Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Бейсенбі, 28 наурыз, 23:30

Адамның дұшпаны – ысырап пен ынсап

27.01.2021

699

0

Адам баласын оздыратын да, тоздыратын да ысырап пен ынсап. Соңғы уақытта қоғамда ысырапшылдық мәселесі көп көтеріліп келеді. Өйткені біз ысырапшылдығымызды қазақтың жомарттығы деп мақтанатын жағдайға жеттік. Тойдағы мақтангершілігіміз дарақылыққа ұласып, күлкіге қалып жүрміз. Киер тонымыз бүтін тұрып, дүние шашып жүрсек екен-ау. Өзімізге жетпей отырып, жұрттан қалмаудың қамын жасаймыз. Бетімізді «өртеп» бара жатқан сол баяғы «ұят». Баламызға той жасағанда пәленшеден қалып қойсақ мін көреміз. «Көрпемізге қарай көсілуді» білмейміз. Басыңды бүркесең, аяғың ашық қалатындай жағдайды бастан кешіп келеміз. Той жасау үшін шығындалып несие аламыз. Оның да біркүндік қызығын басқа адамдар көреді, той иесі сосын сол несиені жабудың жолында жүйкесінің миллиондаған талшығын өлтіріп, шашының миллиондаған талын ағартады. Той кім үшін пайда, кім үшін зиян екенін түсінетін кез келсе де, тоқтамаймыз, өзімізді тоқтатпаймыз.

Сол баяғы ысырапшыл қалпымыздан әлі арылған жоқпыз. Ынсапсыздық. Ол болса да екі бастан қоғамды қысып тұр. Бірақ бұл – екінші топтағы адамдар. Олар дүниенің тоғын шайқап жүрмейді. Күлмекке де, дүрмекке де жоқ. Тек ала беруді біледі. Еңбек ақы, маңдай терімен емес, халықтың қалтасынан. Олар қанша ішіп-жесе де тойғанын білмейді. Араны кең, қалтасы терең. Ынсапсыз. Бұл екі топ та қоғам үшін өте қауіпті. Ал енді үшінші бір топ бар. Олар – ұғымында «обал» деген түсінік қалыптаспаған жастар. Анығырақ айтсақ, жоқшылықты көрмей, тоқшылықты белшесінен басып қызылды-жасылды өмір сүріп келе жатқан әлгі ынсапсыздардың балалары. Олар қымбат көлігінің бір жері бұзылса, жаңасын мінеді де, әлгісін көйлек ауыстырғандай қоқысқа тастап жүре береді. Ішіп-жейтін ас-суларын да солай етеді…

Біз бас-басымызға жеке көлік мінетін дәуірде өскен жоқпыз. Жоқшылықты ашаршылық нәубетін көрген, соғыс тақсіретін тартқан аға буын ұрпақ жақсы біледі. Бізге ес білгеннен әке-шешеміз ас атасы саналатын нанның қадір-қасиетін құлағымызға құйып, ысырап етпеуді айтып өсірді. Мектеп табалдырығынан аттағаннан бастап ұстаздарымыз нанның алғашқы шикізаты – бидайды өсіріп, оны піскенде орып, астық зауытына апарып тазалап, диірменге тартып ұн етіп, одан соң наубайханаға жеткізіп, дайын өнімнің халыққа таратылатынына дейін тәптіштеп түсіндіріп айтып беретін. Ол аз десеңіз, біздің буын осы ас атасы жайында неше алуан аңыз-ертегілер, өлеңдер мен тақпақтар жаттап өсті. Ал ақындарымыз нанға тұтас поэма арнап, жазушылармыздың романдарына да осы қасиетті тағам арқау болды. Көшеде келе жатқан үлкен кісілер шашылған нанның қиқымын көрсе, әлдебіреулерді сөге жүріп, еңкейіп теріп алатын. Әке-шешеміз астың обалы мен киепеті болатынын есімізге үнемі салып отыратын.

Ал қазірде медицина ұн өнімдерінің семіздік ауруларына шалдықтыратынын дәлелдеп, шамадан тыс пайдалануға шектеу қойды. Тіпті кейбір отбасылар Еуропа халықтарына еліктеп, күнделікті дастархан мәзірінен нанды мүлдем алып та тастады. Шет елдерде халық көшеде ұннан дайындалған тағамдарды аяқпен таптап жатқанын теледидардан көргенде жағамызды ұстап едік. Ол семіздікке қарсы наразылық акциясы екен. Бүгінде балабақша бүлдіршіндеріне тіпті мектеп оқушыларының өзіне мұғалімдер тарапынан ас атасының қасиеті айтылмайтын секілді. Оған да маңдайымыздағы екі көзіміз куә. Көшедегі жылдам дайындалатын тағамдар – fast food өнімдерін кез келген жерде жеп отыратын жастарымыз қолдарындағы тамақтың қалдығын, тіпті кейде бүтіндей тұрған жеріне лақтырып тастап кете беретінін де көріп жүрміз. Сорақысы, көшеде нанның қиқымы емес, бүтіндей бөлкесі жатса да балалар түгіл, ересектердің өзі еңкейіп көтеруге ерінетін болды. Көше бойындағы қоқыс жәшіктерінен бір бүйірі ғана көгерген нанның неше атасын көруге болады. Бұл тыныштық пен тоқшылықтың, аста-төк кеңшілік заманның сипаты шығар. Әйтсе де «ит басына іркіт төгілген» коммунизм кезеңінде де мұндай асып-тасқан астамшылық пен кергіген кесапаттық болған жоқ тұғын. Осындайда бастарынан талай тамұқты өткізген тәубашыл бабаларымыздың «Бір тоқшылықтың бір аштығы болады» дегені еске түседі. Адамдардың бүгінгі ысырапшылдығы, ынсапсыздығы алаңдатады. Астың киепетінен қорыққан халықпыз. Қажеттілік туындағанда қасиетті құран кітабын аяқтың астына қойып, қол жетпейтін жердегі нанды алуға рұқсат етілгені де тек емес…

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: