жағынан жергілікті түсімнің ұлғаюуына да кәсіпорынның пайдасы мол. Мәселен, осыған дейін бұл өндіріс ошағынан жылына 6,5 млн теңге салық түскен, енді кәсіпорын толық іске қосылды. Салық көлемі алдағы уақытта ұлғаяры сөзсіз, – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Кәсіпорын басшысы Серік Көкенай алдағы уақытта шикізат қоры ұлғайса, сұраныс түскен басқа да мемлекеттерге өнім экспорттауға ниетті. Өндіріс ошағында болған аудан әкімі бастаған бірқатар азаматтар, халық қалаулылары, ардагерлер зауыттың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: