Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 11:52

«Туған жердің маған берген ақ батасы, ақеден халқының құрметі жүрегімді тербеді»

16.01.2021

8807

0

Бүгінгі кейіпкермен кездесу сәті өте әсерлі болды. Көз алдыма тау көтерген Толағай секілді нағыз хас батырлар елестеді. Жанарындағы патриоттық жалын, рух биігі, өз ұлтына деген жанашырлық, өне бойын кернеген намыс ол кісінің бүкіл болмыс-бітімінен хабар бергендей. Шынында қасқайып тұлпар мініп, жауға шабатын жеңімпаз қазақ елінің ұландары осындай өжет болуы заңды да. Оның үстіне осы бір сом денелі, орта бойлы мығым жігіттің аймақтың спорт саласын дамытуда тер төгіп, күллі әлем көз тіккен додада шаршы топтың алдында мерейімізді үстем қылған қаншама чемпион дайындап, алыс-жақын шет елдерде көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқанын жеткізу әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатқанын сезіну неткен бақыт десеңізші!Сол бақытты сәтте біз өзіміздің қазақ елінің перзенті болғанымызға қуанып, Алладан медет тіледік.

Күллі әлем мойындаған сондай ұлы жеңістің қаншама салтанатты сәттерінде спорт саласына басшылық жасап, кез келген өткір мәселені құзырлы орындардың құлағына жеткізіп, дер кезінде шешуге ұйтқы болып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел игілігіне қызмет жасаған біздің Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылының тумасы, осы қасиетті мекеннің төл перзенті, қарапайым қазақы отбасынан шыққан Садық Мұстафаев бола­тын. Бүгінгі жүрекжарды әңгімеміздің де тиегін ағытар жарқын сәтте кейіпкердің әдемі кесек-кесек ойларын, келелі пікірін, өзіндік көзқарасын білдік.


Иә, спортты жанына серік еткендердің көпшілігі сөзге сараң, өнерге кенде болатын. Алайда бүгінгі кейіпкеріміз «жігітке жеті өнер де аз» деген қазақы қағиданы бойына сіңірген, өнер десе ішкен асын жерге қоятын талантты азамат екенін аңғардық. Ол домбыра шертіп, гитара да тартады. Ән де айтады. Буырқанған таланттың көзі ата тегінде бар екенін айтып, балалық шағын тебіреніп есіне алды. «Ауыл деген білесіз, берекесі мол, қазаны оттан түспейтін, төрі қонақтан арылмайтын қасиет тұнған мекен ғой. Біздің әулетте де сондай қонақжайлық үрдіс қалыптасқан киелі жер – біздің атамыз Мұстафаның шаңырағы болатын. Елдегі зиялылар мен жақсы-жайсаңдардың ат байлап, ақ жарылып әңгіме айтатын өсиетті ордасы болған соң ба, мен де жасымнан құймақұлақ болып ер жеттім. Біз 11 ағайындымыз. Кәделі қонақ келгенде атамыз бәрімізді шақырып тізіп қойып, бауырларымның өнерлерін айтып мақтаныш қылатын. Маған келгенде менен аттап өтіп, басқаларын дәріптеп жататын. Ол кісі қазақтың қай өнерін болса да, әсіресе әнді құрметтейтін. Ал мен спортты жаныма серік еттім. Келген қонақтар мына немереңізді неге таныстырмай аттап өтіп кеттіңіз десе, «ол спортсмен болам дей ма білмедім?» деп жүре жауап беретін.


Сол атам айтқандай, спортқа жаным жақын болды. Ауылда білесіз, қазіргідей спорт залдар жоқ. Ең алғаш Қуандық Ахметов ағайымыз секция ашып, алғашқы қадамым күреске сол жерден басталды. Шағын бөлме. Бар болғаны 4 матрац жаюлы тұрады. Соның үстінде шаңын бұрқыратып күресеміз. Сол кезде СПТУ-ға тәртібі нашар, сабақтан үлгермейтіндерді жіберіп жататын. Менің оқуым жақсы болғанмен, сол училищеге ата-анамнан қашып өз еркіммен бардым. Себебі ол жерде спорт мектебі, жаттығу залдары бар. Онда 3 жыл оқыдым. Миша ағайымыз жаттықтырушымыз болды. Мұнан соң 2 жыл Венгрияда әскерде болдым. Онда да спорттан белгілі нәтиже көрсеттім. Командирдің жолдамасымен Алматыдағы жоғары оқу орнына түстім. Бітірген соң 3 жыл институтта мұғалім-тренер болдым. 5 жыл Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы болдым. 5 жыл К.Ахметов атындағы спортта дарынды балаларға арналған интернаттың аға бапкері болдым. 3 жыл Білім және ғылым министрінің шақыртуымен жұмыс жасадым. 2005 жылға дейін елден сыртта жұмыс жасадым. Қаншама жерде тәжірибемді шыңдадым. Елге келіп жемісін бере бастады. Соған да шүкіршілік.

