Ауданда алғаш рет мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында кітап оқырмандары клубы құрылды. Оқырмандар ортасын құру мақсатында өткен еркін форматтағы кездесуде жастар арасында терең танымдық түсінік қалыптастырып, кітап оқуды әдетке айналдыру бағытында пікір алмасулар болды.
Жаңа мақсатқа жол тартқан жаңа құраммен кездесуге аудан әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Дүйсекеев қатысты.
– Біздің басты мақсатымыз – жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, одан әрі жандандыру, оқырмандар қатарын толықтыру. Тек оқып қана қоймай, кітапты бірге талқылау. Яғни оқырмандар алдағы уақытта клубта білім нәрімен сусындап қана қоймай, әрбір тақырыпты толыққанды талқылайтын болады. Сондай-ақ пікір сайыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – деді Жасұлан Талғатұлы.
Иә, кітап – ой-өрісімізді дамытып, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние. Қазір әр оқырманның кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында аудандық кітапханада «Әлем book» оқырмандар клубы да жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ мұнда оқырмандарға арнап «Кітап – ғасыр мұрасы» атты кітап көрмесі, «Kitap Travel» атты кітап әлеміне саяхат, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы, «Түнгі кітапхана» сынды жобалар іске қосылған. Оқимын, ізденемін деген кітап сүйер қауымға арналған жоба оқырманның білімге деген құштарлығын ашып, жанға жайлылық пен тыныштық сыйлайтыны рас.
Кітапхана басшысы Ұлмекен Меңдібаеваның айтуынша, қазір оқырманның басым көпшілігі – жастар. Олар көбіне мотивация, психологияға байланысты кітаптарды жиі іздеп келеді екен. Ол әр оқырманның сұранысына сай кітаптарды мейлінше тауып беруге тырысып, кітап оқимын деген оқырманға дұрыс бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ білімқұмар жастарды ақын-жазушылардың мерейтойына арналған іс-шараларға тұрақты түрде қатыстырып тұрады.
Кездесу барысында түрлі мазмұндағы туындылар мен тарихи мәнге ие оқиғалар желісінде жастар өздері оқыған кітаптарға тоқталып өтті. Мәселен, М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйінің қызметкері Гүлнар Мырзалиева кездесу барысында өзінің жиі кітап оқитынын жеткізді. Айтуынша, Гүлнар көбіне қолына әдеби кітаптарды алады.
– Бала күнімнен кітап оқығанды жақсы көремін. Соңғы оқыған кітабым – Дулат Исабековтың «Гауһартас» шығармасы. Бұл жас отбасылардың шаңырағының шайқалмай, махаббатқа адал болуын ұққызатын шығарма. Кітапта қарапайым шаруа шаңырағына Салтанат есімді бойжеткен келін болып түседі. Шаруаның үлкен ұлының жары атанған Салтанат ол отбасыға мейірім сәулесін төгеді. Жүрегі мейірімге толы Салтанаттың жібек мінезіне ата-енесі мен қайнысы дән риза. Жалғыз қайнысы Қайыркен жеңгесімен жақын дос болып, оған еркелей жүріп үй шаруасына қолғабыс етеді. Тек жары Ыбыш қана Салтанатқа қатал болады. Ақыр соңында жарының мейірім махаббатына бөлене алмаған Салтанат ауыр дертке шалдығып, жүрек ауруынан қайтыс болады. Содан кейін ғана Ыбыш өз бақытынан айрылып, әйелін қадірлемегенің кеш түсінеді, – дейді ол.
Иә, бұл шығармада адам қандай болса да, өз бақытын кеш болмай тұрып қадірлей білу керектігі айтылған. Салтанат Ыбышқа адал жар болып, оның ата-анасына мен бауырына қамқорлық көрсете білді. Ал Ыбыш Салтанатқа тек қатал қабақ шытып, оған жылулық мен мейірімділік таныта алмады. Адам қанша жерден қатал болғанымен отбасында мейірбан, жұмсақ болуы шарт. Себебі отбасы өмірдегі ең маңызды құндылық екенін естен шығармаған жөн.
Айта кетейік, былтыр аудан жастарының қатысуымен тал егу, тазалық акциялары, түнгі рейд, кеңес беру жұмыстары, кездесулер, семинар-тренингтер, интеллектуалды сайыстар, мәдени-спорттық шаралар, кинокөрсетілімдер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Нашақорлықтың, зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түрлі әлеуметтік бейнероликтер түсірілді.
Волонтерлік қызмет көрсету бойынша «Jalyndy jas» еріктілер мектебінің жұмысы жыл санап өз маңыздылығын көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін еріктілер Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бастамашыл топтарды және еріктілерді қолдауға арналған шағын гранттарын жеңіп алу арқылы аудан жастары түрлі жобаларды жүзеге асыруда.
Ал биыл жастардың рухани, шығармашылық және әлеуметтік дамуына ықпал етіп, білім алу, мәдени-спорттық іс-шараларға қатыстыру, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бағытында іс-шаралар ұйымдастырылмақ. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтарын дамыту, жастарды осы салаларға тарту және өндірістік дағдыларды арттыру мақсатында кент және ауылдық округтерде кездесулер ұйымдастыру және дәріптеу жұмыстары жүргізіледі.
Мұнан бөлек, NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету, пробация санатында тұрған жастармен спорттық сайыс, семинар-тренингтер өткізуде бір жолға қойылмақ. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шаралары, салауатты өмірді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында роликтер түсіріліп, түрлі форматта тренингтер де кеңінен өткізілмек.
Ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жас әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында «Жас әкелер» форумын өткізіп, елімізге танымал отбасылық спикерлерді қатыстыру арқылы әке мен отбасы туралы іс-шаралар өткізу қолға алынбақ. Бүгінге дейін аудан жастарының қатысуымен 100-ден аса шара өтті. Олар білімге де, спортқа да, өнерге де бейім. Енді алдағы уақытта кітап оқуға бейім жастар түрлі бағыттағы талқылаулар мен кездесулерде де тұрақты бас қосатын болады.
А.Бүркітбай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!