Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру 99,8 пайызға өсіп, 18 млрд 110 млн теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен 30,6 пайызға артып, 5 млрд 225 млн теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 7 млрд 668 млн теңгені құрап, 91,2 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3 млрд 493 млн теңгені құрап, 101,7 пайызға орындалған. Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан әкімі Асқарбек Есжанов осылай деді.
Жиында ауданда алты айда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттерге кезек берілді. Сондай-ақ спикер журналистердің бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады.
Шыны керек, соңғы жылдары Жалағашта құрылыстың қарқын алғанын ел жақсы біледі. Қай саланы алып қарасақ та өсу бар, өрлеу бар. Алты айда тұрғын үй көлемі 13 509 шаршы метрді құрап, 42 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100,3 пайызды құрады. Алты айда бөлшек сауда айналымының көлемі 1 млрд 198 млн теңгені кұрап, меже 115,7 пайызға орындалған. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 3 млрд 350 млн теңгеге орындалып, 134,6 пайызды құрады.
Асқарбек Темірбекұлы ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда екенін айтады. Биыл аудан бюджеті 9,2 млрд теңге болып бекітілген. Бүгінде нақтыланған аудан бюджеті жыл басында бекітілген бюджетпен салыстырғанда 1,1 млрд теңгеге ұлғайып, 10,3 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде жергілікті кірістер – 2 млрд теңге, субвенция көлемі – 3,8 млрд теңге, жоғары тұрған бюджеттен берілген трансферттер – 4,1 млрд теңге, бюджеттік кредиттер – 139,7 млн теңге. Бұл ретте ауданның жалпы түсімдері 5,6 млрд теңгені құрап, жоспар 104,1 пайызға орындалған. Оның ішінде өз кірістеріміз 1 млрд теңгені құрап, жоспар 155,1 пайызға орындалған.
Былтыр ауданның барлық елді мекендерін аралап, тұрғындармен жүздесіп, халықтың талап-тілегін тыңдап, ауданды одан әрі дамыту мақсатында «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық іс-шара жоспары» бекітілген. Онда білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жарықтандырумен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрайтын 137 жоба енгізілген. Оның ішінде биыл 32 жоба жүзеге асса, келер жылдың еншісінде 50 жоба бар, 2025 жылға 55 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Перспективалық іс-шара жоспары аясында биыл бюджет есебінен 34 жобаны іске асыруға 5,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге, облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге, аудандық бюджеттен 137,2 млн теңге қаралған. Тарқатып айтсақ, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу бойынша 8 жобаға 2,2 млрд теңге қаралған. Ақсу елді мекеніне кіреберіс жолды орташа жөндеуге 73,3 млн, Жаңаталап-Аққыр бағытындағы жолды күрделі жөндеуге 655,3 млн, Есет батыр-Жаңадария бағытындағы жолды орташа жөндеуге 196,1 млн, Жалағаш кентіндегі М.Шәменов, Т.Қыстаубаев көшелерін күрделі жөндеуге 285,3 млн теңге, мұнан бөлек кенттегі 10 көшені күрделі жөндеуге 749,7 млн теңге, Аққұм ауылындағы Аққұм көшесін күрделі жөндеуге 55,5 млн, М.Шәменов ауылындағы Бұқарбай батыр көшесін күрделі жөндеуге 54,2 млн, Бұқарбай батыр ауылындағы 3 көшені орташа жөндеуге 163,9 млн теңге қаралған. Бұл көшелердің басым бөлігіне асфальт төселген.
Аудан әкімінің ауылдық елді мекендер халқымен кездесулерінде көбіне тұрғындардың талап-тілегіне аяқ су мәселесі арқау болған. Бұл әсіресе сағаның соңында орналасқан Жаңаталап пен кент іргесіндегі Қаракеткен халқының ауласына бақша салуына айтарлықтай қолбайлау екен. Осы ретте елді мекендерді аяқ сумен қамту бойынша биыл 2 жоба қолға алынып, оны жүзеге асыруға 82,6 млн теңге қаралды. Нәтижесінде Жаңаталап елді мекеніне 3 техникалық су ұңғымасын бұрғылау, Қаракеткен елді мекеніне 2 техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл көпір құрылысы мен жөндеу жұмыстары бойынша 2 жоба қолға алынды. Оған қазынадан 406,9 млн теңге қаралған. Оның бірі осыған дейін арғы беттегі ағайын көтеріп келген аспалы көпір мәселесін шешуге негізделген. Теміржол арқылы өтетін аспалы көпір құрылысының жалпы құны 184,8 млн теңгені құрайды. Ал Сырдария өзені арқылы өтетін көпірді орташа жөндеуге 222 млн теңге бөлінген.