Өнер жөнінде айтып қалып едіңіз, шынында әннен де құралақан емеспін. «Әу демейтін қазақ жоқ» деген бар ғой. Сол өнерді шамам жеткенше дәріптейтін қазақтың ұлтжанды ұлымын деп айта аламын. Жалпы ұлтымыздың қандай салт-дәстүрін алсақ та, қасиет пен өсиетке, өнеге мен ұлағатқа толы ғой. Мұндай құндылықты мен жер жүзін жеті айналсам да еш жерден таппадым. Міне, біздің ата-бабалардың салған сара да, дара жолының жемісі, ұлы дала мәдениетінің озық үрдісі деген осы. Қазақ болып туғанымызға мақтануымыз керек. Тамаша рухани мықты салт-сананы қалыптастырған ата-бабала­рымыздың аманатына қиянат жасамай, ұлттық идеологиясының алтын тінін, ұлттық нақышын, әдебін, мәдениетін үзіп алмай, келер ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Ол үшін кеудемізді ұлттық намыс пен патриоттық сезім кернеп тұру керек. Менің замандастарыма да, кейінгі ізбасарларыма да айтар достық кеңесім осы. 80-ге жуық мемлекетке барып, оның өркениетімен таныстым. Ондағы елімізге қажетті спортқа қатысты болсын, басқа салаға қатысты болсын идеяларды елге әкеліп мүмкіндігіміз жеткенше жүзеге асырдық. Ел үшін күндіз-түні еңбек еттік. Уақытпен санасу деген менде болған емес. Спорт саласы өзіңіз білесіз, уақытқа бағынбайды. Дамылсыз жарыстар, олимпиада, чемпионаттар болып жатады. Бар арманың жеңісті қолдан бермей, бәйгеге қосқан тұлпарыңның бабы мен бағын келістіру. Айналып келгенде қазақ елінің күллі әлем алдындағы намысын қорғау. Тәуелсіздікке тәубе еткен еліміздің көк туын желбіретіп, Әнұранын шырқату үшін қандай тәуекелге де барып, белді бекем буу біздің басты ұстанымымыз болды. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын!» деген сөзді қайран қазекем тегін айтпаған болар. Бәрі өмір ұлағаттарынан алынған керемет, адамға рух беретін сөздер. Нағыз намысты ердің рухын қамшылайтын семсердей өткір туымды өнеге емес пе?» деп кейіпкеріміз тебіреніске толы сөздермен өз толқынысын білдірді.

Мәселен, Илья Ильиндей біздің аймақ баулыған дарабоздар олимпиадалардан жеңіп, күллі әлемді мойындатып, қазақтай ұлттың мәртебесі мен мерейін аспандатып, тұғырын биікке көтеріп, елді танытты, жерді танытты. Кезінде 30 жыл сыртта жүріп, 2005 жылы елге оралып, Сыр өңірінің спорт саласына 12 жыл 5 ай жетекшілік жасап, бар күш-жігерімді, тәжірибемді жұмсап, шыңдарға шығардым деп ойлаймын. Сол кезеңдерде біздің аймақтың спортшылары талай әлемдік додаларда бақ сынап, жеңімпаз атанды. Өзіңді мәпелеп анаңдай өсірген туған жерге топырақтай төселіп қызмет жасап, тер төгу менің азамат болып, елге оралғандағы арманым болатын. Бұл тәрбие сонау әкем Шоңмұрын мен шешем Күләштің отбасында берген ұлағатты ұстаным мен өрелі өнегенің жеңісі мен жемісі деп білемін. «Мұны мен неге айтып отырмын білесіз бе?» деп кейіпкеріміз ой түйіп, әңгіме желісін қайта жалғады. Ер жасы елуден асқан жігіт ағасы болғанда ұққаным, әке тәрбиесі мықты болса, ана ақылы дана болса, ол ұяда тәрбие көрген ұрпақтары өзі өмір сүрген қоғамға пайдасын тигізіп, оны көркейтуге үлес қосуға талпынып, жан-жағына шұғыласын төгіп жүреді екен. Біздің алақандай ауылдағы қарапайым әкеміз бен анамыздан көрген тәліміміз әлі күнге біздің шаңырақта ер жеткен 11 перзентке өмір жолында адаспайтын шырағдан болып келеді. Бір ғана мысал айтсам жеткілікті. Менің анам бізге «Әкең келе жатыр, ас ішкенде де әкең келгесін ішеміз, әкеңнің киімін жоғары қой, әкең ұрысады» деген сөзді жиі айтатын. Қарап отырсаң, қарапайым сөз секілді. Бірақ ол сөздердің қазір астарына үңілсек, терең тәлім, жоғары пәлсапа жатыр. Міне, ұлттық тәрбиенің ұлылығы осы. Ал ойлап қарасам, менің әкемнің бізге қатты айғайлап, ұрысқанын, ұрғанын көрмеппін. Бірақ оның сұсы бәрімізді басып, өзіне табынтып тұратын. Бізге қазіргі қоғамда әр отбасында осындай құндылықты дәріптеу жетіспейтін секілді. Бір әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды деп әндетіп жатырмыз. Шынында солай болу керек. Аллаға тәубе дейміз, бүгінде біздің отбасымыз емес, ауыл-аймаққа сыйлы, үлкен әулеттің қазыналы қариясы, алтын діңгегі анамыз сексенге жақындап қалды. Балалары ғана емес, немере, шөберелеріне жылуын төгіп отқан біздің тілекшіміз, ақылман данамыз десек те жарасады. Жаратқаннан анамызға ұрпақтарының тек қуанышын көру бұйырса деп тілейміз.

Жаңа отбасым жайлы сауал тастадыңыз. Менің шаңырағымда отанасы Сәуле – менің жұбайым. Екеуміздің ортақ ордамызда қызым Айгерім, ұлым Сырымды ер жеткізіп, өсіріп әрбірі өмірден өз орындарын тапты. 5 немерем гүлдей жайнап өсіп келеді. Болашақтары нұрлы, ұрпақтарымыз бақытты болса, ата-ана үшін одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.

“Әр адамның өз туған жері Мысыр шаһары” деп жатады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл бар. Елге оралғандағы мақсатым туған жерге бір пайдам тисін деген ой еді. Қазір кәсіпкерлікті бастап кеттім. Мал шаруашылығымен айналысып жатырмын. Ата-бабамыздың ата кәсібін жандандырсам деген ниет қой. Аттың құлағында ойнап, қыр мен сырдың аязы мен желіне қақталған біз секілді сар далада құстың қанатымен жарысып еркін өскен ауыл баласы үшін бұл аса қиын шаруа емес. Сондықтан маған құшағын ашып, қанатымды қатайтып, қырандай қалықтауыма тілекші болған кіндік қаным тамған қасиетті мекенге Алладан медет тілеп, қандай қызметін болсын жасауға басымды бәйгеге тіккен жанмын. Осы кезге дейін алыс-жақын шет елдерден қаншама марапат алдым, өз еліміздің жоғары құрметіне ие болып, орден-медальдарын кеудеме тақтым. Соның ішінде менің жүрегімді кернеген бақытты сәт ол «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» деген атақты иелену болды. Туған жердің маған берген ақ батасы, ақеден халқының құрметі, ата-анамның көтерілген мерейі деп түсіндім. Барша жерлестеріме, халқыма басымды иіп тұрып, рақмет айтамын.


Шынында арда азаматтың даналыққа бет бұрған шағында туған жердің құдіретіне бас иіп, киелі мекеннің саф ауасында еркін тыныстап тұрып, ағынан жарылып, тәуелсіз елге тәу еткен перзенттік ықыласы еді бұл. Осындай елін сүйген алтын жүректі, айбынды азаматы барда елдің еңсесі биік, рухы жоғары болмақ.

Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: