Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де – мемлекетіміздің негізгі атрибуттарының бірі.
Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі –қазақ тілі» деп жазылған. Ал орыс тілі ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.
Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады.
Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы –тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.
Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Сондықтан әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: «Тіл байлығы – елдің, жұртшылықтың ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» – деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын. Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Міне, осындай қанатты сөзден тағылым алған әрбір отандас мемлекеттік тілге құрметпен қарауға, оның өрісінің кеңеюіне үлес қосуға міндетті деп ойлаймын.
Салтанат Калменова,
Жалағаш АПБ кадр саясаты
тобының инспекторы,
полиция капитаны
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!