Брифингте Асқарбек Есжанов елді мекендерге газ желісін тарту және әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыру бойынша да биыл бірқатар жоба қолға алынғанын жеткізді. Бұл мақсатта бүгінде ауданда 4 жоба жүзеге асуда. Жалпы құны 65,5 млн теңгені құрайды.
Спикер биыл ауданда әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосудан бөлек, ауылдық елді мекендерге де газ тарту жұмыстары қарқын алатынын жасырмады. Яғни биыл Ақсу мен М.Шәменов ауылына көгілдір отын жеткізу үшін газ құрылысы басталады.
Елді мекендердегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және жайластыру бойынша 7 жобаға 965,1 млн теңге бөлінген. Олардың қатарында «Ақтерек» учаскесін сумен, газбен жабдықтау, су тарату кешенінің құрылысы, Аққұм елді мекенінің су тарату жүйесін кеңейту, Мәдениет елді мекенінің су тарату жүйесін кеңейту, Ақсу елді мекенінің электр желілерін қайта жаңғырту, Қаракеткен елді мекенінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары бар.
Былтыр аудан әкімі Мырзабай ахун мен Аламесек ауылдық округіндегі халықпен кездесуде ондағы ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселе тұрғындарды толғандырғанын көзімен көрді. Осылайша денсаулық сақтау саласы бойынша жалпы құны 752,8 млн теңгені құрайтын 2 жобаны қолға алып, жуық арада халықтың мәселесін шешуге уәде еткен, ер екі сөйлемеді. Жуырда қос елді мекенде де ауылдық емхана құрылысы басталды. Жыл аяғына дейін ондағы халық әлгі жобалардың игілігін көретін болады. Себебі мердігер бұл нысандарды жыл аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Биыл ауданда абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 8 жобаға 131,8 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы кенттің кіреберісі, орталық алаң және ішкі көшелеріне абаттандыру, елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ су келтіру, насос сатып алу жұмыстары жүргізілген.
Брифингте аудан әкімі Ұлттық қордан халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 50 тұрғын үй сатып алуға 480 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл аудандық бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Асқарбек Есжанов бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар жыл аяғына дейін толық аяқталатынын айтады. Тіпті сапасы да оның жіті бақылауында екен. Міне, елге жаны ашитын азаматтың сөзі де, ісі де осындай болса керек.
Бүгінге дейін ауданда жалпы құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 35 нысанның жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылған. Олардың қатарында жол құрылысына қатысты тағы 11 жоба бар. Сондай-ақ білім саласында 3 жоба, газбен қамту бойынша 5 жоба, жарықтандыру шеңберінде 2 және басқа да салалар бойынша бірнеше жоба бар. Бұдан бөлек алдағы жылдары іске асыру жоспарланған 25 нысанның жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 113,6 млн теңге бөлініп, жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Асқарбек Есжанов брифингте ауданда кәсіпкерлік саласының даму қарқынына тоқталып, жергілікті тұрғындардың кәсіп ашуына, кәсіпкерлердің жұмысын кеңейтуге мемлекеттен барлық қолдау болып жатқанын жасырмады. Нәтиже де жаман емес, мәселен, биыл 6 айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 302 бірлікті құраса, оның нақты жұмыс жасап тұрғаны 223 бірлікке немесе 7,7 пайызға артқан.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында іске асырылуда. Бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының бірі – ұлттық жоба шеңберінде қаржылық қолдау. Жыл басынан бері аудан бойынша 1 млрд 494,2 млн теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыспен қамтылған. Көріп отырғандарыңыздай, ауданда салада қалыптасқан серпін, жұмыссыздықты тұсауға да айтарлықтай қолғабыс болуда.
Мамыр айында ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта шығаратын өнімдерінің түрлерін көбейту мақсатында зауытқа кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Кеңейту жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл Жалағаш кентінен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті-қазына» жеке балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100 млн теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адам жұмыспен қамтылды. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды.
Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында биыл 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын екі жоба іске асырылады. Олардың қатарында «Бағдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын «100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы» бар. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3000 литр сүтті өңдеп, өнім шығаратын болады, асыл тұқымды сиырлар Чехия мемлекетінен әкелінеді. Қазіргі уақытта сүт фермасының негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталды. Жыл аяғында зауыт толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Аграрлық аудан ауыл шаруашылығы саласында толағай табысқа қол жеткізуде. Ауданда 331 шаруашылықтың 195-і егін, 136-сы мал шаруашылғымен айналысады. Биыл аудан бойынша барлығы 37079 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, күтімге алынған. Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтары 40 су тартқыш насос қондырғысын егінді суаруға пайдалануда. 2023 жылы ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту мақсатында 168 млн теңгеге 11 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Аудан көлемінде барлығы 40 918 мүйізді ірі қара, 45 759 уақ мал, 24 953 жылқы, 801 түйе, 11 348 құс өсірілуде. Өткен жылмен салыстырғанда МІҚ 5,9, жылқы 9,2, түйе 9,3, құс 0,9 пайызға көбейген.
Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті жерлерде картоп, бақша дақылдарын орналастыруға шаруашылықтардың демеушілігімен жаңадан 500 гектар жер дайындалып, 217 гектарына картоп, 63 гектарына көкөніс, 220 гектарына бақша дақылдары егіліп, күтімге алынған болатын. Бұл жерлер 921 отбасыға үлестірілді. Бұдан бөлек «Ер-Әлі» шаруа қожалығы егінді әртараптандыру бағытында 7,5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, 2,5 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырған.
Ауданда ауыл шаруашылығы жерлері бойынша биыл көлемі 5 148 гектар жер учаскелері конкурс арқылы айналымға енгізілген. Сонымен қатар елді мекендердегі жер учаскелерін сатудан аудан бюджетіне 19,3 млн теңге қаржы түсті. Ал пайдаланбаған жайылымдық жерлерге талдау жұмыстары жүргізіліп, мақсатты пайдаланылуы қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері жерді мақсатына сай пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған барлығы 14 426 гектар жер учаскелері мемлекет жер қорына қайтарылған. Оның 1 230 гектары елді мекен тұрғындарының малдарына жайылу үшін қалдырылды. Жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша 34 мың гектар жер учаскесін қайтару жоспарда бар. Яғни жерді бақылау жұмыстары одан әрі күшейеді.
Бағана сөз басында ауданда жол сапасын жақсартуға басымдық берілгенін айттық. Расында соңғы бір жылда ауданда жол құрылысы қарқын алды. Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 240,9 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы республикалық, 60,6 шақырымы облыстық, 130,3 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 115 шақырымы немесе 93,1 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 8,5 шақырымы немесе 6,9 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сонымен қатар аудан бойынша ұзындығы 239,9 шақырымды құрайтын 228 көше бар. Қаламгерлер қауымы да Жалағашта соңғы бір жылда жол құрылысының қарқын алғанына куә болғанын жасырмады.
Ауданда жұмыссыздық деңгейін өсірмеу мақсатында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінге дейін жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды, жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды. Биыл 6 айда 1231 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 209-ы тұрақты, 1022-сі уақытша жұмыс орындары екен. Есепті кезеңде 2 114 адам халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, оның 1574-і немесе 74,5 пайызы «Ұлттық жоба» бағдарламасына қатысушылар құрамына енгізілген. Сонымен қатар «Ұлттық жоба» аясында 15 жобаға 46 жұмыс орны жарияланып, 24 адам жұмыспен қамтылған.
Брифинг барысында Асқарбек Темірбекұлы білім, мәдениет, спорт сынды басқа да бірқатар салаларды назардан тыс қалдырмады. Ал журналистер бірқатар сауал қойып, аудан әкімі оның ешқайсысын жауапсыз қалдырмады. Сондай-ақ ол атқарылған жұмыстарға тоқмейілсуге болмайтынын жеткізіп, ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге негізделген жүйелі жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Кенжетай Қайрақбаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!