Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:03

Бітімге келгеннің ісі берекелі

18.08.2023

403

0

«Ұрыс ырыс қашар» деп білген ата-бабамыз қандайда бір дау туындай қалса, тараптарды татуластыруға тырысып баққан. Кейінгі ұрпақ та сол ғұрыптан үлгі алған. Бүгінгі таңда да елімізде тараптарды татуластыруға жан-жақты жағдай жасалуда.

Сотқа талап қою берген адамның біріншіден, қайта-қайта жұмыстан сұранып, жеке ісін ысырып қоюына тура келеді. Өйткені, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Екіншіден, бұл – үлкен шығын. Мемлекеттік баж салығын төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, адвокат жалдайсыз, жолға шашыласыз. Үшіншіден, екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз,  сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. Сотқа бармастан бұрын ақылға келген жөн. Өйткені, сот табалдырығын аттағаннан кейін, кейбіреулер ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, дауды шешуге болар еді ғой деп өкініп жатады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақта ұтады.

Сот дау бойынша тараптарды татуластыруға көмек көрсетуге міндетті. Қазіргі таңда азаматтар соттағы және соттан тыс медиацияның, партисипативтік рәсімнің және татуластыру келісімінің арқасында бітімге келе алады.

       ​Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде татуласу рәсімдеріне арнап арнайы «Татуласу рәсімдері» деп аталатын 17-тарауы қарастырылған.​

       Кодексте Татуласу рәсімінің 3 түрі көзделген.

Олар: 1) татуласу келісімі,

           2) медиация келісімі (дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу),

3) партисипативтік келісім (дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу).

         ​Аталған келісімдердің бәрі де сотпен бекітіледі және әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.

Оларға жалпы түсінік беріп кетсек.

Татуласу келісімі – екі тараптың арасында жасалатын келісім.

Татуласу келісімі бұл бұрынғы бітімгершілік келісім, тек атауы өзгертілген десе де болады.

Сотта іс қараудың кез-келген сатысында, яғни дайындық барасында, алдын ала сот отырысында немесе сот талқылауында, сот актісін орындау барысында жасауға болады.

Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім – медиатордың (кәсіби немесе кәсіби емес) немесе сотта медиацияны судья өткізу арқылы жасалатын келісім.

Медиатордың көмегімен медиация жасау: сот тараптардың медиациялық келісімінің шарттарын талқылауға қатыспайды. Соттың бекітуіне тараптардың арасында медиатордың (кәсіби немесе кәсіби емес) қатысуымен жасақталған шарт ұсынылады.​

Сот медиациясы: Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Судья медиацияны «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып өткізеді.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы Кодекстің 150-бабының бірінші бөлігінде, осы баптың төртінші бөлігінде белгіленген мерзімдер шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал ететін болса, оларды медиацияға шақыруға құқылы.

Егер тараптар талап қою қабылданғанға дейін судьяның жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізбесе, іске қатысы бар материалдар осы Кодекстің 35-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен басқа судьяның қарауына беріледі.

Тараптардың келісуімен істі медиацияны өткізген судья қарауы мүмкін.

          Бірінші сатыдағы сотта медиация өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін.

          Дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде істі одан әрі қарауды тараптардың келісуімен осы судья жалғастыруы мүмкін.

Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім – екі тарап адвокаттарының не заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасындағы келіссөздер жүргізу арқылы өткізілетін рәсім.

Партисипативтік келісім судьяның  қатысуынсыз жасалады.

Медиация атауы қазақтың төл сөзі болмағанмен медиация тәсілі, табиғаты жағынан қазаққа жат емес.

Көбіне сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық, кассациялық сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың әрқайсының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарау бірнеше айға, ал, кейбір жағдайларда жылға созылып кетеді.

Медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді.

Медиатордың қызметі кәсіби негізде және кәсіби емес негізде жүзеге асырылуы мүмкін.

​Медиатор – қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым.

Қазақтың мақал-мәтелдерінің өзі осы бітімге, татуласуға қатысты. Мысалы, «Жақсы даудан, жаман бітім артық», «Тау таумен емес, адам адаммен кездеседі». «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей, бүгінгінің медиаторларының араласуымен қырғиқабақтық жойылып, адамдар арасында тату-тәтті, жылы шырайлы қарым-қатынас орнап жатса, қоғамдағы ахуал да жақсара түсері сөзсіз.

С.А.Амантаев, Жалағаш аудандық сотының судьясы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: